Bölme — Аида Әділбек, Нұрбол Нұрахмет, Нафисат Ермағамбетова мен Эльвира Бакубаева бастаған білім беру жобасы. Мұнда жас суретшілер мен дизайнерлер дәстүрлі материалдармен жұмыс істеуді үйреніп, оларды заманауи өнерде қалай қолдануға болатынын зерттейді.
Жобаның бір міндеті — қазақтың дәстүрлі өнерін сақтап қана қоймай, оның бүгінгі өнермен байланысын күшейту. Яғни студенттер тек киіз басуды немесе қыш жасауды үйреніп қоймай, осы материалдардың көмегімен жаңа форма, тың идея іздейді.
Солдан оңға қарай Эльвира Бакубаева, Нафисат Ермағамбетова, Нұрбол Нұрахмет және Аида Әділбек. Фото: Bölme мектебі
Суретші әрі қолөнерші Күлжахан Оңғарова студенттер жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алғанымен, кейде өз орнын таба алмай, қандай суретші болғысы келетінін түсінбей қалатынын айтады. Университеттер бекітілген стандарт бойынша білім берсе, Bölme жобасында адамның жеке дамуына көбірек мән беріледі. Мұнда әр студенттің өз ойы мен айтарын ашып, дамыту маңызды.
— Дәстүрлі тәсілдерді үйретіп, жастардың бойында креатив ойлауды, жаңа көзқарасты қалыптастырамыз. Өйткені әрбірі — қайталанбас тұлға. Арнайы іріктеуден өткен, қызығушылығы жоғары жастармен жұмыс істегеннің нәтижесі мүлде бөлек, — дейді Күлжахан. — Мұндай қысқа мерзімді оқыту жобаларында олар дәстүрлі медиумның түп-тамырымен танысып, жаңа туындылар жасап шығарады. Осындай жобалардың көбейгенін, әрі түлектердің архитекторлармен, дизайнерлермен және құрылысшылармен тікелей байланыс орнатқанын қалаймын. Бұл — түбі ұлттық идеологияға ұласатын өте үлкен бастама.

Қолөнерші Күлжахан Оңғарова мен куратор Аида Әділбек. Фото: Bölme мектебі
Жүн — сан мың мүмкіндігі бар материал
Күлжахан киіз өнері қазір әлемге жақсы танылған дейді. Қазақ дәстүріндегі құнды материалдардың біріне шетелдіктер де қызығады. Жүннен мүсін, киім, төсеніш, жиһаз және түрлі арт-объект жасауға болады.
— Сән әлемінде «Кез келген сән — бұрын болған, қайта айналып келген тарих» деген сөз бар. Мен үшін бұл өнер ұмытылып, менсінбей қалған құнды дүниемізді қайта тапқандай әсер қалдырды. Бұл материалды тағы да зерттеп, дамытып, неше түрлі арт-объектілер жасауға болады, — дейді қолөнерші.
Киіз басу мен гобелен өнерін қатар алып жүрген Күлжахан жүнді кескіндемеде майлы бояудың орнына да қолданады. Бұл материал арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетуге, көпшілікке ой тастап, белгілі бір идеяны жеткізуге болады.
Суретші жүннен тек жерге төсейтін текемет емес, заманауи интерьерге арналған өнер туындылары мен паннолар да жасайды. Мысалы, туындысына қажет түсті шығару үшін жүнді арнайы қазанда бірнеше сағат, кейде бірнеше күн қайнатып, бояудың сіңгенін күтеді.
— Мұндай түстерді базардан сатып ала алмаймыз. Сондықтан түстердің қоспаларын жақсы білуіңіз керек. Суреттің түсі неғұрлым күрделі, көп болса, суретшінің де айтары көп, — дейді қолөнерші.

Күлжахан Оңғарованың «Қауышу» атты туындысы.
Күлжахан жүнді қолдан түту, шыбықпен сабау сияқты дәстүрлі технологияларды ұмытпай, сақтап қалу керек деп біледі.
— Жүн — суықтан да, ыстықтан да қорғайтын, ауа өткізетін табиғи материал, жерге зиян келтірмейді, — дейді қолөнерші. — Күйе жеп қоймаса, жүз жылдан астам сақталады. Киіз басу процесі — адамның бойын тазалап, ерекше қуат беретін өнер. Физикалық тұрғыдан да денсаулыққа пайдасы мол. Яғни жерде отырып жұмыс істегенде тізені шынықтырып, арқаны тік ұстауға көмектеседі. Әр қазақтың үйінде бір текемет, сырмақ төселіп тұру керек деп санаймын. Қолөнершілерімізге қолдау көрсету үшін кез келген жұмысын сатып алу дәстүрін қалыптастыру қажет. Бірақ қазір ауылда текемет баспайды.
Күлжахан елде киіз өнері дамып, туындылардың бағасы тым қымбат болмауы үшін мемлекеттің қолдауымен жүн өңдейтін фабрикалар ашылып, гранттар бөлінуі керек деп есептейді. Оның пікірінше, қазақтың дәстүрлі киізі мен кілемдері көркемдік құны жағынан әлемдік аукциондарда сатылатын қымбат картиналардан кем түспейді.
Саз бен қыш
Суретші, қыш шебері Алтынай Байжанова Қазақстанда, оның ішінде Алматыда қыш өнеріне деген көзқарас қатты өзгергенін байқайды. Жұрт масс-маркет ұсынатын коммерциялық жұмыстардан жалыға бастаған, қазір адамдарға қолдан жасалған бірегей туындылар қызығырақ.
— Мен қыш бұйымдарды дайын қалыпқа құймай, тек қолмен жасаймын. Соның арқасында әр туынды қайталанбайды, шебердің қолтаңбасы сақталады. Қышты кез келген табиғи материалмен — ағашпен, металмен үйлестіруге болады. Қыш пен киіз — текстурасы әртүрлі болғанымен, оларды боямай-ақ, табиғи күйінде қолдансаң, екі материал бір-бірін толықтырады, — дейді суретші.

