«Орда» тобының «Ғашықсың ба?», «Қилы заман», Ninety One тобының «Айыптама», «Қайтадан», «OTTEGI», Дастан Оразбековтің «Күрсінбе», «Көк аспан» әндерін бірнеше буын сүйіп тыңдап келеді. Бірақ көп адам бұл әндердің жазылуына Сержан Бақытжанның үлес қосқанын біле бермейді. Қазақ эстрадасының басқа да танымал әртістерімен жұмыс істеген композитор биыл шілдеде 42 жасында мезгілсіз өмірден өтті. Қысқа ғұмырында талай өнерпазды танытқан, тыңдарманның жүрегінен орын алған әндер жазып, қазақ музыка индустриясына жаңа дем берді.
25 қарашада Алматыда Сержан Бақытжанның әндеріне арналған концерт өтпек. Осыған орай ’98mag авторы Ақдидар Әбдімәулен композитормен бірге жұмыс істеген әртістермен сөйлесіп, оның шығармашылық жолы, қазақ музыкасына қосқан үлесі мен артында қалған мұрасы туралы әңгімелесті.
Ескірмейтін әндер
Сержан Бақытжан өз заманында дүркіреген «Орда» тобымен ұзақ жыл бірге жұмыс істеген. 2000 жылы құрылған «Орда» елде R&B, поп, хип-хоп және рок жанрларын дамытып, қазақ музыкасын жаңа арнаға бұрды. Олар сол кездегі эстрадалық және той әндерінен өзгеше заманауи тректер шығарып, сахнада би қойып, ерекше образдарымен ел аузынан түспеді. Топтың әндері жастар жатқа айтатын, ал жігіттердің өнер жолы артынан ерген буынға үлгі болды.
«Орданың» ел есінде қалған «Ғашықсың ба?», «Қилы заман», «Жауап бер», «Тағдыр», «Алып кет» және басқа да әндері Сержан Бақытжан мен топтың солисі Ерболат Беделханның тандемінен туған. Бұл әндерді жұрт әлі де сүйіп тыңдайды.
Сержан Бақытжанның әндерінде сағыныш пен жалғыздық сияқты жаралы жүректің мұңы да, қоғам туралы ой да бар. Ол — ойы терең автор. Әр адамға таныс сезімдерді қарапайым әрі шынайы жеткізе білді. Сөздерінің ұйқасы анық, метафоралары әдемі, мағынасы терең болғандықтан, әндері тез жатталып, ескірмей, есте қалған болар.
Адамнан мейірім кеткен, оралмай жаралы көктен,
Өмірге қилы заман үстемдік еткен.
Байлықпен намыс алмасып, билікке бірдей таласып,
Арсыздық өмірменен кетті жалғасып».
«Қилы заман» әнінен үзінді.
Продюсер Алуа Қонарова Сержан Бақытжанмен 2008 жылы Rin’Go мен «Орда» топтарының гастролі кезінде танысқан. Оның айтуынша, сол кезде Rin’Go-ға шұғыл мәтін керек болып, Сержан 15 минутта тамаша мәтін жазып берген.
Қонарованың сөзінше, Сержан ән жазғанда алдымен тақырып тауып, содан кейін әуенін шығарып, мәтінін жазатын. «Менің ойымша, нағыз музыка осылай туады. Ондай әндер бір күндік емес, өміршең келеді. Оны басқа композиторлардан ерекшелеп тұратын қыры — шынайылығы еді».
Қонарованың айтуынша, Сержан қазақ, қытай және ағылшын тілдерінде 200-ден астам ән жазған. Продюсер оның сазгер әрі мәтін авторы болғанын ерекше атап өтті, мұндай дарын екінің бірінде жоқ. «Ол ақкөңіл, сезімтал жігіт еді. Мұның бәрі әндерінен сезілетін» дейді Қонарова.
Q-pop дәуірі
2015 жылы қазақ сахнасына Q-pop мәдениеті мен Ninety One тобы келді. Шашы боялған, сырға таққан жігіттерді көргенде, қоғам екіге бөлінді. Сынға қарамастан, топтың әндері чарттарда көш бастап, шетелге дейін жетті.
Ninety One Сержан Бақытжанмен дебют альбомын дайындап жатқанда танысқан. Сазгер альбомдағы тректердің басым бөлігін жазуға атсалысып, шығармашылық жағынан үлкен көмек көрсеткен. Топпен шамамен он жыл жұмыс істеп, «Айыптама», «Қайтадан», «Ұмытпа», «Қайырлы түн», «M.B.B.A.B.B.D.», «OTTEGI», «DUNIE» сияқты әндерді жазған.
Мен үшін «Айыптама» — өз алдына бөлек әлем. Бұл тректі алғаш естігенім әлі есімде, сондай ерекше әсер қалдырған. Жанкүйерлер оны Q-pop-тың әнұраны деп атап кетті.
