Мем-оппозицияның өскені мен өшкені

Мем-оппозицияның өскені мен өшкені

Қазақстандағы кейінгі бес жылда саяси протестің жаңа тіліне айналған сатира парақшаларына қарап-ақ, елдегі сөз еркіндігінің ахуалын аңғаруға болады. Билікті түрлі меммен мұқатып, әзіл-қалжыңмен саяси позициясын танытқан авторлық арналардың бірнешеуі билік қысымынан соң жұмысын тоқтатып жатыр.

’98mag журналының авторы Шакира Ахмет мем пабликтердің кезінде қалай пайда болғанын, қазір неге жабылып жатқанын шолып шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев Михаил Горбачёв пен Борис Ельцинге Желтоқсан оқиғасы туралы айтып отыр. Назарбаев оларға: «[86-жылғы көтерілісте] демонстранттар колоннасын… өзім бастап жүрдім!» дейді. Назарбаевтың бұл сөзді айтқаны рас, бірақ мұндай әңгімені өз именетін совет билігіне айтуы мүмкін емес еді. 

Бұл карикатура 1992 жылы тәуелсіз «С-Демократ» газетінде жарияланып, тәуелсіз Қазақстандағы саяси карикатураның алғашқы үлгілерінің бірі болды. Газет Назарбаевтың «Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды өзім бастап жүрдім» деген пафосқа толы әрі жалған сөзін осылай әжуалаған. 

Қазақстанда саяси сатира қашанда болған. Әуелі патшалық Ресейдің, кейін совет билігінің тұсында қазақ жыраулары, ақындары мен зиялылары отарлаушыларды, енжар болыс-билер мен шолақ белсенділерді келеке ететін. Сондықтан әзіл-қалжың арқылы саяси пікір білдіру үрдісі және (қай билік болсын) оның үнін өшіруге тырысқаны — қазақ қоғамына таңсық құбылыс емес. 

Полиция «кірерден» бұрын

Интернет дәуірі саяси сатираға жаңа дем берді. Журналист Әсем Жәпішеваның сөзінше, әсіресе Twitter мен Facebook Қазақстанда таныла бастаған тұста, 2010 жылдары газет суретшілері саяси карикатурасы мен шарждарын желіге жариялап, парақшасын елдегі цензураны айналып өтудің бір жолы ретінде қолдана бастаған. 

2019 жылы наурызда елді отыз жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты тағайындады. Кезектен тыс президент сайлауына дейінгі, одан кейінгі кезеңде халықтың саяси белсенділігі күшті болды. Астана атауы Тоқаевтың ұсынысымен авторитар экс-президенттің құрметіне ауысқанда, күйінбеген адам қалған жоқ. 

2020 жылдары жастардың елдегі ахуалға наразылығы мен креативі тоғысып, қоғамдағы көңіл-күй әлеуметтік желідегі мемдерден көрініс таба бастады» дейді Жәпішева. 

— Билікке сарказммен, юмормен сын айтатын парақша көбейгенін көрдік. Күлкілі мем жасап, саяси пікіріңді білдіру сол кезде — наразылықтың ең қауіпсіз түрі болды, — дейді журналист. — Бірақ ол кезде Instagram-ды шенділер мен полиция аңдып отырмайтын. Өз арамызда ғана әзілдесіп отырғандай болатынбыз. Бірақ кейін билік саяси мем жасайтын пабликтер әншейін ойын-сауық парақшалары емес, олардың беделін түсіретін активизм екенін түсінді. Сөйтіп желіге полиция «кіріп», авторларды қорқыта бастады. 

qonandoyle, shalmustbgone, Qaznews24 және qoyanqazaqstan сияқты саяси мем-пабликтер азаматтардың ашық айтуға қорқатын ойын жеткізіп, қарсылық білдірудің балама алаңын қалыптастырды. 

Мұндай мем парақшалар елдегі ахуалға көшеге шығып наразылық білдірмесе де, іштей қарсылығы күшті азаматтар әлдеқайда көп екенін көрсетті. Алайда кейінгі жылдары бұл алаңдар бірінен соң бірі жұмысын тоқтатып жатыр.

