Қазақстан — ұйғыр халқы тарихи отаны Шыңжаң өлкесінен кейін ең көп шоғырланған ел. Кейінгі деректерге сәйкес, Қазақстанда 300 мыңнан астам ұйғыр этносының өкілі тұрады. Олардың басым көпшілігі Алматы облысындағы елді мекендерде шоғырланған. Қазақстанда ұйғыр тілінде білім беретін оннан астам мектеп пен ұйғыр мәдениетінің қара шаңырағы саналатын Ұйғыр театры жұмыс істейді. Елде жыл сайын ұйғырша ондаған ән жазылып, концерттер өтеді. ‘98mag ұйғырша ән жазатын өнерпаздармен сөйлесіп, ұйғыр музыкасының қазіргі сипаты мен трендтері туралы сұрады.
Фото: Saniyam Ismail & Akbar Payzulla — «Insan»
Негізгі жанр
Қазақстандағы ұйғыр музыкасы деп іздесеңіз, Parvaz.kz сайты шығады. Ұйғыр өнерпаздарының қауымдастығы деп аталатын платформада жүзден астам әнші мен ондаған музыкалық ұжымның тізімі бар. Әрқайсысына жеке парақша арналып, шығармашылығы туралы ақпарат берілген. Одан бөлек сазгерлер, жүргізушілер, бишілер мен театр ұжымдары туралы ақпарат табуға болады. Мерекелік жиынға жүргізуші, фотограф, видеостудия іздесеңіз де осы сайттан табасыз.
Сайтты атақты «Дервиши» тобының солисі, Ұйғыр театрының қазіргі бас әкімшісі Раим Хамраев жасаған. Сайт сирек болса да жаңарып отырады. Жас әншілер туралы жаңа парақшалар былтыр тамызда жарияланған.
Сайттың бас бетінде кейінгі шыққан бейнебаяндар тізімі бар. Соған қарап Қазақстаннан шығатын ұйғыр музыкасындағы негізгі жанр мен тақырыптарды болжауға болады.
Бас беттегі он екі клиптің сегізінің стилі мен ырғағы ұқсас. Әдетте жиын-тойларда ойналатын битке жазылған. Тақырыптар да қазақша той әндерінің мазмұнына келеді: ғашықтық, сезім, ұлттық құндылықтар туралы. Барлығына ортақ белгі — ұйғырдың дәстүрлі аспаптары мен мотивтері.
Әншілер мен өнерпаздардың бәрі дерлік — еркек. Он екі бейнебаянның біреуінде ғана әйел әнші бар және стилі ең ерекшесі де — сол. Белгілі ұйғыр әншісі Сәниям Исмаил Нидерландта құрылған OKYA бэндімен бірге рок стилінде Wetinim Sen («Отаным — сен» — қаз.) әнін орындайды. 2024 жылы қаңтарда жарық көрген ән Отанға деген сағыныш туралы.
— Мен рок айта аламын. Айтып көрдім, бірақ сұраныс жоқ, — дейді Сәниям Исмаил.
Саниям — ұйғыр сахнасында отыз жылдан астам уақыт өнер көрсетіп жүрген танымал әнші, ұстаз. Қазірге дейін ұйғыр тілінде бірнеше альбом шығарып, бірнеше елде жеке концерттер берген. Шыңжаң өлкесінде де танымал. Сәниям кәсіби білімі бар дутаршы (дутар — ұйғырдың дәстүрлі аспабы) әрі композитор.
— Музыкаға құштарлық қайдан келгенін білмеймін, әкем де, анам да музыкант емес. Бұл бір балалық қызығушылық болған сияқты. Әжем 50-жылдардың аяғында Құлжадан Қазақстанға көшіп келгенде үйінде ылғи пластинкаға жазылған біздің «Он екі мұқам» ойнап тұратын. Сонда мен ондағы қиын сөздерді түсінбесем де музыкасына қызығып, музыкалық мектепке бардым, — дейді Саниям.
«Он екі мұқам» — ұйғыр халқының ғасырлар бойғы тарихын, философиясын, классикалық поэзиясы мен музыкалық дәстүрін біріктірген, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген ауқымды музыкалық-поэтикалық цикл.
Саниям Алматыда музыкалық мектептен консерваторияға дейін оқып, 2005 жылы Үрімжіге оқуға түседі, сонда біраз жұмыс істейді. Қазір ол Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияда дутар аспабы бойынша магистратурада оқып жатыр.
