Ninety One оралды! Көптен күткен comeback  

Ninety One тобы екі жыл үзілістен кейін оралатынын хабарлады. 10 қыркүйекте топ ресми парақшасында «IYA IYA» дейтін жаңа әнінің үзіндісін жариялап, фанаттарын сілкіп оятты. Қуанып жатқандар санында есеп жоқ! 

Ninety One тобының құрылғанына биыл 1 қыркүйекте он жыл толған. Олардың шығармашылығы жас буынның талғамын өзгертті, таптаурынды бұзып, тұтас бір толқынды еркін ойлауға үйретті. Кейінгі жылдары топ мүшелері жеке шығармашылығына көңіл бөліп, топ жұмысы уақытша тоқтап тұрған еді. Жігіттер қайта бірікпей ме деген күмән да болған.  

’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен қуанышты жаңалыққа орай бұл топтың қазақ музыкасындағы орны туралы жазып шықты.

Фото: 91 TOUR 2022 | 9.07 Almaty, @91ninetyone

Қарсылық

2015 жылы «Айыптама» клипіндегі шашы боялған, сырға таққан, көпке таңсық образдағы жас жігіттерді көргенде, қоғамның бір бөлігі кірпідей жиырыла қалды. Ал басқа бір бөлігі бұл топты есі кеткенше жақсы көріп кетті. Осылайша Ninety One қазақ қоғамын екіге бөліп, өнер мен бірегейлік туралы маңызды әрі ұзақ талқы бастады.

Ninety One елде Q-pop (Qazaq pop) деген жаңа музыкалық жанрдың негізін қалады. Топ мүшелері сахнаға ZaQ, Ace, Alem, Bala, AZ (топтың экс-мүшесі) деген атпен шықты. Олардың концепциясы Оңтүстік Кореяның K-pop жанрына ұқсас болғандықтан, жаңашыл бағытқа «көшірме» деген сын да айтылды. 

Жанр бастаушы ретінде Ninety One-ға оңай болған жоқ. 2016 жылы Қазақстанның бірнеше қаласында бір топ адам топтың концертін өткізбеуді талап етіп, наразылық білдірді. Олардың өнеріне қарсы шыққандар «Ninety One қазақ дәстүріне қайшы келеді, олардың киім киісі, жүріс-тұрысы, болмысы қазақ жігіттеріне тән емес» деп ашуға булықты. 

Биліктен де, жұрт арасынан да топқа сес көрсеткендер көп болды. Бірақ олар жолынан тайған жоқ. Қазақ қоғамының консерватив бөлшегіне жас өнерпаздар қасқайып қарсылық көрсетті. Сын оларды күшейте түсті, өзіне шүйліккендерге әнмен ғана жауап қатты.

Мойындату

Бастапқыда «Ninety One әндерін тыңдаймын» деп айтуды ұят санағандар да болған. Жігіттер оларға «тығылып тыңдама» деп әнмен сәлем жолдады.

Топ жанкүйерлері — EagleZ арнайы парақша жүргізіп, Ninety One-ның идеясын көпшілікке танытуға тырысты. Жігіттер қай жерде өнер көрсетсе де, қолдау көрсету үшін жанкүйерлері сонда баратын.

Ninety One құрылған кезде жастар арасында ағылшын, орыс тіліндегі әншілер аса танымал еді. Бұған қарамастан, олар қазақ тіліндегі музыкаға ерекше мән берді. Бірнеше жыл ішінде концертте хедлайнер болатын әртістердің орнын басты. Топтың өнері халықаралық аудиторияға жетті, көптеген елден тыңдарман жинады. Олар қазақ тіліне қызығып, Ninety One әндерін түсіну үшін өзге тілді үйренді. 

Ninety One-ның артынан Q-pop жанрында басқа да топтар құрылып, жеке әншілер дебют алды. Қазақ тіліндегі поп және рэп араласқан заманауи әндер жастар арасында танымал бола бастады, оған сұраныс артты. 

