Қадыр Мырзаәлі армандаған үй қай қиылыста орналасқанын білесіз бе? Ал атақты режиссер Шәкен Айманов қай жерде тұрған? Алматы жайлы сыр шерткен қаламгерлер өз шығармаларында қандай көшелерді суреттеп еді? ’98mag тілшісі қазақ әдебиетіндегі Алматыны аралап шықты.
«Үй емес, арман!»
Қадыр Мырзаәлінің 2004 жылы жарыққа шыққан «Иірім» кітабында Алматы туралы жылы естелік көп. Ақын жас кезінде қай үйді арман еткенін, өзге қаламгерлермен бас қосып, жиі баратын думанханаларын, тіпті отау құрғаннан кейін паналаған жерін де мөлдіретіп жазған.
«Пәтер алуға керек құжаттың бәрін өз аяғымнан жүріп жинадым, үй іші түк сезген жоқ. Сездірмедім. Ақыры ордер қолға тиді. Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысқан тұсында теңізге шыққалы дайын тұрған аппақ ақ кемедей зәулім үй алыстан көз тартады. Сұмдық әдемі. Үй емес, арман!» деп жазылған кітапта.
Жазушыны таңғалдырған сол кездегі зәулім үй қазір қаладағы елеусіз ескі ғимараттың біріне айналды. Бұрын Старокладбищенская, Сталин атындағы болған көшенің бүгінгі атауы — Абылай хан. «Ақ кемедей» үйдің алдында түрлі дүкен мен мейрамхана ашылып, тіршілік қыз-қыз қайнап тұр.
«Алматы» қонақүйі
Бұл жерден шамамен мың метр жоғары, Абай атындағы опера және балет театрына қарай көтерлісек, талай жазушының сүйіп баратын да, суреттейтін де жері — «Алматы» қонақүйіне жетеміз. Дулат Исабековтің «Қарғынындағы» Жасын мен Бағила осы жерде кездесіп еді ғой, есіңізде ме?
Шығарма кейіпкерлері Жасын мен Бағила кешкі алтыда қонақүйдің алдында кездесуге уәделеседі (Спойлер: кейін екеуі бөлмелердің біріне кіріп, ұзақ әңгімелеседі).
Қонақүйден қалаға қарайтын көріністі жазушы былай сипаттайды:
«Жасын көше жақтағы лоджияның терезесін ашқанда сырттан қоңыр салқын ауамен бірге төменгі жақтағы фонтанның бірқалыпта сарылдаған даусы қосарлана естілді. Ол екі қалтасына қолын сұғып, қарсыдан көрініп тұрған опера театрына, ерсілі-қарсылы қыдырып жүрген адамдарға, фонтанға ұзақ қарады».
Алматыда жұрт тамсанып, жадынан шығармайтын қонақүй туралы Қадыр Мырзаәлінің де туындысында кездеседі. Ол бұл ғимараттың жоғарғы қабытында бұрын түстенетін буфет болғанын, ақын-жазушылар сонда жиі жиналатынын айтып еске алады.
«Мұндайда бәріміздің ат байлайтын жеріміз бір — «Алматы» қонақүйінің жоғарғы қабаттағы буфеттері!» дейді жазушы кітабында. Қонақүй қызметкерлерінен қазір жоғарғы қабаттарда буфет бар-жоғын сұрап көрдік. Олар онда түстенетін орын жоғын, кіреберістегі лоббиде орналасқан мейрамханалардан ғана тамақтануға болатынын айтты.
Ғимарат 1962 жылы салына бастаған. Құрылысы бес жыл жүрген. Қонақүй алғаш басқарған — Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып жеңіс туын тіккен қазақ офицері Рахымжан Қошқарбаев. Қанша уақыт өтсе де, қонақүй Алматыдағы ең көрікті ғимараттың бірі болып тұр.
«Весновкадан» Никольск шіркеуіне дейін
«Анда-санда бір көрісіп аман-сау сұрасып жүргеніміз болмаса, соңғы жылдары біз араласқан жоқпыз. Бірде Весновка өзенінің жағасында ойда-жоқта жолығып қалдық» деп жазған Мырзаәлі «Иірім» кітабында.
Шығармада ақын Сабырхан Асановпен ойда-жоқта кездесуін суреттейді. Бұл жағалау талай жастың махаббатына куә болғаны рас. Алматылықтар арасында «Весновка» деген атаумен танымал өзеннің атауы — Есентай. Жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын өзенінің сегіз саласы бар.
