Корей жастары неге шаман мен балгерге барады?

Корей жастары неге шаман мен балгерге барады?

Оңтүстік Кореяда жастар кейінгі жылдары шаман мен балгерге жиі жүгінеді. TikTok-та шамандарға жүгіну, арнайы қосымшадағы балгерлерден бағыт беруді сұрау қалыпты нәрсеге айналып кетті. Атеистік әрі заманауи корей қоғамындағы мұндай құбылыс қызық көрінеді. Жұмыс, баспана мен болашағы жайлы алаңдаған жастар рухани жұбанышты дәл осы дәстүрден таба бастады. Бұл үрдіс дорамалар мен фильмдерде де көрініс тауып, онда шамандар қоғамдағы ерекше кейіпкерлер ретінде бейнеленеді. Корейтанушы Айғаным Төлеулиева талдады. 

Cүреттер: Dr. Dirk Schlottmann, 2017. Asia Photo Review / asiaphotoreview.com

2020 жылдан бері шыққан біраз фильмде шаманизм көріністері тура не жанама түрде жиі көрсетіліп жүр. Мысалы, «Along with the Gods: The Two Worlds» пен «Exhuma» сынды кассалық фильмдердің, «Guardian: The Lonely and Great God (Goblin)» танымал дорамасы мен «The Divine Fury» сияқты хоррор-экшн фильмінің оқиғаларында дәстүрлі рухтар әлемі мен шамандық мотивтер көрініс тапқан.

«Oh My Ghost Clients» — биыл шыққан комедиялық-фантастикалық дорама. Но Му Жин есімді адвокатқа кенеттен аруақтар жүгінеді. Жындар оған өздерінің аяқталмаған істерін айтып, көмек сұрайды. Ол оларды тыңдап, шамандық рәсімдерге ұқсас амалдар жасай отырып, заңгерлік білімімен де қолдау көрсетеді. Осылайша кейіпкер шамандық пен заманауи әділеттілікті байланыстырады. Драмада шамандар әлеуметтік медиатор ретінде бейнеленеді. 

«The Haunted Palace» — тарихи романтика-фэнтези дорама. Басты кейіпкер Йо-ри шамандық қабілеті барын мойындап, тағдырдың талабына сай күреске түседі. Ол зұлым рухтармен, сарай ішіндегі интригалармен бетпе-бет келеді. Драманың көріністерінде дәстүрлі «гут» рәсімдері, барабандар, корей мифологиясының элементтері бейнеленген. Шаманизм қорқынышты атмосфераны күшейтіп қана қоймай, тарихи мұраның жалғасы ретінде ұсынылады. Йо-ри кейіпкері арқылы дәстүр мен махаббат қатар өріледі. Сериал шамандықты әрі рухани, әрі романтикалық күш ретінде сипаттайды. Көрерменге ол тарихи салтты сақтаушы әрі тағдырды өзгертуші кейіпкер ретінде әсер етеді.

Бір қарағанда, бұл фантастика жанрына сұраныс күшті деген әсер қалдырса, екінші жағынан қазіргі корей қоғамда шаманизмге қызығушылық күшейгенінің бір белгісі деуге болады. Бұл көне дәстүрге сұраныс неге артты? 

Ежелгі дәстүрдің тарихы

Корей шаманизмі (муизм) — елдің ең көне рухани дәстүрлерінің бірі. Буддизм, конфуцийшілдік пен христиандықтан бұрын пайда болып, корей мәдениеті мен дүниетанымының терең қабатына сіңген бұл нанымда муданг (әйел шаман) мен баксу (ер шаман) деп аталатын балгерлер адамдар мен рухтар әлемінің арасында делдал қызметін атқарады. 

Адамдар мен рухтар өзара көмекке негізделген байланыста деп саналады: адамдар рухтарды разы қылып, олардың жарылқауын денсаулық, береке немесе қорғаныш ретінде алғысы келеді. Шаманизмнің тамыры кемінде екі мың жылға жайылып, Корей түбегіндегі алғашқы мемлекеттік дін болғаны белгілі. Тарихи деректерге қарағанда, шаманизм Корё мемлекетіне дейін үстем сенім болып, кейін 4-5 ғасырларда келген буддизм мен конфуцийшілік оның ықпалын азайта бастады.

Жалпы шаманизмді ұзақ уақыт бойы «ырымшылдық» деп сынаған кезеңдер де болды. 20 ғасырдың басында жапон отаршыл әкімшілігі корейлердің дәстүрлі әдет-ғұрпын, соның ішінде шамандық ғұрыптарды, ұлт мәдениетін жою саясаты аясында қатты тежеді. 

