Жансаяның «Алыстағы Жақыным» дейтін жеке концерті YouTube-те биыл маусымда жарияланды. Қазірге дейін бір сағаттық концерт 400 мыңнан аса қаралым жинап, оған екі мыңға жуық пікір жазған. Жансая екі жыл дайындалған алғашқы концертін өзін көркем әдебиет пен шығармашылыққа баулып өсірген марқұм әкесіне арнайды. «Осы қызым бір күні атымды шығарады деп әкем жиі айтушы еді» дейді Жансая концертінде.
Әйел кім?
Концерттің де, Жансаяның жалпы шығармашылығының да өзегі — әйел. Бұдан автордың негізгі тақырыптары шығады: әйелдің серігімен, қоғаммен, баласымен қарым-қатынасы. Концерт әйел мен еркектің жасына анықтама беруден басталады.
«Менің жасым 29-да. Бұл дегенің 30 деген сөз. Соған көңілім түсіп отыр. Жігіттерде мұндайда мотивация болатын сөздер бар: «отызда орда бұзар», «қырықта қамал алар», «елуде ел ағасы» дейді. Ал әйелдерде ондай жоқ. Оның үстіне 30-ға келіп тұрмыс құрмаса «отырып қалыпсың» дейді. Қыздар, біз де 30 жаста күшті мотивация болар сөз ойлап табайықшы. «Отызда орда құрар» дейік, мысалы» деп Жансая көрерменге өз буыны мен болмысын таныстырады.
Әзілкеш концертінде бала кезінен ана болған шағына дейінгі өміріне рефлексия жасайды. Әке-шешесінің ерекше махаббатын сипаттайды. Қыз баласының отбасындағы рөлін, үй шаруасы мен тұрмыста қалай қолғабыс болатынын айтып, «қыз — қонақ» деген түсінікті сынайды.
Нифига себе. Мені сонша пайдаланып алып, қонақсың дей ме? Қайда сонда қонаққа көрсеткен құрметтері? Барлығы демеймін, бірақ осында отырған біраз қыз үйінде қонақ болған жоқ. Кір жудық па — жудық. Клининг болдық па — болдық. Шеф-повардың сушефі болдық па — болдық. Сен барда шеф-повардың өзі тамақ істемейтін. Тамағың ұнамаса, кәстрөлді басыңа кигізетін. Тіпті көршілердің өзі саған зат сияқты қарайды: «кешке үйге Жансаяны жіберші, қонақтар келеді» дейді. Осының бәрін көрген саған 21 жасыңда «сен бұл үйде жай қонақсың» дейді нервіңе тиіп».
Бұл блокта Жансая қыздарға кішкентайынан артылатын жауапкершілік туралы айтады. Мектептегі «Қыз сыны» дейтін байқаудан басталатын сын бойжеткен кезде де, келін болғанда да тоқтамайтынына тоқтап, бірнешеуін тізбектейді. «Аяғыңды көтерме, шашыңды жайма, тізеңді құшақтама, аһілеме, уһілеме, жағыңды таянба, көзіңді алартпа, сөз қайтарма. Қайда дайындап жатырсыздар бізді?»
Жансая сөзін «қыз баласына қамқорлық, махаббат, мән бере алсақ оның келін ретінде болсын, қыз ретінде болсын кез келген жерде орны болады» деп аяқтайды.
Әзілкеш концерт материалдарын декретте отырып жазған. Сондықтан хикаялардың бір бөлігі де үйде бала қарап отырған әйел туралы. Бұл жерде де Жансая анықтама беруден бастайды.
Декретте әбіржіп үйде отырғанда басқалардың өмірін аңду үшін Instagram-ға кіресің. Сол кезде жығылған үстіне жұдырық болып инфо-бизнесмендер атып шығады. «Декретте бос отырсың ба? Өз табысың болғанын қалайсың ба?» дейді. Қайсың декретте бос отырған, а? Бос отырмақ түгілі жеке өмірге уақытың жоқ. Бір баланы аман-есен тәрбиелеп, қоғамына қосқаныңның өзі еще как табыс» дейді Жансая.
Ол «декертте бос отыру» деген тақырыпты концерттен бұрынғы бір нөмірлерінде былай көтерген:
Қараңыздар, Дико жұмыстан үйге келеді. Рахаттанып тамағын ішеді. Дайын, таза үйде ұйықтап демалады. Ертесіне үтіктелген көйлегін киіп, тамағын ішіп жұмысқа кетеді. Оның өзі 9-дан 6-ға дейін. Сөйткен ол «жұмысбасты еркек» деп аталады екен. Ал мен 24/7 бала қарап, үйді таза ұстап, үш мезгіл тамағын дайындап, кейін Гала мен Аңсаған келеді (күйеуінің достары), соларға тамақ істеп, кір жуамын. Бірақ мен үйде бос отырған әйел екенмін. Негізі керісінше болуы керек: еркек — үйде бос отыратын адам».
«Дико»
Жансая Мұратбекқызын қазақша әзілдейдін өзге еркек комиктерден ерекшелейтін бір тақырып — қарым-қатынастағы еркек образы. Көп стэндап-кештерде әдетте әртістер әйелдерді келеке қылады. Жігіттер жүретін қыздарының не жұбайларының тұрмыстағы қылықтарын мазақ қылғанды жақсы көреді. Ал Жансаяның күйеуі Дидар туралы әңгімесі бұл тақырыпқа баланс болатындай:
«Дикода қонақ келуіне жарты сағат қалғанда «еркек» деген функция қосылады. Оның қонақта отырғанда айтатын әңгімесін көрсеңіздер. Бәрін білгіш болып отырады: сорпаға құрт қосып ішіңдер, дәмді болады. Тарихты да қозғайды: Қасым ханның тұсында ғой бір миллион болғанымыз. Ақшаны негізі биткойнмен ұстау керек қой дейді. Оған қарап тұрып: «Дико, сен мұның бәрін қайдан білесің? Сен тіпті үйдегі уайфайдың поролін білмейсің ғой. Кинзаға жұмсаса, укроп алып келетін адамсың ғой» деймін» дейді Жансая концертке дейінгі бір нөмірінде.
Ал жеке концертінде әзілкеш жолдасының мысалында қоғамдағы «ұл бола — мұрагер» түсінігін сынайды.
«Өткенде үйге бойдақ досымыз келіп мынадай әңгіме шығарды: Негізі, Жансая, Дикоға мұрагер керек, ұл туып бер, — дейді. Қалай ол? Оған мұрагер керек дейтіндей ол ақиық ақын ба? Халық қаһарманы ма еді? Әлде мұрагерлікке тастап кететін мен білмейтін байлығы бар ма?» деп Жансая алдымен «мұрагер» сөзіне анықтама іздейді. Кейін мұндай түсініктің өзіне сын айтады.
«Осы әңгімеден кейін Дико төртіншісін жоспарлай беру керек, оның үстіне ұл болса деген әңгіме бастады. Ал жарайды дедім. Екіншісіне аяғым ауыр делік, ол дегеніміз: біз жуырда төртеу боламыз. Сәйкесінше бұдан да көп жұмыс істеп, үйге көбірек ақша әкелуің керек десем, «Құдайдың бергенін табамыз да» дейді. Мен де «Құдайдың бергенін туамыз да, в чем проблема?» дейді әзілкеш.
Жалпы Дидар жекелей де, жігіттер қауымының өкілі ретінде де Жансаяның әңгімелерінде өте көп күлкіге қалады. «Қыздар, мойындайықшы, жігіттеріміз қанша жерден өзінше, салмақты болып көрінгенімен, артымыздан қалай чмо болып жүгіргенін біз ғана білеміз ғой, иә? Дико, жалғыз емессің» дейді Жансая концертінде.
Дегенмен бұл тақырыптың өзін Жансая еркек әріптестерінен өзгеше толықтырады. Ол жеке концертінде күйеуі Дидарды қанша күлкі етсе, сонша рет алғысын айтып, мақтайды: «Күйеуім үйде жақсы көмектеседі. Дико деген сондай күшті жігіт. Ыдысты да жуады, тамақты да жасайды, ақшаны да артық жібереді. Бір минусы — бала таба алмайды да».
Негізі сахнадан тыс Дидар Советбеков әйелі Жансаяның продюсері, түрлі жобалардың менеджері. Мектеп кезден таныс екеуі шығармашылықты бірге бастаған, КВН ойнап, вайндар түсірген. Жансая стэндапқа келер кезде де бірінші кезекте жолдасы қолдау білдіргенін айтады. Ал кейінгі сұхбаттарында Жансая күйеуі туралы әзілдерді Дидардың өзі жазатынын айтқан.
2021 жылы қазанда стэндап сахнасына Дидардың өзі де шыққан. Ол кезде Жансай перзентханада болып өнер көрсете алмаған соң, Дидар өзі туралы «өзі жазған» әзілдерді оқып берді. «Жансая менің кесірімнен келе алмады» деп бастайды ол сөзін.
Сырласу
Жансаяның аудиториясы негізінен өзімен қатар не үлкен қыз-келіншектер, жас аналар деуге болады. Концерт видеосының астындағы пікірлерге, әзілкештің өзі жариялап айтқан көрермен реакциясына қарағанда, Жансаяның тәжірибесі, қабілеті мен іштегі назды жеткізуге деген құштарлығы оның шығармашылығын кішігірім терапияға айналдырғандай.
«Біз концерт сеанстарын 15.00 және 19.00 деп қойғанбыз. Сөйтсем 15.00 де кілең декретте отырған аналар келген ғой, жандарыым. «Баланы тастап келіп отырсыңдар ма?» десем, «Иә» дейді. Ең көп қолдау солардан болды» дейді Жансая журналист Айкерім Есенәліге берген сұхбатында.
Қыз-келіншектер Жансаяның тұрмыстағы күлкілі сәттерінен өзін танып, әзілкештің жауаптары мен реакциясын өз парақшаларына жиі бөліседі екен. «Кейбіреулер жазып жатады ал сториске кетті, тірі болсам ертең жазамын деп».
Жансая әсіресе күйеуі туралы тақырып қозғағанда аудиториясының жаны кіреді дейді. «Әй, біздікі де сондай, біздікі де бір трикомен жүре береді» деп айтып келіп жатады».
Әзілкеш DOPE SOZ подкасында стендапта әлі де қыздардың үні керегін айтады: «Жігіттер шығып алып «қыздар неге сондайсыңдар?», «қыздар неге мұндайсыңдар?» деп айта береді. Әй, жігітке де біреу айтуы керек шығар, жігіттер туралы. Мысалы, мен қазір отбасы туралы айтамын. Бұрын жігітпен жүргенде деп айта алмаймын. Қазір сондай қарым-қатынаста жүрген қыздар болса, талай ашылмаған тақырып жатыр» дейді Жансая.
Сахна Жансаяның өзі үшін де ішіндегі мұңын шығарып, жан жарасын емдейтін жерге айналған. DOPE SOZ подкасында ол бала көтеру мәселесін қалай стэндап монологқа айналдырғанын айтып берді: «Қазіргі қызымызды бір жарым жылдай күткенбіз. Оған дейін стэндапқа шығып жүргенімде адамдар жекеме «секеңдей бермей, бала тапсаңшы» деп жазып жүрді. Сол кезде жатып алып жылай беретінмін. Сөйтіп қайғырып жүргенде «мұның жауабын беруім керек» деген ой келді. Бұрын осындай жеке мәселемді жария айтуға қорқатын едім, бірақ осы жолы жаңағы адамдарға ерегестім. Мына монологты сахнаға алып шығамын дедім» дейді Жансая.
Сол монологты ол «Маған осындай пікір жазатындар бар. Ал мен бала тууды ұмытып кеткен екенмін, айтпақшы» деп бастайды. Осы әзілінен екі ай өткенде Жансая бала көтереді. Одан бөлек өзіндей жағдайды басынан өткеріп жүрген көп қыз-келіншектің «сіз айтқан соң жеңілдедік» деген алғысын алады.
Жансаяның баяндау стилін де атап өтпеске болмайды. Оның материалдары түгелдей тұрмыстағы қарапайым сәттерден құралғанымен, автордың байқампаздығы, көркем әдебиеттерден жиған тіл байлығы, айналасындағы бар затқа түсіністікпен қарауы оның сөздерін әрі майда, әрі салмақты етеді. Жансаяны бұрын соңды танымаған адамның өзі оның концертінің 15-минутында әзілқой жеңешесінің шай үстіндегі күнделікті әңгімесін тыңдап отырғандай күйге еніп кетуі мүмкін.
Мұны Жансая жолдасы Дидармен және досы Ғалымжан Жанықұловпен бірге бастаған SYR дейтін YouTube-шоудан да байқауға болады. Шоуда үш әзілкеш әр түрлі қонақты шақырып отбасы моделі, құндылықтар туралы сөйлеседі.
Жансаяның сынға құралған монологтарында да түбінде ешкім жаманатты болмайды. Ол сипаттайтын әлемде барлық теңсіздік пен әділетсіздік жай ғана түсініспеушіліктен, білместіктен болып жатқандай. Өзінің де шығармашылықтағы негізгі миссиясы осыдан шығатын сияқты: «Әйелдер туралы көбірек айту».
Жансая SHE атты екінші үлкен концертімен Қазақстан қалаларын араламақ. Концерттер 10 қазаннан басталады. Әзілкеш кейінгі сұхбаттарында отбасы тақырыбын ары қарай жалғастыратынын айтқан.