Adidas-қа ұнаған идея
Айдана Меди Торонто фильм мектебінде режиссер мамандығын аяқтаған соң Ақтауға оралып, былтыр «ay qyz» шығармашылық жобасының негізін қалаған. Ол Қазақстан мен халықаралық аудиторияға Ақтаудың жергілікті мәдениетін көрсетсем деген.
Бірақ бұл салада бюджет аз екенін көріп, жоспары өзгере бастайды. Ол шетелге барып, сондағы компаниялардың біріне жұмысқа тұрмақ болады. Тек алдымен Adidas брендіне Ақтауда spec commercial, яғни тегін әрі бейресми арт-видео түсіріп беріп кетемін дейді.
— Adidas-ты таңдауыма балалық шағымдағы естеліктер себеп болды. Аға-апаларымыз осы брендтің күртешесін киіп жүретін. Өзім шабыт іздеп Ақтаудың көшелері мен базарларын аралаймын, халықтың көбі Adidas киетінін байқадым. Содан өз қаржымызға видео түсіреміз деп шештік, — дейді Айдана. — Өзім Қызылтөбе ауылында туғанмын. Локация іздеп жүріп, жанындағы Дәулет ауылынан аялдамасы бар «Динара» деген ескі дүкен көзге түсті. Алғашында Ақтаудағы Adidas дүкеніне барып, киім бере тұруды сұраған едік, бірақ олардан жауап болмады. Кейін «барымен базар» деп, қолымыздағы киімдермен түсірілімді бастап кеттік.

Фото: ayqyzart | Instagram
Шығармашылық топ дайын роликті брендтің Ақтаудағы дүкеніне көрсетеді. Видео Алматыдағы бренд-менеджерге дейін жетіп, ол Айданамен байланысқа шыққан. Осылайша «ay qyz» Adidas-тың өзінен үш жарнамалық ролик түсіруге тапсырыс алған. «Ұсынысты естігінде қатты қуандым» дейді режиссер.
Бренд өкілдері команданың авторлық стиліне толық еркіндік берген. Жобаға Ақтау мен Атыраудан жиналған 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қатысқан.
— Біз сапаға басымдық бердік. «ay qyz» жобасы танылып, өскенін қаладық, — дейді Айдананың сіңлісі, «ay qyz» продюсері Диана. — Бөлінген бюджет аса көп те емес, тым аз да емес еді. Түсірілімге ассистент болып көмектескен команда мүшелеріне еңбегі үшін Adidas-тың киімдерін сыйладық.
Қозғалыстағы мәдениет
Уақыт тығыз болғандықтан, Айдана екі күн ішінде сценарийді жазып бітірген. Одан кейін командасын жинап, бір аптадай уақыт дайындыққа кеткен. Сол уақытта актерлер мен модельдерді таңдап, стиль, шаш үлгілері мен костюмдерді реттеген. Үш күнге созылған түсірілім Ақтаудағы 22-шағын аудан мен Қызылтөбе ауылында өткен.
Айдана жұмыстарында аудиоға ерекше басымдық береді. Ол роликке арнап заманауи ырғақтағы қазақи инструментал саундтрек жазылғанын қалаған. Солай музыкантпен бірге студияда отырып, әр дыбысты талқылап, таңдаған. Бүкіл процесті екі жарым аптаның ішінде толық аяқтаған.
Бұл түсірілім брендтің жаңа «Adidas Control 5» аяқ киімдер сериясына арналған. Жарнаманың негізгі идеясы — күнделікті өмірді көрсету болатын. «Қозғалыстағы мәдениет» фразасы — режиссер Айдананың идеясы.
— Кроссовка дегенде қозғалыс еске түседі. Күнделікті өмір мен осы ұғымды біріктіріп, мәдениетімізді көрсеткіміз келді. Жобаның атауы осыдан шықты, — дейді Айдана.
Жоба аясында жарық көрген бірінші роликте ақ кимешек киген әже мен бойжеткен қыздардың жүн сабап, киіз басқан процесі көрсетілген. Ал екінші видеода аулада балалар асық атып, ағалар шахмат ойнап отырады, жасы үлкен аға балаларға ләңгі тебуді көрсетіп жатады. Айдананың айтуынша, бұл жобаның астарында ұмытылып бара жатқан ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту идеясы жатыр.
— Бұрын әжелеріміз кілем тоқып, киіз басатын. Осы жобаға киіз іздегенде еш жерден таппадық. Сол кезде осы мәдениетіміздің өліп бара жатқанын түсіндім. Сол үшін видеоға әженің қыздарына киіз басуды үйретіп жатқан сәтін қостық. Ал ләңгі — әкемнің жақсы көретін ойыны. Қазір бұл ойынды көбі біле бермейді, — дейді Айдана.
Спорттық аяқ киімді жарнамалау тұрғысынан алғанда, ләңгі тебу сахнасы өте ұтқыр шешім болған.