Ал 1970 жылдары президент Пак Чон Хи режимі шаманизмді жаңғыру мен дамуға кедергі келтіретін ескі дәстүр ретінде қудалады. Мұндай қысымға қарамастан шаманизм толық жойылған жоқ, керісінше, оны ұстанушылар дәстүрді жасырын сақтап қалды. Уақыт өте келе қоғам көзқарасы жұмсарып, кейбір шамандар ұлттық мәдени мұраның бір бөлшегі санала бастады. 

Мысалы, атақты шаман Ким Кым-хва үкімет тарапынан «тірі мәдени мұра» ретінде танылып, ерекше мәртебеге ие болды. Бүгінде Оңтүстік Кореяның Мәдениет министрлігі шаманизмді «корей болмысының маңызды әрі қуатты бөлігі» деп сипаттайды; 2022 жылғы дерек бойынша, елде 300–400 мың шаман және балгерлікпен айналысатын тәуіп бар.

Нарық заманындағы шаманизм

Қазіргі Оңтүстік Корея қоғамында шаманизмнің қайта өркен жаюын әлеуметтік-экономикалық жағдайлармен байланыстыратын сарапшылар көбейді. 

Кейінгі жылдары жастар арасында балгерлерге, жұлдызнамашылар мен таротшыларға жүгіну әдеті кең тарап отыр. Сеулдегі Академиялық Корей діндері орталығының профессоры Хан Сың-хун жастардың шамандық кеңестерге құмартуын қазіргі корей қоғамындағы шиеленіскен бәсеке мен болашаққа деген алаңдаушылықпен түсіндіреді.

Жоғары білімді және технологиялық дамыған Корея жастары үшін тұрақты жұмыс табу, баспана алу күннен-күнге қиындап барады. Мұндай экономикалық қысым аясында алда не боларын ойлап басы қатқан жастар дәстүрлі балгерлерге жүгініп, рухани жұбаныш пен кеңес іздеп кетті.

29 жастағы жас шаман Ли Кён-хённың айтуынша, қазіргі қиын экономикалық түйткілдер мен саяси тұрақсыздық бұл құбылысты күшейтіп отыр. «Шаманизм корейлердің жан-дүниесіне терең сіңген. Бұрын ол көзге көрінбейтін тылсым әлем ретінде қабылданса, қазір YouTube сияқты желілер арқылы көпшілікке қолжетімді, түсінікті бола түсті» дейді.

Расында да, шамандар корей қоғамында бейресми психологиялық кеңесші рөлін атқара бастады деуге болады. Елдегі психикалық денсаулық мәселелеріне арналған зерттеу оңалтуға мұқтаж корейлердің көпшілігі маман көмегіне жүгінбейтінін, оның бір себебі қоғамдағы стигма екенін анықтады. Маманға бару қымбат екені де бар.  Осы олқылықтың орнын шамандар толтырып жүр. Шамандардың өзі де клиенттің тағдырын шешіп бермейміз, тек ақылшы-туысқан іспетті бағыт береміз деп ақталатыны бар.

Жастарды шамандыққа тартатын тағы бір фактор — дәстүрлі діндерге қарағанда шаманизмнің икемділігі мен бейресмилігі. Мұнда қатаң догма, күрделі рәсім немесе діни иерархия жоқ. Шаман адаммен тікелей жұмыс істейді, көбіне достарша сөйлеседі, ал қажет болса әзіл-қалжыңмен де қорқынышын жеңілдетеді. «Бәрін жеңген ғана табысқа кенелетін қоғамда адамдар жеңілістен қатты қорқады. Осы қорқыныш тудырған индивидуализм бал ашу нарығын гүлдендірді» дейді Мәдениетті зерттеу институтының директоры Ём Ын Ён.

Блогер балгерлер

Шаманизмнің жаңа буыны заман ағымына икемделіп, онлайн кеңістікке белсенді кірігіп отыр. Бұрын халық балгерге бару үшін Сеулдегі Миари сияқты көріпкелдер көп шоғырланған көшелерге бас сұқса, қазір олардың тұрағы — әлеуметтік желілер.

YouTube пен TikTok желілерінде жүз мыңдаған жазылушысы бар шаман-каналдар пайда болды. Олар тікелей эфирде көрермендердің туған күні, жынысы сияқты шағын мәліметтерін алып, неке құру, жұмысты ауыстыру, ақша мәселелері жөнінде тегін бал ашады. Мұндай тегін сеанстар жарнама қызметін атқарады: экранда шаманның кеңсесі мен байланыс нөмірлері көрініп тұрады, эфирден кейін жеке ақылы кеңес алуға шақырады.

