Заманауи су перілері
AL BASTY брендінің BALYQ атты жаңа топтамасын көріп отырып, теңіздің түбіне түсіп кеткендей болдым: барлық киімнің — шалбар мен көйлектің, жейде мен сөмкенің көркін ашып тұрған — толқынды желбезектер екен.
Авангард киім дизайнері, брендтің негізін қалаушы Алина Айтжанова бұл идеясы теңіз түбінде балықтармен жүзіп жүргенде туғанын айтады.
Ол бір естен кетпес сәт болды. Су астындағы әлем өте әсерлі әрі қорқынышты екен. Ондағы тылсым тіршілік қаншама мифке арқау болған. Жүзіп жүргенімде кейбір балықтар маған бір сәтке су перілері сияқты көрініп кетті» дейді Алина.
Дизайнер жаңа коллекцияда түрлі мифологиялық символ барын айтады. «Бұл менің — заманауи су перілеріне жасаған өзіндік интерпретациям. Адам өзін нағыз балықтай сезінсін деп бұл топтаманы жеңіл, қарапайым әрі ыңғайлы етіп жасадым».
BALYQ топтамасындағы киімдердің бір ерекше тұсы — түстері. Кейбір киімнің реңі құбылып тұрады. Бұл кездейсоқ емес, біраз еңбекпен келген эффект.
Осы жолы киім тігу кезінде өзіме ең қиын әрі қызық болған нәрсе — түспен жұмыс істеу. Судағы мақұлықтар өңін өзгертіп тұрады ғой. Соны ойланып отырғанда трикотаж торды контраст жерсейге қабаттап қойсам қайтеді деген ой келді. Сөйтіп балықтар сияқты голографиялық, түсі алмасып тұратын эффект пайда болды».
BALYQ топтамасының киімдері ендігі сатылып жатыр.
AL BASTY қалай құрылды?
Алина Айтжанова 2022 жылы Польшаның Краков сән және дизайн мектебін (KSA SAPU) бітірген соң, елге оралып, жергілікті әртістерге сахна киімдерін тігіп жүрген.
Дизайнер болуды Алина бала кезінен армандаған. Оның салған киім үлгілері шығармашылық ортада танымал еді. «Өз брендім болса деп армандайтынмын. Бірақ брендті ашу процесі мен ойлағаннан да жылдам өтті» дейді дизайнер.
Алина ашқысы келетін брендтің философиясын бірнеше ай бойы ойластырып, мифологияны зерттеп, киім үлгілерін салып жүрген. 2023 жылы Flashkaz cән платформасының жетекшісі Айнұр Әбуғалиеваға идеясын айтқан. Айнұр тосыннан бір жарым айдан соң көрсетілім жасайық деп ұсыныс тастайды.
Сол сәттен бастап Алина алғашқы дропты аяқтау үшін «жұмысты мың есе жылдам» істеуге кіріседі. Ол не істеп жатқанын, түбінде не шығарын анық білмегенін мойындайды. «Бірақ өз ісіне махаббаты мен шабыты зор еді». Аз уақытта эскиздерді түгел салып, коллекцияны модельдеп шыққан.
Алина көрсетілімге үлгеріп, 2023 жылы ақпанда көпшілікке AL BASTY брендін таныстырды. Сөйтіп дизайнер авангард стиліндегі капсула коллекциясын сатылымға шығарды.
Атауы қайдан шықты?
Қазақ мифологиясында албасты — адамға зұлымдық ойлаған тылсым жаратылыс. Көбіне жалбыр шашты, ұзын бойлы әйел кейпінде суреттеледі. Халық сенімінде ол өзен-көл маңын, ну тоғай мен елсіз жерлерді мекендейді. Аңыздарда албасты адамның жанын сорып, әлсіретіп, шошытып жіберетін залым бейне ретінде суреттеледі.
Албасты туралы әңгімелер түркі-моңғол халықтарының көне мифологиялық түсініктерімен астасып, бүгінге дейін халық жадында сақталған. Алина да албасты дегенді бала кезінен біледі.
«Кішкентайымызда сіңлілеріммен шашымызды күлкілі етіп жасап алып, матамен ойнайтынбыз. Әжем өзіне киім тігетін. Сонда бізге «албасты сияқты шашыңды жайма», «албасты сияқты киінбе» деп ұрсатын» дейді. Балалық шағында Алина бұл сөздің мәніне үңілмеген. Бірақ есейіп, мифологияны зерттей бастағанда осы түсінікке қатысты көп сұрағы туған.
«Меніңше, кез келген нәрсе — амбивалент, яғни екіұдай. Біздің мифологиямыздың тым біржақты сипаттала бастауына ислам дінінен бұрынғы сенімдер жүйесінің, яғни протодіннің демонизациялануы әсер етті деп ойлаймын. Мифология дегеніміз — көне дүниетаным, алғашқы философия мен дін».
Алина қазақ мифтеріндегі барлық кейіпкерді табиғаттың рухы деп есептейді. «Ол бірде қамқор, бірде қатыгез». Сол сұлулықты ашу, оны тануға тырысуды брендтің миссиясы деп біледі. Қазақ мифологиясын жаңаша көзқараспен қайта қарауға шақырады.
«Мұндай аңыздар — мәдениетіміздің негізі. Біз, қазақтар, бұрын тәңіршіл болдық және қазіргі таңда протодіннен қалған көптеген дәстүрді сақтап келеміз. Меніңше, қазіргі заманда біз қазақ мифологиясына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Өйткені дәл осы мифология бізге өз мәдениетімізді терең түсінуге көмектеседі».
