Фархадидің жолымен
Самал Еслямова, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Зарина Қармен, Сағызбай Қарабалин сияқты актерлік құрамы бар Şam тәуелсіз театры ирандық кинорежиссер әрі сценарист Асгар Фархадидің фильмін қазақ сахнасына алып келді. Фархадидің әлем көрермені жоғары бағалаған A Separation фильмінің желісін театр тілімен ұштастырып, «Екеуіміз жайлы» атауымен қазақ көрерменіне ұсынған-ды.
Қазақ тіліндегі қойылымның режиссері — Фархад Молдағали. Иран кинематографиясының алтын қорына кірген бұл туынды 2012 жылы «Шет тіліндегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» киножүлдесін жеңіп алған еді. Бұдан бөлек фильм 2011 жылы Берлин кинофестивалінің бес жүлдесін, «Алтын глобусты» және Иранның өзінде де, одан тысқары жерлерде де 70-тен аса киножүлдені қанжығалаған.
Асхар Фархадидің қаузаған бұл тақырыбы қазақ қоғамына таңсық емес. Спектакльді көре отырып, бүгін біз бен сіз сүріп жатқан қоғам мен кешіп жүрген ғұмырға біте қайнасып жатқан мәселелердің ішіне топ ете қалғандай боласыз. Сосын алыстағы иран қоғамының осыдан біраз уақыт бұрын бас қатырған мәселелері біз де айналып соқпағанын анық түсінесіз.
Бұл қойылымды бағалау үшін ең алдымен бір нәрсені анық түсінуіміз керек сияқты. Қанша тұтас өнерге балап, бірге қарауға тырыссақ та, кино мен театр біріне бірі мүлде ұқсамайтын екі түрлі табиғат, екі түрлі тыныс. Фильмде көрерменді ұстап тұратын кадр мен монтаж болса, театрда мұндай құбылыстың бәрі дәл қазіргі сәтке, уақыт пен эмоцияға тәуелді. Сондықтан мұндай күрделі психологиялық драманы тұтастай сахнаға көшіру, арнайы театр сахнасына ықшамдап беру — тәуекелді талап ететін қадам.
Бірақ дәл осы тәуекел «Екеуіміз жайлы» спектаклінің басты табысына айнала алған сияқты. Фильм желісі бойынша театр сахнасына лайықталған спектакль дайындау осыған дейін қазақ театр өнерінде ұшыраса бермейтін тың тәжірибе. Әсіресе тәуелсіз театрдың шетелдік режиссердің фильміне иек артуы бекер емес. Көбіне көп ұлттық театр сахнасында классикалық мәтіндерге немесе дәстүрлі драматургияға басымдық беретінін білеміз, ал «Екеуіміз жайлы» спектаклінде дайын драмалық шығарма емес, кино сценарийінің өзегі алынып отыр.
Мұндай формалық эксперименттің артында театрдың тынысын жаңғырту талпынысы жатқан сияқты. Себебі кино мәтіні сахнаға сол күйінде көше салмасы анық, анығында қайтадан туып, құрылып, мүлде басқаша тыныстап, жаңа заңдылықтарға бағынуға тиіс. «Екеуіміз жайлы» дәл осы қайта туу процесін бастан өткерген қойылым ретінде көптің есінде ұзаққа қалары анық.
Қысқаша мазмұны
Спектакль Сара мен Назар есімді ерлі-зайыптының ажырасуға негізделген сот процесінен басталады. 14 жыл отасқан Назар мен Сараның Тұмар деген 15 жасар қызы болады. Сара қызының болашағы үшін елден кеткісі келеді, бірақ альцгеймер дертіне шалдығып, күтімге зәру болып қалған әкесіне қарайлаған күйеуі Назар елден кетуден бас тартады. Шаңырақтағы ұрыс-керістің ақыры Сараның ажырасуға арыз беруіне ұласады.
Дегенмен сот ерлі-зайыптының дәлелін тыңдап, ажырасуға нақты себеп көрмей, өтінішін қараудан бас тартады, бірақ соған қарамастан, олардың ары қарай бірге өмір сүруі мүмкін емес те еді. Сара ақыры үйден кетіп қалады, қыздары Тұмар әкесінің жанында қалуды ұйғарады. Осы жерден бастап фильм бір қарағанда болмашы боп көрінетін, бірақ салдары ауыр шешімдердің тізбегіне ұласып кетеді. Назар жұмысқа кеткенде әкесін қарамаққа Рәзия есімді жүкті әйелді жұмысқа алады. Оқиға осылай өрбіп кете береді.
Спектакльде Сараны — Самал Еслямова, Назарды — Асан Мәжит (екінші құрамында Мақсат Сәбитов) сомдаған. Сара спектакльде бірер мәрте бой көрсететіні болмаса, негізгі өн бойындағы диалогтар Асан Мәжит пен Зарина Қарменге салмақ салады.
