Димаш туралы кітап
Биыл мамырда Швейцария азаматшасы Эстер Ульман қазақ және ағылшын тілінде «Димаш Құдайберген және Қазақстан: менің өмірімді қалай өзгертті?» деген кітап жазып, Алматыда тұсаукесерін өткізді. Автор кітапта Қазақстанға алғаш сапарлап келген сәтін, қонақжайлылығы мен ұлттық салт-дәстүрлері туралы жазған.
Эстер Димаштың өнерімен пандемия кезінде танысып, әндерін тыңдап, мағынасын түсіну үшін қазақ тілін үйренген. Ол әлеуметтік желідегі парақшасын белсенді жүргізеді, фото-видеоларына қазақша әндер қояды, мәтіндерін де қазақ тілінде жазады.
Эстер Ульман мен Димаш Құдайберген. Фото @esther_uhu парақшасынан алынды.
Мерекелер сайын құттықтаулар жариялап, Швейцарияда өтетін Қазақстанға қатысты шараларға үнемі қатысады. Мысалы, Наурыз мерекесін тойлап, Бернге барған қазақтарды қонақ етеді, қазақтың ұлттық киімін киіп, әшекейлерін тағады. Тіпті Қазақстанға бірнеше рет саяхаттап келген.
Эстердің оқиғасы әдеттегі фанаттың әртіске деген ессіз қызығушылығын емес, Dears фандомының ерекшелігін көрсетеді.
Аты шыққан Димаш
2017 жылы Қытайда өткен «I Am a Singer» байқауы Димаштың өнер жолында бағын ашып, танымалдық әкелді. Оның вокал диапазоны, орындау шеберлігі, әдемі даусы көрерменді тәнті еткен. Байқау кезіндегі видеолары миллиондаған қаралым жинап, әлеуметтік желідегі фанаттарының саны өсті. Димаш бұл конкурста екінші орын алғанына қарамастан, сол жылы Қытайда «Азияның ең танымал әншісі» атанды.
Байқаудан соң Димаш Қазақстанда, Қытайда, Ресейде, АҚШ-та өткен түрлі шоу мен концертте өнер көрсетіп, жаңа марапаттарға ие болды. Қазақ, қытай және орыс тілдерінде әндер мен бейнебаяндар шығарып, жұртты тамсандырды. Әлемдік турнеге шығып, жеке концертін өткізгенде фанаттары қолына «Dimash» деп жазылған плакаттар ұстап, басына «Dear» деген жазуы бар әшекей тағып, ерекше көзге түсетін.
Азия, Латын Америкасы, Еуропа елдеріндегі тыңдарманы әлеуметтік желілерде фан-парақшалар ашып, әртістің жаңалықтарын өз тілінде бөлісіп, Димаштың танылуына ықпал етті. Әртістің арқасында жанкүйерлері қазақ тілін үйренуге, мәдениетін танып-білуге қызыға бастады. Осылайша оның фан-базасы Қазақстан мәдениетін әлемге жеткізетін мәдени қозғалысқа айналды.
Мәдени байланыс
Димаштың қазақ тіліндегі әндерінде домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптардың үні бар. Концерттерінде домбыра тартып, қазақ күйлерін орындайды. Румыния, Мексика, Коста-Рика, Германия сияқты елдердегі жанкүйерлері оның өнеріне қызығып, домбыраны үйрене бастаған.
Биыл 14 қарашада Димаш «STRANGER» туры аясында Германия астанасында концерт берген. Әртісті Берлин-Бранденбург әуежайында ондаған жанкүйері құшақ жая қарсы алды. Арасында Чилиден барған Андреа Луэнго «Ерке сылқым» күйін тартып, бәрін тамсандырды. Димаш пен әкесі Қанат Айтбаев Андреаға домбырасының құлағын келтіріп беріп, кейін күйді тағы бір мәрте қосыла шертті. Андреа — Димаштың алты жылдан бергі фанаты, қазақтың әртүрлі күйін меңгерген, әртістің «Дайдидау» әнін де домбырада шырқай алады.
Домбыра күніне орай Мадридте жиналған Димаштың жанкүйерлері. Фото: dimashnews.com
Домбыра күні Қазақстанда өтсе де, Димаштың Мадридтегі және Куала‑Лумпурдегі жанкүйерлері биыл өз елдерінде ұйымдастырылған шараларға қатысқан. «Димаштың әндерінің арқасында қазақ халқының тарихын оқып, зерттей бастадым» дейтін жанкүйерлер көп. Димаш оннан аса тілде ән айта алады, дегенмен шетелдегі қолдаушылары оның қазақша әндерін ерекше жақсы көреміз дейді.
Димаштың Қазақстандағы тыңдарманы да шетелдегі фанаттардың өнеріне сүйсіне қарап, «тілімізге, дәстүрімізге, музыкамызға деген құрметіңізге рақмет!» деп алғыс айтады.
2022 жылы Димаштың Алматыдағы концертіне 30 мың көрермен қатысқан. Чехия, Мексика, Дания, Словакия және өзге де алыс-жақын шетелден мыңдаған жанкүйері келген еді. Кейбірі Димаштың туған қаласы Ақтөбеге саяхаттап, әртістің өмірі мен шығармашылығына байланысты орындарға барған. Бұдан бөлек, Көлсай, Шарын шатқалы сияқты Алматы маңындағы көрікті жерлерді аралаған. Димаштың халықаралық ықпалы осылай Қазақстан экономикасына әсер етіп отыр. Жыл сайын Димаш үшін Қазақстанға келетін фанаттар саны көбейіп жатыр, бұл елде туризмнің жаңа бағыты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Фандом ауызбіршілігі
Dears әлеуметтік желілерде Димаштың сұхбаттарын аударып, әртіс қатысқан іс-шаралар туралы үнемі хабарлап отырады. Осы арқылы сүйікті әртістерін жаңа аудиторияға таныстырады. Фанаттар Димаштың әндерін стриминг платформалардан тыңдауға және YouTube-тегі клиптерінің қаралымын көбейтуге шақырады, бір-біріне мұны қалай жасау керек екенін үйретеді.
Мұның бәрі музыкалық чарттарда есепке алынып, марапаттар алуға әсер етеді. Ресми платформаларда ән көп тыңдалса, әртіс одан жақсы табыс табады. Бұған қоса, Dears өз еліндегі радиоларда Димаштың әндерін жиі қосуға, оның шығармашылығы туралы көбірек айтуға күш салады.

