Биыл күзгі концерттер маусымында жұрт KeshYou, Sadraddin, Қайрат Нұртаспен қатар Абзал Өтешовтің де концертіне билет іздей бастады. Кейінгі жылдары мұңды хиттерді бірінен соң бірін шығарған әншінің әндері YouTube-та миллиондаған қаралым жинап, TikTok-та жүздеген мың эдитке арқау болды. Біреу оның әндерін тыңдап, сүйгеніне сағынышын басса, енді біреу баянсыз махаббатын еске алып мұңаяды. ‘98mag меланхолия символына айналған әнші Абзал Өтешовтің плейлисіне үңіліп көрді.
Хитмейкер дәрігер
Сіз Қазақстанда тұратын TikTok не Instagram қолданушысы болсаңыз, Абзал Өтешовтің әні қойылған кемі бір видеоны көргеніңіз анық. Себебі оның биыл мамырда шыққан «Біз жолығамыз» әнінің бір ғана нұсқасына кемі 1,8 млн видео түсірілген. Ал әннің өзі YouTube-та 21 млн-нан астам қаралым жинап, Apple Music-те Қазақстандағы ТОП-10 әннің қатарында тұр.
Бірақ Абзал жалғыз әні «атып кеткен» әнші емес. Оның «Тоқта», «Бір ойлап алам», «Кездесіп қалайық» сынды әндеріне түсірілген жүздеген мың видеоның кемі біреуі «регіңізден» шықса керек.
32 жастағы Абзал Өтешов кейінгі екі жылда онға жуық ән шығарып, телеарна шоуларында «жас әншіден» «желі жұлдызына» айналып шыға келді. Бірақ оны кеше ғана ән айта бастаған әртіс деуге болмайды. YouTube-тан Абзалдың алты жыл бұрынғы шоуларға қатысқан видеоларын, тоғыз жыл бұрын үйінде отырып жазған каверлерін табуға болады. Желідегі пікірлерге қарағанда, оның әндері сол кезден-ақ жатақханадағы отырыстарда тарап жүрген.
Дегенмен 2024 жылы «Хабар» арнасындағы «Бес жұлдыз» шоуынан кейін Абзалдың аты таныла түсті. Оның әнші KOBA-мен (Қобыланды Болат) шырқаған «Ne boldy sagan?» әні көптің ықыласына бөленді. Абзалдың осыдан кейін шыққан әндері YouTube-та 700 мыңнан кем қаралым жинамаған.
Кейінгі сұхбаттарында Абзал өзін әнді «жан рахаты үшін» жазатын тіс дәрігері деп таныстырып жүр. Ол отбасының тіс емханасында дантист болып жұмыс істейтінін, сол ғимараттың жертөлесінен студия ашып алып, ән жазып жүргенін айтады. Абзалдың осы «дәрігер әнші» образы оның сезімге толы әндеріне тереңдік пен шынайылық қоса түскендей.
«3-4 сыныпта анам ән байқауларына қатыстыратын. Бірақ әкем өнерге аздап қарсы адам. Сол үшін өзі маған тіс жасауды үйретіп, кейін соның оқуын оқытып, қазір жанында жұмыс істеп жүрмін. Әкем әнмен кәсіби түрде айналысып жүргенімді білмейді. Қазір амал жоқ, қатар алып жүрмін, себебі ән айту — менің жан жылуым» дейді ол бір сұхбатында.
Мұңды таспа
Абзал — баянсыз махаббаттың жыршысы. Өзі жариялаған 13 әннің 12-сі махаббат туралы болса, соның тоғызы ажырасу, қоштасу не жауапсыз сезім туралы. Әндердің ішінде көп тыңдалғандары да — осылар.
Тыңдарман Абзалдың мұңды әндерімен шер тарқатып, сағынышын басатындай. Былтыр күзде шыққан «Бір ойлап алам» әнінің клипінің астына жазылған пікірлер — мұның айқын дәлелі. Тағдыр қоспаған сүйгеніне деген сезімі суи бастағанын баяндайтын әннің астына көпшілік сырын ақтарып, кезінде жібере алмаған хаттарын осы бейнебаянға пікір етіп қалдырған.
Ал Абзалдың TikTok-тағы парақшасында бір тыңдарман әншіге деген лебізін былай білдіреді: «Сөздеріңіз — жай ән емес, менің айта алмай жүргенім еді. Көңілім түскенде, қуанғанда, тіпті ешкімге айта алмайтын ойға батқанда құлаққапты киіп, сіздің даусыңызға еремін. Сіз мені түсінетін жалғыз адам сияқтысыз. Сіз ән айтқанда жалғандық жоқ. Даусыңызда өмір бар, үміт бар. Сондықтан миллион адамның жүрегіне жетіп отырсыз».
Абзалдың әндері бірнеше фильмге саундтрек болған соң, танымалдығы мен фанаттары арта түсті. Биыл шыққан «Ғашықпын саған» (Думан Еркімбек), «Мама» (Айбек Нығмет), «38. Соңғы нүкте» (Төребек Бейсебаев) фильмдері Абзалдың «Тоқта», «Мама», «Кездесіп қалайық» әндерін қосып, оның шығармаларындағы драматургиялық потенциалды айқындап бергендей.