Шулатқан шалбар
AIDAKHAR джинс шалбары — брендтің ең танымал әрі көпшіліктің көңілінен шыққан киімнің бірі. Ол формаларды Алина алғаш рет 2021 жылы колледждегі дипломдық коллекциясын дайындап жүргенде ойлап тапқан.
AIDAKHAR джинс шалбары арқылы дизайнер авангард стилін көше сәніне бейімдегісі келген.
«Біз күнделікті киімнің пішінін өзгертуді shapeshifter деп атаймыз. Бұл джинс шалбары соншалықты танымал болады деп мүлде ойламадым. Шығармашылық процесс кезінде шабыттанып отырып салғаным еді. Оның үстіне, брендтің атауы басқа кейіпкерге арналса да, AIDAKHAR — өзіме ең жақын образ» дейді Алина.
Фото: Aruzhan Aiten
Брендтің аудиториясы — батыл, жарқын және бойындағы ішкі субтұлғалардан қорықпайтын адам. Бейтаныс болса да, ойы ортақ адамдар осы брендтің киімі арқылы табысып жатады.
«Маған ерекше әсер еткен бір оқиға бар. Бір досым AIDAKHAR джинс шалбарымен Грузияға барған. Сол жерде бір адам жүгіріп келіп: «WTF WHAT IS THIS? WHAT IS THIS?» деп таңғалып, отыра кетіп, шалбарды ұстап көріп, біраз қарап, «INSANE!» деп қайталай беріпті».
Екі жылдағы үш көрсетілім
Алина кейінгі екі жылда әріптестерімен бірлесіп үш рет сән көрсетілімін өткізген. Әр көрсетілімде брендтің жаңа өнімдерін таныстырады.
Бірінші көрсетілім «NoONE» деген атпен өтіп, Flashka сән платформасымен бірлесіп ұйымдастырылған би перформанс форматындағы шоу болды. Оған Jolda ұжымы да қатысты. «NoONE» атауын «ешкім» деп те, «бірінші» деп те түсінуге болады.
Бұл атауды таңдағаным бекер емес: Қазақстандағы сән индустриясында мен беймәлім жан едім. Бірақ соған қарамастан № 1 дизайнер болуды армандадым. Әрине, бәрі керемет өтті деп айта алмаймын, бірақ команданың батылдығының арқасында біз брендті жылдам танымал ете алдық деп ойлаймын».
Екінші «BAYUR SAQ» көрсетілімінің tone of voice бұрынғыдан да қатқыл, айқын, агрессив болды. Бұл панк стиліндегі көрсетілім Аиза Спэйсовна және Edigee-мен коллаборацияда жүзеге асқан. Шара AL BASTY-ның өндірістік цехы орналасқан жүк көліктерін жуу орнында өтті. Көрсетілімнің басты кейіпкерлері — жарқыраған ALBASTY көйлегі мен «BAUYRYM» бауырға ұқсайтын сөмке болды.
Кейбір аңызда Албасты адамдардың бауырын ұрлайды деседі. Бірақ мен бұл мифке басқа көзқараспен қарағым келеді: бәлкім, көне дәуірдің адамдары «бауыр» деп тек ағзаны емес, туыстықты да меңзеген шығар? Мифологиядағы осы екіұштылықты ашу — менің негізгі мақсаттарымның бірі. Сондықтан мен Албасты бейнесін таңдадым: ол зұлым да, жұмбақ әрі қорғаушы бейнеге де айнала алады».
Үшінші іс-шара — AL BASTY командасы мен суретші AMMANEETA-мен бірге әзірленген 3D коллекциясының презентациясы.
Мұнда мен Албасты мен басқа да мақұлықтар — табиғат рухы емес пе деген ой тастаймын. Албасты да табиғат сияқты әсем, қатыгез, қамқор әрі үрейлі бола алады. Оның бейнесін демонизациялау артында дәрменсіз адамның табиғат алдындағы қорқынышы тұрған жоқ па деген ой тастағым келді».
Қайшылық тудыру
Дизайнер «романтикалық мұң мен тылсым да әдемі қорқыныш сезімдерінен» шабыт алады. Әр киім үлгісі жәндіктер мен жануарлар анатомиясын арқау еткен конструкциялардан туады.
Бірақ киім тігу процесінде түрлі қиындыққа тап боламыз. Себебі Қазақстанда мата тұрмақ, жіп, түйме, сырма сияқты ең қарапайым заттардың өзі көп өндірілмейді екен. Таңдау аз, сондықтан қызық пішіндер ойластырып, жоқтан бар жасауға тура келеді».
Алинаның айтуынша, екінші әрі үлкен қиындық — өзі таңдаған бағыттың тым шектеулі әрі қалыптан тыс, батыл болғаны. Мұндай нишада аудитория да шағын.
Бренд киімдері жиі сынға ұшырайды. Енді қайтеміз, бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Біреу бізді жақсы көреді, біреу менсінбей қарайды, ал кейбіреуі тіпті «мына киімдері қорқынышты ғой» дейді.
Бірақ киімдерім түрлі эмоция тудыратынына қатты қуанамын. Көздегенім де сол. Адамдардың ойын сілку, олардың ішінде қайшылықты сезім туғызу — мүлдем әсер етпегенен әлдеқайда жақсы».