Қазақтың күйі үшін жанын қиған Махамбет

20 ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқы қайғы мен қасірет, үміт пен сенім қатар жүрген күрделі дәуірді бастан өткерді. Ашаршылық, отарлық қысым, ұлттық мәдениетке жасалған қиянат қазақ қоғамын әлсіретті. Соған қарамастан елдің мәдени мұрасын сақтап қалу жолында күрескен тұлғалар болды. Олардың бірі — қазақтың ондаған күйін сақтап қалып, кейін қуғын-сүргін кезінде атылып кеткен дәулескер күйші Махамбет Бөкейханов. 

Әр күйдің түбінде жүректі қозғайтын тағдыр жатыр. «Шежірелі құлақ күй» атты жаңа деректі топтама күйдің көпке беймәлім тарихын зерделейді, патшалық Ресей мен Совет тұсындағы отарлық езгінің күй өнеріне әсерін баяндайды. 20 сериядан тұратын жоба күйді тек әуен ретінде емес, халықтың тарихи жады, ұлттық кімдігі мен отаршыл жүйеге қарсылық тілі ретінде тануға жол ашпақ. Авторлардың айтуынша, күй өнерінің тағдырынан отарлаудың мәдени геноцид екенін сезінесіз. 

’98mag журналы жоба туралы мақалалар сериясын жариялап отыр. Екінші мақала қазақтың ән-күйін сақтап қалу маңызы туралы мәселені көтерген Алаш қайраткерлерінің қызметіне арналады.

Ахмет мен Махамбет

1920 жыл. Орынбор. Қазанның қатқыл ызғар кештерінің бірінде, «Оқу-ағарту халық комиссариатының» алакөлеңке кабинетіне елтірі тымағын қолына ұстап, еңселі жігіт ағасы кіріп келді. Қолжазбасына шұқшиып отырған комиссар Ахмет Байтұрсынұлы бейтаныс жігітке кідіріп қарады да, сәлем алды.

Бұл — Бөкей ордасының ендігі ат үстіндегі азаматтарының бірі, арысы Дәулеткерей, берісі Мақардың күйлерін түгендеп тартатын шежірелі күйшісі Махамбет Бөкейханов еді. 

Махамбет Бөкейханов. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

Әдепкі әдетінше Ахмет Байтұрсынұлы Махамбетті қадірлі қонағы етті. Махамбеттің таңға соғып тарқан күйлері, әр күйдің әлқиссасына айтқан әңгімесі даланың шежіресіндей көрінді. Бұл кеш Байтұрсынұлының ел арасынан ән мен күйді жинап таңбаласақ деп жүрген ойын шегелей түсті. Махамбетке Байтұрсынұлының ел жайлы, саясат бағдары жайлы әңгімесі әсер еткен болуы керек.

Бұл — өкініш пен үміт, үрей мен батыл қадамдар кезеңі. Алаш идеясы мен советтер идеологиясының қиыспайтынын түсінгенімен кеш еді. Қазаққа автономия берілгенімен, саяси билік Мәскеуде болды, кадрлық, экономикалық және әкімшілік басқару шешімі орталықтың қолында қалды. Қазақтың жері әкімшілік басқару желеуімен Ресей облыстарына қосыла бастаған. 

Ахмет Байтұрсынұлы. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

Советтер «пролетарлық мәдениет» деген ұранмен дәстүрлі өнерді екінші қатарға ысырып, идеология мен пропаганда құралына айналдырды. Солақай саясаттың алғашқы салдары ашаршылық еді. Ары қарай қандай нәубет күтіп тұрғанын алаштықтар сезген болуы керек. Ендігі мақсат — «бейбіт майдан» шебінде бірігу, қайраткерлік қылу еді. 

Мәдени майдан

1917 жылы қазанда Алашорданың ІІ съезінде Білім комиссиясы құрылды. Ол комиссияның құрамында Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Телжан Шонанұлы, Биахмет Сәрсенов, Міржақып Дулатұлы болды. Байтұрсынұлы «қазақы болмыс мәйегі — ұлттық мұра, шежірелі тарихы, жыр-дастаны мен күйі. Әлеумет жұқарған тұста рухани қорымыздан шеттеп қалмайық, ертең не болары белгісіз. Бірақ ұлттың рухани мұрасын сақтап қалу үшін аянбауымыз керек» деген болатын.

