«Жад жолы»: сезімдерді сөйлеткен көрме

Алматыдағы Almaty Gallery-де ерекше көрме өтіп жатыр. Мазмұны ауыр, бірақ айналып өтуге болмайтын тақырып. Сандық түбінде жатқан маталарға санада қалған естеліктерді сыйдырған, қайғы мен мұңға сөз берген жоба «Жад жолы» деп аталады. ‘98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен көрмені тамашалап, жоба авторларымен тілдесіп қайтты.

Жыртыс

Көрме өтіп жатқан залға кірген сәтте төрде тұрған көне ағаш сандық бірден назар аудартады. Оның ішінен алуан түрлі матадан тігілген жамылғы төгіліп жатыр. Көрме осы жерден басталады.

Адам қазасы — ауыр әрі шетін тақырып. Көп адам қайғы мен сағынышын ішіне бүгіп қалады. Сандық түбінде сақталған маталар мен осы сезімдерді көрме сыртқа шығарады. Бұл экспонаттың атауы — «Жыртыс». Қазақта той жасағанда, жаназа кезінде мата таратады, оларды «тәбәрік», «жыртыс» деп айтады. Кезінде осындай маталардан құрақ құрайтын болған. Бірақ мұнда оларды мүлде басқа формада ұсыныпты. 

Көрме авторлары — заманауи суретші Мөлдір Сағындықова мен коммуникация маманы Дастан Аққожа бұл жобаны жарты жылдан аса уақыт талдаған. 

Бәрі Дастан киген шапанның артына бала кезіндегі жөргегінен тігілген құрақтан басталған. Оның «бала өзегім ешқашан өшпесін» деген ниетпен істеген идеясы Мөлдірді қатты толғандырып, екеуіне бірлесіп концептуал өнер жасауға түрткі болады. 

Екеуі көрмені ақылдасып жүргенде Мөлдірдің анасы, Дастанның әжесі дүниеден өткен.

«Тек біздің қайғымызды ортаға салатын емес, бәріне бірдей мүмкіндік беретін, әрбір адамды ойландыра алатын көрме жасасақ, сезімдерге ерік бере алатын қауіпсіз алаң берсек деп ойладық» дейді Дастан.

 

Құраққа түскен сағыныш

Олар әлеуметтік сауалнама өткізіп, жақынынан айырылған 500-ге жуық адамның әңгімесін жинаған. Қатысушылар қайғысын, сағынышы мен жеке естеліктерін жазып берген. Авторлар ондаған жауапты таңдап, соған сәйкес, дүние салған адамдардың жадыда қалған бейнесін құрақ күйінде берген. 

Түрі, пішіні, матасы әртүрлі құрақтар зал төбесіне ілінген ұзын ақ матаға тігілген. «Жад жолы» ақ түсті көздерден басталады. 

«Жақын туысынан айырылған біраз адам «марқұмның қандай киім кигені есімде жоқ, бірақ ол ақылды, мейірімді, жаны жайсаң болатын» деген жауап жазған. Олардың естелігі еш кетпесін деп әдейі ақ түстегі көздер қостық. Өйткені адамдарға артыңнан қалатын сол әсер екенін жеткізгіміз келді» дейді Дастан.

Ұзындығы 17 метр матада үш түрлі пішіндегі құрақтар бар: үшбұрыш, шеңбер, шаршы. Тұмарша құрақтар әрдайым тілеулес болып жүретін, қорған ретінде есте қалған әжелерге арналған.

Бұл — көз жүгіртіп өте шығатын көрме емес, әр құрақты зерделеу қажет. Залдың ортасында еденге төселген көрпелерге шалқайып жатсаң, әр құрақтың артында бір оқиға, бір тағдыр жатқанын байқауға болады. Олар сауалнамада сипатталған адамның образына сай жасалған. Кейбірі көрме үшін жақынының затын беруге келіскен, бірақ маталардың көбін авторлар арнайы іздеп, сатып алған.

Көрмеге кірер алдын арнайы QR-код арқылы Telegram-арнаға қосылып алған едім. Сол жерден сауалнамаға қатысқандардың жауабын оқуға болады. Құрақтары айрықша байқалатын кішкентай балалардың оқиғасы жанға батады. 

«Балам болғаннан кейін жол апатынан қайтыс болған бес жасар қыздың оқиғасы маған қатты әсер етті, жыладым да. Анасы «қызым ылғи қызғылт түсті жақсы көретін» деген жауап жазған. Ол құраққа мата таңдауға өзім бардым» дейді Мөлдір.