Саниямның альбомдарынан дәстүрлі аспапта орындалатын классикалық мұқамдар мен поп-эстрададан бастап экспериментал рокқа дейінгі әндер табуға болады. Әнші шығармашылығында ұлттық музыка мен заманауи дыбыстардың синтезін құрастыруға тырысады. Десе де тыңдарман әншінің дәстүрлі әндерін көбірек жақсы көреді.
— Халық сүйіп тыңдайтын 7-8 әнім бар. Қалғаны аса қатты танымал емес. Біз өз шеңберімізден шыға алмай жатқандаймыз. Жаңа бірдеңе ойлап табуға уақыты мен өмірін арнап жұмыс істеп жатқандар бар, әрине, бірақ халық оларды көп біле бермейді, — дейді ол.
Саниямның сөзінше, жаңашылдықтың аздығына академиялық музыкалық білімнің жетіспегені себеп. «Мен Қазақстанда тұратын ұйғырлардың ішінде дутар аспабын кәсіби оқып бітірген жалғыз адам екенмін».
— Өкінішке қарай, біздің жастарымыздың көбі музыкалық білім алмайды. Жастайынан той бизнесіне әуес келеді. Ешкімді ренжіткім келмейді, әрине, бірақ кәсіби білім алмай тұрып, өзіңді композитор деп айтуға болмайды. Бізде дипломы бар, эстрада болсын, классика болсын кез келген жанрда музыка жаза алатын композиторлар екі-үшеу ғана шығар. Қалғандары халық атаған композиторлар. Сол үшін бір жерде тұралап қалған сияқтымыз. Мен мұны жақсы көргеннен айтып отырмын, — деді Саниям.
Parvaz.kz бас бетінде тұрған Саниямның Wetinim Sen бейнебаяны да аса танымал емес. Екі жыл бұрын жарияланған видеоның екі жарым мың ғана қаралымы бар.
Саниям қазір оқуымен қатар музыка мен вокалдан сабақ береді. Жастарды өзі айтқандай музыкалық білімге баулиды. Кейде парақшасына түрлі эксперименттерін де жариялап отырады. Hip-hop стилінде ұйғырша ән шырқағаны бар. «Осының барлығын консерваторияда үйретеді ғой. Сол үшін битбоксты естисің, бір-біріне байланыстырасың, үйреншікті дыбысты дамытасың».
View this post on Instagram
Қазақстандағы ұйғыр халқы үшін дәстүрлі жиын-тойлардың маңызы өте жоғары. Кейінгі бес жылда жүргізілген зерттеулерде той жат елдегі этнос өкілдерінің өз болмысын сақтап, ішкі тәртіп пен этиканы реттеуге көмектесетін мәдени институт ретінде сипатталады. Онда дәстүрлі әндер де жиі орындалытыны бекер емес: ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізміне енген ұйғыр мұқамдары осындай жиындарда толық көрініс тауып, халықтың тарихынан сыр шертеді.
Саниям Исмаил бұл кезең өткінші деп сенеді. Ол қазір Ұйғыр театрының басшылығы Өнер академиясы, Музыкалық колледж, Консерваториямен меморандумдар жасап, бәрін «ақырын-ақырын реттеп» келе жатқанын айтады.
— Ұйғырлар Қазақстанға көшіп келгеніне қанша болды? Менің отбасымнан әкем бастап келген болса, қазір ол 75-те. Әлі бәрі ерте ғой, кішкене уақыт беріңіздер. Қазір Үрімжіде талай-талай керемет музыка шығып жатыр. Жастарымыз соны көшіріп, өз бетінше бірдеңе жасап көріп жүр. Шүкір! Алдағы 10 жылда біз әлі дамимыз, — дейді Саниям.
«Бір толқын келеді»
Жаңаша дыбыс пен стиль іздеп жүрген жас ұйғыр өнерпаздарының бірі — Рошангүл Абдришитова. Ол түрлі аспапта ойнап көп әннің әуенін де сөзін де жазған. Ол «бес тілдегі 100-ден аса әннің, 20-ға жуық пьессаның авторы» деп жазылған Parvaz.kz сайтында.
Рошангүл Instagram мен TikTok-тағы парақшаларында ұйғырша блог жүргізіп, танымал ұйғыр әндеріне Cover жазып салып отырады. Шетелдік поп-жұлдыздардың стилінде ұйғырша шырқап эксперимент те жасайды.
