Ұлттық әшекей тағу күнделікті сәнге айналғанда оны қазақшылдықты көрсететін көрнекі визуал атрибут қана емес, әрбірінің тарихы мен таралу ерекшелігі бар бұйым деп қарастырған абзал. Сонда халық арасында ұлттық сәнге деген мақтаныш қана емес, терең түсінік пен білім де қалыптасады.
Қазақ халқы үш жүзден құралатыны бәріне аян. Халықтың сөйленіс ерекшеліктері сияқты қолөнер бұйымдарын да үш аймаққа бөлуге болады. Біріншісі — Батыс Қазақстан, екіншісі — Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан, үшіншісі — Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Сырдария аймағы. Әйелдердің зергерлік әшекей-бұйымдары да осындай тарихи заңдылықпен таралған. Бұл үш аймақтағы әшекейлердің жасалу техникасы мен стилистикалық ерекшелігі әр түрлі.
Негізі қазақ әшекейлерін функциясы, әлеуметтік мессежі, жас категориясы, техникалары бойынша сан түрге бөліп қарастыруға болады. Оның барлығын тереңдеп атап көрсетпесек те, аталған үш аймаққа тән әшекейлердің негізгі ерекшеліктерін әр аймақтан бір бұйымды мысалға келтіре отырып көрсетсе болады.
Батыс Қазақстан
Батыс Қазақстан, Маңғыстау жерінде зергерлік өнер өте жоғары деңгейде дамыған. Бұл аймақтарда сонау сақ-сармат дәуірінен бері сақталып жеткен зергерлік өнердің белгілі бір сабақтастығын аңғаруға болады. Ал орта ғасырлардан бастап көрші Иран, Хорезмнің және түрікмен халқының мәдениетінің ықпалы әсер еткен. Әсіресе түрікмен және қарақалпақ бұйымдары мен батыстағы қазақтардың әшекейлерінде ұқсастық көп. Мәселен, жасалу техникасы: бедерлеу, тас орнату, шекіме, алтындау техникалары арқылы көрініс табады. Дегенмен әрқайсының өз ерекшелігі де қалыптасқан.
Батыс Қазақстан әшекей бұйымдарының басты ерекшелігі — негізгі сұлбасы көзге бірден көрінетін ірі геометриялық фигуралардан тұрады. Басқа, кеудеге, қолға тағатын бұйымдардың барлығында ірі масштабты формалар кезігеді. Геометриялық формаларды көп зерттеуші космогониялық символдармен байланыстырады. Бозжыра шатқалы сынды тылсым табиғаты бар Маңғыстау жерін еске алсақ, бұл тұжырымға келіспеу қиын.
Фото: Otau топтамасы, KazakhYuvelir
Өңірге тән ірі формалардың сақталуын шағын ғана сақина жүзіктерден де байқай аламыз. Қыз бала тұрмыс құрғанда ата-анасы болашақ енесіне сыйлайтын екі саусаққа бірдей тағылатын құдағи жүзік жайлы естісеңіз, бұл да негізінде сақталған материалдар бойынша батыс қазақтарына тән екенін аңғаруға болады.
Фото: KazakhYuvelir сырғалары
Батыс Қазақстан зергерлік өнерінің көркемдік деңгейі айрықша көрінетін әшекей — өңіржиек. Қазір көбіне тұрмыс құрған әйелдер тағып жүрген кеуде әшекейі — өңіржиек тарихи тұрғыда негізі тек Батыс Қазақстан аймағына тән бұйым. Бұл бағалы әшекейді ауқатты адамдар арнайы жасататын болған.
Фото: өңіржиек, Батыс Қазақстан. Кунсткамера музейі, Ресей
Өңіржиек бірнеше төртбұрыш, бесбұрышты өзара шынжырмен жалғанған ірі боп келген бөліктерден тұрады, ол бөліктерін өңіржиектің тақтасы деп атайды. Өңіржиектердің салпыншағы да күмістен әсемделіп жасалады. Салмағы екі келіге дейін жететін болған, дегенмен ол біз ойлағандай соншалық ауыр болмайды, әдетте іші қуыс етіп жасалады, кейбір бөлігінің іші арнайы ашылатын болған.
Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан
Қазір батыс қазақстан зергерлік мектебінің бұйымдары ерекше сұранысқа ие екенін байқаймыз. Олардың көркемдік жасалу шеберлігі жоғары болғанымен, еліміздің басқа да өңірлеріндегі зергерлік бұйымдар да көпшіліктің назарына енуге, зерделенуге әбден лайық деп есептеймін.
Қазақстанның шығысы мен солтүстігіндегі әшекейлердің сипаты мүлдем бөлек. Бұл аймақтардардағы зергерлік бұйымдар өзінің жеңіл әрі нәзік формалары арқылы, сондай-ақ түрлі-түсті тастардың қолданылуы арқылы ерекшеленеді. Бұл жергілікті ландшафттың құнарлы, шөбі шүйгін әрі таулы да мекендері болғанымен тығыз байланысты.
Фото: Zere топтамасы, KazakhYuvelir
Негізгі таралған бұйымдарға тасты алқалар, тұмаршалар, жұмыр білезіктер, тана, ақық түймелер, ай сырғалар жатады. Ресей империясының кезінде көп тиынды да зергерлік бұйымдарға пайдаланатын болған, ондай тиындар «сөлкебай» деп аталады (целковый сөзінен шыққан). Қолданылатын техника мен материалдар ортақ болса да, бұл аймақтарда, мысалы, батыс қазақтарына тән ірі өңіржиек қолданыла бермейді.
