Love story-ге көбірек ұқсайтын «Ғашықпын саған»

5 ақпанда Қазақстан прокатына Думан Еркінбектің «Ғашықпын саған» фильмі шықты. Режиссер былтыр «Qaitadan» деген алғашқы жұмысын көрерменге ұсынған. Көп қаралып, қызу пікірталас тудырған фантастикалық драмадағы бас актерлермен шығармашылық одағын режиссер бұл туындыда да бұзбаған екен. Киносыншы Ернар Бекенов ‘98mag журналының өтінішімен фильмді көріп қайтты.

«Qaitadan» фильмінен соң таныла түскен актер Жасұлан Көпберген мен актриса Шұғыла Ешен жаңа фильмде де бас рөлдерді сомдайды. Олардан бөлек бір зұлым кейіпкер бар. Ол рөлге қай актер тартылғанын табу қиын емес. Қазақ режиссерлері антагонисті сомдауға тек Әбілмансұр Серіковті шақыратын болған ба?.. 

Картинаның бас кейіпкерлері — Алматыға оқуға түсіп, отбасына көмектесу үшін жұмысты да қатар алып жүргісі келген Еңлік және ән жазып, атақты музыкант болсам дейтін Арман. 

Еңлік — өзі айтпақшы — «қылтың-сылтыңға» уақыты жоқ, оқу деп, жұмыс деп зыр қағып жүрген жан. Арманның жағдайы керісінше, аты айтып тұрғандай музыкант болуды ғана армандайды, қалған іске көңілі бейжай. Тағдыр (немесе авторлардың қиялы) екеуін Алматыда кезіктіреді.

Жанрлар қойыртпағы

Әу баста анонстарда мелодрама деп ұсынылған фильм бірнеше жанрдың қосындысы болып шықты. Бастапқы кадрда қала жастарының сауыққа толы өмірін суреттейтін фильм деген бір сәттік алдамшы ой туады, орта тұсы жасөспірімдерге арналған «қызғылт» реңге боялған ромком болып шығады, сюжеттің шарықтау шегі қатыгездікке толы қылмыстық драмаға айналады да, финалы көңілшек көрерменнің эмоциясын қозғайтын драмаға ұласады.

Бір жанрдан екінші жанрға ауысу — Қазақстан киносында қалыпқа айналып кеткен тәсіл. Қазір комедия деп айтылып жүрген фильмдердің көбінде драма, трагедия элементтері қатар қолданылады. Сондықтан «Ғашықпын саған» мелодрамасы да осы бағытпен өрбігені таңғалдырмайды. Тек жанрлар қойыртпағының арасында табиғи сабақтастықтың болмағаны бәрін құртып тұр. Соның кесірінен сюжеттегі атмосфераның тұтастығы бұзылған. 

Түсінікті болу үшін француздың «1+1» фильмін алайық. Оны комедия деп қарастырамыз, бірақ фильмде әлеуметтік проблеманы көтеретін тұстары да, драма да, трагедияға жақын сәттері де бар. Алайда фильмде басынан бастап соңына дейін комедия желісі ешқайда кетіп қалмайды, осы ерекшелігі бәрібір жеңіл атмосфераны ұстап, басқа жанрдың салмағы басым болып кетуіне жол бермейді.

Мен түсінбеген шешімдер

Фильм тілінде де кінәрат бар. Авторлар фильмдегі ерекше сәттерді кадрдан тыс баяндау жолымен беруді шешіпті. 

Бірде бас кейіпкер Еңлік сезімін көрерменге ашып, кадрда болып жатқан көріністі сырттай баяндап отырса, бірде екінші кейіпкер Арманның үні сюжеттегі көріністі толықтыра түседі. Былайша, екеуінің де тілі қазақша. Алайда фильм басталған сәтінде Еңліктің кадр сыртындағы дауысы орысша шыққаны, артынан оп-оңай қазақша баяндауға өтіп кеткені ішімде біртүрлі диссонанс туғызды. 