Весновканың Тимирязев көшесіндегі саласынан оңға сәл жүрсеңіз, Ербол мен Меңтайдың «Махаббат, қызық мол жылдар» хикаясы жазылған КазГУ-ға табан тірейсіз. Шығармасында бұл университетті бір атап өтпеген жазушы аз шығар.
«Мен 1945 жылдың он төртінші ноябрі күні осы әсем астана Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым… Мен содан бір сағат қана бұрын, астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің екінші қабатына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді, міне, декан екінші курсқа қабылдандың дегенде өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім» дейді Ербол Меңтайға.
Ауылдан келген студенттер, жатақханадағы қызықтар пен қаланың көрікті жерлерін жазушы Әзілхан Нұршайықов шебер суреттейді.
«Ендеше сізге қалай түсіндірсем екен? — Меңтай ернін тістеп, сәл ойланып алды. Университеттің екі жатақханасы бар: бірі Калинин көшесінде, бірі Виноградов көшесінде. Бірақ екеуі бір жерде, қатар. Виноградов, 62 — біздің жатақхана. Соның 62-бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі, алпыс екі, — деді қыз мен ұғып алсын дегендей әр сөзін соза айтып. Екі рет алпыс екі».
Үзіндіде аталған Калинин қазір — Қабанбай батыр, ал Виноградов қазір Қарасай батыр көшесі деп өзгерген. Бұдан кейінгі үзіндіде аталатын Дзержинский көшесінің атауы қазір — Наурызбай батыр. «Махаббат, қызық мол жылдарды» оқып отырғанда совет кезіндегі Алматыны бір шарлап шығуға болады.
«Онда біздің жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен өрлеп, жоғары, Виноградовқа дейін көтерілесіз. Оң жақ бұрышта Драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольск базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің діңкиіп тұрған, — Меңтай «діңкиіп» деген сөзді балаша созып айтты, — сары ала күмбезін көрсеңіз — сол Никольск базары. Базардың қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй — сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой».
Жазушы Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Никольск шіркеуінің түбіндегі базарды да суреттеп берген. Көне сауда орнын 2020 жылы қала әкімдігі күреп тастады. Оның орнына тұрғын үй кешені салынады деген ақпарат та тарап еді. Бірақ кейін әкімдік базар заманауи кейіпте жұмысын қайта бастайды деп хабарлады. Әзірше базар аумағы қаңырап тұр.
«Жатақхананың дәл жанынан өтетін Ұйғыр көшесіне түсіп алып, Алатаудың алыстан көрінген ақ бас шыңын бетке ұстап, лағып, тарта бердім. Ол кезде Алматыда үш этаждан биік үйлер болмайтын. Олардың өздері де орталық көшелердін әр жерінен бір бой көрсетіп, қаланың өзге тұстарын бір қабат жатаған ағаш үйлер кернейтін. Әсіресе, Ұйғыр көшесі сияқты сырт аймақтарда ұзын-ұзын барақ, жеке-жеке оңаша жай ағаш үйлер тіпті көп болатын. Солардың ара-арасымен өтіп келе жатқан маған жатаған сол бір жаман үйлер алтын сарайдан кем көрінбей, сол сәтте өзімнің ғажайып бір бөтен патшалықтың ішін аралап, кезіп жүргендей жайым барын бұлдыр сезінемін».
Ерболдың Ұйғыр көшесі дейтіні қазір Ахмет Байтұрсынұлы деп аталады. Құлжа өңірінен қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер осы маңға көптеп қоныстанғандықтан 1936-1962 жылдары бұл көше Ұйғыр көшесі деп аталған. 1962 жылы көшеге Космонавтов атауы берілді де, 1993 жылы қазіргі атауы — Байтұрсынұлына өзгерді. Бұл көше қазір, шығарма кейіпкері суреттегендей, сырт аймақ емес. Жатаған ағаш үйлердің орнын көп қабатты зәулім нысандар, мәдениет орындары мен заманауи кеңселер басқан.
«Әртістер үйі»
Никольск шіркеуінен батысқа қарай тура 2 шақырымдай жүрсеңіз, «Әртістер үйіне» жетесіз.
Алматы — Қазақстанның мәдени астанасы, өнер мен шығармашылықтың қайнаған ортасы. Мұнда музыка, кино, бейнелеу өнері, театр сияқты өнер салаларының көрнекті өкілдері шоғырланған. Кеңес заманында Алматы елдің мәдени орталығы болып, көптеген танымал өнер адамы осында тұрды. Сол кезде оларға арнайы баспаналар салынған еді. Қалада «Шығармашылық үйлері» пайда болды.
