Қай кездің әдебиеті де бір тегіс емес, ала-құла. Қаламгерлерінің таланты, шығармаларының көркемдік деңгейі бір деңгейде тұрған әдебиет әлемде ешбір елде, ешбір заманда кездескен емес.
Әбіш Кекілбаев
Қазақстанның халық жазушысы
Анықтап алайық
Заманауи қазақ прозасының қазіргі күйі туралы айтқанда, әуелі нақты қай дәуірге үңілетінімізді және қай қаламгерлер толқынын есепке алмайтынымызды шешіп алайық. Кейбір әдебиет сыншысы шығармашылық жолын кеңес кезінде бастаған, ол ыдыраған соң да сол советтік жазушы үлгісінен шықпаған толқынды да заманауи қазақ прозасының өкілдеріне жатқызады.
Мәселен, жазушы әрі журналист Сәкен Сыбанбай кейінгі 30 жылда өнімді еңбек еткен қазақ прозашыларын бірнеше буынға бөліп қарастырады.
Алғашқы буын — кеңестік кезеңде-ақ классик дәрежесіне көтерілген, 1960–70 жылдары қазақ әдебиетінің «алтын дәуірін» жасаған атақты қаламгерлер. Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Қажығали Мұханбетқалиев, Бексұлтан Нұржекеев, Дүкенбай Досжанов, Кәдірбек Сегізбаев сияқты қаламгерлер совет дәуірі аяқталған соң да қолынан қаламын тастамай, жаңа туындыларын жарыққа шығарды. Совет тараған соң бұл классиктердің шығармашылық тынысы кеңейе түсіп, көп жаңа туындысы жарық көрді.
Екінші буын — әдебиетке 1970–80 жылдары келген, кең танылуы 80-жылдардың еншісіне тиген жазушылар толқыны. Бұған Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Несіпбек Дәутайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Серік Асылбекұлы, Дидахмет Әшімханұлы, Нұрдәулет Ақыш, Әлібек Асқаров, Тұрысбек Сәукетай сынды қаламгерлер жатады. Бұл буын да тәуелсіздік кезеңінде қарқынды еңбек етіп, қазақ прозасының тақырыптық аясын кеңейте түсті.
Үшінші буын — шығармашылық жолы 1980 жылдардың соңында басталып, алғашқы елеулі табыстары 1990 жылдары көрінген жазушылар. Рахымжан Отарбаев, Жанат Ахмади, Жүсіпбек Қорғасбек, Талаптан Ахметжан, Тұрсынжан Шапай, Роза Мұқанова, Гүлзат Шойбекова, Таласбек Әсемқұлов, Талғат Кеңесбаев, Құлтөлеу Мұқаш, Әбділдәбек Салықбай тәрізді қаламгерлер тәуелсіздік жылдары талантын толық дәлелдеп, көбі белсенді шығармашылықпен айналысып келеді.
Осы үш буын өкілдері егемендік жылдарында қалам тербеп, стильдік және жанрлық тұрғыда бір-біріне әсер ете отырып, жаңа дәуір прозасының қалыптасуына ықпал еткен. Аға толқын қаламгерлер әдеби дәстүр сабақтастығын қамтамасыз етсе, кейінгі буын жаңа ізденістерге батыл барып, қазақ әдебиетін тың бағыттармен байытты.
Филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жембек алғашқы буынның тәуелсіздік жылдары қазақ прозасына әкелген жаңалығы постмодернистік сипаттағы шығармалар болды деп есептейді. Бұл Мағауиннің «Қыпшақ аруы», «Жармақ», Әбдіктің «Парасат майданы» сияқты шығармаларда тұлғаның екіұдайлығы көрінеді. Айнала, ортаға, шындыққа деген адам табиғатындағы қарама-қайшы дуалистік, амбиваленттік сипаттар тосын кейіпкерлер арқылы ашылады. Кейін осы үрдіс Тұрсынжан Шапай, Дидар Амантай, Аягүл Мантай, Мәдина Омарова сияқты жазушылардың еңбегінен көрінді.