Әншінің өзі де биыл жазда аудиториясы көбейе бастағанын байқап, күзде Қазақстан бойынша Uteshov Tour атты концерттерін берді. Олардың барлығы дерлік sold out болып, кей қалаларда қосымша сеанстар ашылды. Біз көрген видеоның бәрінде зал лық толы, көрермен ықыласы ерекше.
Әндерінің ортақ тұсы
Абзал Өтешовтің әндері қалайша мұнша көп адамның жүрегіне жол таба алды деген сұраққа жауап іздегенде оның образынан бөлек әндерінің сөзіне де үңілуіміз керек.
Абзал «бақыт», «сағыныш», «сезім», «өкініш» сынды көпке таныс сөздер мен «арманым», «құсым», «дәруменім» деген қаратпаларды көп қолданады. Ал әндеріндегі қысқа жолдар мен қарапайым ұйқастар тез жатталып қалады. Бұған әншінің өзіне тән төмен қоңыр дауысын қосыңыз.
Бірақ ең қызығы — әндердегі кейіпкерлер, нақтырақ айтқанда, олардың жоқтығы. Абзал екі адамның арасындағы сезім туралы шырқағанымен, әнде олардың аты, қаласы, мінезі, нақты оқиғасы сипатталмайды. Барлық мұңды хат «алыстағы біреуге» арналады.
Қоштасу мен сағыныштың да себебін білмейміз. «Маңдайға жазылмаған», «бірге жүру бұйырмаған», «қоштасуға тағдыр кінәлі» деген сынды жолдар болған жайтқа қиялдағы бір ситуацияны айыптайды.
Бірақ Абзалдың әндері танымал болғанының сыры да — осы. Нақты бір субъекті жоқ «пәк махаббат» хикаясында кез келген адам өзін бас кейіпкер ете алады, «алыстағы біреуіне» мұңын шаға алады. Ал бірнеше рет қайталанатын қысқа қайырмалар бұл әндерді TikTok пен Instagram видеоларға мінсіз шаблон етеді. Тіпті видеоға жазба ойлап отырмай-ақ, әндердің «Тоқта», «Келме маған», «Шыныңды айт» деген бұйрық райдағы атауларын жаза салуға болады.
Неге бұлай десеңіз, әндері қалай жазылатынына үңілген дұрыс. Абзал әндеріне өлең жазғанда өз тәжірибесіне сүйенбейді, достары мен таныстарының хикаяларын мысал етіп алады.
«Мені бәрі қызы тастап кеткен, махаббаттан жолы болмайтын адам деп ойлайтын шығар. Бірақ, білмеймін, сондай әндер келеді өзі. Олардың артында оқиға бар, бірақ өзіме қатысы жоқ. Біреудің оқиғасын сіңіріп, өзімнен өткізіп барып жазып шығамын» дейді ол бір сұхбатында.
Меланхолия символы болып қала бере ме?
Абзалдың стилі оның жекелеген әндерін жалпыға ортақ жеткізіп жатқанымен, әртістің жалпы шығармашылығындағы бітпейтін бұлыңғыр мұң оны біртіндеп қайғырудың метаирониясына айналдырып жібергендей.
Желідегі кей тыңдарман «Абзал Өтешов мынадай әндер шығаратындай махаббаттан соншалықты жолы болмағаны ма?» деп олардың шынайылығына күмән келтірсе, кейбіреулер күзгі құлазуды меңзеп, тамыздың аяғында «Абзал Өтешов пен Қазбек Құрайыштың маусымы келе жатыр» деген әзіл-шыны аралас пост жазған.
Біз Абзалдың бір тақырыпта ғана ән жазатынын сынаудан аулақпыз. Махаббат пен қоштасу туралы лирикалық жанрдағы әндерге сұраныс қашанда болған. Бұған ел ішіндегі Қайрат Нұртастан бастап, әлемдік сахнадағы Lewis Capaldi мен Sam Smith-тің шығармашылығы — жақсы мысал. Абзалдың да осы тақырыптан өз үнін тапқаны байқалады.
Тек оның басқа сезімдер мен оқиғаларды қалай жеткізерін естіген де қызық болар еді. Бұл тілекті Абзалға отандық шоудың бірінде продюсер Алуа Қонарова жақсы жеткізген: «Сен іштей «темпераментный» жігітсің ғой, бірақ неге сен әндеріңде үнемі жылайсың? Қазір дәл осылай алты ән айтатын болсаң, білмеймін қалай болатынын. Сондықтан бәлкім жанрды өзгерту жайын ойлап көрерсің. Сенің қолыңнан келеді».
Әзірше Абзал баянсыз махаббат туралы мұң тақырыбынан алыстаған жоқ және онысы тыңдарманға ұнап тұрған сияқты. Жақында ол YouTube-арнасына әндер жинағы мен «Біз жолығамыз» әнінің бір сағат бойы қайталанатын нұсқасын қайта жүктеді. Бірақ талғамы тез өзгеретін тыңдарманды бір сарынмен ұзақ ұстап тұрған қиын. Абзалдың мұңнан өзге не айтары барын да естуге асықпыз.