Қыш шебері Алтынай Байжанова мен суретші Нұрбол Нұрахмет. Фото: Bölme мектебі
Алтынай қыштың Қазақстанда тек өнер ретінде емес, шикізат өндірісі жағынан да дамыса екен дейді. Керамистерге елде өндірілетін сапалы шикізат пен материал қажет. Қазақстанда Екібастұз бен Қапшағайдан шығатын саз бар, оларды жергілікті студиялар да қолданады. Бірақ бұл саз төмен температураға ғана шыдайды. Сондықтан шеберлер кей материалды Түркия, Германия, Франция мен Испаниядан тапсырыс беруге мәжбүр.
— Қыш біздің тарихымызда бұрыннан бар, оған көне әшекейлер мен музыкалық аспаптар дәлел, — дейді суретші. — Қыш арқылы ұлттық болмысымызды танытуға болады. Көбі оны тез сынып қалатын материал дейді. Бізде қыштың жай сан қуалап, жаппай шығарылғанын емес, сапалы өнім ретінде дамығанын қалаймын. Арт-объект, ыдыс-аяқ немесе сувенир болсын, бастысы, сапалы болуы керек.
Алтынай қышты экологиялық таза материал деп біледі. Қазір бизнес те оған біртіндеп бет бұра бастаған. Бұрын Алматыдағы ресторандар ыдыс-аяқты Ресей мен Қытайдан тапсырыспен алдырған. Пандемиядан кейін, одан соң соғыс басталғаннан кейін Ресейде шикізат тапшы болып, тасымал азайған. Оның үстіне, жолда тез сынып қалатын қышты сырттан тасыған тиімсіз.

Алтынай Байжанованың «Алқа» атты туындысы.
Суретші қазір өз жұмыстарында қазақ мәдениетіндегі таныс нышандарды жаңа пішінде қолданады.
— Туындыларымда алқа, торсық сияқты қазақы нышандарды, өзім жақсы түсінетін дәстүрлерді жаңаша жеткіземін. Мұны уақытша тренд немесе сұранысқа икемделу үшін істемеймін. Бұл нәрселер бала күннен бойыма сіңген, — дейді Алтынай.
Қазір интерьер дизайнерлері жергілікті суретшілермен және шеберлермен жұмыс істеуге қызығып, жобаларына қазақтың дәстүрлі керамикасын жиі енгізіп жүр. Алтынай қышты дәстүр мен қазіргі өнердің арасын жалғайтын құралдардың бірі деп көреді. «Ұлттық мәдени код сақталмаса, өнердегі өзіндік стиль де жоғалуы мүмкін».
Қышты үйренуге не кедергі?
Алтынай қышпен алғаш айналыса бастағанда Қазақстанда материал да, арнайы дүкендер де аз болған. — Саусақпен санарлық студия бар болатын, сонымен қышты зерттеу жолымыз аяқталатын, — дейді қыш шебері.
Бұл салада гендерлік стереотип те болған. Кей керамист оған бұл мамандық әйел адамға арналмағанын, мұны «ер адамның жұмысы» деп айтқан.
— Барселонадағы тәжірибе кезінде әйелдердің үлкен қыш мүсіндерді істеп жатқанын көрдім. Олар маған бұл өнерде физикалық күш емес, дұрыс әдіс маңызды деп айтты, — дейді ол. Қазір де көп адам бұл мамандыққа түскісі келмейді. Оның бір себебі — елдегі оқу орындарында материал мен құрал-жабдықтың аздығы.