Димаштың Польшадағы жанкүйерлері. Фото: dimashnews.com
Жақында Димаштың Испаниядағы концерті қарсаңында Чили, Коста-Рика, Аргентинадан барған жанкүйерлер Барселонадағы L’Arc de Triomf алдында «Tau Ishinde» әніне би биледі. Оңтүстік Америкадан келген фанаттар үстіне Қазақстан мен Чили туы бар жейде киіп жүрген.
Осылайша Димашқа деген сүйіспеншілік олардың басын қосты. Бұдан бөлек, жанкүйерлер сол жерде кездестірген қазақтармен бірге әнұранды шырқаған. 2024 жылы Жаңа жыл мерекесі кезінде Димаш Қазақстанның әнұранын орындаған еді. «Dears — жай ғана фандом емес. Бұл — жүрегі бейбітшілік, достық пен музыка деп соғатын отбасы» деп жазды Чили фанаттары әлеуметтік желіде.
Концерт алдында 50 елден келген 700-ге жуық жанкүйер жиналып, Dears кешін өткізген. Мұндай кездесулер олар үшін дәстүрге айналып кеткен. Шараға Димаштың ата-анасы Қанат және Светлана Айтбаевтар, команда мүшелері қолдап барады.

Барселонадағы Dears кеші. Фото: dimashnews.com
Биыл Бразилиядағы жанкүйерлер Димаштың туған күніне орай «Dimash жолда» деген жоба ұйымдастырды. Олар Форталеза қаласында жүретін автобусқа әртістің суретін жапсырып, «Әлемдегі ең ғажайып дауыс!» деп жарнамалаған. Варшавадағы жанкүйерлер Польша ғылым академиясының ботаника бағында Димаштың құрметіне арнап алмұрт ағашын отырғызған.
Бұдан бөлек, шетелдегі жанкүйерлер өз елінде әртүрлі қайырымдылық іс-шара өткізеді. Мысалы, биыл Мексикадағы фанаттар су тасқынынан зардап шеккен Веракрус тұрғындары мен Халықаралық көші-қон ұйымына қолдау көрсетіп, шамамен 458 АҚШ долларын жинаған. Испаниядағы фан-клубы қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай Димаштың атынан церебрал сал ауруы диагнозы қойылған және еркін жүріп-тұра алмайтын балалар мен жасөспірімдерге қолдау көрсететін Aenilce қорына 1200 еуро аударған. Болгариядағы жанкүйерлері Роман қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын өткізіп, арт-терапия сабағында Димаштың әндерін қосқан. Фан-клуб мүшелері «Димаш — біз үшін тек көрнекті әртіс емес, жүрегі кең адам. Біз одан үлгі алып, ерекше мұқтаж жандарға көмектесуге тырысамыз» дейді.

Мехикода қайырымдылық акциясын өткізген Димаштың жанкүйерлері. Фото: dimashnews.com
Жақында БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымы Димашты дүниежүзіндегі ізгі ниет елшісі деп таныды. Ол «мейірімділік пен жанашырлықты насихаттап, барлық қауымдасты біріктіруге үлес қосқым келеді» деді.
Димаш феномені
Музыка сыншылары Димаш феноменін ең алдымен оның бірегей вокалымен байланыстырады. Оның 6 октавадан асатын диапазоны, академиялық опералық техника мен заманауи поп-вокал элементтерін, сондай-ақ дәстүрлі халықтық орындау мәнерін еркін үйлестіре алатыны көпті таңырқатады. Оның төменгі баритоннан ысқырықты регистрге дейінгі күрт ауысуларындағы интонациялық тазалық пен тыныс алуды бақылау шеберлігін адам мүмкіндігінің шеті деп бағалап жатады.
Дегенмен Димаштың танымалдығының сыры тек мінсіз вокалында емес, этномәдени бірегейлігінде де жатыр. Ол батысқа тән шоу-бизнес стандарттары мен шығысқа телінетін рухани тереңдікті тоғыстыра білді. Фанаттар Димаш феноменін табиғи дарын, академиялық білім мен тұлғалық харизманың сирек кездесетін симбиозы деп таниды.
Димаштың сахнадан тыс адам ретіндегі қарапайымдылығы мен гуманистік ұстанымдары әртіс образы «коммерциялық өнім» емес, «шынайы өнер иесі» образын қалыптастырып, жанкүйерлердің сенімін нығайта түседі.
Димаш Құдайберген Латвиядағы концертінде. Фото: dimashnews.com
Жақында Димаштың Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон, Берлин, Ригада өткен концерттерінде жанкүйерлер әртістің қазақша әндерін хормен шырқап, үлкен қолдау көрсетті.
Осылайша Dears арқылы Қазақстанның «жұмсақ күші» таралып жатыр. Олар — жай тыңдарман емес, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтатын белсенді әрі маңызды фандом.
Мұндай трансұлттық, көптілді, мәдени миссияны өз еркімен атқаратын фандом қазіргі уақытта басқа ешбір қазақстандық әртісте жоқ.