Картинаның романтикалық бөлігі кинодағы таптаурын ізбен жүреді. Киноқұмар көрермен кейіпкерлердің қадамын, сюжеттің қай бағытта өрбитінін алдын ала болжап бере алатындай. Авторлар бұл тұрғыда бірегей болуға тырыспай, талай тексерілген бағытты таңдаған сияқты. Студенттердің Алматыға келіп, қаламен танысуы, түнгі шамдардың аясында қол ұстасып серуендеуі, студент шақтың қызықтары, болашақты ойлап, қиялдау — барлығы осы жанрдың классикасы. Алматыға оқуға түскен кез келген студент өзіне таныс көріністі фильмнен таба алары сөзсіз.

Фильмде музыка көп. Тіпті әншілер де түскен. Shiza, dudeontheguitar, Ерболат Беделхан эпизодтан көрінеді. ARShAT & Zengir, Yenlik сияқты басқа да танымал әншілердің әндері ойнайды. Олардың қатысқаны трейлерде де көрсетілгені болмаса, сюжетке еш әсер етпейді. Мұны көрермен тартуды көздеген маркетингтік тәсіл деп ұқтым. 

Музыка демекші, Жасұлан Көпберген — актерлігінен бөлек керемет әнші ғой. ArtKöshe театрының «Sen» мюзиклында тамаша рөлімен көрінгенін театршыл қауым жақсы білуге тиіс. Фильмде де ол музыкант рөлін ақтады: гитара тартты, көшеде ән айтты, мұңды немесе көңілді сәттерді әнмен жақсы жеткізе білді. Бұл оның образын ашуға жақсы әсер етеді.

Ашылмаған Алматы

Титрда актерлер мен олар ойнаған рөлдер тізімі шығып жатқанда, арасында қала рөлінде Алматы деген жазу болды. Авторлар Алматыны фильмнің бір кейіпкері деп көреді. 

Кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар Алматымен, соның әсем де жайлы көшелерімен, көрікті жерлерімен тығыз байланысты. Құс ұшатын биіктен түсірілген кадрлар да жетерлік. 

Сөйте тұра қала толыққанды ашылмай қалғандай. Біз қаланы көреміз, бірақ тынысын сезбейміз. Көшедегі тіршілікті көреміз, бірақ бас кейіпкерлерден басқа адамдардың тірлігіне үңіле алмаймыз. Кадрлар осы қалада тұратын адамдарға таныс болуы мүмкін, бірақ Алматыны білмейтін адамдар оның атмосферасына терең бойлай алмайды. Сол себептен кейіпкер дегеннен гөрі фон деп айтқан дұрыс сияқты.

Саундтрекке Александр Зацепин мен Жұбан Молдағалиевтің «Гүл Алматы» әні қолданылады. Бұл «Тақиялы періштеге» режиссердің ізет білдіргені шығар. Әрі Алматы кадрларын әуенмен толықтырады. Алайда, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл Алматыны ашуға көмектеспейді. Ән бұрын басқа фильмде Алматыны суреттеуге қолданылған. Мұны тек қайталау деп түсінген дұрыс. Қалаға кейіпкер ретінде жан бітіру үшін режиссерге қайталау емес, жаңа ізденіс, жаңа тәсіл қажет.

Бұл тұрғыда «Бақыт құшағында» киномюзиклы жақсы мысал бола алады. Онда қала атауы титрда жазылмаса да, кейіпкерлердің қаламен өзара әрекеттесуі, қала пейзажының сюжетке кіріктірілуі Астананы алдыңғы планға алып шықты. Шаһар толыққанды кейіпкер бола алды. Ал «Ғашықпын саған» фильмінен ондай химияны көре алмадым.