Совет үкіметі орнаған соң 1921 жылы советтік білім комиссиясы құрылады. Осы комиссияға сол алашордалық құрам толығымен қайта кіреді. Олардың мақсаты кітап шығару, оқу-ағарту ісі және ұлттық музыка мұрасын жинау еді. 

Бұл комиссияның алғашқы күн тәртібіндегі мәселе — халық мұрасын жинау болды. Комиссияны Міржақып Дулатұлы басқарды. Сәкен Сейфуллин ұлттық мұраны жинақтауға қаржы бөлдірді. Айта кетерлігі, Телжан Шонанұлына тағылған басты айып осы болған еді. 

Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллин, Телжан Шонанұлы. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншоттар.

Осындай мақсатты көздеген ән-күйді жинақтау ісі басталып кетті. Сөйтіп Махамбет қазақтың ән-күйін жинап жүрген Александр Затаевичке білгенін жеткізетін болды.

Өткен ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың өмірін күрт өзгерткен сұрапыл оқиғалар болып жатқанда Алаш қайраткерлері қазақтың ән-күйін сақтап қалу маңызы туралы мәселені көтерді. Бір жағы аштық, саяси қуғын-сүргін, ауыр тұрмыс қысып жатқанда қаузар дүние осы ма еді десеңіз болар. 

Мұны Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Асыл қазына жиналса екен» мақаласында былай түсіндіреді: «Қазақ күнелту жағының мәдениетінен мешеу қалса да, ақыл, қиял, сезім жағына, білім тілімен айтқанда, рух мәдениетіне кенде емес екендігі мынау мың әннен  танылып отыр. <…> Қазақта жалаң ән ғана емес, сол шамалы күй де бар. Күй әлі жазылған жоқ. Әннен де күй терең, күй қадірлі. Әннің айта алмағанын күй айтып береді… Әннен де күй кәрі. Күй қартайып, жоғалып барады, азып барады. Күйді күйттейін ел азайып барады». 

Қазақтың бай күй қорын мұрағаттап қалуға ұлт қайраткерлері жұмыла кірісті. Күй жаздырғандар арасында Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Жұмат Шанин, Ахмет Байтұрсынұлы мен Махамбет Бөкейханов бар.

«Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

Махамбеттің еңбегі

Махамбет Бөкейханов — Бөкей ордасындағы ауқатты әулеттен болған, Төре Бөкей хан ұрпағы. Махамбет өте зерделі, күй десе ішкен асын жерге қоятын азамат болған деседі. 

Аға-інісі Науша мен Ғабдол-Хәкім де күйші кісілер болған. Махамбет жылқы ұстап, ат баптаған екен. Бәйгеде алдына қара салдырмайтын жүйрік аттары болған дейді. Советтің кәмпескелеу науқаны кезінде Махамбет 800 жылқысын өз еркімен ат зауытына табыстаған деген деректер бар.

Ғабдол-Хәкім Бөкейханов. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Сейтек, Мақар сияқты халық күйшілерінің көптеген күйі біздің заманға Махамбет арқылы жетті. Затаевич Махамбеттен «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» жинағына кірген «Байжұма», «Бұлбұл», «Ойбай, балам», «Жошы»,«Шора» сияқты 28 күй жазып алған. Махамбеттің өзінің бірнеше күйі ғана («Жаңа ауыл», «Би күйі») жеткен. 

Дәулеткерейдің күйлерін насихаттағанда Махамбетпен қатар, оның аға-інілері Науша мен Ғабдол-Хәкім Бөкейхановтардың есімі қатар айтылады. Ғабдол-Хәкім Затаевичке қазақтың «Шалқыма», «Қосалқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», тағы басқа жалпы саны 27 ән мен күйін жаздырған. Ал Науша 23 күй жазып қалдырған.

Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві видеосынан алынған скриншот.

Ауыс-түйіс қиын заманда Махамбеттің ел ішінде қалмай, өнер жолының қалыптасуына Затаевичпен кездесуі зор ықпал етті. Затаевич «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағындағы түсініктемесінде Махамбет жайлы былай деп жазады:

«Махамбет — бізге мәлімет берген Ғабдол-Хәкім Бөкейхановтың ағасы, көрнекті домбырашы, 1922 жылы қайтыс болған Мақар Жапаровтың шәкірті. Салмақты, көп сөйлемейтін орта жастағы адам қолына домбырасын алғанда ашыла түседі. Мен Бөкейхановтардың жайлауы «Қарағайда» екі апта жатып, одан 28 күй жазып алдым. Басында қиын болғанымен, уақыт өте бір-бірімізді жақсы түсініп, аз уақытта мол дүние жазып шықтық».