«Ашық, еркін, сүйкімді, әдемілікті жақсы көретін еді. Әжесімен алыс жолға кеткен, 5 жасқа толып, үйде туған күнін атап, келесі күні әжесімен жол тартқан, 4 күн өткен соң жолда авария болып, машинаның артында болған қызым, машина бірнеше рет аударылғанда терезеден ұшып кеткен екен, қызым бірден көз жұмыпты. Қайтыс болғаны туралы куәлікте жедел өлім деп тұр екен, соған шүкір айтам, ештеңе түсінбестен, сезбестен, жыламастан, қиналмай көз жұмды деп сенем. Сол жұбатады. Оның енді жоқ екеніне бірден көндім, өйткені басқа амал жоқ. Егер ауруханада жатыр екен, команда екен деген сияқты болса, әрине үміт болар еді, бірақ қайтты деген хабардан соң болды, ол енді жоқ деп бірден қабылдадым. Үйден кетерде күшті көңіл-күймен кеткен болатын, әжеммен қыдырам, Алматыға барам, әдемі көйлек, туфли сатып алам деп, сол сәттерде үйдегі ең бақытты, ең қуанышты адам болатын, қайтқаннан соң қызым үйде жоқ, өйткені Алматыға қыдыруға кетті деген сезіммен жүрдім».

Сауалнамаға қатысқан адамның жауабы, Telegram-арнадан үзінді.

«Төрт ай бұрын ол ауырып қайтыс болды. Сүйген адамнан айырылудан өткен қасірет жоқ шығар. Қайтыс болғанын естігенде дауысым аспандағы Құдайға жеткендей шыңғырғаным есімде. Өлі денесін құшақтап, тас болып қатқан қолын ұстаған кезде, менің қолымнан бөлінген ыстық леп оның сұп-суық қолына балқытып құйған болаттай ыстық ағын болып құйылып жатқанын сездім».

Сауалнамаға қатысқан адамның жауабы, Telegram-арнадан үзінді.

«Ең өкініштісі сол күні таңертен ауырып жатқан анамды көріп, жұмыстан сұранбай-ақ қояйын, әңгіме болар, кешке құшақтармын деп кетіп едім өзіме. Орындалмайтын арман болып қалды…»

Сауалнамаға қатысқан адамның жауабы, Telegram-арнадан үзінді.

Ер азаматтардың құрағы бір-біріне ұқсас шығыпты: классикалық көйлек, шалбары ұқсас, қанық түстер көп.

Махаббаттың символы саналатын аққу бейнесі тігілген құрақ өзгеше көрінді. Бір қатысушы «Әке-шешемнің бейнесі есімде жоқ. Бірақ олар бір-бірін қос аққудай қатты жақсы көретін» деп жазып жіберген екен. Авторлар құстардың пішінін қоржыннан қырқып істеген.

Дастанның әжесіне арналған құрақ та ерекше. Онда әжесі көзі тірісінде таққан орамалы, киген қамзолы мен көйлегі бар. Бір жағы — Дастанның естелігіндегі, екіншісі — анасының жадында сақталған бейнеден шыққан. Бұдан бөлек, дүниеден озған атасы мен әкесіне де арнап құрақ жасаған.

«Әкемнен де, шешемнен де айырылдым. Қазір өмірде ешкімім жоқ» деп жазылған хат Дастанға ауыр тиген. «Анам тірі, бірақ әкем қаншалықты жетпейтіні үнемі сезіледі. Сол оқиғаны оқығанда жүрегім ауырды. Маған ондай тағдырды елестеткеннің өзі өте ауыр» деді ол. 

Қызыл түсті мына көз Мөлдірдің анасына арналған. Онда ұзын жіпке тізілген бисерлер бар. Анасы қатерлі ісікпен ауырған, сол дертті қайтарады деп ырымдап, соңғы жылдары тек қызыл түсті киім киген екен. Төрге ілінген екі құрақ көрпені де Мөлдірдің анасы көзі тірісінде тіккен.

Шағылыс

«Жад жолының» соңында «Шағылыс» деген экспонат тұр. Айна үстіне мата жабылған, бірақ ортасына тұрсаңыз өзіңізді және арт жақтағы «жад жолын» көресіз. Бұл адамдарға кішігірім ескерту ретінде қойылған.