Фото: алқа, ҚР МОМ қорынан
Аталған аймақтарға тән ерекше қазақ әйелдер бұйымының бірі — үкіаяқ. Бұл әшекей батыс қазақстан аумағында кездеспейді, оңтүстік аймақтарда да тарала қоймаған. Үкіаяқ — бас киімнің екі шетіне, сондай-ақ кеудеге, киімге тағылатын, үкі тырнағынан жасалатын бұйым.
Фото: үкіаяқ әшекейі, Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорынан
Үкіні киелі құс санағандықтан қос тырнағын күміспен қаптап, үстіне үшбұрышты тұмарша жалғап немесе ақық таспен ғана көркемдейтін болған. Астына бұрама маржан моншақтар, тиындар, тіпті сүйектен жасалған салпыншақтар жалғанатын болған.
Үкіаяқта Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлерінде таралған жіңішке әрі ирек формалар, түрлі-түсті тастар мен бұрама моншақтардың жалғануы, ескі тиындардың салпыншақ ретінде қолданылуы сияқты көптеген стилистикалық ерекшелік ұштасқан. Бас киімнің шетіне де, кеудеге де тағыла беретін, сан түрлі көркемделу жолына үңіле отырып, үкіаяқ әшекейінің ерекше орны бар бұйым екенін айта аламыз.
Фото: Zere топтамасы мен Qarlyğaş топтамасы, KazakhYuvelir
Оңтүстік Қазақстан, Сырдария және Жетісу
Бұл аймақтардың зергерлік бұйымдары көшпелі және отырықшы мәдениеті тоғысқан айрықша көркемдік синтезге ие. Ислам мәдениетінің ықпалы, көршілес өзбек халқының зергерлік бұйымдарының біршама элементі оңтүстік қазақтарының зергерлік бұйымдарында көрініс тапқан. Бұл аймақтарда да зергерлік өнер жоғары деңгейде дамып, сан түрлі жасалу технологиялары таралған, бірақ соның ішінде ерекше атап өтетін көркемдік техникаларының бірі — эмаль жүргізу.
Фото: Tañsärı топтамасы, KazakhYuvelir
Қазақ халқында металл бетіндегі эмаль тыныке, тыныкелеу немесе лажылау деген атаумен белгілі. Үгітілген шыныны еріту арқылы тыныке жасайды да, оны күміс әшекейдің арнайы бөлінген тұстарына құйып, суытып алады.
Әшекейлер көбіне көгілдір түсті эмальмен әсемделген, ол сондай-ақ бетіне алтын жалатылған бұйымдармен керемет үйлесетін.
Фото: Yurt топтамасы, KazakhYuvelir
Көк, жасылды тінікеленген бұйымдарға шекелік, бойтұмар сынды әшекейлерді жатқыза аламыз. Оның ішінде көзге түсері — бойтұмар.
Фото: бойтұмар, Оңтүстік Қазақстан. ҚР Ұлттық музейі қорынан
Тұмар немесе бойтұмар — кез келген жастағы әйел кеудесіне таққан ерекше қасиетті бұйым. Бойтұмардың кәдімгі тұмардан айырмасы сол — оның негізі түтікті формадан тұрады және ірілеу етіп жасалады. Ол әдетте екі ортасынан бұралып ашылып, ішіне құран сүрелері мен түрлі шипалы өсімдіктер салынатын болған. Мұндай түтікті бойтұмарлар күрделі композиция арқылы да жасалады, мәселен, бірнеше құрамдас бөліктен тұрады. Үшбұрышты, түтікті формалар араласқан бойтұмарлар оңтүстік қазақтарының арасында кең таралған.
Фото: Kiswah топтамасы, KazakhYuvelir
Қазақ халқының әйел әшекей бұйымдарының тарихы ұшан-теңіз. Оның бәрі алда толық әрі терең зерттелуге тиіс. Әшекейлердің өңірлік таралу ерекшеліктерін де тек үш үлкен аймаққа бөлу асылында қиын, оның ішінде әр өңірде де өзіндік басым техникалар мен әшекей түрлері таралған болатын.
Дегенмен өңіржиек, үкіаяқ, бойтұмар атты үш әшекей ерекшелігін көрсете отырып, Қазақстанның негізгі үш ареалында кең таралған көркемдік дәстүр мен стильдердің бағыттарына шолу жасадым. Әшекей бұйымдардың белгілі бір семантикасы мен сұлулығына қызығушылықтан бөлек оның негізгі жасалу жолы мен көркемдік ерекшеліктеріне терең мән берсек, біз бұйымдарды ғана емес, тарихымызды да тани түсеміз.
Бүгінде осы көркемдік дәстүрлерді заманауи зергерлік өнерімен үйлестіріп, жаңа деңгейге көтеріп жүрген компаниялардың бірі — KazakhYuvelir. Олардың жинақтарында ұлттық нақышты жаңаша түрде интерпретациялау арқылы келесі буынға арналған өзіндік стиль қалыптасып келеді.
KazakhYuvelir — 1941 жылдан бері жұмыс істейтін терең тарихы бар бренд. Оның түп-тамырында қазақ халқының бай мұрасы жатыр.
Брендтің әшекейлері — көркемдік пен мәдени жәдігер ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан нағыз шеберліктің үлгісі. KazakhYuvelir қазақ өнерінің мәңгілік құндылықтарын жаңаша зерделеп, заманауи нақышта қайта тірілтіп, ұлт мұрасын қастерлеуге шабыт береді.