Корейлерді әшкерелеген дейтиң шоулар

Корейлерді әшкерелеген дейтиң шоулар

Оңтүстік Кореяның түрлі дейтиң шоуын бүкіл әлемде миллиондаған адам қызыға көреді. Махаббат пен интригаға толы бұл бағдарламалар қарбаластан бір сәт тынығуға ғана емес, Кореядағы құндылықтар мен түсінікті тануға да көп көмектеседі. Мәселен, сүйіктісін іздеген адамның қай университетте оқып, қайда жұмыс істейтіні неге маңызды? Корейтанушы Айғаным Төлеулиева түсіндіреді.

Фото: Single’s Inferno, NETFLIX

«Жұрттың қызы»

Netflix-тегі Single’s Inferno дейтиң шоуының екінші маусымына қатысқан Надин Ли миллиондаған адамды бірден баурап алды. Көрермен Кореядан шыққан, Америкада тұратын бойжеткеннің сұлулығын ғана емес, алған білімін де қызу талқылады.

Надин Харвард университетінде нейроғылым мамандығында оқыған. Single’s Inferno-ға келгенде бойжеткен Харвард медицина мектебінде зерттеу көмекшісі әрі жобалар менеджері болып жұмыс істеп жүр еді. Ары қарай медицина саласында білім алуды жалғастырғалы жатқанын да айтқан.  

Надинді көпшілік бірден it-girl деп атап кетті. Ал корей блогтарында ақылына көркі жарасқан қызды сексистік түрде «толық пакет» деп атап, отбасын құруға қажет нәрсенің бәрі бойында бар екен десті. 

Бірақ хейт жазғандар да болды. Reddit-те кейбір қолданушы Надиннің миллиондаған аудиториясы бар инфлюенсер бола тұра ғылым жолын қуғанын өзінің шын қалауы емес, корей отбасыларына тән «жұрттың қызы» образына сай болуға тырысқаны деп түсініп жатты. Ауқатты отбасынан шыққан Надин атақты университет пен абыройлы жұмысты мәртебе көретін қоғамдық түсініктің құрбаны емес пе деп пікір айтқандар көп болды. Әрине, бұл долбар ғана. 

Бірақ олардың корей қоғамы оқу мен жұмысты үлкен мақтаныш көреді деген пікірі өтірік емес. 

Фото: Single’s Inferno, Season 2

Шоулардың алтын дәуірі

Оңтүстік Кореяның dating шоулары, яғни жастарға сүйіктісін табуға көмектесіп, ғашықтарды табыстыратын бағдарламалар ел ішінде де, әлемде де айрықша сұранысқа ие болып, нағыз алтын дәуірін бастан кешіп жатыр. 

Дорамадағыдай көрікті әрі сымбатты жұптарды көрсететін Heart Signal мен Single’s Inferno-дан бастап, ажырасқан адамдардың қарым-қатынасын баяндайтын Love After Divorce және егде жастағыларға арналған Last Love сияқты бағдарламалар көптің аузынан түспейді. Кейінгі жылдары бұл шоулардың ауқымы кеңейіп, балгерлер (Possessed love), гей- жұптар (TogetHer, His man) және 18-20 жас аралығындағы жасөспірімдер туралы да бағдарламалар да шығып жатыр.

Қызығы, біз әлі күнге дейін консерватив ел деп білетін Кореяда дейтиң шоулар тарихы сонау 1970 жылдардан бастау алады. Ең танымал шоу 1994 жылы шығып, жеті жылға созылған Love’s Studio шоуы болды. Бағдарламаға үш мыңдай адам қатысып, елу шақты жұптың некелесуіне себепкер болды. Ал 2021 жылы Netflix-те жарық көрген Single’s Inferno шоуы платформадағы TOP 10 рейтиңіне енген алғашқы корей реалити-шоуы болды.

Бұл дейтиң шоулардың әлемде танымалдығы артқаны — корей мәдениетіне күшейген қызығушылықтың бір көрінісі. Корейдің дейтиң шоуларының Батыста шығатын осыған ұқсас бағдарламалардан ерекшелігі — қатысушылар физикалық жақындыққа асықпайды, терең әрі ұзақ сөйлесіп, өмірлеріндегі түрлі қызық пен қиындықты шынайы талқылап, серігіне баяу өрбитін кіршіксіз сезіммен ғана қосылады. Мұндай махаббат басқа елдегі көп көрерменге таңсық көрініп, шетелдік аудиторияны бірден баурап алды.

