Қазақы болмысын көне суреттерден тапқан Саддам

Канадада тұратын қазақ жігіті Саддам тарихты зерттеуді ұлттық болмысыңды танудың бір жолы деп біледі. Ол елден жырақта жүрсе де, ата-бабасының ізі қалған кең даланың тіршілігін түгендеп, көшпелі өркениеттің рухын мұрағаттағы сирек суреттер арқылы сөйлетіп жүр. @tukatimurid жобасында Саддам қазақтардың (ғана емес, Орталық Азия халықтарының) ежелгі тұрмыс-тіршілігін сирек суреттер арқылы көпке әйгілеумен айналысады. ’98mag журналы Саддамнан жоба қалай басталғанын, ол нені көздейтінін әңгімелеп беруді сұрады. 

Өзім туралы

Менің атым — Саддам. Ақтөбеденмін, сол жерде туып-өстім.

15 жасымда Канадаға көшіп, орта білімді осы жақта алдым. Мектепті бітірген соң Оттаваға көшіп, cондағы университетке түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін Канада парламентінде федералдық депутаттың көмекшісі болып жұмыс істедім. 

2022 жылдан бастап Онтарионың прогрессивті-консервативтік партиясында жұмыс істедім, ал 2024 жылдан 2025 жылдың қазан айына дейін Онтарионың Мәдениет және туризм министрлігінде қызмет еттім. Бір ай бұрын ғана Онтарио Бас прокурорының баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалдым. Қазір Торонтода тұрамын.

Жоба қалай басталды?

@tukatimurid жобасын 2022 жылдың көктемінде, пандемия кезінде бастадым. Ол кезде қашықтан жұмыс істейтінмін, адамдармен байланыс аз болды, бос уақытымның бәрін оқуға арнадым.

Бастапқыда ойым мүлде басқа еді: оқып жүрген кітаптарым мен ғылыми мақалалардан қызық үзінділер мен дәйексөздерді бөлісіп, соларды Instagram-да жариялағым келді. Менің ойымша, қазақтардың тарихы терең әрі көпқырлы. Ол біздің дәстүріміз, мәдениетіміз және өмір салтымыз сияқты көне дәуірлерге тамыр тартады. Өйткені түптеп келгенде біз — өз негізін Ұлы Түрік қағанаты, ғұн конфедерациясы және сақ-скиф бірлестіктері ежелгі көшпелі мемлекеттік құрылымдардан алған Ұлы Моңғол империясының мұрагеріміз.

Біздің халқымыз Ұлы Еуразия даласын мекендеген көптеген көшпелі өркениеттің элементтерінен қалыптасты. Сондықтан өз тарихымызға бейжай қарамайтын адам ретінде Қазақстанда тарихи сананың қайта жаңғырса екен деймін. Адамдар өзін ТМД-ның не постсоветтік кеңістіктің өкілі ретінде емес, ерекше мәдениеттің иесі, көне көшпелі өркениеттердің мұрагері деп сезінуге тиіс.

Уақыт өте келе мен Instagram форматы мұндай тақырыптарды толық жеткізуге мүмкіндік бермейтінін түсіндім. 300 таңбалық шектеу маңызды детальдарды қысқартуға, мән мен тереңдік беретін тұстарды алып тастауға мәжбүрледі. Соның салдарынан бастапқыда жеткізгім келген ойды толық бере алмай, тек үзінділермен шектеліп жүрдім. Ал мәтіндерді өңдеу мен қысқарту көп уақыт алатын. Сол себепті 2023 жылдың қарашасында парақшаның форматын түбегейлі өзгертемін деп шештім.

Сол кезден бастап мен ұзақ мәтіндерді емес, сирек әрі тарихи фотосуреттерді жариялай бастадым. Бұл суреттер біздің дала мен көшпелі дәстүрлердің рухына толы, қазақ тұрмысының сұлулығын және болмысын көрсетеді. 

Болмысыңмен қауышу

Осылайша @tukatimurid визуал мұрағатқа айналды. Әр кадр сол дәуірдің тарихын баяндайды. 

Бұл суреттерден ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін, олардың жүзін, киімін, тұрмысын, көшпелі өмір салтын және мал шаруашылығымен айналысқанын көруге болады.

2011 жылдан бері Қазақстанда тұрмаймын, сондықтан туған жер мен мәдениетке деген сағынышым өте терең. Қазақстанда өмір сүріп жатқан адамдарға бұл сезім түсініксіз болуы мүмкін. Мен үшін тарих пен ескі фотосуреттер — өз тамырыммен және этникалық болмысыммен қайта қауышудың бір жолы.

Ата-бабаларымыз бейнеленген фотосуреттерден бөлек, мен Қазақстан мен қазақ халқының ғана емес, өзге елдердің де дамуына үлес қосқан ұлы тұлғалар туралы материалдар жариялаймын. Өкінішке қарай, тарихтың көлеңкесінде қалып қойған бұл адамдардың көбін бүгінде ешкім білмейді. Осы жазбалар арқылы олардың есімін жаңғыртып, елеусіз қалған еңбегін әйгілеуге тырысып жүрмін.

Сара Кэмеронның «Аштық дала» кітабынан фотосуреттер. Сара Кэмеронның «Аштық дала: Сталиндік ұжымдастыру және Қазақстандағы геноцид» [«The Hungry Steppe: Famine, Violence, and the Making of Soviet Kazakhstan»] кітабы 1930-жылдары Қазақстанда болған ашаршылықтың қайғылы оқиғаларына арналған.

