«Qaitadan». Таныс үлгідегі таңсық фильм

4 қыркүйектен бері Қазақстан кинотеатрларында драма әрі фантастика жанрындағы «Qaitadan» фильмі көрсетіліп жатыр. Режиссері — Думан Еркімбек. Картина авторлары оны апат туралы түсірілген алғашқы қазақстандық фильм деп атайды. Рауан есімді бозбала уақыт ілмегіне түсіп қалып, апат алдында тұрған ауылын құтқаруға тырысады. Рауанды қандай қиындық күтіп тұр? ‘98mag журналист әрі киносыншы Нұрдәулет Омарбектің фильм туралы талдауын жариялап отыр. 

Кіріспе

Құрметті оқырман, уақыт ілмегінде қалып кетіп, бір күніңіз шексіз қайталана берсе қайтер едіңіз? «О-о-о, бұл неткен керемет?» деп ойласаңыз, қуануға асықпаңыз. Бастапқыда өмірдің рахаты осы деп қызықтайтын боларсыз. Бірақ фантастикалық кітаптар мен осы тақырыпқа арналған фильмдерді көп оқып-көрген болсаңыз, мұның ақыры жақсы болмайтын білесіз. Өйткені бір сарынды күндерден әбден жалығасыз. Күнделікті қайталанатын күйбең тірлік, ешқандай өзгерісі жоқ ескі сүрлеу — мұнда тұрған қызық дәнеңе жоқ. Бір адамдарды, бір жолды, бір жағдаятты күнде көре берген кімге қызық болсын!? 

Жақында уақыт ілмегі мотиві қолданылған «Qaitadan» деп аталатын отандық туындыны тамашаладым. 

Бір қарағанда, «Qaitadan» жауыр болған әдіс — уақыт ілмегін қолданған қатардағы фильмдердің бірі сияқты көрінеді. Бір күнде қалып кеткен бала, жарылған дамбының астында қалған ауыл тұрғындарын құтқаруы керек. Қалыпты голливудтық шытырманның үлгісі. Иә, ең алдымен фильмнің бас кейіпкері өзі өзгеруге тиіс. Сосын алдынан шыққан мәселелерді шешіп, айналасын өзгертуі қажет. Барлық кедергіні жеңген қаһарман осылайша өз дегеніне жетеді. Осымен фильм аяқталады.

Қазақ қоғамын, мемлекет мәселесін, саяси сезімтал тақырыптардан мүлдем бейхабар болсақ, бәлкім, мақаламыз осылай қысқа қайыра салар ма едік. Бірақ бұл жұмбағы миды біраз қозғап жатып қана ашылатын терең туынды екенін ұмытпаған жөн. Мұндағы голливудтық шаблон — іргелі тақырыптарды қозғау үшін қолданылған фон. Ал күнделікті қайталана беретін күн — қазақ қоғамына жасалған терең талдау іспетті.

Әлеуметтік драма

Оқиға қазақстандағы үлкен дамбы орнатылған ауылдың бірінде өтеді. Ауылда түнде мектеп бітіруші түлектер салют атады. 

Айта кетейін, мұнда режиссер 2020 жылы індет өршіп, жұрт жақынынан айырылып жатқан тұста Астананың туған күніне орай атылған салюттарға сілтеп тұрғаны анық. Фильмде салют трагедияның жаршысы қызметін атқарып тұр. 

Артынша жер сілкініп, дамбы жарылып кетіп ауылды су басады. Халық түгел қырылып қалады. 

Бірақ сағат тілі он екіні соққанда, сол бір қасіретті күн қайтадан басталады. Ауылдағы жұрт уақыт ілмегінің тұтқынында қалғанын білмейді. Бұдан хабардар жалғыз адам бар. Ол — фильмнің бас кейіпкері, 11-сыныпты енді аяқтаған Рауан. 

Иә, фильмнің бас кейіпкері Рауан «Суыр күні» фильміндегі Фил Коннорс секілді бойындағы кемшіліктен арылу үшін ауылға бір күнге қамалып қалған. Тура мағынасында қамалған. Оны бұл «жүйеге» әкеп қамаған жандар — ата-анасы мен ет жақын туыстары. Сонымен, ауылда бір күнге шырмалып қалған Рауан енді істемек? 