Адиля Норузованың «Махаббатпен, Мара» атты шығармасында қала «Шығармашылық үйінде» өскен кішкентай қыздың көзімен бейнеленеді. Кейіпкер Ақмарал Артықова — әнші Бибі Артықованың қызы. Балалық шағы Виноградов көшесіндегі «Әртістер үйінде» өткен Мара Алматыны сондай жылы суреттейді.
Ақмарал Артықованың айтуынша, арнайы салынған үйдің көбі кейін күрелген, ал «Әртістер үйі» орнында тұр. Бұл үйде қазақ ұлттық профессионал театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, актер Қалыбек Қуанышбаев, режиссер әрі актер Шәкен Айманов, Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер тұрған.
«Ал біздің Әртістер үйі сол қалпы, қабырғасының түсі ғана өзгеріп тұрады» деп жазылған кітапта.
«Қарағайлы паркі»
Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» шығармасында да Алматының біраз көшесі мен саябағы аталып, кейіпкері Ғалия оқыған ЖенПИ-ге, қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне ерекше назар аударған.
«Көне дерт қайта қозғалды. Жараның аузы қайта тырнап ашылды. Күндіз-түні Ғалия басымнан шықпайтын болды. ЖенПИ — қаладағы атақты оқу орындарының бірі. Мен ол туралы бұған дейін де, талай қызықты сөздер естігем. Бірақ өзім барып көрген емеспін. Қалада ЖенПИ-ді білмейтін, оны сөз етпейтін студент аз. Сезімтал бір жас ақынның газетте ЖенПИ туралы жазған өлеңін оқыған едім. Онда ол оны «Сұлулар аллеясы деп атаған» деп жазылады кітапта.
Фото: Facebook/Андрей Переверзев
«Сұлулар аллеясынан» бес квартал жоғары көтерілсеңіз, жазушы Қабдеш Жұмаділов «Тирандар тырапай асқан жыл» әңгімесінде суреттелген гүлзарға жетесіз.
«Алматыда Қабанбай батыр көшесі мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысқан жерінде бір шағын гүлзар бар. Бір кезде соның дәл іргесінде «Пионерлер сарайы» орналасқан. Мына гүлзар балалардың демалыс орны болып та саналатын. Соның шарапаты ма, әлде өзге бір себебі болды ма, Алматының бау-бақша, тал-терегін түгел отап, үй салып жатқан заманда, осы гүлзар ғайыптың ісімен аман қалыпты. Қазір шағын да болса сол саялы бақ қарттардың аяқ суытатын жеріне айналған. Әр жерде тізе бүгетін орындықтары бар».
Жазушы суреттеген бұл гүлзар қазір «Қарағайлы паркі» деп аталады. Оның аумағы кеңейіп, абаттандырылды.
«Пай-пай, неге ғана жұрт Алматыны сұрамайды, неге ғана Алатаудың сұлулығын маған айтқызбайды?!», «Күні-түні Алматым, Алатауым туралы жалықпай әңгімелер едім» деп жазған Баубек Бұлқышевтың соғыс кезінде жазылып, жарияланбаған романы бар. «Алматылықтар» деп аталады.
«Алматы — менің қалам. Сондықтан да менің Алматым деген мақтаныш, мені толқытып жоғары көтереді. Сен кімсің деген сұраса, мен совет азаматымын, алматылықпын деп жауап беруге жаным құмар» деп басталады роман.
Шығарма кейіпкері Ғазиз сұлу Алматыны Москва, Ленинград, Киевтен артық болмаса, кем емесін айтады. Кейіпкер бұрынғы Карл Макс, қазіргі Дінмұхамед Қонаев көшесімен жүріп, қаланың көрікті жерлерін сипаттап, қиялға ерік береді.
«Алматылықтарға Ғазиздің жүріп келе жатқан Карл Маркс көшесі таныс. Олар бұл көшемен талай рет жүрген. Бұл — Нева проспектісінен бір де кейін емес. Мұнымен жүріп келіп театрға да, паркке де, моншаға да, магазинге де бұрыла салуына болады. Алматының проспектілері, тіпті, өзгеше емес пе? Әттең, қазір Владимир Маяковский тірі болса, біз оны қонаққа шақырар едік, жақсылап тұрып қозының етін астырып қойып, қанып ішкен сары қымыздың буымен Алматыны аралауға шығар едік» делінген шығармада.
Алматы талай қаламгердің шабытын оятты. Қаланың заңғар тауын, жап-жасыл көшелері мен көпті құштар еткен келбетін суреттеген туынды аз емес. Бұл мақалада біз аралаған орындар — соның аз ғана бөлігі.