 

Qaznews24

Фейк жаңалықтар арқылы билікті өткір сынайтын Qaznews24 паблигін 2021 жылы сәуірде азаматтық белсенді, туризм саласының маманы Темірлан Еңсебек құрған. Парақша фейк жаңалықтар арқылы елдегі саяси режимді мысқылдап, билік культін, жемқорлық пен дискриминацияны әжуалайды. Qaznews24 паблигінің форматы мен тілі ақпараттық сайттардікіне ұқсас болғандықтан, оның жазғандарын кейде қарапайым оқырман да, шенеуніктер де шын деп қалатын.

Паблик Назарбаевты да, Тоқаевты да өткір сынады. Биыл 29 шілдеде журналистер саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың жағдайы нашарлағанын жазған. Сол тұста Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесіп жатқан. Qaznews24 сонда «Тоқаев Ердоғанға саяси тұтқындарға қысым жасау лайфхактарын айтты» деген жаңалық жариялады. 

Ал 31 мамыр күні жарияланған жаңалықта «Тоқаев қазір түрмеде отырған Марат Жыланбаев, Әйгерім Тілеужан мен Думан Мұхаммедкәрімді саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнімен құттықтады» деп жазды. Ал Жаңа жыл мерекесі кезінде «Президенттің құттықтауын тыңдап отырған қазақстандықтар 120-дан астам теледидарды шақты» деп мысқылдады. 

Жүз мыңға жуық жазылушысы бар парақшадағы өткір сатира билікке ұнаған жоқ. Паблик танымал бола бастағаннан-ақ авторға қысым күшейді. Құрылғанын үш апта өтпей жатып, құзырлы органдары Темірланның үйін тінтіп, «қасақана жалған ақпарат таратты» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Кейін істің қылмыстық құрамы жоқ деп танылып, іс тоқтады.

Бірақ билік қудалауы тағы қайталанды. Биыл қаңтарда парақша бір жазбасында «Йоу, орыстар!» әнін қолданғаны үшін Темірланға «ұлттық араздық тудыру» бабымен айып тағылып, ақырында сот оның бес жылға бостандығын шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырды. 

Темірлан бұл істен соң парақша жұмысынан кететінін айтып, QazNews24 командасы жұмысты өз бетінше жалғастыра бастады. Бағыты мен өткірлігі мұқалған жоқ.

Бірақ 13 тамызда QazNews24 әкімшілігі «құқық қорғау органдары тарапынан редакция мүшелерінің туыстарына көрсетілген қысым мен жаңа тергеу тексерістерінің көбеюіне байланысты агенттігімізді жабу туралы шешім қабылдадық» деп жазба жариялады. 

Біздің бар мақсатымыз — саяси сатираның Қазақстанда өмір сүруге құқығы бар екенін көрсету еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, ол «Жаңа Қазақстанда» мүмкін емес екен. QazNews24 — Қазақстандағы сөз бостандығының соңғы тіректерінің бірі болды, өкінішке қарай, біз жұмысымызды тоқтатамыз». 

 

 

qonandoyle мен shalmustbgone

qonandoyle парақшасы да 2019 жылғы президент сайлауы кезінде наразылық бұрқ ете қалған тұста құрылып, жұмысын «интернет болмаса, сені интернетте ешкім сынамайды» деп, Тоқаевты келе қылған меммен бастаған.

Жоба екі саяси басшыға қатысты жаңалықтарды, аңдамай сөйлеген шенеуніктерді, референдум мен сайлау науқандарындағы заң бұзу жайттарын мазақ қылатын. 

2021 жылы жетекші автор серіктестермен көзқарасы келіспей, qonandoyle жобасынан шығып кетті. Содан соң парақша контенті өзгере бастады. Алғаш ашылғанда Тоқаев билігін батыл сынайтын мемдер шығарған бұл парақшаның енді қазіргі билікке тісі батпайды. 