Дұрыс, кез келген ойы асқақ жасөспірімдер секілді бәрін құтқаруға тырысады. Бірақ қоңыр тіршілігін кешіп жүрген жұрт оның сөзін тыңдай ма? Әлбетте, жоқ. 

Жалпы қоғам адамзат жаратылғалы бері алдағы үлкен қауіпті ескертіп келген жандарға құлақ аспай келген. Бұл тұрғыдан алғанда Рауан атақты Жорж Мартиннің «Тақтар таласы» шығармасындағы Жон Сноуға, сондай-ақ орыстың атақты режиссері Юрий Быковтың «Дурагындағы» Дмитрийге ұқсайды. Рауан аталған атақты туындылардағыдай қауіптің келе жатқанын айтып дабыл қағады. 

Бірақ оны тыңдайтын ешкім жоқ. Ауыл адамдары «Қайдағыны айтпай, жөніңе кет десе», ауыл әкімі бүлік шығардың деп қамап тастайды. Тіпті оның ата-анасы мен туған туысы да «Сен әлі баласың» деп бетін қайтара береді. Енді не істемек керек? Әлбетте, Рауан ер жетіп, жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет.  

Үңгірден шығу

Фильмді көріп отырып философиядағы ең атақты аллегориялардың бірі есіме түсті. Атақты грек философы Платонның «үңгір аллегориясын» меңзеп тұрмын. Платон адамзат қоғамын сипаттағанда дәл осы түсінікті қолданған. Философтың ойынша, санасы шектеулі, аяқ-қолы матаулы адамзат үңгірдің ішінде өмір сүреді. Әрі олар қабырға қарап отырғандықтан, үңгірдің ішін толық танып үлгермеген. Ал олардың арт жағында от жанып тұр. Адамдар от пен олардың арасында қозғалып жүрген заттардың көлеңкесін ғана көреді. Сосын оларға шындық — сол көлеңкелер болып көрінеді.

Бірақ күндердің бір күні адамдардың біреуі шынжырдан босап, үңгірден шығады. Қараса, бұған дейін шындық деп санап келген әлемнің жасанды, жалған әлем екен. Көлеңке — ақиқат емес, ал жанып тұрған от — күн болмай шығады. Үңгірден шыққан адам бастапқыда күннің жарығына көзі шағылысып, айналасын көре алмай абдырап қалады. Бірақ уақыт өте келе ол адам ақиқатты таниды. Сосын үңгірге оралып, жұртқа үңгірдің іші шектеулі екенін, тыста нағыз әлем барын айтуға тырысады. Алайда жұрт оның бұл сөзіне сенбей, қауіпті элемент ретінде көріп, қуғынға ұшыратады. 

Бұл мысал арқылы Платон адамзаттың өмірге қатысты, шындық пен білімге қатысты түсініктерін ашып беруге тырысқан. Үңгірден шыққан адам — білімі мен ақыл-ойының арқасында ақиқатты таныған философ. Ал философ деген мінсіз қоғамдағы елді билейтін адам болуға тиіс. Үңгірдегі адамдардың тысқа шығып, ақиқатты көрген адамның сөзіне сенбей қойғаны — жетілмеген қоғамдағы адамдар жасайтын әрекет. 

Фильмдегі Рауан — үңгірден шығып, ақиқатты таныған заманауи философ. Ол болатын жағдайды айтып, жұртқа ескерткенімен, меңіреу қоғам оның сөзін құлаққа ілмейді. Бұл — айналасындағы оқиғаларға селқос қарайтын, отарлық үрейден айырылмаған, диктатураның айла-шарғысынан зәресі қашатын қазақ қоғамының шынайы келбеті.  

Сананың қарттығы

Осы тұста «Адамның көбі негізінде 25 жасында қайтыс болады, бірақ тек 75 жасында жерге көміледі» дейтін Бенжамин Франклиннің сөзі ойға оралады. Бұл қазақтың «Айхай, жиырма бес» деген түсінігімен тамыры бір сөз. 