Шығармашылық жолын совет кезінде бастап, ел егемендік алғанда да өндіріп жазған, көп деректі әшкерелеп өз еңбегін толықтырып шыққан кейінгі толқынның тәуелсіздік жылдарындағы шығармашылығын мансұқтамаймын, әрине. Бірақ өзім заманауи қазақ прозасының күйі дегенде 1) нарықтық экономика мықтап орнаған кейінгі жылдары 2) Жазушылар одағының (мемлекеттің) қаржыландыруынсыз кітап бастырып жүрген қаламгерлердің еңбегін қарастырғанды дұрыс көремін.
Мұным қаламгерлерді алалау емес, қазіргі проза ахуалынша мейлінше әділ баға беруге ұмтылыс екенін ескерте кетейін.
Совет ыдыраған соң
Тәуелсіздік алған соң қазақ әдебиеті кеңестік цензура бұғауынан құтылып, арқасын кеңге салды. Жазушылар бұрынғы кеңес идеологиясы бекітіп берген тақырыптар шеңберінен шығып, өзінше жаңа форма, ізденістерге мойын бұрды.
Прозаның жанрлық аясы кеңейіп, қалалық проза, минималистік әңгіме, фантастика сияқты ағымдар танымал болды. Бұрын қазақ прозасы көбіне ауыл өмірін, дала философиясын суреттеуге бейім болса, жаңа буын қаламгерлері қала тіршілігін, заманауи өмір үлгісін арқау етуге кірісті.
Бірақ кейінгі жылдары Қазақстандағы нарық қоғамы бекіткен талаптар әдебиеттің бағытын мүлдем өзгертіп тастады да, ол әдебиет тұтынушының сұранысына сай қалыптаса бастады. Сұраныс пен ұсыныстың арасындағы осы тепе-теңдікті заманауи жазушылар қалай ұстап отыр деген сауал — қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелердің бірі.
Қазақ әдебиетінде прозалық жанр, әсіресе роман іспетті кесек туындылар 90-жылдардан кейін айтарлықтай тоқыруға ұшырады, прозалық шығармаларға қарағанда поэзиялық туындылардың қатары артты.
Ал поэзияның дамуы дәстүр мен жаңашылдық арасындағы тартысқа ұласып, концептуал процеске айналды. Сыншылар тарапынан проза мен аудармаға қатысты қасаң пікір айтылғанымен, кейінгі жылдары нарық сұранысына бейімделген жаңа қазақ авторлары пайда бола бастады.
Ол қатарда жазушы, драматург Әлішер Рахаттың «Махаббатым констант» романын, Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романын, Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн» кітабын, Бақытгүл Сәрмекованың «Кейіпкер» әңгімелер жинағын мысал етуге болады.
Сценарист, продюсер, «Өмірдің аты М» кітабының авторы Перизат Мырзахмет кейінгі 5-6 жылдың ішінде жазушылар өзекті мәселелерді зерттеп, оқырманға жеткізудің жаңа жолдарын іздестіріп, бұрынғыдай тек Жазушылар одағына яки үкіметтің жазылған кітаптарды кітапханаға таратуына қарап, қол қусырып отырмайтын болды дейді. «Оған жаңа буын жазушылар әсер еткен».
«Оқырманға ілесе алмай жатырмыз»
Қазір баспа үйлерінің көбі совет кезіндегі жазушылардың (біз заманауи проза өкілдері деп қарастырмайтын қаламгерлердің) шығармаларын қайта басып жатыр. Бұл оқырман арасындағы сұранысты көрсетеді.
«Абай» мен «Фолиант» баспа үйлері мемлекеттік тапсырыс арқылы қазақстандық прозадағы жас жазушыларға қолдау білдіріп келеді. Бірақ Перизат Мырзахмет заманауи қазақ жазушылары оқырман талабына сай әлемдік деңгейдегі шығарма жазып үлгермей жатыр деп есептейді.