Рәзияның образы
«Екеуіміз жайлы» спектакліндегі негізгі шиеленіс пен моральдық түйін Рәзия образының айналасында өрбиді. Тұтас конфликтіні алға жылжытып, әрбір шешімімен оқиғаның бағытын өзгертіп отыратын күрделі образды сомдауда Зарина Қарменнің шеберлігіне көрермен тәнті болған сияқты.
Рәзия — өз сеніміне, дініне сондай берік, барынша шынайы болуға тырысатын қарапайым, аңғал әйел. Көрермен Рәзияның әрекеті үшін даттамайды, кінәламайды да, тіпті жек көрмейді. Осы орайда фильм не спектакль режиссерінің Рәзияға кінә артып, антагонистердің қатарына қосқанын да аңғармайсың. Біздің айналамызда да Рәзиядай қарапайым, сондай сенгіш, аңғал адамдар толып жүр. Бірақ осы «қарапайымдықтың» өзінде күрделі қайшылық барын ұмытып жатамыз.
Рәзия мен Хасеннің сенімі оларды қорғайтын күш пе, әлде тіпті керісінше, адамды одан сайын өз батпағына батыра бере ме деген сұрақ спектакль бойы ашық күйінде қалады. Мұндай кейіпкерлерді екінің бірі жек көріп, жаман кейіпкердің қалпына салып сомдай алатын шығар.
Дегенмен Зарина Қарменнің шеберлігі сол — өзі сомдап жатқан кейіпкерінің трагедиясын жете түсіне алған. Осы екіұдай болмысты дөп басып, дәл ұстай алды. Әсіресе керек кезінде пауза ұстап, көзқарас, дене пластикасын игере алуын кәсіби шеберлікке баладық. Күмән мен қорқыныш қатар келген сәттерде кейіпкердің сенгіштігі мен аңғалдығына бір сәт ашуың келеді, енді бірде жаныңды қоярға жер таппай, аяп та кетесің.
Хош. Рәзияның бұл жұмысқа амалсыздан тұрғаны да анық, әрі басқа адамның үйінде, бөтен ер адамның әкесін күту бұл кейіпкердің сеніміне тіпті де сай келмейтіні тағы бар. Бірақ жан-жақтан қаумалаған қарыздан қашан құтыларын ешкім болжап біле алмас. Бір күні ол қартты байлап қойып, өз шаруасымен шығып кетеді де, қайтып келгенде жағдай тіпті ушығады. Осы орайда есін жоғалтып, балаларын жете танымайтын күйге түскен, тіпті өз қажетін өзі өтей алмайтын, әбден қажыған қарттың рөлін сомдауда Сағызбай Қарабалиннің бұл кейіпкері нанымды шыққан рөлдердің қатарында.
Назар әкесінің жалғыз қалғанын көріп, ашуға булығып, Рәзияға ауыр сөз айтып, оны үйден қуып жібермек болады. Сол сәтте олардың арасында физикалық қақтығыс та болуы мүмкін, бірақ спектакльде де, фильмде де бұл көріністі әдейі анық көрсетпейді. Дәл осы белгісіздік бүкіл сюжеттік драманың өзегіне айналып шыға келеді. Қойылымның эмоционалдық динамикасы бірден жарылып кетпейді. Кеудеңде там-тұмдап жиналып, қордалана бере, енді шарасынан төгілердей боп тұрады да, енді жарыла бере көрерменді тіпті күтпеген бұрылыстарға бастап әкетеді.
Фильмнен айырмасы
Спектакльдің құрылымы фильмге жақын болғанымен, оның интонациясы тіпті өзгеше. Кинонұсқада оқиға белгілі бір әлеуметтік ортаға, ұлттық құндылықтар мен нақты заңдық жүйеге, тұрмыстық шындыққа сүйеніп дамыса, ал сахналық нұсқада бұл контекст біршама жалпыланып, универсал деңгейге көтерілген. Яғни, бұл енді тек бір отбасының аясында шектелмесе керек, біз бен сіз сүріп жатқан қоғамда жиі ұшырасатын жалпыадамзаттық дилеммаға айналған.
Фильмдегі Фархадидің драмасы, байқасақ, адамдардың моральдық таңдауларына кеп жүгінеді. Спектакль режиссері де осы өзектен айнымай, бар салмақты актерлік ойынға жүктегені қуантады. Елдің беткеұстар әртістері бас қосқан спектакльдің жаман шығуы мүмкін бе дерсіз. Дегенмен кей тұстарында актерлерлердің тосылып қалғанын, жасанды драмаға шектен тыс бой алдырғанын байқадым.
Көп ұзамай Рәзия түсік тастайды. Рәзияның күйеуі Хасен Назарды кінәлап, сотқа береді. Хасенді сомдаған Еркебұлан Дайыров Осыдан кейін фильм қарапайым отбасы драмасынан моральдық лабиринтке айналады. Рәзия Назарды кінәлап, сотқа бере отырып, түсік тастауға кімнің кінәлі екенін өзі де анық білмейді. Назардың әкесі көшеге шығып кеткенде машина қаққан сәтте баласынан айырылды ма әлде Назар итеріп қалғанда соққы алды ма, оны кім білген, әйтеуір бір жағынан күйеуінің қысымы, екінші жағынан діннің алдындағы кейіпкер санасы сан-саққа жүгіртеді. Назардан алмақ болған өтемақы Хасеннің қарызын жабуға толық жетері анық.