Осы тұста «Неге жиырма бес?» дейтін сауал туындайды. Өйткені бұл адамның ешқандай таптаурындар мен қоғам таңған түсініктерді елемей, «өз ішкі меніне» (Бұл атақты М. Бахтиннің «беделді пікір» және «ішкі өзіндік пікір» дейтін түсініктеріне сілтейтін ұғым. Яғни, адамның жасы ұлғайған сайын, өзінің ішкі түйсігінен гөрі, көбіне ғұлама, беделді саясаткер, өз ортасындағы сөзі өтімді адам, жүз жылдар бойы институт ретінде орныққан дәстүрлер, ата-ана, имам сөзі сынды түрлі беделгі тұлғалардың ойына құлақ асатын болады. Осы арқылы өз менін жоғалтып, қоғамның тілалшақ бір мүшесіне айналады) ғана құлақ асып, әлемді өзгертсем дейтін асау шағы. 

Әділетсіздіктерге төзбейтін, болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайтын да негізінен жастар болады. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі өзгерістерге әлем халқын желпіндірген жер-жерде көтеріліске шығып, жаңашыл көзқарасты талап еткен жастар болатын. Еліміздің тарихындағы маңызды әрі қара әріптермен жазылған «Желтоқсан» оқиғасының негізгі күші жастар болғанын ұмытпаған жөн. 

Сонымен, қандай қоғам болмасын, жастар өзгеріске, жақсы жаңалықтарға үйір келеді. Ал қолындағы билігінен айырылып қалғысы келмейтін «үлкендер» жастарға ұдайы қарсы тұрады. Фильмдегі әкім, комиссия мүшелері, ауылдың үлкендері, Рауанның әке-шешесі, әжесі мен ағасы да «жиырма бестің» шегінен өткен, өзгеріске дайын емес адамдар. Олар үшін күнделікті күйбең тірліктің сүрлеуінен құтылып шығу мүмкін емес. Олардың «Бүгін дамбы жарылады, бәріміз өлеміз!» дейтін ескертуге мүлдем көңіл бөлмей, тіпті Рауанды келемежге айналдыруы — осы сөзімізге дәлел. 

Атақты француз әлеуметтанушысы әрі философы Пьер Бурдьенің «һабитус» деп аталатын теориясы жөнінде естіген боларсыз. 1970 жылдары әлеуметтану ғылымында төңкеріс тудырған бұл теория бойынша, адамның ой-санасын, әлеуеті мен сезім білдіру жүйелерін орта қалыптастырады. Тұлғаның қандай отбасында туғаны, ортасы мен қандай жүйе тұсында өмір сүретіні — оның кім болатынын анықтап береді. 

Бурдьеның ойынша, адам баласы бұл өмірге келгенде үлкен әлеуетпен туады. Оның бойында биік белестерді бағындырар алапат қуат болады. Бірақ оның ортасы адамға қандай тұлға боларына тікелей ықпал етеді. Заманауи әлеуметтанушылар адам баласын «әлеуметтенген түр» ретінде танып, ең басты артықшылығымыздың топтасып өмір сүріп, топтық сана арқылы кедергілерді еңсере алатынымызға көбірек назар аударып келеді. Сондықтан өмір сүріп отырған ортамыздың білімі, ақыл-парасаты, мәдениеті, өркениет ретіндегі әлеуеті жоғары болған сайын, тұлға әлеуеті де жоғары болады. 

Советтік кезеңінде қазақ тілін өнер мен мал шаруашылығының негізгі тіліне айналдырып, өндіріс пен ғылым тілінен алшақтатудың барлық амалы жасалғаны тарихтан мәлім. Сол себепті XX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген ақын-жазушыларымыз өздері шыққан ауылды жырлап, ауыл өмірін романтизациялауға барын салды. Осыдан кейін «Қазақ ауылы — қазақшылықтың ортасы», «Ауылым алтын бесігім» деген сыңайдағы сөздер кең насихатталды. Бәлкім, отар болған уақытта қазақтықты сақтап қалу үшін ауыл маңызды болған шығар. Алайда еліміз тәуелсіздік алған соң, экономикалық және басқа да қиындықтарға байланысты қазақ ауылдары, Бурдьенің тілімен айтқанда, «құнарсыз ортаға» айналып шыға келгенін мойындауымыз қажет. 