Кореяның өз ішінде де дейтиң шоулар ондаған жыл бойы шығып келе жатқанымен, кейінгі жылдары ғана кеңінен танылды. Себебі продюсерлер сценариймен сөйлейтін жұлдыздар қатысатын шоу форматынан бас тартып, қоңыр тіршілік кешетін адамдардың махаббатын көрсете бастады. Адамдар өз арасынан шыққан қарапайым да көрікті қыз-жігіттердің шынайы болмысын, риясыз қарым-қатынасын көргенді қатты ұнатты. 

Кореяда жалғыздықтың өршуі де — дейтиң шоулардың танымал болуына ықпал еткен себептердің бірі. Әсіресе жастар мен ересектер арасында жалғыз тұратындар үлесі жоғары. Кореяның ресми статистикасы бойынша, 2023 жылы елдегі әрбір үшінші үйдегі кісі жалғыз өзі тұрады. Бұл — 2015 жылы осындай дерек жинала бастағалы тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Жалғыз тұратын 7,82 миллион адамның шамамен үштен бірі — 30 жасқа толған не одан кіші азаматтар. Жастардың көбі той, баспана, бала бағу сияқты қымбат шығындардан қорқып, үйленуден тартына бастаған. Ал мұндай шоулар көрерменге өз өмірінде жетіспейтін романтикалық қатынасқа сырттай куә болып, әлеуметтік байланыс сезімін бастан кешіруге мүмкіндік береді. 

Фото: Love’s Studio (1994-2001) [JOONGANG ILBO]

Байқағаным

Мұндай жобаларда бірден көзге түсетіні — үміткер өзін таныстырғанда қай университетте оқығанын айтады. Жақсы оқыған қатысушының оқу үлгерімі, яғни GPA көрсеткіші экранға шығады.

Басқа қатысушылар мықты университет не танымал компанияның атын естігенде қатты таңырқап жатады. Шетелдік көрерменге бұл тосын не түсініксіз көрінуі мүмкін: неге адам ғашығын іздеуге келген шоуда университеттегі оқу үлгеріміне сонша мән береді? Өзінің өмірлік құндылықтары мен көзқарасы туралы неге бұлай көп айтпайды? 

Мұны түсіну үшін елдің тарихы мен мәдениетіне тоқталуымыз керек. Бірақ бұл құбылысты Оңтүстік Кореяға ғана тән деп айту қате. Мұндай үрдіс конфуцийлік мәдениет пен философия ықпал еткен елдерде (әдетте Шығыс Азия елдерінде) жиі кездеседі.

Конфуций философиясы білімге айрықша мән береді. Конфуцийлік философия бойынша, жақсы білім алу адамның жеке дамуы мен мәртебесін ғана емес, отбасының абыройын, тіпті қоғамдағы орнын айқындайтын басты өлшемдердің бірі саналады. Сондықтан білім мен академиялық жетістік Шығыс Азияда жеке мақсат қана емес, бүкіл әулет алдындағы жауапкершілік пен оның абыройына айналған.

Корея Жапонияның отары болған 1910-1945 жылдары білім алу барлық корейге бірдей қолжетімді болмағанын және халық арасында оқыған азаматтар ерекше сыйлы болғанын ескеру керек.

1945 жылы орта мектептерде — небәрі 83 мың, ал жоғары оқу орындарында 8 мыңға жуық студент қана оқыды. Білім инфрақұрылымы өте нашар болды. Тәуелсіздік алғаннан ел тоқырау жылдарын бастан кешті. Ал 1950–1953 жылдардағы соғыстан кейін халық саны күрт өсті. Сөйтіп Корея тек 1960 жылдары — бастауыш білімді, 1980 жылдары — орта білімді, ал 2000 жылға қарай жоғары білімді көпке қолжетімді ете алды.

Еуропа елдерінен айырмашылығы сол — Кореяда студенттердің басым бөлігі университетке түсу үшін күрделі емтихан тапсырып, ең үздік оқу орындарындағы орынға қатты таласады. Бұл студенттің еңбексүйгіштігін ғана емес, сондай-ақ ата-анасының немесе отбасының қаржылық мүмкіндігін де көрсетеді. Сондықтан шоуға жұбын іздеп келген адамның қайда оқығаны оның қаржылық жағдайынан да хабар береді. Статистика бойынша, үздік университеттерде негізінен Сеулден шыққан, ең қымбат жеке мұғалімдерден сабақ алған немесе шетелде мектеп бітірген студенттер оқиды.

S мен H компаниясының әсері

Кореяда ата-аналар баласының қосымша сабақтарына жылына шамамен 17 миллиард доллар жұмсайды. Мәселен, бір орта мектеп оқушысы таңғы 8-ден түскі 4-ке дейін мектепте болып, содан кейін 2-3 сағат қосымша сабақтарға не кешкі мектепке барады. 