View this post on Instagram
— Маған осылай әр нәрсені байқап көрген ұнайды. «Мына ән ұйғыр тілінде болса қалай болар екен?», «ал мына әнді мына жанрды айтса қалай болар екен?» деп жазып көремін. Бірақ оның бәрі жан рахатым үшін. Өйткені аса өтпейді. Кейінгі кезде ұйғырша әндерге Cover жақсы өтетін байқап жүрмін, соларды жиі шығарамын, — дейді жас музыкант.
Рошангүлдің кәсіби білімі бар. Кішкентайынан музыкалық мектепке барып, дутарда ойнап үйренген. Най аспабы бойынша музыкалық колледжде білім алған. Педагог ретінде жоғары оқу орнын бітірген. Қазір балаларға музыкадан сабақ береді. Рошангүл 2019 жылы заманнан қалыспайық деп U-Pop жанрында ән айтатын бойс бэнд құрып көрген. Бірақ ұйғыр аудиториясына «өте қоймаған».
— Бізде үлкендер ғана емес, жастар да дәстүрлі ұйғыр әндерін сүйіп тыңдайды. Солай қалыптасып кеткендей. Әсіресе біздің Он екі мұқам мен халық әндерін жаңаша бейімдеп айтқанды жақсы көреді. Қазақтардағы «Ана туралы жыр», «Көзімнің қарасы» деген құлақта жатталып қалған әндер сияқты, — дейді ол.
Рошангүлдің өзі де жазда шағын бэндімен жиын-тойларда өнер көрсетеді. Roo деген атпен жеке шығармашылығын да дамытады. Қазір ол орыс тілінде ән жазып жүр. Ол алдымен атақ пен аудитория жинап, кейін ұйғырша әндер жазғысы келеді.
— Қай тілде айтатынымды таңдау қиын болды. Бірақ бізде Мұрат Насыров алдымен орысша әндерді айтып, кейін ұйғыршаға ауысты ғой. Мен де сол тактиканы байқап көргім келді, — деді Рошангүл.
Ақпанның аяғында оның «Февраль» деп аталатын екінші орысша әні шықпақ. «Бұл таза поп музыка болады. Cover-лерім сияқты, әндерімді де жан рахатым үшін жазамын».
Шахзад
23 жастағы Шахзад Асим үшін ән — жанының қалауы, ал ұйғыр тілі — мәдени миссия.
— Қазақстанда тұрғасын қазақ, орыс, ағылшын тілдерін де білемін, әрине. Бірақ кішкентайымнан ұйғырша сөйлеп, он бір жыл мектепті ұйғыр тілінде бітірген соң, жүрегім сөйлейтін тіл — ұйғыр тілі дер едім.
Одан бөлек кішкентайымнан әжемнің қолында өскесін ұлтқа қызмет ету деген сияқты құндылықтарды бойыма сіңіріп өстім. Содан да болар, ұйғыр тілінде ән айтып, мәдени мұрамызды сақтап қалуға үлес қосқым келеді, — дейді ол.
Шахзад Асим — Саниям Исмаилдің шәкірті. Музыкалық білімі болмаса да бала күнінен ән айтқанды жақсы көреді, жеке әндерін 2023 жылдан бері жариялайды. Оның ең бірінші шығарған «Güzel Sheher» («Шырайлы қала» — қаз.) әні YouTube-те 130 мыңнан астам қаралым жинаған. Шахзадтың әндері негізінен поп-эстрада стилінде, ырғақты.
— Мен де той нарығында бармын. Өйткені Қазақстандағы ұйғырлардың саны миллиондаған емес, біз үш жүз-ақ мыңбыз. Ондай нарықпен тек концерттерге шығып, шығармашылықпен айналысқан қиын, — дейді ол.
Шахзад 2025 жылға дейін үш ән шығарып, кейін альбом жазуға кіріскен. Жаңа әндерінде көбіне R&B, джаз жанрларын байқап көргісі келеді.
— Ән хит болуы үшін ол міндетті түрде бәріне түсінікті тілде болуы шарт емес қой. Қазақ музыкасын алатын болсақ, соның мысалын жақында Yenlik көрсетті. Сондықтан жай ғана ізденіс, даму қажет. Ол Қазақстанда болмаса Шығыс Түркістанда басталуы мүмкін. Сосын ол толқынмен бұл жаққа да келеді. Бәлкім бір цикл өткеннен кейін көзқарас, мода ауысар. Қазір біз сондай толқынға зәруміз, — дейді Шахзад.
