«Тіл үшін күрес»
Ақдидар: Шах-Мұрат, дубляж саласына кездейсоқ тап болдыңыз ба, әлде ұзақ дайындалып келдіңіз бе?
Шах-Мұрат: Бала кезде теледидардан, кассеталардан орысша дыбысталған Disney туындыларын көріп, әлемдік киноға, сапалы дүниеге, синхронды дубляжға қызығушылық басталған. Өкінішке қарай, ол кезде қазақша дубляж болмады, ол арманымызда қалып кеткендей болды.
2011 жылы кинотеатрға арнап алғаш рет қазақ тілінде дубляж жасалған «Көліктер-2» фильмі шыққан кезде Қазақстанға жаңа леппен сапалы дубляж келгенін сездім. Бірақ бұл жобаға қатыса алмадым. 2010 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін «Театр және кино актері» мамандығы бойынша тәмамдаған соң Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры театрында қызмет етіп жүрдім. Ал бұл фильм Алматыда дыбысталды.
2015 жылы дубляж Астанаға көшіп, «Жұлдызды соғыстар» фильмінде бас рөлді дыбыстадым. Осы салаға ғашық болып қалдым да, содан бері ажырамадым. Қазірге дейін шамамен 50 шақты фильмнің дубляж режиссері болдым. Оның ішінде «Галактика сақшылары-2», «Өрмекші адам: қайта оралу», «Коконың құпиясы», «Мұзды өлке 2», «Мулан» фильмдері бар.
Ақдидар: Осынша жұмыс істеп, ақырында қазақша дыбысталған фильмдерге ұсыныс та, сұраныс та аз екенін көргенде қандай күй кешесіз?
Шах-Мұрат: Дубляж саласында жүрген 8-9 жылда неше түрлі тараппен алысып, арпалысып, ұрысқа дейін бардық. Кей министрмен сөзге келіспей қалған сәттер де болды. Сұраныстың аз болғаны мені қынжылтады. Студияда не болып жатқанын көп адам білмейді, бірақ бұл — күрделі процесс. Шетелдік компанияның алгоритмі бойынша жұмыс істеу үшін сол жүйеге бағынамыз, үйренеміз. Көрермен де кінәлі емес. Көрермен фильм туралы естімесе, көрмесе, сенім артпаса, бізге ауыр тиеді. Себебі оған қанша күш жұмсалды.
Осы сәтте медианың қолдауы аса маңызды. Елге танымал подкастар бар, бірақ бірде-бірі мұндай тақырыпты қозғауға батпайды. Өйткені ол хайп тақырып емес. Бұл қазақ тілі үшін, халық пен балалар үшін істеліп жатқан дүние екенін көп адам түсіне бермейді. Медиа саласындағы мықтылар бұл тақырыпты ашса екен деймін.
Біз де фильм дубляжына танымал әртістерді шақырамыз, олар әлеуметтік желідегі парақшасында айтқан соң оқырмандары бұл туралы естиді. Көрермен көп естісе, жақсы жасалған фильм ары қарай өзі-ақ танылып кетеді.
Ақдидар: Фильмді жарнамалаудың бір жолы ретінде маркетиңді айтайықшы. Қазақша дубляждалған фильм прокатқа шығарда тіл жанашырлары жаппай кинотеатрға шақырып жатады. Оларды онсыз да фильмді қазақша көретін, қазақша тайдайтын адамдар оқиды, көреді. Қалың көрерменге бұл науқан жете ме? Қазақша сеансқа бару жаппай сұраныс емес, шағын топтың бастамасы сияқты көрініп қалып жатады, өкінішке қарай…
Шах-Мұрат: Меніңше, бұл қате түсінуден болған нәтиже. Өйткені біз жаңа нәрсе ұсынып жатқан жоқпыз, бұрыннан келе жатқан қазақ тілі туралы айтып жатырмыз.
Біз ешкімді қинамаймыз. Бұл туралы мейлінше тіл мүддесін қорғайтын адамдар айтады. Әрқайсының тәсілі әртүрлі, біреуі бетіне басып айтады, екіншісі жұмсақ түрде жеткізеді. Тіл үшін күрес бізде қашан да болған, Ресейдің боданында болған мемлекетпіз, бұл — соның нәтижесі.
Қазақша дубляжды қолдау, қорғау біреуге хайп болып көрінуі мүмкін, меніңше, бұл — күресудің бір тәсілі.
Түйіннің шешімі қандай
Ақдидар: Мамыр айында Disney студиясының «Лило мен Стич» фильмі прокатқа шықты, Ticketon сайтының мәліметінше, фильм үш аптада 180 млн теңгеге жуық касса жинаған. Бұл көрсеткіш көңіліңізден шықты ма?