Брендке айналған Ninety One тойға шығып, ән айтпайтын, жоғары деңгейде клиптер түсіріп, альбомдар шығарды, тапқан табысты контентке жұмсады. Топтың экс-продюсері Ерболат Беделхан құрған жүйе болмаса, олар қазіргі деңгейіне жетпес еді. Ол дарынды, еңбекқор жігіттердің бағын ашып, жол көрсете алды. 

Танымалдылығы артып жатқанда, 2018 жылы топтың солисі ZaQ-ты «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатына шақырды, топ мемлекеттік арналардағы бағдарламалардан да көріне бастады. 

Ninety One тек әнші, биші, музыкант емес, үлкен бір қозғалыс болды. Уақыт өте олардың сырт келбетіне айтылған сын азайды, оны образ деп қабылдап, әндерінің мағынасы мен орындау стиліндегі талантын ақыры мойындата алды.

Месседж

Қазақ музыкасы Ninety One-ға дейін және Ninety One-нан кейін болып екіге бөлінді. 

Олар елдегі шоу-бизнестің өңін өзгертті. Сахнадағы образдары мен перформанстары да жоғары деңгейде болды. Қазақ тілінде сапалы контент жасауға жол ашты.

Танымал музыкант Ильхан Ихсан Aiqap подкастында «Ninety One болмаса, мен, Sadraddin, Kalifarniya, Мирас Жүгінісов болмайтын едік. Қазақ тілінде әлемдік стандартқа сай әндер жазуға болатынын көрсетті. Қазақ тілі күшті естілетінін Ninety One арқылы білдік» деді

Зерттеуші, мәдениет және контент жөнінен PhD Сымбат Жоламанова Ninety One тобы қазақ тіліндегі әндерді танымал етуге нағыз катализатор және бетбұрыс болды дейді. «Олардың шығармашылығы қазақ тілі әртүрлі музыкалық жанр мен стильге оңай бейімделе алатынын көрсетті» деді зерттеуші. 

Ninety One тобы Q-pop Қазақстанға ғана қатысты феномен емес, ауқымды жаһандық процестің бір бөлігі екенін айқын көрсетті. Ең қызығы, корей толқыны біздің аймаққа табиғи, органикалық түрде сәтті бейімделді, оған Корея тікелей араласпады. Ninety One Қазақстанның және Орталық Азия әртістерінің халықаралық аренадағы зор әлеуетін танытты» деді Жоламанова.

Суретті берген: Ninety One

Топтың шығармашылығы махаббаттан басқа да әлеуметтік мәселелерді қозғады, сөздерді шебер пайдаланып, тыңдарманға терең ой салды. Олар әр comeback сайын өзі қойған деңгейден асып түсетін. 

«MOOZ» әні қиындықтар мен сынақтарға қарамастан, жақсылыққа сенуге, берілмеуге шақырды, метафорасында топқа төгілген хейтті көрсетті. Кейбірі оларға «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болдыңдар!» деп тілек жазды.

Ирина Кайратовна тобымен шығарған «Taboo» әнінде президенттерге, әртістерге сілтеме жасап, ел ішіндегі мәселелерді тізіп шықты. Олар көп әртістің айтуға батылы жетпейтін тақырыптарды көтерді. Карантин кезінде шыққан «LIE» әні жай ғана қатардағы емес, салмағы бар ән болды, «айналада лай» деп қоғамдағы жағдайды сынады. 

«Bari biled» бейнебаянында сөз бостандығы, суицид, зорлық-зомбылық мәселесін, қоршаған орта ластанып жатқанын көрсетіп, адамзатқа үндеу жолдады. Қанша жыл өтсе де, бұл ән әлі де өзекті. Отбасындағы мәселені қозғаған «Jur Mapelep» әнін француз тіліне ұқсатып орындағаны тыңдарманды таңғалдырды. 