Шахзадтың ойынша, ұйғыр халқының мәдени мұрасы Он екі мұқамды жаңаша жеткізу — ұйғыр музыкасын әлем аудиториясына шығара алатын кілт. Ол қазірдің өзінде Шыңжаң өлкесіндегі өнерпаздар мұқамдардың үзіндісін этно-поп стилінде өңдеп, ерекше туындылар шығарып жатқанын айтады.
Арманды арқау еткен ән
Қазақстандағы ұйғыр музыкасы да негізінен жалпы адамзатқа ортақ махаббат, сезім, адамның ішкі жан-күйі тақырыптарын қозғайды. «Бұл — мәңгі өлмейтін тақырыптар. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді», — дейді Саниям Исмаил.
Бірақ ұйғыр әншілерінің барлығының дерлік репертуарында кездесетін бір тақырып бар, ол — ұлт.
Саниям Исмаилдің ең танымал әні де — «Менин исмим уйгур кизи» («Менің есімім ұйғыр қызы» — қаз.) деп аталады. Әуен ұлт пен мәдени мұраға деген махаббат, өшпейтін жад туралы баяндайды.
— Бұл әнім Қашқарға барғанда шықты. Сол жақтағы кедейлікті көріп, өзіме «неге менің жағдайым жақсы да, олардікі нашар?» деген сұрақтар қоя бастадым. Сөйтіп ата-анамнан бәрін сұрастырып, осы әнді қолым дірілдеп отырып жаздым, — дейді ол.
Parvaz.kz архивінен қазақстандық ұйғыр әншілері Шыңжаңдағы музыкалық конкурстар мен концерттерге жиі барғаны, сонда білім алғаны туралы деректер бар. Бірақ кейінгі жылдары Қытай саясатына байланысты ол жаққа сапар азайып, барыс-келіс азайған.
2014 жылдары Қытайда экстремизммен күрес саясаты басталып, негізінен ұйғыр халқы тұратын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында қауіпсіздік күшейді, қатаң цензура басталды. Зерттеуші журналистер өңірде қайта тәрбиелеу лагерьлері салынып, онда адамдарды сотсыз, тергеусіз қамайтынын жазды. Қытай үкіметі лагерьлерді 2018 жылы заңдастырып, оларды «кәсіби білім беру» орталықтары деп атады. 2022 жылы БҰҰ Қытайдың бұл саясатын «Адамзатқа қарсы қылмыс» деп бағалаған.
Шахзадтың алғашқы әрі әзірше ең танымал әні — «Güzel Sheher» ұйғыр халқының атамекені туралы. Жас әнші оны Шыңжаң өлкесіне оқуға бара алмай қалғанда жазған. Әнде «Аспаныңды аңсаймын әр таң сайын, саған деген өшпес үмітім бар» деген жолдар бар.
— «Güzel Sheher» «Шырайлы қала» дегенді білдіреді. 2023 жылы тамызда шығардым. Ол ән аллюзия ретінде жазылған. Бізде, ұйғыр халқында, өз Отанымыз болса деген арман бар. «Güzel Sheher» — қазір халқымыздың көпшілігі тұрып жатқан аумақты жеке бір қалаға теңеп, сол қаланы аңсап отырғанда жазылған ән.
Иә, қазіргі саяси ахуалда көп нәрсені ашық айтқан қиын, өкінішке қарай. Мейлі шығармашылықта болсын, мейлі басқа салада болсын — сөз бостандығы дейміз, сөз еркіндігі дейміз, өте жоғары дәрежеде емес қой. Сол себепті шығармашылықта жасырын түрде, астарлап жеткізуге болады.
2016 жылы тоғызыншы сыныптан кейін Шыңжаңға оқуға барамын, сол жерді көремін деген арманым болған еді. Бірақ саяси жағдайларға байланысты ол ойым іске аспай қалды. Кейін 2019 жылы, мектепті бітірген соң баруым керек еді. Ол кезде карантин басталып кетті. Сол жаққа қанша ұмтылсам да, алдымнан кедергі шыға берді. «Güzel Sheher» әнін өзім көрмеген қаланы сағынып отырып жаздым, — дейді Шахзад.
— Қазақстанда ұйғырша ән айтатын барлық әншінің бірінші кезекте мақсаты — тек тіл мен дәстүрді ғана емес, ұлттық болмысымызды сақтап қалу, — дейді әнші. — Той әндерін айтатын өнерпаздар болсын, кәсіби музыканттар болсын — бәрі осы — болмысымызды сақтап қалу үшін жұмыс істеп жүр.