Онлайн бал ашу бизнесінің қызып тұрғаны сонша — тіпті шамандарға арнап видео өндіретін студиялар да пайда болды. Сонымен қатар бал ашуға арналған мобильді қосымшалар нарығы да күрт өсіп жатыр. Jeomsin атты болжау қосымшасының бір айлық аудиториясы 2022 жылы наурызда 524 мың болса, 2024 жылы тамызда 1 млн 129 мың адамға жеткен. Тағы бір танымал Forceteller қосымшасы сол кезеңде 288 мыңнан 521 мың пайдаланушыға дейін өскен.

Бұл сервистердің негізгі қолданушылары — 20-30 жастағы әйелдер. Сарапшылардың айтуынша, жас буын, әсіресе әйелдер, болашаққа деген үрей мен үміттің арасында жүреді, сондықтан өздеріне жекелеген болжау ұсыныстарын беретін қосымшаларға қызығады.

Шаманизмнің саясат пен бизнеске әсері

Шаманизмге сенім тек жеке өмір мен тұрмыста ғана емес, Оңтүстік Кореяның саяси сахнасында да байқалып қалады. 2021 жылы президенттікке үміткер Юн Сок Ёль теледебатқа алақанына қытайша «왕» иероглифін жазып шыққанын көпшілік қызу талқылады. Бұған дейін бірнеше дебатта оның алақанында сол белгі байқалған. Кейінірек белгілі болғандай, оған мұндай қадамды шаман кеңес берген. Бұл таңба оған қарсыластарын жеңіп, «патшадай билікке ие болуға» күш береді деп сендірген екен.

Юн Сок Ёль президент атанған соң дәстүрлі Көк үй резиденциясына кірмей қояды. Ресми түрде ол бұл ғимаратты «империялық биліктің символы» деп атады. Алайда бейресми әңгімелерде бұрынғы президенттердің саяси жолы сәтсіз аяқталғанына байланысты Юн Сок Ёль бұл үйді «қарғыс атқан» деп сенгені айтылған. 

Президенттің жары Ким Гон Хи де шаманизмге сенетіндердің бірі ретінде айтылып жүр. Ол президент кеңесетін санаулы адамдардың қатарында. Бұған дейінгі президент Пак Кын Хе де шамандық белгілерге иек артқаны белгілі, ал оның әкесі, 1979 жылға дейін елді басқарған Пак Чон Хи әскери төтенше жағдай жариялар алдында балгерлерге жүгінген.

Бизнес әлемінде де шамандарды пайдаланатындар бар. Мысалы, K-pop индустриясының жетекші топ-менеджері Мин Хи Джин 2023 жылы өз компаниясы айналасындағы дау кезінде «шешім қабылдарда шаманмен кеңеседі екен» деген сынға қалды. Ол мұны растап: «Мен де тек жанымды тыныштандыру үшін шаманмен сөйлесіп тұрамын. Өздеріңіз олай істемейсіздер ме?» деді.

Шаманизм қазіргі нарықтық, демократиялық елде бейімделіп, жаңа мәнге ие болып отыр. Бұл дәстүр — стресс көп заманында біреуге жұбаныш әрі көңіл көтеру жолы болса, енді біреуге көптің сенімінен пайда табу құралы.

Ғасырлар бойы жалғасқан тылсым сенім қазір жаңа сипатта көрінсе де, оның адамдарға үміт сыйлап, медеу болу дейтін түпкі қызметі капиталистік дәуірде өзгеріссіз қалып отыр. 

Осындай-ақ оқыныз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Female rage с блёстками: новый альбом Princess Nokia
Культура
#музыка
Female rage с блёстками: новый альбом Princess Nokia
«Өте талғампаз актермін». Дәурен Серғазинмен сұхбат
Культура
#кино
«Өте талғампаз актермін». Дәурен Серғазинмен сұхбат
Нет вычетов — нет бизнеса: МСБ Казахстана бьет тревогу из-за нового Налогового кодекса
Бизнес
#люди
Нет вычетов — нет бизнеса: МСБ Казахстана бьет тревогу из-за нового Налогового кодекса
Семь бизнесвумен из Казахстана получили гранты на развитие своих проектов
Бизнес
#люди
Семь бизнесвумен из Казахстана получили гранты на развитие своих проектов
Киберпессимизм: от книгопечатания до ChatGPT
Бизнес
#технологии
Киберпессимизм: от книгопечатания до ChatGPT