Ninety One-ның әндері бірден өзгешеленіп тұратын. Жігіттердің айтуынша, бұл — тұтас команданың еңбегі, дегенмен Сержанның музыкалық көзқарасы мен шығармашылығының орны ерекше. Мысалы, «Қайтадан» әнінің лирикалық мазмұны, мағынасы терең сөзі мен заманауи дыбысы сахнаға жаңа леп әкелді. «Осындай әндер арқылы біз де шығармашылық тұрғыдан шыңдала түстік» дейді Ninety One мүшелері.
Он жыл өткенде Ninety One тобының әндерін әр жастағы адамдар ашық тыңдайтын болды, қазақ сахнасының шекарасы кеңейе түсті. Сержан жазуға қатысқан «Қайтадан», «OTTEGI» сияқты әндер топтың әр буындағы тыңдарманның жүрегіне жол табуына әсер етті.
Ninety One Сержанды тума талант деп біледі. Жігіттердің айтуынша, ол әнді басынан аяғына дейін өзі істей алатын жан-жақты музыкант болған. Әндегі гитара, пианино сияқты аспаптарды да өзі ойнайтын.
«Сержан аға заман ағымынан қалмайтын. Сол кезеңдегі заманауи музыканың бағытын жақсы сезіп, әртүрлі жанрда жұмыс істей алатын. Бір жанрмен шектеліп қалмай, үнемі жаңа дүниеге ұмтылатын» дейді Ninety One. «Бір ән жазса, оны жай ғана сол кезеңнің хиті болатындай емес, кем дегенде 20–30 жылдан кейін де тыңдалатындай етіп жазатын. Оның әндерінде уақытқа бағынбайтын бір ерекшелік бар еді. Бұл — нағыз үлкен композиторларға тән қасиет».
Бұлай құлай беру — ол шайқаспай-ақ шегіну,
Бірге бір тағдырдан таза жеңілу.
Бұлай аяқталу, өзара жарақат алу —
Ешкімді аямайтын не деген қару!»
«Оттегі» әнінен үзінді.
«Музыканы жанындай жақсы көретін»
Сержан Бақытжан Ziruza, Ice Blue сияқты Q-pop әртістеріне ән жазған, дегенмен бір жанрмен шектелмеді. Ол әр жылдары қазақ эстрадасындағы Urker тобы, Ғалымжан Молданазар, Әли Оқапов, Бейбіт Қорған, NAZZARBECK, Диас Аблаев, AYREE, Дильназ Ахмадиева, Маржан Арапбаева, Бағым Мұхитденова, Нора Нұғманова, Айқын Төлепберген, UMAY тобы, SALSERI сынды әртістермен жұмыс істеді.
«Орда» тобының солисі Дастан Оразбековтің жеке репертуарындағы «Көк аспан», «Сенің бейнең», «Екеуіміз», «Күрсінбе», «Құс жолы», «Сезім», «Ауылға барасың ба?», «Сен», «Мереке», «444», «Серуен», «Кітап» сынды әндердің сөзін де Сержан Бақытжан жазған.
Бұл әндерден Сержан Бақытжанның махаббатты зерттеген ақын екені байқалады. Ол бірде махаббатты тылсым ғаламға теңеп, «бір жанды шынайы сүюге бір өмір де аз болады» десе, енді бірде «махаббат — ертегі жазу емес, оны жеткізем қалай?» деп сұрақ қояды. Оның мәтіндері қиналған жанды «күрсінбе», «уайымдама» деп жұбатады. Өлеңдерінде үміт пен махаббаттың нышаны істетті аспан, күн мен жұлдыз жиі кездеседі.
«Біз, музыканттар, негізі емшіміз. Біз адамдарды тұңғиықтарынан алып шығамыз. Ауыр кезеңдерде біз оларға қуаныш беруге тырысуымыз керек, жоғары толқынды сыйлауымыз керек» деген еді Сержан Бақытжан.
Жылай-жылай, түнерген жанарың,
Ол сені қадірлемесе, не амалың?
Іздеп сені келеді бір бақыт,
Үмітіңді үзбе оған жетпей жатып».
«Күрсінбе» әнінен үзінді.
Сержан махаббатты ғана жырламаған. Нора Нұғманова орындайтын «Батырлар жыры» мен «Ұлы дала» әндері — ел тарихы туралы. Әншінің пікірінше, Сержан Бақытжан қазақ музыкасында үлкен із қалдырды.
«Ол керемет сазгер еді. Музыканы жанындай жақсы көретін. Біздің әртістер оның арқасында жұлдызға айналды, өйткені оның әндері хит болды. Мұндай адамдар он жылда, мың жылда бір-ақ рет туады. Арамыздан тым ерте кеткені өкінішті» дейді Нұғманова.
Сержан Бақытжан қайтыс болғаннан кейін әлеуметтік желіде көп адам жылдар бойы тыңдап жүрген әндерінің авторын енді ғана білгенін жазды. Сазгердің есімі көпшіліктің назарынан тыс қалғанымен, ол артына өшпес мұра қалдырды, әндері әлі талай жыл шырқала берері сөзсіз.