Шах-Мұрат Ордабаев: Жаман емес. «Лило мен Стич» — отбасылық фильм. Көрерменнің көбі демалыс күндерін сауда орталықтарында балаларымен өткізіп, белгілі бір уақытын кино тамашалауға арнайды және қазақша дыбысталғанын да таңдап жатыр.
«Сұраныс артқан жоқ» деп те, «қазақшасы орысшасымен текетіресіп келе жатыр» деп айту да дұрыс емес. Бірақ ол көрерменнің қазақша таңдамағанына емес, қазақ тіліндегі сеанстың орысшасына қарағанда азырақ болғанына байланысты. Сеанстар теңдей болса, көрермен оған көбірек үйренер ме еді.
Ақдидар: Кинотеатрлар қазақша сеансты аз қояды деген сын бар. Олар сұраныс аздығына сілтейді. Сіз қазір сеанстар теңдей болса, көрермен үйренер еді деп отырсыз. Бұл тұйық шеңберден шығатын жол бар ма?
Шах-Мұрат: Кинотеатр — жеке бизнес, ешкімге тәуелді емес. Сондықтан олар өз табысын көздейді, өзіне қолайлы деген жолды таңдайды. Қазақша дубляждалған фильмдер табыс таппайтындықтан оған сенбейміз деген уәж айтады. Орысша көп қойсақ, залдар толы болады, шығынымызды жаба аламыз деп ойлайды.
Қазақша сеанстар көбірек қою үшін тілге деген сенім, патриоттық рух, романтикалық сезім басым болуы керек. Ал кәсіпкердің ондай тәуекелге баруы қиын.
Елде кинотеатрлар фильмді қазақша қоюға міндетті деп ашуланып, талап етіп жатқандар да аз емес. Мұны бір жағынан қолдайсың, өйткені тілге жаның ашиды. Ортақ шешім табу қиын, сондықтан бұл мәселеге үкімет қосылуы керек.
Билік кинотетарларға қазақ тіліндегі жобаларды көп көрсеткені үшін салық жағынан жеңілдік берсе болады. Сонда бизнес те қылқынбайды, есесіне сол уақытта көрермен де қазақша көруге үйреніп кетуі мүмкін. Бұл тәжірибені Еуропа елдері қолданған, бұл өз тілінің айдентикасын сақтауға, ағылшын тілінің боданынан құтылуға құрал болды. Мұны мәдениет және ақпарат министрлігі ұсынса, қаржы министрлiгi қолдауы да мүмкін.
Ақдидар: «Көп жыл бойы Ресейде орысша дубляждалған шетелдік фильмдерді көріп, соған үйреніп алғанбыз, қазақша дубляждалған Голливуд фильмдерін көріп үйренуге де уақыт керек шығар» деген пікір айтылады. Бұған не дейсіз?
Шах-Мұрат: Бұл пікір де орынды. Себебі әр адамның темпоритмі бөлек, дубляжды бірден қабылдайтыны бар, қабылдамайтыны бар. «Көш жүре түзеледі» дейді. Мысалы, фильмнің бірінші маусымындағы дауыс екінші маусымда өзгеріп кетсе, кейбір адам жатырқап қалады. Бірақ сүйікті кейіпкері болса, ары қарай көре береді, құлағы да үйреніп кетеді. Адам соғысқа да, аштыққа да үйренген. Біз көп нәрсеге бейімделе аламыз.
Қазақша дубляж ағылшын тілін білмейтін, қазақша сөйлейтін, қазақша кітап оқитын, қазақша видео түсіретін блогерді көретін, қазақша подкаст тыңдайтын көрерменге жасалады. «Ағылшын тіліндегі түпнұсқасымен салыстырдым, бұл маған ұнаған жоқ» дейтін көрермен пікіріне құрметпен қараймын, көп рақмет. Бірақ олар дубляждың көзделген аудиториясы емес. Негізгі аудитория — қазақша сөйлейтін көрермен.
Сондықтан оған тек қазақша сөйлейтін адамдардың белгілі бір диалекті, одағай дыбыстары, әзілдері мен әндері қосылады. Оны сол атмосферада жүрген адам бірден қабылдайды, жатырқамайды. Өйткені дубляж көзделген аудияторияға дөп түседі.
Disney-дің мүддесі
Ақдидар: 2022 жылы Мәскеу Украинаға соғыс ашқаннан кейін Disney, Warner Bros., Universal сияқты Голливуд студиялары Ресейден кетті. Бұрын Қазақстан орысша жасалған дубляжды тікелей Ресейден алатын. Енді олар Грузияда (Universal Pictures, Warner Brothers және тағы басқалары), Қазақстанда (Walt Disney, Sony Pictures) жасалып жатыр. Бұл ел ішіндегі нарыққа қалай әсер етті?
