Корейлер осы шежіренің арқасында өзі Кенгидо провинциясынан ба, әлде Канвондо провинциясынан ба — нақты қай өңірдің «Кимінен» тарағанын жақсы біледі. Мысалы, екі корей танысқанда «Мен Чжончжу провинциясының Ким әулетінен шықтым» деп айтады. Мұны олар джокбо деп аталатын генеалогиялық кітаптан біледі.
Джокбо қайдан шықты?
Джокбо кітаптары Корея түбегі Пэкче, Силла және Когуре атты үш патшалықтан тұрған кезеңде пайда болған. Алғашында джокбода ұлдардың да, қыздардың да есімдері жазылатын. Алайда конфуцийшілдік философиясының ықпалымен тек ер адамның есімі енгізіліп, әйелдің аты күйеуінің жанына ғана жазылатын болды.
Кітап әдетте тұңғыш ұлға немесе отбасындағы кез келген ұл балаға беріліп отырады. Джокбоның арқасында корейлер өздерінің пхальгочжодо деп аталатын сегіз атасын білген.
Әулеттердің көбіне джокбо — қатып қалған құжат емес, әр 30 жыл сайын жаңартылып отырған тізім. Бұл рәсім похап (보합) деп аталады. Жаңарту кезінде әулет бір жерге бас қосып, кітапқа жаңа туған ұлдардың атын қосады, қайтыс болғандарға арнайы белгі қойылады. Шежірені жаңартумен әулеттің арнайы «шежіре комитеті» не ақсақалдар айналысады. Қазір бұл дәстүр кейбір әулеттер ішінде ғана сақталып жүр.
Ақсүйектерден басталған
Джокбо әуелде тек ауқатты янбан ақсүйектер табына тиесілі болды, шаруалар мен құлдарға ата-тегін түгендеуге рұқсат берілмеді. 18 ғасырға дейін шежіреге негізінен ақсүйектер мен патша әулеті мүшелерінде ғана жазылып жүрді.
Кейін кедейленген ақсүйектер ақшаға қарапайым халықты өз шежіресіне қосатын болды. Олардың көпшілігі «Ким» тегін алған.
Жапон отаршылдығы кезінде әр корейдің тегі болуы міндеттелді. Бұл кезеңде шаруалар қожайындарының тегін иемденді.
Кореяда «Ким» текті адамдардың бәрі бір атадан тарамайды. Оларды айыру үшін джокбода бонгван деп аталатын аймақтық белгі көрсетіледі. Мысалы, Ким Хэ, Ким Андонг, Ким Гимхэ — бұлар тегі бір болғанымен, шежіресі бөлек кландар. Хэ, Андонг және Гимхэ деген — әулеттің шыққан жері, яғни бонгваны.
Қан тазалығы
Қазір Оңтүстік Кореяның өзінде генеалогиялық шежірені табуға болатын цифрлық дерекқорлар бар. Кейбір ірі клан өз джокбосын интернетке шығарып қойған, тіпті іздеу жүйесі арқылы өз ата-бабаңды табуға болады. Бірақ кейбір әулеттің мұрағаты өз ұрпақтарына ғана көрінеді.
Корея қоғамында көп ғасыр бойы клан тазалығын сақтау — маңызды мәдени қағида болып келді. Бұл ұстаным 20 ғасырда заң деңгейіне көтеріліп, 1957 жылы Оңтүстік Кореяның Азаматтық кодексіне арнайы ереже енгізілді. 809-бапқа сәйкес, тегі мен бонгваны (ата-бабасының шыққан жері) бір жастардың некелесуіне тыйым салынды.
Бұл шектеу конфуцийшілдік дәстүрдегі «туыстық шеңберді» қорғау қағидасына негізделді. Оның мақсаты бір әулеттен шыққан жастардың некесіне жол бермеу болды.
Алайда уақыт өте бұл ереже көп сынға қалды. Әсіресе, бонгваны бір болғанымен, бірнеше ғасыр бұрын бөлініп кеткен әулеттерден шыққан, яғни биологиялық тұрғыда жақын туыс саналмайтын жұптар мұндай тыйымға наразы болды.