— Амангелді ағамыз — ләңгі тебуден Қазақстан чемпионы. Ләңгіні мың ретке дейін тебе алады екен. Түсірілімде өте күрделі тәсілдерді көрсетті, — дейді Айдана. — Шетелде оқып жүргенде достарым Қазақстанның бай мәдениетіне қатты таң қалатын, тарихымызға қызыға бастаған. Бізде оны көбіне киіз үймен және жайлаумен байланыстырады. Сол үшін қазіргі қазақ мәдениетін көрсеткім келіп, street style бағытын таңдадым.
Жобаға режиссер Айдананың туған әжесі түскен. Оның қазақы нақыш пен көше стиліндегі әдемі үйлескен образы көрерменге де ұнады.
— Брендтің кампанияларына зерттеу жасап, Adidas-тың қара костюмін киген актер Сэмюэл Л. Жексонның суретіне көзім түсіп, оны бірден өзіміздің атаға ұқсаттым. Солай атаның образына ақ көйлек, галстук, қара костюм мен тақия таңдадым. Әр кейіпкерге қазақы нақыштағы аксессуарлар қостық. Бастапқы мудборд пен түсірілім алаңындағы импровизациядан осындай образдар шықты, — дейді стилист Айна Сапарова.
Айданамен төрт-бес жылдан бері бірге келе жатқан продакшн-дизайнер әрі хэйр-стилист Қыдыр Елеусін бұл жобаны жылдар бойы істелген еңбектің жемісі деп санайды.
— Брендтің ұсынысын естігенде, басында сенбей, әзілдеп жатыр ма деп ойладым. Жалпы жұмыстың оңайы жоқ, командалық жүйе бұрыннан болғандықтан, түсірілім алаңында аса үлкен мәселелер болған жоқ. Шаршадық деген сәттерде Айдана мотивациямызды өшірген жоқ, әрі қарай рух берді. Бір минуттық видеоның артында қаншама ұйқысыз түн мен еңбек жатыр, — дейді Қыдыр.
Қазақтың колориті
Бұл роликтер шыққаннан кейін Қыдырға Алматыдағы арт-директорлар мен продюсерлер хабарласып, бірге жұмыс істеуге шақырған. Жастардың көбі индустрияның дамыған ортасы осы деп, Алматы мен Астанаға ұмтылады. Бірақ Қыдыр креативті өзіміз тұратын өңірде жүріп-ақ дамытуға болады дейді.
Әлеуметтік желіде кей қолданушы бұл кейс елде қазақша ойлайтын маркетологтар мен креаторларға сұраныс артып келе жатқанын көрсетеді деп пікір жазды.
— Кәсіби ортада қазақ тілі әлі де өз орнын толық ала алмай келеді. Айдана екеуіміз де қазақы ортада өстік, кейін Канадада ағылшынша білім алдық. Елге оралып, бір жыл бойы осы нарыққа кіруге тырыстық. Әрине, кәсіби кеңістікте орыс тілінің орнын білеміз. Бірақ маркетинг, бизнес, технология немесе креатив индустриясы болсын, қазақ тілін өзіміз қолданып, өсірмесек, ол өздігінен дамымайды. Қолданысын күшейткен сайын сұраныс та арта береді. Сондықтан ана тілімізді кәсіби деңгейде дамытуды ұлттық борышымыз деп білеміз, — дейді Диана Меди.
Сын да жоқ емес. Кейбір көрермен «қазақ тұрмысы ескі заманда қалып қойғандай көрсетілген, әдейі жұпы жерлерді таңдапсыңдар» деген пікір жазды. Команда мұндай сынға дайын болған.
— Торонтода оқып жүргенде биік ғимараттарды, сұрғылт түстерді және күнде бір жерге асығып бара жатқан адамдарды көрдім. Елге оралғанда туған жерімнің колоритін сағынғанымды түсіндім. Базарлар, шағын аудандардағы аулада дойбы ойнап отырған ағалар мен көрпе жайып алып әңгімелесетін әжелер — бұл қазақтың шынайы өмірі, — дейді Айдана. — Ескі ғимараттарға келсек, Ақтауда ондай үй көп. Онда жылулық бар, бақытты отбасылар тұрып жатыр. Ол — тарихымыз, оны өшіре алмаймыз. Біз ұлттық колорит пен ерекше стилистиканы көрсеттік. Өз мәдениетіміз бен күнделікті өмірімізден ұялмау керек.
Команда қазір шығармашылық еркіндік беретін брендтермен жұмыс істеуге және инвесторлармен серіктестік орнатуға әзір. Режиссер Айдана алда фильм түсірсем деп отыр. Видеолар кеңінен тарап, мыңдаған адамның қолдауын көрген бойжеткен мұндай нәтижеге дән риза.
— Бұл маған шетелге кетпей, осы жақта қал, өз мәдениетіңді көрсет, таныт деген белгі болды, — дейді Айдана.