Жүректі шымырлатар «Why’M» әні көп адамның ішкі ойлары мен сезімдерін сыртқа шығарды. «SYNBAIM» әні өмірде қандай қиындық болса да, сынбай, оны жеңіп шығуға мотивация береді. Шығармашылығы арқылы жастардың жүрегі мен санасына жете алған жігіттер UNICEF-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі атанған.

«Men Emes» бейнебаянында қазақ мәдениетін насихаттап, «айналаның бәрі көзбен бағалайды, мен мәдениет үшін айқайлаймын», «менің мұңым ол ұлтымның ұлудай жылжуы» деген әсерлі сөздер айтылды. «Сөзіңнің өзі — үкім, жеңіліс — тым жеңіл іс, біз кем емес, кім теңіміз?» деген «DARN» әніндегі жолдар батыл қадам жасауға шақырады. 

Ninety One дебют алған жылы жұрт арасында олардың өнеріне күмәндана қарап, мазақ етті. «BIZ» әні бәрі мүмкін екенін жеткізді, топтың даралығын көрсетті.

Ninety One-ның әлемдік деңгейге шығуға әлі де қауқары бар. Бірақ «жоқтан бар жасаған» топқа кезінде мемлекеттен қолдау болған жоқ. 

«K-pop әртістердің таланты арқасында ғана емес, кәсіби дайындыққа, маркетиңге және халықаралық дистрибуцияға салынған ауқымды инвестициялар көмегімен де әлемдік феноменге айналды. Қазақ музыкасын осындай халықаралық деңгейде мойындау үшін кешенді стратегия қажет. Музыка индустриясы инфрақұрылымын дамытуға, арнайы білім беру бағдарламаларын құруға және халықаралық дистрибьюторлармен және промоутерлермен серіктестік орнатуға мемлекеттен қолдау керек» дейді зерттеуші Сымбат Жоламанова.

Алғыс

Қазақстандағы Q-pop дәуірінің алтын кезеңі, қанша мойындағымыз келмесе де, өтіп кеткендей. Ninety One-ның кейінгі клиптері мен әндері тыңдарман арасында бұрынғыдай танымал бола қойған жоқ. Әр мембер жеке шығармашылығына мән беріп, өзінше даму жолына түсті

2023 жылы шыққан «GAP» альбомынан кейін Ninety One уақытша демалыс алған. Осы уақыт аралығында жігіттер қайта бірікпеуі мүмкін деген түрлі сыбыс та болды. Тыңдарман топтың жеке концертін асыға күтіп жүр. Олар алда көпті қалай қуантарын көрерміз.

Бірақ кешегісін біз айтайық: Ninety One әлдеқашан-ақ қазақ музыка тарихында ойып орнын алды, аттары өшпестей жазылды. Олардың болғаны, күрес пен жеңіске толы жолы, сіңірген еңбегі мен он жыл ішіндегі ықпалы — қазақ мәдениетіндегі үлкен олжа.

Рақмет, Ninety One. 

Сондай-ақ оқыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Отец мать сестра брат»: триптих Джармуша, принёсший ему «Золотого льва»
Культура
#кино
«Отец мать сестра брат»: триптих Джармуша, принёсший ему «Золотого льва»
Как «Истребитель демонов» изменил аниме
Культура
#кино
Как «Истребитель демонов» изменил аниме
Как трагедия Адама Рейна ставит вопрос жизни и смерти в эпоху ИИ
Ликбез
#истории
Как трагедия Адама Рейна ставит вопрос жизни и смерти в эпоху ИИ
Apple представили самый тонкий iPhone в истории и другие новинки
Бизнес
#технологии
Apple представили самый тонкий iPhone в истории и другие новинки
«Франкенштейн» Гильермо дель Торо: Лучшая роль Джейкоба Элорди
Культура
#кино
«Франкенштейн» Гильермо дель Торо: Лучшая роль Джейкоба Элорди