1990 жылдары 809-бапқа қарсылық күшейді. 1995 жылы бірнеше жұп Конституциялық сотқа шағым түсіріп, некеге тұру еркіндігі мен жеке бақытқа ұмтылу құқығының бұзылғанын дәлелдеп шықты. 1997 жылы Конституциялық сот 809-бапты Конституцияға сай емес деп танып, оның қолданылуын тоқтатты.
Алайда ереже бірден жойылған жоқ. 2002 жылы парламент заңға түзету енгізіп, жаңа редакция күшіне енді. 2005 жылдың 31 наурызынан бастап күшіне енген бұл өзгеріс бойынша, тегі мен тарихи провинциясы бір, бірақ аталары алыс (8 ата) туыстарға үйленуге рұқсат беріледі.
Осылайша екі жастың арғы атасын іздеп, неке сәйкестігін тексеретін шежіре кітабының маңызы азая берді. Джокбо бүгінде тарих пен мәдениеттің бір бөлігі ретінде ғана сақталған. Сегіз атасын тізіп айтып шығатын корей жастары қазір көп емес.
Оның үстіне кітап ханчжа деп аталатын көне қытай иероглифтерімен жүргізілетін. Қазір бұл жазуды көп ешкім оқи алмайды. Сондықтан ата-тегін іздеген корейлер аудармашыларға, тарихшыларға мен әулет жөніндегі деректі жинайтын ұйымдарға жүгінуге мәжбүр.
Орталық Азиядағы корейлер
Орталық Азиядағы корейлердің көбі — Ресейдің Қиыр Шығысындағы корейлердің ұрпақтары. Олар Кореядан 19 ғасырдың 60-жылдары Чосон билігі тұсындағы ашаршылық пен жоқшылық заманда қашып келген. Бұл босқындардың көбінде шежіре кітабы болмаған.
1937 жылы корейлерді Орталық Азияға депортациялаған кезде де біраз әулеттің шежіре кітабы жоғалып кеткен. Дәл осындай жағдай америкалық корейлердің де басынан өтті: көші-қон мен ассимиляция кезінде көп дерек ұмыт болып, ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалды.
Соған қарамастан, Орталық Азиядағы корейлер де өзінің шежіресін ұмытпауға тырысады. Мәселен, Орталық Азия елдерінде тұратын корейден «Сенің пойың қандай?» деп сұрасаңыз, ол өзінің қай әулеттен шыққанын айта алады.
Орталық Азиядағы корейлер арасында корей тіліндегі бонгван (понгван) орыс тілінің әсерімен «пой» деп айтылып кеткен. Бұл сөз клан, әулет, шыққан жеріміз деген мағынаны білдіреді.
Мысалы, Вонгай, Кимгай, Шекгай (Шегай), Паккай тектерін талдайық. Мұндағы «-гай» жұрнағы Ресейге қоныс аударудың алғашқы кезеңінде пайда болған: орыс шенеуніктері фамилия сұрағанда, корейлер оған қытай иероглифтеріндегі «-га» қосымшасын тіркеген. Бұл «отбасы», «үй» дегенді білдіреді. Корейлер арасында жаңа тектер осылай қалыптасты.
Қазақтан айырмашылығы
Қазақтың жеті ата дәстүрі мен корейлердің джокбо жүйесі — екеуі де ата-текті білуге, туыстық байланысты сақтауға және неке рұқсатын реттеуге бағытталған дәстүр. Екі халық та ата-бабасын білу арқылы ұрпақ бірлігі мен тектің тазалығын сақтауды көздейді.
Бірақ бір айырмашылығы — қазақтарда жеті ата дәстүрі барлық әлеуметтік топты қамтиды. Ал Кореяда шежіре әуелі ақсүйектер арасында жүргізіліп, қарапайым халық ата-бабасын кейін ғана құжаттай бастады.
Қазақтар арасында жеті ата көшпелі өмір салтына қарамастан үзілмей сақталса, корейлер шежіресі соғыс, көші-қон, отарлау мен ассимиляция кезінде үзіліп қалып жатты.
Бірақ екі халықта да шежіре ұлттық әрі мәдени бірегейліктің, берік туыстық байланыстың символы саналады.