Кореяның білім беру жүйесі мектептен тыс оқытуға қатты тәуелді: бастауыш мектеп оқушыларының 80 %, төменгі орта буын оқушыларының 69 %, ал жоғары сынып оқушыларының 56 % қосымша білім алады. Елдің білім алу жүйесіндегі осындай ахуалды азаматтар бала кезінен көріп келе жатқандықтан шоуларда мықты университет мен жоғары GPA-ға неге таңғалатыны енді түсінікті шығар.

Мысалы, I am solo дейтиң шоуында өзінің мектеп бітіргендегі не университеттегі үлгерімін ғана емес, сол оқу орны бойынша алған бағасы жөнінен неге орында болғанын да айтқандар болған.

Тағы бір қызық көрінетіні, мұндай шоуға келген қатысушылар қайда жұмыс істейтінін де айтуға бейіл. Көп жағдайда олар компанияның толық атын емес, тек алғашқы әрпін ғана айтады. Алайда басқа қатысушыларды таңырқатуға бұл да жетіп жатыр.

Мысалы, кейбір үміткер өзін «S компаниясында инженермін» не «H компаниясында бөлім басшысымын» деп таныстырады. Көрерменге де, басқа қатысушыларға бұл әріптер артында қай бренд тұрғаны белгілі. Samsung пен Hyundai сияқты алпауыттарға жұмысқа тұру өте қиын, ал онда еңбек ету үлкен мәртебе саналады. Әр алты ай сайын шамамен 100 мыңға жуық корей азаматы Samsung сияқты компанияға жұмысқа тұру үшін емтихан орталықтарына ағылады. Қатаң іріктеуден небәрі 7 мыңдай адам өтіп, оның 4 мыңдайы ғана жұмысқа қабылданады.

Оңтүстік Кореяда жұрт мұндай ірі компанияларда жұмыс істеуді «сенімді (немесе қауіпсіз) жұмыс» деп атайды. Бұл ұғымның астарында тұрақты жалақы, мансапта өсу мүмкіндігі, компания тарабынан қызметкердің түрлі шығынын өтеу және жан-жақты қолдау көрсету сияқты артықшылықтар жатыр. Басқаша айтқанда, осындай қызметке ие болу өміріңде жолың болғанын, енді қаржы жағынан алаңдаудың қажеті жоқ дегенді білдіреді.

Фото: I Am Solo, 2021

Қорыта айтқанда

Тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс — корейлерге зор мақтаныш. Адамның қайда оқығаны, қалай оқығаны, қазір қай жерде жұмыс істейтіні оның өмірі мен мәртебесі туралы көп мәлімет береді.

Кореядағы дейтиң шоуларда оқу орны, GPA мен жұмыс орнының ерекше маңызды болуы — елдің тарихи, мәдени және әлеуметтік контексімен тығыз байланысты құбылыс. Конфуцийлік дәстүр мен мәдениет, білім мен еңбексүйгіштікті жоғары бағалау, сондай-ақ кейінгі жылдары күшейген экономикалық және әлеуметтік бәсекелестік бұл факторларды адамды бағалаудағы басты өлшемдерге айналдырды.

Университет атауы мен үлгерім деңгейі қатысушының жеке қасиеттерінен бөлек, оның отбасының әлеуметтік жағдайын мен еңбекқорлығын да аңғартады. Ал «қауіпсіз» жұмыс орны — тұрақты табыс қана емес, болашаққа деген сенім мен қоғамдағы мәртебе символы.

Кейде бұл фактілер адамды оның әдемі әңгімесіне қарағанда жақсырақ танытуы мүмкін.

Автордың басқа материалдарын оқыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Депать, крутить слот и слушать: откуда взялась лудоманская музыка в TikTok?
Ликбез
#общество
Депать, крутить слот и слушать: откуда взялась лудоманская музыка в TikTok?
Стали известны имена победителей Shabyt Lab
Ликбез
#общество
Стали известны имена победителей Shabyt Lab
ФК «Кайрат» одержал историческую победу над шотландским «Селтиком» 
Ликбез
#общество
ФК «Кайрат» одержал историческую победу над шотландским «Селтиком» 
Идея театра без границ: как фестиваль в Авиньоне подсветил сценический ландшафт в Алматы
Культура
Идея театра без границ: как фестиваль в Авиньоне подсветил сценический ландшафт в Алматы
Подводим итоги лета с командой Yandex Qazaqstan
Город
#события
Подводим итоги лета с командой Yandex Qazaqstan