Дегенмен ақылыңды қорушы күш — ар ғана. Оған көнбесең, жаныңды жұлып та, жалмап та жейді екен. Сот процестері бірінен соң бірі жалғасады. Ақырында Рәзия Құран ұстап, ант беруден бас тартып, іс тоқтайды. Ал Сара мен Назар ажырасып, Тұмардың қай тарапта қалатыныны белгісіз күйде шымылдық жабылады.
Әр кейіпкер өз шындығын айтады, бірақ сол шындықтардың ешқайсысы ақиқат емес. Әркімнің өзіне шақ шындығы, сол шындыққа сай айтары бар, бірақ қайсысына бұра тартсаң да, әділетсіздікпен бетпе-бет келесің. Адамның болмысы сондай, тарыққанда жанын қоярға жер таппай, шарасыз шағында жоқтан өзгеге иланады. Өтіріктің өзін шындай көріп, өзін-өзі алдарқатады. Бәлкім, өмір дегенің де өзің құрастырған өтірікке сену шығар. Иә, әсілінде өмір сүру — өзің ойлап тапқан өтірікке өмір бойы тәнті боп, табынып өту болар. Адамның өзін-өзі алдарқататын өтірігі мен сенімі, үміті таусылған мезетте өмір де бітетін шығар…
Осының бәріне куә болып жүрген Назар мен Сараның, Хасен мен Рәзияның қызы Хадиша апалы-сіңілідей еркін жарасып, табысып кетеді. Ересектердің таңдауы балалардың тағдырына сонша ауыр әсер ететінін осы тұста үнсіз ұғасың.
Ерекше атап өтерлік жайт, актриса Зарина Қармен алғаш рет туған қызымен бір сахнада өнер көрсетті. Хадишаны сомдаған Лиза есімді бүлдіршін өзіне жүктелген міндетті артығымен орындағаны рас. Тіпті кей тұсында былдырлап сөйлегені де көптің көңілін жібітіп қойған сияқты. Қойылым соңында жас актрисаның толқып, көзіне жас алуы мен көрерменнің ұзақ сонар қошеметі кештің ең тебіреністі сәтіне айналды. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Фатима Абетей де алғаш рет үлкен сахнада өнер көрсеткенін ескерсек, Тұмарды сомдауда жасандылықтан барынша ада болғанына ырза болдық. Халықтың ықыласы екі жас қызға ерекше ауды.
Сөз соңында
Сахнада көзді арбап, көңіліңді еріксіз баурап әкететін декорация жоқ, оқиғаны пафосқа байлап, драманы шиеленістіріп жіберетін «символдар» да байқалмайды. Бәрі ұстамды, тіпті кей тұсында мейілінше жалаң, мейілінше қарабайыр эпизодтар да кездесіп қалады.
Бірақ дәл осы жалаң, дәл осы қарабайыр эпизодтар арқылы режиссер кейіпкер жанын жалаңаштап тастайды. Қызылды-жасылды жарықтар, динамикалық эффекттерден де ада. Кейде музыканың ретті-ретсіз ойнап, әртістің дауыстарын басып кететіні де жасырын емес. Кей тұсында тіпті кімнің не айтқанын алдыңғы қатарда отырған көрермен де естімей қалып жатты. Спекталкьдің бел ортасында түсініксіз жаңғырықтар да шығып қалғаны бар.
Дегенмен мұның бәрін премьераның алғашқы күніндегі техникалық ақауға баладық. Байқасақ авторлар сахна кеңістігін жүйелеу барысында актерлерге ыңғайлы болуын назарда ұстаған сияқты. Себебі айналдырған екі-үш сахна ғана ауысып отыратынын ескерсек, сюжеттің басым бөлігі үйде, Сара мен Назардың шаңырағында өтеді. Кәдуілгі үйдің бірнеше бөлмесін бір сахнаға сыйдыруға деген талпыныс бір қарағанда шашыраңқы, жүйесіз көрінетіні бар. Кейіпкерлер асты-үстіге ауысып отыратын сахналар арқылы бір эпизодтан екіншісіне алмасып отырады. Көпір іспетті сахна үшін суретшінің ұтымдылығы мен шеберлігін жоғары бағалауға әбден болады.
«Екеуіміз жайлы» — көрерменге дайын жауап ұсынбайтын, адамның шынайы ұстанымын әшкерелейтін қойылым. Қойылым арқылы режиссер де, актерлер де көрерменді сырттан бақылаушы емес, осы моральдық тартыстың ішінде жүрген адамға айналдырады. Сондықтан бұл спектакльдің ең мықты тұсы — айтылғанында емес, айтылмай қалған ауыр сұрақтарында.