Love Story ме дерсің

Химия демекші, бас рөлдегі қос ғашықтың арасындағы байланыстың салмағы да сезілмей қалды. Иә, фильмде екеуінің диалогі көп, оның біразы шынымен тартымды естіледі. Екеуін жақындататын әдемі кадрлар көп болғанымен, кейіпкерлерді ғашық болуға итермелейтін, араларында сезім бар екеніне сендіретін сәттер санаулы әрі сенімсіз шыққан. 

Адамдар бір-бірін танып-білуі үшін, сезімдерін оятуы үшін сюжетке оқиғаларды көбірек кіргізу керек пе еді? Әйтпесе екеуінің әдемі серуен құрған кадрлары қайталанып кетіп жатады. Кейде көріп отырғаным кино ма, әлде жас жұбайлардың Love Story видеосы ма деп қалдым.

Әу баста екі кейіпкердің өмірлік мотивациясы айқындалып берілгендей еді: бойжеткен көп табыс тапсам дейді, оған арманнан гөрі ақша қажет. Бұл пайдақұмарлық емес, тұрмыстың мәжбүрлігі еді. Ал жігітке материалдық құндылықтан бұрын арман маңыздырақ. Жанр заңдылығы бойынша, бір-біріне кереғар екі ұстаным кейіпкерлердің әрі қарайғы іс-әрекетіне әсер етіп, екеуара қарым-қатынастың өміршеңдігіне сынақ болуға тиіс еді. Алайда екеуінің басына түскен сынақ мүлдем күтпеген бұрыштан (тура әрі ауыспалы мағынада) атып шығады. Осы жерде мотивация бір шетке ысырылып қалды. 

Мұның қасында «Qaitadan» драмасындағы жанрлар тоғысы орынды көрініп еді. Кейіпкердің мотивациясы да анық әрі бірізді жүрді. Оның үстіне фильмнің өзі жанр тұрғысынан Қазақстан киносы үшін сирек құбылыс болды.

Ал режиссердің екінші жұмысында жанрлар эксперименті бір ізбен келе жатқан сюжеттің атмосферасын басқа арнаға бұрып, көрерменді тәтті ұйқыдан шошып оятқандай күйге салып қояды. Корей дорамасына тән сүйкімді мезеттерге елітіп отырып, кенеттен қатыгездікке толы әлеуметтік хоррордың ортасына топ етесің. Мұның бәрі белгілі бір түйінге әкелсе, ой түюге лайық қисынды финалға жеткізсе жанрлар аттракционын ақтап алуға болар еді. Өкінішке қарай, мұның бәрі эксплуатация сияқты көрінеді. Жанрларды тартымды элементтеріне бола пайдаланған, сүйкімді және қатыгез көріністерді «уау эффект» үшін қолданған. 

Кинозалда отырғандардың дені студент қыздар мен қол ұстасқан ғашықтар екен. Фильм аяқталғанда кейбірі алған әсерін талқылап сыртқа беттеді, кейбірі көңіліп босап, отырып қалды. Авторлар аудиторияның осы тобын көздеген болар деп түйдім. Романтикалық үзінділерін «ТикТоктан» күтіңіздер.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
8 главных фильмов «Сандэнса» 2026
Культура
#кино
8 главных фильмов «Сандэнса» 2026
Журналисты Казахстана требуют сохранить свободу слова в Конституции
Ликбез
#общество
Журналисты Казахстана требуют сохранить свободу слова в Конституции
Смотрим трейлер «Приключений Клиффа Бута» — спин-оффа «Однажды в… Голливуде»
Культура
#кино
Смотрим трейлер «Приключений Клиффа Бута» — спин-оффа «Однажды в… Голливуде»
От Тарантино до Спилберга: какие трейлеры показали на «Супербоуле-2026»
Культура
#кино
От Тарантино до Спилберга: какие трейлеры показали на «Супербоуле-2026»
Bad Bunny выступил на «Супербоуле-2026». Как это было?
Культура
#музыка
Bad Bunny выступил на «Супербоуле-2026». Как это было?