Әуелде парақшаны құрып, кейін жобадан шығып кеткен құпия автор shalmustbgone паблигін ашты. Парақша атауы «Шал, кет!» ұранынан шыққан. 

shalmustbgone билікті десакрализациялауды мақсат етті. Назарбаевтың өзі мен дәулетті үш қызын күлкіге қосты, Тоқаевтың сайлаудағы жеңісін әжуалады. 

Бірақ былтыр желтоқсанда бұл паблик те жұмысын тоқтатты. Әлеуметтік желілерінен барлық мем өшірілген. Автор мұның себебін жария түсіндірмеді, ‘98mag журналына да пікір білдіргісі келген жоқ.

Qoyanqazaqstan

Мультидисциплинарлы суретші Айғаным Мұхаммеджан 2019 жылы qoyanqazaqstan паблигін құрды. Жұрт оны халықтың емшісі, Қазақстанның ең мықты бақсысы, патриархатқа дисс түсірген күлгін лимузиндегі әйел деп таниды. «Көп түкірсе көл, патриархат өл» ұранының авторы да — осы Айғаным. 

Пабликте алғашында құйрық майдың құдіреті, әжеміздің сіріңкемен от жағып аластауы, адыраспан, құрт, бестің шәйі сынды қазақы лайфстайл стилінде мемдер істеді. Бірақ кейін саяси жүйеге протест мемдер жиі жариялай бастады. 

«Тезірек диетаға отыру керек еді. НАН жеп жүр едік, енді ТОҚАШ жеп жүрміз. Мұндай өмір салтынан әбден шаршадық. Еркін өмір, қайдасың? Бірдеңе деші!» деген пост арқылы авторитар жүйенің ауысқанымен, мәнінің өзгермегенін әжуалайды.

Назарбаевтың әмірі тоқтағаннан кейін, елде Тоқаевқа қатысты «тигр», «бес тіл біледі», «жаңа жылда бокал көтермеді» деген ұлықтайтын риторика қалыптасқан. Автор бұған «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, «жолбарысты да жеңеміз» деген меммен жауап береді. 

2024 жылы Астанада В. Путинді «жоғары мәртебелі» деп күтіп алған кездесу есіңізде ме? Автор кездесуді «достық емес, боқтық көпірі» деп күлкіге айналдырған. Бұл — Qoyanqazaqstan-ның саясат жайлы кейінгі жазбасы. Қазір бұл парақша да саясат бойынша әуелгідей жиі мем шығармайды, парақшаның белсенділігі де бұрынғыдай емес.  

Суретші мұның себебін сұраған журналға пікір білдіргісі келген жоқ.

— Билікті сынайтын мем жасау — арт-активизмнің бір түрі еді. Бұл пабликтердің жабылғанына, белсенділігі азайғанына қауіпсіздік құрылымдарының қысымы тікелей әсер етті. Кейбір парақшаны билік өзіне алып, пропагандасын жүргізіп отыр, — дейді Әсем Жәпішева. 

Медиасарапшы, журналист Жұлдыз Әбділдә «саяси бағыттағы мем-пабликтер басқаша ойлайтындар бар екенін көруге, оған сырттай баға беруге мүмкіндік береді» дейді. 

— Бұл — іштегі шерді шығарудың бір жолы. Ал қазір елде іштегі пар сыртқа шықпайды, — журналист. — Кейінгі жылдары болған қуғын-сүргіннен кейін оны шығарудан көбіміз қорқып қалдық. 

 

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Forbes Kazakhstan открыл приём заявок «30 до 30»
Бизнес
#люди
Forbes Kazakhstan открыл приём заявок «30 до 30»
Названы лауреаты Actor Awards
Культура
#кино
Названы лауреаты Actor Awards
Сексуализированные фейки и реальное насилие: как ИИ стал новым этапом гендерного неравенства?
Ликбез
#общество
Сексуализированные фейки и реальное насилие: как ИИ стал новым этапом гендерного неравенства?
Candid girl — «идеальная девушка»: почему архетипов становится всё больше
Культура
#интернет
Candid girl — «идеальная девушка»: почему архетипов становится всё больше
На выставке в Лондоне представили персонажа, вдохновлённого казахским фольклором
Ликбез
#общество
На выставке в Лондоне представили персонажа, вдохновлённого казахским фольклором