«Оқырман қазір өзгерді. Ол ізденеді. Әлі сәби сияқты ізденеді, бірақ ізденіс бар. Оған экономикалық әл-ауқатымыздың сәл де болса түзелгені, адамдардың алғашқы мұқтаждық қажеттіліктерін жапқаны әсер етіп жатқан шығар. Екінші кезекте әлеуметтік желінің ықпалы бар, трендке айналып, оқырман болуға талпыныс артып жатыр. Сондықтан оқырман қатты өзгерді, өкінішке қарай, оқырманның талабына сай әлемдік деңгейдегі шығарма жазуға үлгермей жатырмыз» дейді.
Ал журналист әрі әдебиет сыншысы Нұрбек Түсіпхан жазу сапасы мен мазмұны жағынан келгенде заманауи прозадан гөрі кеңес заманында жазылған шығармалар әлдеқайда терең деген пікірді айтады.
«Пропагандасын алып тастап қарасақ, сол заманның өзінде қазақ әдебиетінде ауыз толтырып айтардай повесть-романдар өте көп жазылған. Бұған әдебиетті пропаганданың жалауы, ақын-жазушыларды жалаугері еткен сол жүйе себеп еді. Ақшасын аямады. Әлеуметтік тұрғыда әртүрлі жәрдемі көп атақты да молынан таратты.
Кеңес одағы ыдыраған әдебиеттегі бұл жүйенің күл-талқаны шықты. Нарыққа тез бейімделе алмаған ақын-жазушыларға, әрине, бұл ауыр соққы еді. Алайда бұл кезең де артта қалып барады. Қазақ ақын-жазушылары жаңа ережелерге үйрене бастады» дейді әдебиет сыншысы.
Қазақ әдебиетінде көркем шығарма жазу процесінің аяқ алысы да жаман емес. Олардың өзіне тән жаңа формасы мен жаңа әдеби тілі қалыптасып келе жатыр. Әлем әдебиетіндегі заманауи жазушылар қысқа, десе де тілі ұғынықты, формасы айрықша шығармалар жазуға баяғыда-ақ мойын бұрған. Оған оңтүстіккореялық жазушы, 2024 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері Хан Ганды, француз жазушысы, 2022 жылғы Нобель иегері Анни Эрноны мысал етуге болады.
Сондай-ақ көлемді жазса да, деректі стильді пайдаланып, құлаш-құлаш сипаттаулардан гөрі кейіпкер болмысын артық сөзсіз нақты ашуда шеберлік танытқан және қазіргі әлемдік философиядағы маңызды бетбұрыс — постколониал дискурсты туындыларына арқау еткен, 2021 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері Әбдулразақ Гурнаны атап өтпеске болмас.
Нұрбек Түсіпхан әдебиетте бұрынғыдай құнарлы тіл қазір өтпейтінін алға тартады. Оның сөзінше, еркіне салсаң, шұрайлы сөз-сөйлем құрауға қабілетті қазақ жазушылары жетерлік, алайда қазір кітаптың оқылуына оның тілі де тікелей әсер етіп отыр.
«Мәселен, кейінгі бірнеше жылда жарық көрген Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз», Ұларбек Нұрғалымның «Дайағашшы», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл» кітаптарының тілі қазіргі оқырманның санасына бейімделген.
Қазіргі оқырман ауыр тілді сіңіре алмайды. Қазіргі оқырманға шығарманың идеясы, мазмұны маңызды екенін көріп жүрміз. Осы мазмұнды оқырманның санасына салмақ салмайтын жеңіл тілмен, көркем түрде жазып бере алған жазушы өтімді бола бермек».