Фото: Bölme мектебі
Пештердің көбі совет заманынан қалған, кей оқу орындарында қыш станоктары жоқ. Соның салдарынан академия түлектерінің дипломдық жұмысы көбіне саз балшықпен шектеледі. Студенттер ангоб, сырлау, химиялық процестерді толық меңгермей, эксперимент жасауға мүмкіндігі аз болады.
— Қыш — өте қымбат әрі тәуекелі көп сала. Сапалы құрал-жабдықтары мен арнайы пештердің бағасы жоғары, — дейді Алтынай. — Пешті ашқанға дейін жұмыстың қалай шығатынын білмейсің, кейде миллиондаған шығынға батуың да мүмкін. Соған қарамастан, мамандығын өзгертіп, қыш саласына біржола бет бұрып жатқан жандар да бар.
Дайын үлгіден бас тарту
Bölme мектебіндегі сабақтарда студенттерге дайын үлгіні қайталау емес, материалды өз бетінше зерттеу ұсынылған. Студенттер алдымен кез келген үлгілерден, біреуге еліктеуден немесе дайын үлгілерден толықтай бас тартқан. Олар саздың өзін, оның қасиетін, күйдіру кезінде қалай өзгеретінін түсінуге тырысқан.
— Қыш — ол ең алдымен ғылым, содан кейін барып өнер. Оның физикалық, химиялық заңдылықтарын білуің керек, — дейді Алтынай. Саз адамның көңіл-күйін де бірден сезеді дейді ол. Ойың шашырап, мазасызданып тұрсаң немесе күнделікті күйбеңнен шыға алмасаң, туынды бірден шыға қоймайды. Студенттердің арасында да жасаған жұмысын бірнеше рет бұзып, қайта бастағандар болған.

Фото: Bölme мектебі
— Біздің студиялар мен мектептерде мұндай формат бұрын-соңды болмаған. Студенттердің жұмысын күйдіріп, пештен аман-есен, бүп-бүтін шыққанын көргенде таң қалдым. Олардан жеке көрме ұйымдастыруға болады! Жастар материалдан, қателесуден қорықпады. Бұл жоба суретшілерге іштегі үрейді жеңіп, материалмен шынайы тандемде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Әр туындыдан суретшінің ойы көрініп тұрды. Біз Еуропаға немесе басқаға әдейі еліктей алмаймыз, себебі дәстүрді өнер арқылы жалғастыру идеясы қанымызда бар. Соны этника арқылы мәдени кодымызды келешекке жеткізу — маңызды міндет, — дейді суретші.
Bölme-дегі сабақтардың бірінде Күлжахан студенттермен бірге Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде тұрған текеметтің көшірмесін жасаған. Музейдегі жұмысты сырттай көргенде оның қалай жасалғанын толық түсіну қиын. Шебердің күйін, сезімін және материалмен қалай жұмыс істегенін сезіну үшін оны өз қолыңмен жасап көру керек.

Фото: Bölme мектебі
— Текеметті таңдаған мақсатым — студенттерге заманауи суретшінің киізбен жұмыс істеген кезде еркіндікті сездіру болды. Мұнда қарындашпен дәл сызып, нақты бір жерге нүкте қою деген жоқ, — дейді қолөнерші. — Адамның даусы сияқты, әр суретшінің де қайталанбас қолтаңбасы, ырғағы болады. Қарындаштың орнына жіңішке оралған жүннен бірден сурет салады. Бір күн текеметтің салмасын салдық. Бұл жұмысқа 20 шақты студент қатысты, әрқайсы өз бөлігін өзінше істеді, бір-біріне қарауға мұршасы болмады. Нәтижесі ойлағанымыздан да асып түсті.
Бұл тәжірибенің мәні музейдегі жұмысты дәлме-дәл қайталап шығу ғана емес. Студент дәстүрлі техниканың қалай жұмыс істейтінін өз қолымен сезіп, кейін оны өзінің көркем тіліне айналдыра алады.
Өнер арқылы дәстүр жалғау
Жүн мен саз — қазақ мәдениетінде ғасырлар бойы қолданылған материалдар. Бірақ Bölme мектебінің ұстаздарына дәстүрді сақтау деген — бұрынғы бұйымдарды сол қалпында қайта жасап шығу емес.
Күлжахан дәстүрлі тәсілдерді ұмытпай, олардың мүмкіндігін жаңа өнерде пайдаланғанды маңызды санайды. Жүннен тек текемет емес, өнер туындысын, панно, мүсін мен арт-объект жасауға болады. Алтынай да қыш арқылы ұлттық болмысты жаңаша жеткізуге болады деп есептейді. Ол туындыларында алқа, торсық сияқты таныс нышандарды қолданғанымен, оларды бұрынғы күйінде көшірмейді.

Фото: Bölme мектебі
Екі суретші де жастардың дайын үлгіні қайталағаннан гөрі материалды түсініп, тәжірибе жасап, өз қолтаңбасын тапқанын маңызды санайды.
Осы тұрғыдан Bölme-дегі сабақтардың мақсаты — тек киіз басатын не қыш жасайтын шебер дайындау емес. Жоба дәстүрлі материалдың тарихын білетін, бірақ оны қазіргі өнердің тілімен сөйлете алатын жас суретшілерге мүмкіндік береді.
