Әр күйдің түбінде жүректі қозғайтын тағдыр жатыр. «Шежірелі құлақ күй» атты жаңа деректі топтама күйдің көпке беймәлім тарихын зерделейді, патшалық Ресей мен Совет тұсындағы отарлық езгінің күй өнеріне әсерін баяндайды. 20 сериядан тұратын жоба күйді тек әуен ретінде емес, халықтың тарихи жады, ұлттық кімдігі мен отаршыл жүйеге қарсылық тілі ретінде тануға жол ашпақ. Авторлардың айтуынша, күй өнерінің тағдырынан отарлаудың мәдени геноцид екенін сезінесіз.
’98mag журналы жоба туралы мақалалар сериясын жариялап отыр. Бірінші мақала әділетсіз қуғын-сүргінге ұшырап, атылған, қуғын кезінде қаза тапқан күйшілердің тағдырына арналады.
«Мұңды қыз» күйі
Қазақ күй өнеріндегі әйел адамдардың шығармашылығы жайлы не білесіз? Талай домбырашыға ден қойдырған «Мұңды қыз» күйін шығарған Аққыз туралы естіп пе едіңіз?
Аққыз — Тоқырауын бойындағы дәулетті Құбылтай ұрпағы Ахмет байдың ерке қызы. Азан шақырып қойған аты — Мүгілсін. Әкесінің өнерге деген ілтипаты Аққыздың бойына да дарып, ол белгілі күйші Әшімтай Қарымсақұлының «Қоңыр қаз» күйін жаттап, ұстазынан тікелей тәлім алған.

