Sex and the City шоуы неге әлі танымал?

Атақты шоу ақыры Netflix-ке шықты. Кезінде оңдаған марапатқа ие болып, былтыр да Variety ең керемет сериалдар қатарына қосқан әйгілі Sex and the City неге әлі күнге дейін танымал? Бұл сұрақтың жауабын 1990-2000 жылдардан іздеп көрдік.

Секс тақырыбы

Сериалда көтерілетін негізгі мәселенің бірі — секс. Әр эпизодта бас кейіпкер Кәрри секс жайлы талқы бастайды. Қанша адаммен төсектес болған «дұрыс»? БДСМ деген не? Секс ойыншық қолданғанның айыбы бар ма? Бұл шоуда кез келген мәселе ашық талқыланады. 

Секс-позитив тұрғысынан қарасақ, шоудың феминистік сипаты да бар. Ол секс тақырыбын көрермен тарту үшін ғана көтермейді. Сериал әйелдер мен олардың жыныстық қатынасына назар аударады. Тақырыпты терең ашу үшін секс жөнінде әртүрлі көзқарас ұсынылған. Шоудағы дискурстың дамығаны сонша — қазірдің өзінде секс туралы туындыларда осы сериалдағыдай ашық талқы жоқ. 

Кәрри бірсыдырғы, романтикалық қарым-қатынасқа көбірек қызығады. Кейде көңіл көтеру үшін жігіттермен уақытша сөйлесуге де қарсы емес. Миранда — талапшыл да талғампаз әйел. Шарлотта дәстүрлі көзқарасқа бейіл, жігітпен тұрмыс құру үшін ғана көңіл жарастырады. Ал Саманта — Шарлоттаға кереғар кейіпкер: оған ұзақ әрі салмақты қарым-қатынастың қажеті жоқ, кездейсоқ ер адаммен көңіл көтерсе болды. 

Шоуды секс тақырыбын көтеретін басқа сериалдардан, мәселен Euphoria немесе The Sex Lives of College Girls-тен ерекшелеп, прогрессив етіп тұратын бір тұсы бар. Ондағы бас кейіпкерлер — орта жастағы әйелдер. Бұл — қазірдің өзінде сирек кездесетін жағдай. Осы ерекшелігі арқылы шоу көрерменді секс туралы қызық та қызу талқының куәсі болуға тартады.

Тағы бір қызық тұсы — 25 минутқа созылатын әр эпизодтың соңында көтерілген тақырып бойынша көрерменге өз ойын қорытындылауға мүмкіндік беріледі. 

Шоу көрерменге жігер де береді. Үлкен арманға жету жолында адам келеңсіз қарым-қатынасты өткеруі мүмкін, жүрегі жараланады не сүйгенімен ажырасады. Бірақ әйел соған қарамастан мақсатына жететінін көрсетеді. 

Атмосфера

Нью-Йорк — шоудың бесінші бас кейіпкері. Сериалға тартып тұратын бір себеп те осы — Нью-Йорк атмосферасы. Lady Gaga айтқандай, «автобус, бар, клуб, келесі клуб, келесі клуб, келесі клуб». Сәнді ивентке толы қаладағы тоқтамайтын түнгі өмірді бақылаған көрермен актерлермен бірге көңіл көтергендей күй кешеді. 

Шоуды танымал еткен тағы бір ерекшелік — сәнді киім. Әрине, қазіргі өлшемге салсақ, сын көтермейтін образдар да бар. Мысалы, Кәрридің үлкен гүл түйрегіштері көзге оғаш көрінеді. Бірақ шоудың сән әлеміне әсерін жоққа шығара алмаймыз. Шоу аяқталған бірнеше жылдан кейін де, мәселен 2000 жылдары журналдарда сән үлгісі ретінде пайдаланылған кейіпкердің суреттері әлі есімде. Шоудың кіріспе бөлімі балет белдемшесі стиліндегі юбкаларды трендке айналдырды. Christian Dior-дің газетке ұқсап тігілген көйлектерін киетіндер әлі де көп. Сериал бойы Кәрри аузынан тастамаған Manolo Blahnik биік өкшелі туфлилері брендтің танымал болуына ықпал етті. Мұның бәрі Y2K атмосферасына сай болғандықтан, оны заманауи көрермен жақсы қабылдады.

 

Проблематик риторика

Кейіпкерлердің қазіргі өлшеммен проблематик саналатын әр сөзі үшін kaspi-іме мың теңге түсіп отырса, сериал біткенше Нью-Йоркке барып-қайтатын ақша жиналып қалар еді. Бірақ бұл тұсы шоуды құнсыздандырмайды, тек сериалдың қашан түсірілгенін әшкерелейтін сияқты. 

Өзекті тақырыптарды талқылау кезінде қолданылатын сөздер мен айғақтар өзгергенімен, нәсілшілдік пен гомофобия сияқты мәселелер әлі де бар. Шоу шыққалы гомофобия сипаты түбегейлі өзгергендіктен ондағы гейлер жайлы таптаурындар көзге оғаш көрінеді. Гей жігіттерді әйелдердің «сүйікті аксессуар-құрбысы» ретінде бейнелеуді заманауи көрермен құптамас еді. Қара нәсілді кейіпкер де жоқ. Ақ нәсілді әйелдің қара нәсілді сүйіктісі сияқты қазіргі шоуларда жиі ұшырасатын құбылысты бұл сериалда көрмейсіз.

Бірақ шоудың трансфоб сәттері заманауи көзқарас әсерінен аса таңдандырмайды. Самантаның секс қызмет көрсететін транс-әйелдермен жанжалы оңынан аяқталып, эпизод транс-әйелдерді де тұлға ретінде көрсетеді. Шоу шыққалы тіл де, риторика да құбылып, әсіресе Батыста трансфоб «гендерлік сын» толқыны қаншама адамның көзқарасын өзгертіп тұрған тұста бұл мәселе әлі де өзекті екенін түсінесіз. 

«Биг» мәселе 

Шоудың ең үлкен мәселесі — соңы болды. Осы қателікті How I Met Your Mother, Game of Thrones тәрізді сериалдар да жіберген еді.

Sex and the City финалында бас кейіпкер Кәрри арманына жетіп, махаббат қаласы Парижді көрсететін ханзадасын табады. Алайда уақыт өте армандаған өмірі жалған екеніне көз жеткізеді. Парижде жүргенде өз ортасынан оқшауланып қалады, ал көптен күткен ханзадасы шын мәнінде өзіне немқұрайды қарайтынын, әйелдің шынайы болмысын қабылдамайтынын түсінеді. Кәрри бірден ес жиып, Нью-Йоркке оралмақ болады. Шоу осы жерден аяқталса тамаша болар еді, әрине. 

Бірақ, әттең, бірінші эпизодтан бері Кәрри ессіз ғашық болған Биг «бейшара қызды құтқаруға» күш салып, шоу сол хикаяға қарай ойысып кетеді. Бигтің сөздеріне күмәнмен қарап келген құрбылары соңғы эпизодта оған тіпті көмектесе бастайды. Сериал әйел бақытты өмірге бастайтын ханзадасын қалай күткенін емес, оның таңдауы қате екенін көрсеткісі келгендей. Сөйтіп Кәрри Бигпен ұзақ (фильм шыққанша деп оқыңыз) та бақытты ғұмыр кешеді.

Шоудың бастапқы жетекшісі Даррен Стар сериал сюжеті осы бағытқа бұрылғанына наразылығын білдірген. Шоудың бар мәні тұрмысқа шығу әйел бақытының кепілі емес екенін көрсету еді. Ал соңғы эпизод бұл ойды бұрмалап тастады.

Aged like… ірімшік

Бұл шоуда қарым-қатынас бойынша біраз кеңес аласыз, секс-позитив сияқты мәселелер жөнінде біршама ақпарат жинайсыз. Алайда оны толымды білім я бұлтартпас шындық деп қабылдамаңыз. Бар назарыңыз тек шоуда болсын. Тек абай болыңыз. Тым көп ірімшік жесеңіз, ас қорыту қиындауы мүмкін. Бұл сериалды қалыптасқан, жан-жақты біліммен көрген дұрыс болмақ. Шоудың әсершіл көрерменге ауыр тиер тұстары барын да ескертеміз.

 

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Oлимпийский гид: главные герои и самыe громкие интриги Пaрижа-2024
Культура
Oлимпийский гид: главные герои и самыe громкие интриги Пaрижа-2024
Жарқ еткен GloRilla жұртты несімен баурап алды?
Культура
#музыка
Жарқ еткен GloRilla жұртты несімен баурап алды?
Идём на бесплатные кинопоказы от Alternativa Film Project в Алматы
Город
#события
Идём на бесплатные кинопоказы от Alternativa Film Project в Алматы
«КЛИНОК, РАССЕКАЮЩИЙ ДЕМОНОВ»: спорный чертвёртый сезон с хорошим финалом
Культура
#кино
«КЛИНОК, РАССЕКАЮЩИЙ ДЕМОНОВ»: спорный чертвёртый сезон с хорошим финалом
«Головоломка 2» стала самым кассовым анимационным фильмом в истории
Культура
#кино
«Головоломка 2» стала самым кассовым анимационным фильмом в истории