Мәдениет, ғылым, өнер, өркениет пен сан салалы индустрия ұлттық буржуазия қалыптасқан да ғана дамиды. Сатып алу қабілеті жоғары, «не ішем, не кием?» деген негізгі қажеттілігі өтелген адамдар ғана өнердің, мәдениеттің, ғылымның дамуына орасан зор үлес қоса алады.

Ал біз қазақ ауылдарына қарап, оларды прогрессив орта дей аламыз ба? Әлбетте, жоқ. Сондықтан «Qaitadan» осы мәселені батыл көтеріп, айшықтауға барынша тырысқан батыл фильм дей аламыз. 

Жігер мен оның достары, ауылдың «системаға» бағынғыш жастары құмға отырғызылған шырша іспеттес. Олар қанша қабілетті болса да, құмда жайқалып өспейді.

Бұғауды бұзған жан

Әлеуметтік және саяси мәселелерді қозғау жағынан алғанда «Qaitadan» фильмін Быковтың «Дурагымен» тамырлас деуге негіз бар. Өйткені қос мемлекет те — бір жүйеден шыққан, мәселелері мен адамдардың психологиясы да ұқсас елдер. Екі туындыда да адамдар үлкен апат алдында тұр (дамбы жарылады, жатақхана құлайды). Екі туынды да бас кейіпкер жұртты құтқарып қалу үшін барын салады (туған-туысқа, жүйеге, әкім-қараға қарсы шығады). Ол үшін «Дурактағы» Дмитрий әйелімен ажырасуға да барады. Жарының «Несіне олар үшін жаныңды бересің? Олар бізге бөтен ғой!» деген сөзіне Дмитрийдің «Біз бір-бірімізге бөтен болғандықтан, шошқа сияқты жейміз, шошқа сияқты өмір сүреміз, шошқа сияқты өлеміз» деп жауап береді. Быков орыс қоғамындағы немқұрайды көзқарасты осы сөздер арқылы әшкерелейді. Өйткені Быковтың әлемінде  оптимизмге мүлдем орын жоқ.

Бұл тұрғыдан «Qaitadan» мүлдем пессимистік туынды дей алмаймыз. Әлбетте, бұл талдауымызда бәрін күңгірттендіріп жібергеніміз, рас. Алайда қараңғының артынан келер жарық бұл туындыда бар. Ақырында, Рауан бұғауды бұзып, «қоғамдық ойды» өзгертуге бойынан күш таба алады. Соңғы мүмкіндік қалғанда, Рауанды бұған дейін «кішкентай» көріп, сөзін елемей келген ата-анасы да, «бөтен әрі қауіпті элемент» санап келген Жігер бастаған жастар да түсінеді. Рауанның Платонның үңгірінен жарыққа шығып, қайта кіріп айналасын иландыра алмай қалған философтан айырмасы, ол айналасына өз үнін жеткізе білді. Оның ескертуін естіген жандар табылды. Бұл — бәрінде өзгертуге боларына, бәрі өз қолымызда тұрғанын ұқтыратын оң белгі.

Уақыт ілмегі әдісі

Әлемдік кино тарихында уақыт ілмегі мотиві қолданылған туындылар жетерлік. Бұл түсінік әсіресе дүниежүзі халықтарын дүрліктірген пандемиядан кейін өзекті бола түсті. Локдаундар мен карантиндерден кейін адамзат жаңа бір кезеңге аяқ басқандай күй кешті. Үйлеріне қамалып, қалыпты жұмысынан, әлеуметтік ортасынан айырылып қалған адамдар уақыт ілмегінің тұтқынында қалғандай болды. 

Осы тұста атақты Билл Мюррей басты рөлді сомдаған «Суыр күні» туындысы өз уақытынан бұрын шыққан сәуегейлік туындыға айналып шыға келді. Артынша адамзаттың осы күйін сезіндіргісі келген туындылар жарыққа шыға бастады. 

Солардың арасында ең сәтті фильм ретінде 2020 жылы шыққан «Палм-Спрингсте тұтылып қалу» туындысын атасақ болады. Сыншылар тарапынан уақыт ілмегі мотивін сәтті қолданған деп саналатын жоғарыда аталған қос фильмнен «Qaitadan» несімен айрықша? Ендігі кезекте сол туралы әңгімен қозғасақ.