Цензура
45 жастағы жазушы Ырысбек Дәбей — заманауи қазақ әдебиетіндегі танымал жазушылардың бірі. Қазірге дейін оның «Шық тұнған жолдар» (2014), «Әкелеріміз айтатын әңгіме» (2015), «Тұманды қараша» (2025), «Қоңыз» (2019), «Жылқы атылған жаз» (2018) кітаптары жарық көрген. Жазушы шығармаларында адам тағдыры арқылы қазіргі қоғамның саяси-әлеуметтік мәселелерін әшкерелейді.
Жазушы қазір жас жазушыларға кітаптарын басып шығару, жарнамалау аса қиын шаруа емес деп біледі. «Бастысы қаржың яки демеушің болса болды». Ырысбек Дәбейдің айтуынша, заманауи қазақ авторлары кезігетін ең үлкен мәселе — цензура. «Өзім де қумын, Қазан төңкерісінен әріге бармаймын» деп Кеңес кезіндегі бір қаламгер ағамыз айтпақшы, «қу» болсаң, жоғарыға сүйкімдісің. Ат та, атақ та сенікі» дейді ол.
2019 жылы жазушы, ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан 2011 жылғы Жаңаөзен қырғыны туралы «Қоңыз» романын жарыққа шығарды. Романды кітап ретінде шығару оңайға соқпаған. Бірнеше баспа оны басып-жариялаудан тартынған.
«Ар жағы жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұратын, жерінің асты-үсті толған байлық, бірақ халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы соған сай емес сұрғылт картина жасамасқа еш лажың жоқ. Әрине, әдебиетті ардың ісі деп білсең сондай. Ал енді «көрмес, түйені көрмес» дегендей соның бәріне көз жұма қарап, басқа дүние жасап шықсаң, пропаганда емей не?» дейді жазушы.
«Жазушы саяси процеске араласайын деп шығарма жазбайды. Бірақ біздің ел сияқты авторитарлық елдерде кез келген маңызды тақырып саяси дүниеге айналып кетеді. Мәселен, Шаңырақ-Бақай оқиғасы, Қызылағаш трагедиясы, Жаңаөзен мен Қаңтар қырғындары, елдегі діни ахуал туралы жазып көріңізші, қалай саясатқа айналмасын?»
Жаңа сауал
Қазір қазақ әдебиетін шетел нарығына шығару мәселесі күн тәртібіне тұр десек артық айтпаймыз. Бұған дейін шығармалары әлем тілдеріне аударылып жүрген ақын-жазушылар баршылық.
Мәселен, жазушы Бақытгүл Сәрмекованың «Ақындары құрысын» («To hell with poets») деген кітабы 2024 жылы Лондондағы Tilted Axis Press баспасынан басылып шықты. Қазір жазушылардың шет тілін жетік меңгергені, әлемдік философиялық дискурстардан хабардар болғаны, әлемдік әдебиет теориясындағы жаңашылдықтарды жете ұғынғаны маңызды екені даусыз.
Шетел нарығына шығу жаһандық батыс легитимациясына мойын бұрудан гөрі практикалық себептерге негізделгені абзал, жазушы аудиториясының ауқымын кеңейту, әлемдік баспалармен әріптестік орнату қаламгерге қаржылық тәуелсіздікке шығуға жол ашады.
Алайда нарық қоғамы мемлекеттік пропагандадан азат еткенімен, капиталистік жүйедегі нарық заңдарының жаңа ережелеріне бағынуға мәжбүрлейді.
Нарық — өзгермелі дүние әрі ол әдебиеттің сұранысына қарай емес, өз қалауынша өзгеріп отырады. Жыл сайын жаңа мейнстрим бағыттар пайда болып, сәйкесінше оқырман сұранысы да соған бейімделуі мүмкін. Осы тұрғыда өнер жалғыз демократия алаңы екенін ескерсек, оның өз болмысында еркін болғаны — осы замандағы әдебиеттің тағы бір өзекті сауалы.