«Уақыт өте жоғарыда бос тұрған екі жолды біз де толтырамыз, біз де құрақ боламыз деген ой жатыр» дейді Дастан.

Ал Мөлдір «Өлім қорқынышты емес. Оны өмірдің бір бөлігі сияқты қабылдау керек» деді.

Соңғы экспонат «Соңғы құшақ» деп аталады. Ол үш бөліктен тұрады. 

Бірінші құшақты жамылған кезде ыстық әрі ауыр сезіледі. Екінші құшақта ол бәсеңдейді. Үшіншісі органза матасынан тігілген, сусылдақ болған соң мүлде сезілмей қалады, салмағы да жоқ. Авторлардың сөзінше, экспонат транзакцияңыз бен ішкі өзгерістеріңізді қабылдауға арналған.

Көрме негізі екі бөлімнен тұрады: біріншісі — залдағы экспонаттар, екіншісі — зерттеу. Авторлар онда қайтқан адамның көзін сақтау дәстүр ме, әлде әдет-ғұрып па деген сұрақтарға жауап іздеген.

Жоба Қазақстанның бүкіл аймағын қамтыған, тіпті Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден қатысқандар да бар. 

Дастанның сөзінше, көрмеге Үндістаннан да бір көрермен келген. Ол «менің анамның көзі басқаша болар еді, үйге барған соң істеп көремін» деп айтыпты. Авторлар адамдарға жадын сақтаудың белгілі бір формасын осылай бергісі келген.

«Бұл — өлім туралы көрме емес. Мөлдір екеуіміз ашылу салтанатында «өзіміздің қаншалықты осал екенімізді қабылдаған бізге ауыр, өйткені дәл қазір сіздерге жанымыздағы бүкіл жараның бәрін паш етіп жатырмыз» деген едік. Көрме жүректен жүрекке жетіп жатыр. Бүгін үш адам жылап кетті, алайда оларда өкіру, өксік, қайғы емес, аңсап жылады» дейді Дастан.

Көп адамның оқиғасы жиналған, яғни  партиципатор көрме жасау суретші Мөлдірге де алғашқы тәжірибе болды. Мұнда холст жоқ, бірақ текстиль көп.

Жоба авторларына басқа қаладан жазып, көрме туралы сұрап жатқандар да бар. Демеуші тапса, авторлар көрмені басқа елдерге де апарғысы келеді. «Қазақ мәдениетін, болмысын және тәжірибесін көрсететін бір кеңістік немесе мүмкіндік болса екен дейміз» деді Дастан. Бұл жолы оларға кәсіпкер Арайлым Назарова мен «TAZA» бренді қолдау көрсеткен.

«Формаларын тағы да өзгертуге тырысамыз. Кейбір жәдігерді жастық ретінде қайта жасауымыз мүмкін» деді Мөлдір.

Мөлдір мен Дастан көрме арқылы адамдарға «сен жалғыз емессің» деген әсер бергісі келген. Құрақтарды бір жолға біріктіргені бәрі қазаға келгенде тағдырлас дегенді білдіреді. «Басынан ауыр қайғы өткен адамдар бір-біріне едәуір жақын болады» дейді Дастан.

Авторлар көрмеге келгендерден «маған жаншипа болды», «бұған дейін бұл туралы талқыламаппын, енді терең ойлана бастадым», «естелігімді қайта еске түсіруге мүмкіндік болды», «көрмедегі заттар қазақтың үйіне кіріп шыққандай әсер қалдырды» деген пікірлер естіген.

Бұл жобаны мақтағандар да, сын айтқандар да бар — көрме әркімге әртүрлі әсер етеді. Ол 29 шілдеге дейін өтпек.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Как рецессия влияет на поп-культуру
Культура
Как рецессия влияет на поп-культуру
«Don’t Tap The Glass» — хорошо, не будем
Культура
#музыка
«Don’t Tap The Glass» — хорошо, не будем
«Золотое Яблоко» запускает тамагочи в Казахстане
Бизнес
#технологии
«Золотое Яблоко» запускает тамагочи в Казахстане
ALPHA дропнули новый сингл «SULU»
Культура
#музыка
ALPHA дропнули новый сингл «SULU»
KazakhYuvelir запускает премию в области ювелирного дизайна
Бизнес
#люди
KazakhYuvelir запускает премию в области ювелирного дизайна