Күйші Аққыз. Суретші: Манай, 2007.
1917 жылдан кейінгі ұжымдастыру, тәркілеу, таптық қудалау Ахмет әулетінің де тағдырын төңкеріп өтті. Байдың тұяғы ретінде Аққыз да көзге шыққан сүйелдей көрінді. Елінің, жұртының көзқарасы өзгеріп, домбыра қуаныш емес, қауіп нышанына айналды.
1931 жылы күйші Әбди Рысбекұлы, бір жылдан соң буынсыз саусақпен күй шерткен Сембек Айдосұлы ату жазасына кесілген. Олардың «кінәсі» — күй тартқаны ғана.
Аққыз бұдан кейін домбыра көрсе үрейленіп, жанын қоярға жер таппайтын болған. Бірақ шер іште тынып жатпайды. Аққыз қоңыр домбырасын қолына алғанда көрген қорлығы мен шеккен азабын шертеді. Оның «Мұңды қыз» күйі осылайша дүниеге келген.
Жасырын жерленген Мақаш күйші
Күйші Қалкен Қасымовтың айтуынша, отызыншы жылдың қызыл қырғынында Қарағанды облысы Шет ауданында біраз күйші атылып кеткен. Соның бірі — Мақаш күйші.
Өз заманында ел билеп, болыс болған сыйлы кісі зобалаңның алғашқы легінде-ақ ұсталған. «Байдың сілімтігі», «Ескі заманды көксеп, күй тартады» деп Мақаш күйшіні үйінен сүйретіп шығарған. Бір түнде ауылдың 18 азаматы атылған деген ақпарат бар. Деректер бойынша, оқты үнемдеу үшін бірнешеуін қосарлап байлап атқан. Өлген денесін мылтықтың пышағымен сұққылап тексерген дейді.
«Мақаштың сүйегін ала алмай жеті күн, жеті түн жоқтадық» дейді екен көзі көргендер. Кейін туыстары Мақаштың денесін тауып, жасырын жерлеген. Совет өкіметінің арнайы қызметі — ГПУ адамдары оның сүйегін тауып алса, қазып алып, тағы қорлауы мүмкін деп, бетін тегістеп тастаған екен.
«Социализмге жат өнердің үні»
Тарихшы Еркін Стамшаловтың сөзінше, 1920 жылдан кейін Совет одағында саяси репрессияның қара бұлты қоюлана түскен. «Халық жауы», «контрреволюционер», «антисоветшіл» деген айып тағылған мыңдаған адам қуғындалып, атылған. Оның ішінде елдің шежіресін күймен шерткен күйшілер де болған. РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық кодексінің 58-бабы — «Контрреволюциялық қылмыстарға арналған» деп аталған.
Күй тартқаны үшін қуғындалып, үн шығарғаны үшін жау саналған заманда алғашқы атылғандардың бірі — Ахметжан Сармантайұлы. Алаш автономиясы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов, Алаш зиялысы Жақып Ақбаев тәрізді ел тұлғалары жол түссе, арнайы бұрылып келіп Ахметжанның күйін тыңдаған деседі. Оның «Сегізаяқ», «Қосбасар», «Көкейкесті», «Қасірет», «Терісқақпай», «Саржайлау» сынды күйлері — сол заманның жан дауысы.
1930 жылғы 12 наурызда НКВД Ахметжанды тұтқындап, оған 58-бап бойынша айып таққан.
Алғашында оны ұстауға Қарқаралыдан бес қазақ офицері барған. Ахметжан оларды қадірлі қонағындай күтіп алып, күйін тартқан. Сол күйді тыңдаған ГПУ адамдарының көңілі босап, кері қайтқан деседі. Көп ұзамай «тәртіп бұзғандары» үшін өздері жазаға тартылады. Кейін Қарқаралыға бес орыс офицері барып, Ахметжанды түрмеге қамайды. Айыбы — халық жауы, социализмге жат өнер иесі. Қараңғы қапаста соңғы күйі «Елу сегізді» тартқан. «Бұл — айыптың нөмірі ғана емес, тұтас ұрпаққа шыққан үкім еді» дейді күйші Саян Ақмолда.
Күйші Қалкен Қасымовтың айтуынша, Қарқаралы түрмесіне тамақ тасып жүрген ауылдың жас домбырашысы сол күйді құлағына тоқып, кейін елге жеткізген. 1930 жылғы 22 қыркүйекте Ахметжан Сармантайұлы Өлкелік ОГПУ жанындағы Үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. Онымен бірге Биханұлы Сүлеймен мен Адамбайұлы Әбілқан да бір күнде атылып, денелері тас байланып, қара суға тасталған деседі.
Жертөледе жерленген Жаңбырбай күйші
Күй танушы Мұрат Әбуғазының айтуынша, қазақтың күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының шәкірті — Жаңбырбай күйші де «халық жауы» деп айыпталған. Оны 1937 жылдары ұстап, Сібірге жер аударып жіберген.
1940 жылдары күйші ол жақтан қашып шығып, Атыраудағы Мыңтөбе ауылына барады. Ауылындағы шеткері үйге кірсе, кезінде атақты болған күйшіні жылқышы танып қояды. Бірақ оны келді деп 3-4 шақырымдағы үй ішіне хабар бере алмаған.
Күйшіге жертөле жасап, күзден көктемге дейін алты ай сонда ұстаған. Жаңбырбай домбыра сұратып, «Қоштасу» деген күйін тартқан. Үйдің иесі соны үйреніп қалған. Көктем шыққанда күйші дүние салғанда бұл хабарды үй ішіне айта алмай, өзі жерлеген. «Тек 1960-1970 жылдары ғана жылқышы күйшінің жатқан жерін басқаларға айтқан» дейді Мұрат Әбуғазы.
Зардап пен залал

Күй танушы Мұрат Әбуғазы. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.
Арқа өңірінің өзінде Әбди, Мақаш, Сембек, Ахметжан сынды отызға жуық күйші жазықсыз қуғындалып, атылып кеткен. Күйтанушы Мұрат Әбуғазының айтуынша, бұған олардың Алаш партиясының қатарында болғаны, жиындарына қатысып, қазақ халқының тәуілсіздік жолында бірге жүргені себеп болған. Халыққа жетпей, ұмыт қалған қаншама күй бар. Әрбірінің астарында сол уақыттағы ел мұңы болғаны анық.

Музыкатанушы Айжан Қанатова. «Шежірелі құлақ күй» видеосынан алынған скриншот.
Музыкатанушы Айжан Қанатованың айтуынша, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғалар Арқа күйшілер мектебіне орны толмас зардап тигізді. Осы өңірдің күйшілері мен өнерпаздары репрессияға тап болып, олардың шығармашылық мұрасы ұзақ үзіліске ұшырады.
Бұл тек тұлғалардың тағдырына емес, бүкіл Арқа күйшілер дәстүрінің дамуына әсер етті. Музыкатану саласында репрессияға ұшыраған күйшілердің өмірі мен шығармашылығын зерттеу мәселесі көп уақы бойы көтерілмеген. Тарихи себептерге байланысты олардың шығармаларын орындауға тыйым салып, есімдері ұмыт болған».
Сондай-ақ оқыңыз:
«Шежірелі құлақ күй» жобасы туралы басқа материалдарды оқи отырыңыз: