Aged like… «Мұрагерлер» – харассментке толы ескі ертегі

«Мұрагерлер» – Оңтүстік Кореяның романтикалық дорамалардың бірегейі, осы жанрдың классикалық үлгісіне айналған сериал. Он жыл бұрын көрерменге жол тартқан танымал туындыны заманауи көзқараспен талдап көрейік. 

Сценарийін жазған: Ким Ын Сук 

Бас рөлдерде: Ли Мин Хо, Пак Син Хе, Ким У Бин

Махаббат майданы

Кедей отбасынан шыққан Чха Ын Сан есімді сұлу қыз әпкесін іздеп, Лос-Анжелеске аттанады. Америкада оңтүстіккореялық Empire Group компаниясының мұрагері Ким Танмен танысып, екі жас бірін-бірі ұнатып қалады. Көп ұзамай Чха Ын Санның елге қайтатын уақыты жетеді. Артынша Ким Тан да отанына оралып, Чха Ын Сан екеуі үздік мектептердің бірінде оқи бастайды. Мектепте Чха Ын Санға Ким Танның бұрынғы досы Чхве Ен До да сезімін білдіреді. 

Енді Чха Ын Сан қайсын таңдайды? Дорама желісі осы махаббат үштағанындағы тартыс негізінде өрбиді.

Танымалдық сыры

«Мұрагерлер» – нағыз классикалық дорама. Фильмдегі проблематика, кейіпкерлер бейнесінің ашылуы, бай мен жарлы тұрмысын қатар көрсету әдісі – бәрі осы жанр ережесіне мүлтіксіз сай. Махаббат желісі де дораманың таптаурын сценарийі дерсіз: тұрмысы қарапайым қызға бақуатты әрі сымбатты екі жігіт таласады. 

Клише толы сериалдың мұншалық танымал болуына сол кезде атағы дүркіреп тұрған әртістер ықпал еткендей. Ли Мин Хо мен Пак Син Хе он жыл бұрын Hallyu немесе «Корей толқыны» атанып, корей мәдениетінің уәкілдері болды. Олар көрінген кез келген туынды кеңінен танылып жатты.

 

Сценарист үлесі

Бірақ оқиға шебер баяндалмаса, туынды бұлай танылмас та еді. Аты аңызға айналған сценарист Ким Ын Сук ханымның қолтаңбасы да сериалдың танымалдығына әсер еткені сөзсіз.

Ким Ын Сук әлем танитын көп дораманың сценарийін жазған. Оның «Құпия бақ», «Даңқ», «Нұрлы мырза», «Күн мұрагерлері»,«Прагадағы ғашықтар», «Токкеби» сияқты туындылары дорама индустриясының дамуына зор үлес қосқан.  

Оның дорамадағы жолы 2004 жылы шыққан «Париждегі ғашықтардан» басталды. Бірақ картина екі жылдан кейін ғана танылды. 2006 жылы жазушының тасы өрге домалады деуге болады. «Миллионердің алғашқы махаббаты» дорамасының рейтиңі қатты өсіп, мол табыс әкелді. 

Ким Ын Сук көрерменге чебольдер (бір әулетке тиесілі ірі конгломераттар) туралы романтикалық дорама қызық екенін жақсы түсініп, бірнеше сәтті сценарий жазды. Дәулетті отбасылардың өміріндегі қуаныш пен қайғы, махаббат пен жеккөрініш аудиторияға жақсы өтті. «Мұрагерлер» – соның жарқын мысалы. 

Ким Ын Суктың басқа тақырыптағы сценарийлері де жетерлік, әрине. 

Әйелдердің елеусіз рөлі

Бас рөлдердегі ерлердің түр-тұлғасы да, болмыстары да тартымды. Олардың елгезек мінезі, орынды әзілдері мен махаббат жолындағы жанқиярлығы көрерменді бірден баурап алады. 

Әдетте Ким Ын Суктың дорамаларындағы әйел кейіпкерлер орта не өте кедей отбасынан шығады, күнкөріс үшін жұмысқа ерте араласады, болмысы мейірімді әрі ұяң келеді. Осындай бір-біріне ұқсас, өз ерекшелігі жоқ әйелдер арқылы сценарист ер кейіпкерлерді әр қырынан танытады. Яғни, дорамада әйел не қыз бала бас кейіпкер болса да, оның атқаратын рөлі елеусіз, жанама ғана болуы мүмкін.  

Мысалы, «Мұрагерлерде» Ким Тан сүйіктісі Чха Ын Санмен бірге болу үшін саналы түрде есейіп, компания ісіне де, оқуына да жауапкершілікпен қарайды. Фильм бойы Ким Танның образы мен мінезі өзгереді. Ал Чха Ын Санға келгенде олай дей алмаймыз. Анасына мейірімді бола түскені болмаса, фильмнің басындағы Ын Сан мен аяғындағы Ын Санның айырмасы жоқ. 

«Мұрагерлерді» қазір көрген адам оның біраз жыл бұрын түсірілген дорама екенін жазбай таниды. Жергілікті һәм шетелдік көрермен дорамалардағы бір типті әйел образдарынан шаршаған. Корей киноиндустриясы бұл сынмен санасып отыр. Мәселен, кейінгі жылдары жазушы Ким Ын Судың дорамаларында да әйел кейіпкерлер өзгеріп келеді. 2022 жылы шыққан «Даңқта» Сон Хе Ге Корей кинематографиясында сирек ұшырасатын күрескер әйел образын алып шықты. 

Рұқсатсыз құшақтау, сүю

«Мұрагерлер» бүгінгі көрерменнің ішін пыстыруы мүмкін. Себебі мұндай тақырып пен оқиға желісі әбден таптаурынға айналды. 

Ким Танның Чха Ын Санға жасаған харассменті де бұрынғыдай романтик көрінбес. Жігіттің бойжеткенді рұқсатсыз құшақтауы, қолынан ұстауы, тіпті ернінен сүюі – адамның жеке шекарасын өрескел бұзу. Чха Ын Санның бұған аса қарсылық танытпағаны да қыздарға жақсы үлгі емес.

«Мұрагерлер» – өз заманына сай туынды. Заманауи кино нарығынан хабардар көрерменге оның қаншалықты қызық боларын дөп басып айту қиын. Алайда корей поп мәдениетінің ендігі тарихқа айналған бір кезеңінен «Мұрагерлердің» ойып орын алғанын жоққа шығара алмаймыз.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
«Мә, менің отыным сенің отыңа!» Жаздың жеті инди альбомы
Культура
#музыка
«Мә, менің отыным сенің отыңа!» Жаздың жеті инди альбомы
В Алматы пройдёт фестиваль живой экспериментальной  музыки
Город
#события
В Алматы пройдёт фестиваль живой экспериментальной  музыки
Международный фестиваль анимации состоится в Алматы
Город
#события
Международный фестиваль анимации состоится в Алматы
Норвежско-казахстанское издательство Træsh открывает open call для художников
Ликбез
#общество
Норвежско-казахстанское издательство Træsh открывает open call для художников
Четвёртый сезон «Пацанов»: всё ещё хороший сериал?
Культура
#кино
Четвёртый сезон «Пацанов»: всё ещё хороший сериал?