Шах-Мұрат: Құндылығы жоқ, арзан, дарақы, дала театрының форматындағы қазақша фильм өте көп шығып жатыр. Қазақша дубляждалған фильмдердің көп көрілуіне орысша дыбысталған фильмдер емес, қазақша сапасыз фильмдер кедергі келтіріп отыр. Меніңше, сондай фильмдердің авторлары ойналанатын кез келді. Кино — ой салатын құрал. Сондықтан қазақ тілінің бай екенін, икемді әрі заманға сай екенін көрсетуіміз қажет.
Ертеңгі күйіміз қандай боларын ешкім білмейді, бірақ қазақ тілі тек өзімізге керек. Сондықтан оны қорғауымыз қажет. Халық солай ойласа, қабылдаса, қазақша дубляждалған фильмдер де бәсекеге түсе алатын болады.
Ақдидар: Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева былтыр қазақ тіліндегі киноконтентті көбейтуге жыл сайын 15 шетел фильмін дубляждауға 443 млн теңге бөлінеді деген еді. Балаеваның сөзінше, 2023-2024 жылдары заңнамадағы қатаң талаптарға және конкурс рәсімінің ұзақтығына байланысты шетел фильмдерінің дистрибьюторлары конкурс іріктеуіне қатыспады, дубляжға бөлінген қаржы бюджетке қайтарылған. Министрдің уәжіне не айтар едіңіз?
Шах-Мұрат: Министрлік Қазақстандағы топ прокаттаушы компанияларды дөңгелек үстелде басын қосып, «бізде дубляжға ақша қарастырылған, жоба ұсыныңыздар, мықты фильмдерді қазақша дыбыстайық» деп, етене жұмыс істесе, серіктестік пайда болады.
Ал конкурс арқылы іздейік десе, компанияларға оның қажеті жоқ. Олар орысша фильм көрсетіп-ақ күнін көріп жатыр. Мәдениет министрлігі басқарушы орган ретінде шетелдік компаниялармен тікелей байланысқа шыға алады. Сайтта конкурс жариялап қана қою жеткіліксіз. Мұнда ескі бюрократияның ережесін бұзып, жаңа коннект тәсілдерін қолдану керек.
Ақдидар: «Ойжұмбақ-2» — алғаш рет Disney компаниясының қаражатына қазақша дыбысталған фильм. Бұған дейін қазақша дубляждалған жобаларды «Болашақ» корпоративтік қоры, мәдениет және спорт министрлігі қаржыландырған. Былтыр осы анимациялық фильмнің көрсетілімі кезінде Disney-дің Қазақстандағы дистрибьютері «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко Disney фильмнің қанша касса жинағанына ғана қарамайды, медиада, әлеуметтік желіде қалай талқыланғанына да назар аударады деді. Қазір әлемдік компаниямен жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?
Шах-Мұрат: Disney танымал бренд болған соң қаржыны ғана көздемейді, оларға беделі де маңызды. Қазақстанда Disney-ге көзқарас оң болған сайын, олар да нарыққа кіруге мүдделі болады.
Олар қазақ тіліндегі дубляжды жасау үшін әжептәуір тәуекелге барды. Оны бір жылдық тест деп қалдырмады, ұзақ жол картасын жоспарлады. Disney Қазақстанды әлі зерттеп жатыр, фильмдердің рейтингін қарап, олар жайлы мақаланы оқып, көрерменнің қызығушылығын анықтайды. Соған қарай келер жылға тағы жоспар құрады. Әзірше бағытымыз жаман емес. Десе де қызығушылық бұдан да көп болса екен деймін.
Қазір Қазақстандағы дубляж жасайтын студиялар ғана емес, көрермен мен медиа да сыннан өтіп жатыр. Басқа елдер фильмді өз ана тілінде көріп жатса, олардан біздің қай жеріміз кем? Балаларымыз кинотеатрдағы фильмдерді орысша көруге міндетті емес, олардың қазақ тілінде көруге толық хақы бар. Сондықтан ешкімнен қалысқың келмейді.
Disney үнемі ізденісте жүреді, әрдайым жаңа талаптар қояды. Шетелдегі техника бізде де бар, біз кез келген фильмді дыбыстауға дайынбыз. Ілгері келе жатқан осындай компаниялар бізге жігер беріп тұрғандай, солардың соңынан еріп, біз де жаңа тәсілдерді білеміз. Бұл — бізге үлкен мектеп. Дубляж саласын ары қарай жалғастыру үшін артымнан ерген режиссерді де үйретіп жүрмін, процесс оңай емес.
Қазақ тілінің мәртебесін де асыратын, мүддесін де қорғайтын өзіміз ғана. Қазір маған маңызды мәселенің бірі — осы. Әрбір фильмді қазақша дыбыстау арқылы оған титтей де болса үлесімді қосып жатсам бақыттымын.
Ақдидар: Сұхбатыңызға рақмет.