Оркестрге бейімделген домбыра
Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірген. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумы жанынан Жұбановтың жетекшілігімен 11 домбырашыдан тұратын шағын ансамбль құрылған. Бірақ сол уақытта кәдімгі домбыралар оркестрде ойнауға шақ келмеген.

Дереккөз: aikyn.kz
«Оркестрге әр өңірден жиналған күйшілер күйді бір уақытта ойнаған сәтте әрқайсының домбырасынан әртүрлі дыбыс, әуен шыққан. Кейін атақты ағайынды Борис және Имануил Романенколарды, қазақтан шыққан шебер Қамар Қасымовты шақырып, өздерінің ғылыми лабораториясында оркестрге, ансамбльге стандартталған, қазіргі академиялық білім алу жүйесінде кең тараған домбыраларды жасап шығарған» дейді шебер Бабыр Арғынов.
Шебер Қамар Қасымов. Дереккөз: adebiportal.kz
Қамар Қасымовтың жасаған музыкалық аспаптары Санкт‑Петербургтегі музейде сақталған. Ол домбыраны дәстүрге бейімдесе, Жұбанов керісінше оркестрге сай етіп икемдеген.
«Бұрынғы дәстүрлі домбыраларды шығаруымыз керек. Ертеректегі күйлер, таба алмай жатқан үндеріміздің бәрі сол домбыраларда жатыр. Сондықтан дәстүрлі бұрынғы домбыраларымызды қайта жандандырып, солардың формасында жасап шығарып, домбырашылардың, күйшілердің құзырына беруіміз керек» дейді шебер Жолаушы Тұрдығұлов.
«Домбыраның пернесі көбейіп, күй өзгерді»
Өткен ғасырда оркестр мен ансамбльдер пайда болған соң, домбыраның мойындағы перне саны да өзгерген. Арқа өңірінде көбіне 7–9, кейде 11 перне болса, батыста 12–13 пернелі домбыралар болған. Бұл әр өңірдің ерекшелігіне, көші-қон мен жұрттың өмір салтына, сондай-ақ тартқан күйлеріне байланысты болған.
«Бұған қоса, күйлер де өзгерді. Өткен ғасырдағы күйшілер домбырадағы перненің бәрін пайдаланып, күйлер шығарған. Көненің көзі ретінде мойнын тоғыз, он бір, он екі, он үш пернелі етіп істейтін болсақ, қазіргі күйлерді күйшілер ойнай алмаушы еді, себебі олар басқаша» дейді шебер Бабыр Арғынов.
Күйші, шебер Қалкен Қасымов қазір қоңыр дыбысты таба алмай әлекпіз дейді. Оның айтуынша, домбыра жасауға жақсы ағаш табу қиын. «Бала кезімде естіген қоңыр дыбысты іздеп жүрмін. Біреу маған «домбыраға қандай ағаш болса да бәрібір» деді, бірақ олай емес. Домбыра жасау — ғылым» дейді Қасымов.
Домбыра жасау технологиясы
Бұрын сал-серілер мен күйшілер домбыраны тәжірибелі шеберлерге тапсырыспен жасатқан, кейбірі өздері істеген. Сондықтан әр өңірдің домбырасы бір-бірінен ерекшеленіп, материалдары да әртүрлі болған.
Домбыра түрлері. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншоттар.
«Шығыста көбіне қарағайдан, Орталық Қазақстанда үйеңкі мен қайыңнан жасаған. Бірақ бәрінің беті қарағай ағашынан болған. Батыста домбыраны қатты ағаштардан, әсіресе тұт ағашынан істейді. Шығыстың домбыраларының мойны қысқа, үшбұрышты немесе төртбұрышты болған» дейді шебер Тұрдығұлов.
Бұрын домбыраның ішегін көбіне малдың ішегінен жасаған. Қазіргі домбыралардағы нейлон ішектер бұрынғы күйлердегі сезімді жеткізе алмайды.
«Қазіргі домбырада репрессияға дейінгі домбыраның тамтығы да жоқ»
1968 жылы 27 ақпанда Қазақ министрліктері советінің арнайы қаулысы шықты. Оған сәйкес, аспаптар қайта жасалып, қолданыста жүрген аспаптардың жаңа стандарты бекітілді. Ресми қаулыдан кейін домбыраның пішіні, құрылымы, ішектері, үні өзгерді.
«Бір қарағанда, домбыраның пішінін өзгертудің еш әсері жоқ сияқты. Дегенмен байланыс бар. Мысалы, әрбір орындаушының ерекшелігі болады. Домбыра әр адамның саусағына, иық пен шынтақ арасына, тіпті дене бітіміне қарай жасалған. Домбырашылардың күй тартқандағы табиғи тілінен айырылғанына бұл да себеп болуы мүмкін» дейді күйші, музыка зерттеуші Айтолқын Тоқтаған.

Бұрынғы домбыра түрі. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.
«20 ғасырда домбыраның түрін өзгерту бойынша үлкен жұмыс жүрді, қазір оны «реконструкция» деп атайды. Кез келген сөздікке сүйенсек, реконструкция қандай да бір нәрсені бұрынғы қалпына келтіру дегенді білдіреді. 21 ғасырда мынаны түсініп, жұртқа айтуымыз қажет: қазіргі заманауи домбыра мен репрессияға, Ашаршылыққа дейінгі домбыра арасында ортақ байланыс жоқ. Домбыра — генетикалық түрлендірілген өнім. Өйткені бұрынғы домбырадан ештеңе қалмаған» дейді күйтанушы Раушан Нұртаза.
«Шежірелі құлақ күй» жобасы туралы басқа материалдарды оқи отырыңыз:

