Корея VS SEAblings. Желідегі майданның мәні

Корея VS SEAblings. Желідегі майданның мәні

Оңтүстік Корея мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қолданушылары әлеуметтік желілердегі цифрлық майданда бірін-бірі аяп жатқан жоқ. Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары «өркөкірек корейлер өзін өзгелерден жоғары қоюға тырысады» деп сөксе, корейлер мұны «аймақта үстем тұрған ұлттың жетістігін қызғану» деп түсініп отыр. Корейтанушы, ‘98mag авторы Айғаным Төлеулиева жанжал неден басталғанын, оның астары не екенін түсіндіріп береді.

Даудың басы — DAY6-тың концерті

Бәрі биыл қаңтар аяғында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен DAY6 кореялық тобының концертінен басталды

Корей фан-сайт модераторларының бірі залға жасырын түрде кәсіби камера алып кірген екен. Мұндай құралдарды концертке алып кіруге қатаң тыйым салынады. Малайзиялық желі қолданушылары алып кірген осы адам деп, күдіктінің суреті мен видеосын жариялаған. Кореялық желі қолданушылары бұдан соң малайзиялықтарды адамның жеке өмірге қол сұқты деп айыптады. Ал малайлар, керісінше, бұл әрекет ережені бұзған адамды әшкерелеу үшін жасалды деп жауап берді.

Видео X пен Threads платформаларында тез таралып, корейлер  фан-сайттарға араша түсіп, малайзиялықтар жеке адамның суретін жариялап жібергені үшін кешірім сұрауға тиіс деген пікір қалдырып жатты.

Осылайша жағдай Оңтүстік Корея мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы жалпы айтыс-тартысқа ұласты. Кейбір оңтүстік-шығысазиялықтар интернет майданында Кореяны пластикалық сұлулық мәдениеті деп мазақ етсе, кореялықтар Оңтүстік-Шығыс Азия халықтарының тамақтану мәдениеті (қолмен тамақ жеу) мен сырт келбетіне қатысты нәсілшіл сипаттағы ауыр сөздер айтып, оларды гориллаларға теңеген.

Мұндай стереотиптер бары бұрыннан-ақ белгілі еді ғой. Сонда бұл тартыс неге шиеленісіп кетті?  

«Үстем тұрған» ұлт

Биыл ақпанның басында корей шенеунігі тікелей эфир кезінде «ауылдағы бойдақ корей жігіттеріне жас вьетнам қыздарын әкеліп қосу керек» деген мазмұнда пікір айтып, дау шыққан

Бұл мәлімдеме корейлердің Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі, әсіресе Вьетнамдағы әйелдерді тауар деп қарастырғаны және Кореяның мәдени үстемдік танытқаны деп қабылданды. Бұл жайт аймақта ұлттар иерархиясы бар деген ойды күшейтіп жіберді.

Интернетте бұл тақырып қызу талқыланып жатқан тұста, корейлер тарабынан Оңтүстік-Шығыс Азия халықтарын «алаяқтар аймағы» деп сипаттайтын пікір көп жазылды. Әсіресе Камбоджа, Лаос, Мьянма сияқты елдер жиі аталды. Халықаралық басылымдар бұл аймақтарда онлайн-алаяқтықпен айналысатын орталықтар барын, олардың құрбандары арасында шетел азаматтары да кездесетінін талай жазды. 

Бірақ ескерілмей қала беретін маңызды деталь бар. Көп жағдайда мұндай алаяқтық схемаларға жергілікті азаматтар емес, кореялықтардың өзі не ұйымдастырушы, не делдал ретінде қатысады

Мысалы, 23 қаңтарда Оңтүстік Корея билігі Камбоджадағы онлайн-алаяқтық желілеріне қатысы бар деген күдікпен 73 корей азаматын елге қайтарды. Тергеу деректеріне қарағанда, олардың кесірінен 800-ден астам корей азаматы шамамен 33 миллион доллар шығын шеккен. Алайда әлеуметтік желідегі дауларда бұл мәселе көбіне біржақты жазылып жатады.

Сөйтіп бір концерттен басталған әңгіме ақыры аймақта бұрыннан қордаланып жүрген экономикалық, мәдени, әлеуметтік реніштің бәрін қайта қопарып тастады. Жылдар бойы қалыптасқан стереотип пен ашу-ыза бір сәтте сыртқа шықты. Ал интернеттегі аноним әрі эмоцияға толы пікірлер отқа май құйғандай әсер етті.

Гегемон Корея

Оңтүстік-Шығыс Азия мен Оңтүстік Кореядан тыс отырған аудиторияға бұл жағдай түсініксіз көрінуі мүмкін. Бірақ кейінгі жиырма жылда Корея бұл аймақта жай көрші ел емес, нағыз гегемон ретінде қабылданып келеді. Әрине, әскери басып алу не территориялық үстемдік тұрғысынан емес. Әңгіме мәдениет пен экономикадағы ықпал туралы болып отыр.

Кореяның тарихына қарап, қалайша қысқа уақытта табысты мемлекетке айналуға болады деген сұраққа жауап табасыз. Соғыстан кейін күйреген елдің бірнеше онжылдықта индустриялық державаға айналғаны, технологиялық серпіліс жасап, экспортқа сүйенген экономика қалыптастырғаны — осының бәрі де үлгі ретінде көрсетіліп келеді.

Корея мұндай табысқа оңай жете салған жоқ. Елдің экономикалық серпіні де, K-pop индустриясының жарқ етіп шығуы да — ұзақмерзімді саясат нәтижесі. Бастапқы кезеңде мемлекет бұл саланы белсенді түрде қолдап, жүйелі түрде инвестиция салды. Соның арқасында «корей толқыны» — Hallyu алдымен көрші елдерге, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияға жайылды.

Әуелі музыка мен дорамалар жүректі жаулады. Экраннан көрген дүниені адамдар күнделікті өмірінен іздей бастады. Сөйтіп кореялық косметика, тағамдар, тұрмыстық техника мен киім брендтерінің аты шықты. 

Мысалы, Оңтүстік Кореяның сауда және инвестиция саласына жауапты мемлекеттік ұйымы — KOTRA 2015 жылғы есебінде Вьетнам жастары арасындағы K-pop ықпалына арнайы тоқталған

Құжатта «корей толқыны» жергілікті нарыққа тиімді екені айтылады: Кореяға деген қызығушылық артқан сайын, кореялық брендтер мен өнімдерді сату да жеңілдей түседі. Бірақ есеп авторлары оптимизммен ғана шектелмеген. Олар K-pop мәдениеті Вьетнам жасөспірімдері арасына тым терең енсе, мұның белгілі бір әлеуметтік салдары болуы мүмкін екенін де ескерткен. Яғни Hallyu тек экономикалық мүмкіндік емес, қоғам ішінде пікірталас туғызатын құбылыс ретінде қарастырылған.

Міне, осы контекст неге Оңтүстік-Шығыс Азиядағы кей қолданушылардың бір сәтте «аймақтағы мәдени гегемонға» қарсы жұмыла қалғанын анық көрсетеді. Корея мәдениеті расында көп елге жаңа мүмкіндік сыйлады, нарықты дамытты. Бірақ сонымен бірге «аймақта үстем тұрған ұлт кім, ал артынан ерген халықтар қайсы?» деген жасырын салыстыру да күшейді.

Кейбір тұрмыстық деңгейдегі пікірлерде корей ұлты Азия иерархиясының жоғарғы сатысында, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері төменгі орында деген емеурін сезіліп қалады. 

Бұл ресми саясат емес, әрине, бірақ қоғамдық дискурста ұшырасып қалатын емеурін. Сондықтан концерт төңірегіндегі жанжал тек ереже бұзу не жеке өмірге қол сұғу мәселесі болып қалған жоқ. Ол ұзақ уақыт бойы іште жиналған өкпе-реніштің сыртқа шығуына ілік қана болды. 

 

View this post on Instagram

A post shared by Merony-Sama (@merony__sama)

Аяусыз пікірлер

X, TikTok пен Threads платформаларында «Korea vs Asian», «SEAblings» сияқты іздеу сөздері күрт өсті. Әртүрлі Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің желі қолданушылары пікірталасқа қосылып, ортақ позиция ұстанғандай әсер қалдырды.

48 миллион қаралым жинаған туиттің бірінде корейлердің ағылшын тіліндегі акценті сөз болған. Ve. есімді қолданушы индонезия тілінде: «Неге корейлер ағылшын тіліндегі туитке жауап бергенде, корей тілінде жазады? Дамыған ел болса да, көбінің ағылшын деңгейі өте нашар» деп жазған. Sundae есімді қолданушы корейше «Ағылшын тілінде жақсы сөйлейтін, бірақ кедей тұратын халыққа қатты қызығып отырмын» деп кекесінмен жауап жазған. 

Тараған мемдердің бірінде малайзиялықтар мен Оңтүстік-Шығыс Азия халықтары орангутан ретінде бейнеленген. Бұл — оларды «экономикалық тұрғыда артта қалған» және аймақта «төменгі орында тұр» дегені. Ал корей қолданушылары өзін «өркениетті» әрі «озық» аймақтың өкілі деп көрсетуге бейіл. 

Ең сорақысы — Сеулдегі суицид мәселесі де сөз болды. Кейбір қолданушылар корейлерді келемеждеп, өзенге секіріп өмірін қиған адамдарды «табиғатты микропластикпен ластаушылар» деп, ауыр әрі қатыгез пікір жазған. 

Екі тарап та этиканы ұмытты. Бұл жанжал бізге адамдар арасындағы дау көбіне нақты оқиғадан емес, қордаланып қалған тарихи өкпе-реніштен, теңсіздік сезімінен және стереотиптен туатынын ғана әшкерелеп берді.

 

 

Фото: MKEMAELALFZI_ / X

Оқи отырыныз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Вышел тизер ремейка «Гордость и предубеждение» от Netflix
Культура
#кино
Вышел тизер ремейка «Гордость и предубеждение» от Netflix
Где пройдёт линия LRT в Алматы?
Город
#урбанистика
Где пройдёт линия LRT в Алматы?
«Академкнига» в Алматы закрывается
Город
#события
«Академкнига» в Алматы закрывается
«История любви» — американская трагедия самой стильной пары 90-х
Культура
#кино
«История любви» — американская трагедия самой стильной пары 90-х
Вышел тизер хоррора Backrooms от А24
Культура
#кино
Вышел тизер хоррора Backrooms от А24