Суреттерді қайдан табамын?

Ескі фотосуреттер — өткенге ашылған портал. Олар бізді қазақтар әлі отарлық ықпалға түспеген, өз дәстүрі мен еркіндігін сақтаған дәуірге жетелейді.

Қазақстаннан бөлек, мені Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, сондай-ақ Ауғанстан, Шыңжаң, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Қырым мен Оңтүстік Сібір өңірлері де қызықтырады. 

Бұлардың барлығы — біртұтас мәдени кеңістік, түркі-парсы және түркі-моңғол өркениеттерімен байланысқан, бір кездері Ұлы Моңғол империясының, Шағатай ұлысы мен Алтын Орданың құрамында болған өңірлер. Түбі туыс бұл халықтардың мәдени шекарасы шартты түрде ғана бар. Мен үшін осының бәрі — бір бүтіннің бөлшектері, ғасырлар өтсе де өзара байланысын үзбеген ортақ тамыр.

Мұндай фотосуреттерді табу — еңбекті көп қажет ететін және қажытатын жұмыс. Кейде бірнеше сирек кадрды табу үшін үш күн бойы күніне 10–12 сағат іздеймін. Әдетте мұнымен демалыс күндері айналысамын, өйткені жұмыс күндері уақытым жетпейді. Көп суретті ашық дереккөздерден табамын, бірақ олар қарапайым сайттар емес. Тарихи форумдарды, кітапханалар мұрағаттарын, университет коллекцияларын, жапон, қытай және корей іздеу жүйелерін сүзіп шығамын. Кейбір ерекше суреттерді сатып алуға тура келеді. Жеке коллекционерлермен де байланыстамын. Олардың мұрағаттарындағы суреттерді жиі пайдаланамын.

Осылайша, біртіндеп визуал шежіремді түгендеп келемін. Әрбір сурет — қазақ халқы бұрыннан бар болғанын, бар екенін және бола беретінін дәлелдейтін айғақ.

Фотосуретте Амангелді Имановтың әскерінің қолбасшыларының бірі, 1916 жылғы Торғай көтерілісіне қатысқан Қайрақбай Малшыұлы бейнеленген.

Мұрағат суреттерінің маңызы

Ең қызық фотосуреттердің бірі — мен өткен жазда жариялаған кадрлар. Онда қазіргі Ұлытау облысының аумағында өмір сүрген қазақтар бейнеленген. Бұл суреттерді швед фотографы Нильс Эрик Ридберг түсірген, мен оларды әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сирек тарихи фотосуреттер жарияланатын Europeana.eu сайтынан таптым.

Жалпы фотосурет өте көп, бірақ олардың арасынан шын мәнінде құнды және ерекше дүниені тапқан оңай емес. Мысалы, Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінде көп сурет сақталған, алайда олардың бәрі бірдей қолжетімді емес, өйткені біразы жеке тұлғалар мен коллекцияларға тиесілі. Дегенмен дереккөздер жеткілікті, тек әрқайсысын мұқият қарау керек.

Маған ерекше әсер қалдырған фотосуреттердің бірі — 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың жүздері бейнеленген кадрлар. Онда совет билігінен қысым көріп, тек өз үнін естірткісі келген қазақ жастарының бүкіл ауыр тағдыры көрініс тапқан. 

Бұл суреттер — халқымыздың трагедиясы мен табандылығының бейнесі, ғасырлар бойғы отарлық жүйеге қарамастан, қазақ халқы өзінің үнін, рухы мен армандауға деген құқығын сақтап қалғанының айғағы.

Көпке қызық суретті табу үшін алдымен идеяны анықтау керек: не туралы айтқың келеді, не көрсеткің келеді, неліктен бұл маңызды, бұл суреттер арқылы не жеткізгің келеді. Мақсатың айқын болғанда, іздеу де мәнді болады. Сонда бұрын ешкім байқамаған дүниені табасың.

Мен адамдардан отбасылық мұрағатыңыздағы суреттерді жіберсеңіздер деп жиі сұраймын. Қазір өзім де ата-бабамның фотосуреттерін зерттеп жүрмін. Сондықтан туыстарымнан ескі фотоларды сұраймын. Оларды алда парақшамда жарияласам деп отырмын. 

Мұндай отбасылық суреттерге ерекше қамқорлықпен қарау керек деп есептеймін, өйткені әр фото — бұл сіздің жеке отбасыңыздың тарихының бір бөлшегі, ата-бабалар мен олардың өмір сүрген дәуірі туралы тірі естелік.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Ренессанс Зары Ларссон: новая волна популярности шведской поп-принцессы
Культура
#музыка
Ренессанс Зары Ларссон: новая волна популярности шведской поп-принцессы
Самые ожидаемые дорамы 2026 года
Культура
#кино
Самые ожидаемые дорамы 2026 года
Три казахстанские режиссёрки попали в программу Berlinale Talents
Ликбез
#истории
Три казахстанские режиссёрки попали в программу Berlinale Talents
До 50% молодёжи бросили пить. Разбираемся, почему алкоголь перестаёт быть обязательным
Ликбез
#общество
До 50% молодёжи бросили пить. Разбираемся, почему алкоголь перестаёт быть обязательным
Что смотреть в январе
Культура
#кино
Что смотреть в январе