Оркестр құру

Күй мұрасын нотаға түсіруге көмегінен соң, Науша мен Махамбет Алматыға келіп қазақ ұлт аспаптар оркестрін құруға атсалысады.   Махамбет осы оркестрге 30 астам күй тапсырды. Өзінің репертуарында халық композиторларының 90-нан астам күйі (оның ішінде Дәулеткерейдің 50 шақты күйі) болған.

Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай алаш қайраткерлерінің ұлттық рухты оятар қызметі дүрілдеп тұрған тұста советтің репрессия машинасы қосылған қанды қырғын да басталған кез еді. Ұлт асылдарын аяусыз қырған саяси нәубет Ғабдол-Хәкім мен Махамбеттің басына түседі. 

Махамбет Бөкейханов 1928 жылы 24 қыркүйекте ұсталып, үш жылға жер аударылған. Жаза өтелген соң, Алматыға барады. Ол жақта 1933-1937 жылдары Музыкалық драма техникумы жанындағы қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру шеберханасында қызмет етеді.

Отызыншы жылдары Ахмет Жұбанов алғаш оркестр ұйымдастырмақшы болып жан-жақтан мықты өнерпаздарды жинай бастайды. Бұл кейін көрерменге жақсы танымал Құрманғазы оркестрі еді. Кейін күй атасының есімі 1944 жылы берілген болатын. 

Ахмет Жұбанов. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.

Сөйтіп күй тарту өнеріне қарай іріктелген әнші-күйшілер қазақтың дәстүрлі музыкасындағы алғашқы кәсіби музыканттар атанған еді. Махамбет пен Науша осылай оркестрдің негізін қалауға атсалысады. Ахмет Жұбанов Махамбетті қабілеті мен күйге деген махаббаты үшін ерекше сыйлап, бағалаған екен.

Қудалау мен қаза

Репрессия жылдары НКВД Махамбетті тергеуге алып қыса бастайды. Мына жақта оркестр жұмысы да қызып тұр. Сол жылдары Махамбетті ұстағанда НКВД Жұбановтың өтініші бойынша, оркестр репетициясына алып келіп, репетициядан соң қайта түрмеге алып кетіп жүреді екен. Ақырында соттап, репрессияға ұшырайды.

Ахмет Жұбанов Махамбет Бөкейханов туралы монография жазған. Бірақ атын атаудың өзі қылмысқа теңелген сол заманда жариялау мүмкін болмаған. Ол еңбекті Жұбанов күйші Махамбеттің жарына тапсырған.

1937 жылы ағайынды Махамбет пен Ғабдол-Хәкім Бөкейхановтар «Контрреволюциялық қылмыс жасады» деп танылып, 58-баппен сотталады. Махамбет Бөкейханов 1937 жылы Алматыда музыка техникумында жұмыс істеп жүрген кезінде қайта ұсталып, сол жылдың 1 желтоқсанында үкім шығып, атылады. 

Бауыры Ғабдол-Хәкім үш айдан соң, 1938 жылы 25 ақпанда атылды. 

Олардың сүйегі Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы осы бауырластар зиратында жатыр.

«Шежірелі құлақ күй» жобасы туралы басқа материалдарды оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Ашаршылық қазақтың күйіне қалай әсер етті?
Культура
#музыка
Ашаршылық қазақтың күйіне қалай әсер етті?
«Моя геройская академия» — главный сёнэн 2010-х
Культура
#кино
«Моя геройская академия» — главный сёнэн 2010-х
Дорама «Шеф-повар тирана» — сладкая начинка, горькое послевкусие
Культура
#кино
Дорама «Шеф-повар тирана» — сладкая начинка, горькое послевкусие
Молодые таланты на Paris Fashion Week
Стиль
#мода
Молодые таланты на Paris Fashion Week
Десять социальных стартапов из Центральной Азии получили гранты на развитие
Бизнес
#люди
Десять социальных стартапов из Центральной Азии получили гранты на развитие