«Суыр күні» немесе «Палм-Спрингсте тұтылып қалу» туындылары бас кейіпкердің ішкі әлеміне тереңінен үңіліп, сол арқылы өмірдің мәнін түсіндіруге тырысады. Мұнда жеке тұлғаның өзгерісі маңызды. Негізгі өзек — адам мен оның әлемге көзқарасы ғана. 

Ал «Qaitadan» бұл тақырыпқа әлеуметтік мәселелерді, қоғамдық құрылым мен саяси мәселелерді қосу арқылы тіптен тереңдей түседі. Енді «Суыр күні» туындысындағыдай бас кейіпкер Фил Коннорстың ғана жақсы адам болғаны жеткіліксіз. 

Өмірінің астаң-кестеңі шыққан жасөспірім Рауан өзі ғана емес, тіршілік қамытын киіп, несие мен қарызға батқан әке-шешесінің санасын, ауылдағы қара жұмысқа жегілген ағасы мен оның отбасының санасын, таң атқаннан түн батқанға дейін «көше» түсінігімен жүріп, бар уақытын бос іске арнаған Жігер сынды жастардың да санасын өзгертуі керек. Рауанды, оның айналасының түсінігін өзгерту арқылы режиссер бүкіл қазақ қоғамын ойлануға шақырады. Әрі режиссердің бұл ойлағаны жүзеге асқан да сияқты. 

Советтен қалған мұра

«Ей, сен, бұл дамбаны кімдердің салғанын білесің бе? Советский союз! Әлі жүз жыл тұрады бұл дамба!» дейді фильмдегі оқиға өрбіп жатқан Қарағаш ауылының әкімі. Бұл — оның апат болар күні дамбаға түскен сызатқа қарап тұрып айтқан әңгімесі. 

Қазақстан аумағында жалпы саны 300-ден аса дамба бар. Бұл дамбалардың басым бөлігі — Совет кезінде салынған, тозығы жетіп тұрған ескі нысандар. Сондықтан бізге келешекте көп Рауандар мен Жігерлер қажет болады.

Дегенмен Совет үкіметінен Қазақ еліне қалған жалғыз мұра — дамбалар ғана емес. Елде советтік санада қалып кеткен кісі қарасы көп. Олар жаңа заманның орнағанынан, әлемдік тәртіптің өзгергенінен мүлдем бейхабар. Сол үшін де олар Совет үкіметі жасаған, соққан, тұрғызған нысандар мен жүйеге қатты сенеді. 

Бірақ мұндай жандар қазақ даласындағы Советтен қалған мұра жарылғыш миналар қойылған дала іспеттес екенін мүлдем ескермейді. 

«Qaitadan» фильмі режиссердің (фильмдегі Жігердің аузымен) «Үлкендер жағын білмеймін, бірақ жастарды “точно” алып шығамын» деген қазақтың жаңа буынына айтылған жан айқайы іспеттес. 

Советтен қалған «мұралардың» бірі кез келген уақытта жарылып кетуі бек мүмкін. Ал ондай жағдай орнаса, фильмдегідей күн қайталанып келмейтінін ұмытпаған жөн.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Казахстанских студентов обяжут платить налоги с зарубежных стипендий
Ликбез
#общество
Казахстанских студентов обяжут платить налоги с зарубежных стипендий
Twin, where have u been? Каково быть близнецами и почему им стоит позавидовать
Ликбез
#истории
Twin, where have u been? Каково быть близнецами и почему им стоит позавидовать
Состоялся релиз второго альбома Шамши Калдаякова на стримингах
Культура
#музыка
Состоялся релиз второго альбома Шамши Калдаякова на стримингах
Корейлерде жеті ата деген бар ма? Оларға шежіре неге керек?
Ликбез
#общество
Корейлерде жеті ата деген бар ма? Оларға шежіре неге керек?
Импровизация, темнота, сны: персональная выставка Саны Серкебаевой «Игра теней»
Город
#события
Импровизация, темнота, сны: персональная выставка Саны Серкебаевой «Игра теней»