«Бәріне Вайнштейн кінәлі» – ARTиШОК театрының сәтсіз қойылымы

Режиссер: Айғаным Рамазан 

Бас рөлдерде: Лаура Турсунканова, Евгений Игнатов, Анастасия Тарасова, Ольга Рубцова, Салим Балгазин, Софья Гордеева, Аружан Елеу 

Автор: Светлана Петрийчик 

Спектакль кезінде бойыңызды алуан түрлі сезім билейді. Ал аяқталған соң екіұдай күй кешесіз. Өзім ақырында «Қойылым арқылы осындай месседж айтқан қауіпті емес пе?» деп ойладым. Неге олай болғанын түсіну үшін спектакль мазмұнын айтып берейін. Бұл мақалада спойлер көп, ғафу етіңіздер.

Бірден айта кетейін, қойылымның мақтауға тұрарлық санаулы тұсы бар: актерлердің перформансы, музыка мен жарықты қолдануы сәтті шыққан. Бұл қойылым — қазақстандық театр үшін батыл эксперимент. Бірақ сәтті шықты деп ойламаймын.

Спектакльдің бас кейіпкері Алина жоғары сыныпта оқиды. Ақылы енді кіріп келе жатқан қыз шешесімен жиі сөзге келіп қалады. Құрбылары, кездесетін жігіті бар. Арманы — танымал актриса болу. Келешекте көздегеніне жетеріне кәміл сенеді. Кейде достарына қосылып шөп шегеді, ішімдіктен де кетары емес. Ал сабаққа мүлдем ынтасы жоқ. Алинаны анасы мен жігітінен жылулық іздеген кішкентай қыз ретінде көреміз. Осылайша бірінші актіде көрермен бас кейіпкермен танысады. 

Екінші актіде Алина қойылымдағы негізгі залымға айналғанын көреміз. Бойжеткен мектепте Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері пәнінен сабақ беретін Алексей Николаевичпен сөзге келіп, мұғалімінен өш алуға бекінеді. 

Алина мұғалім ағайымнан жыныстық бопса, яғни харассмент көрдім деп айтады. Оқушы қыз бала кезде анасының жігітінен зәбір көрген екен. Ол кішкентай қыздың жыныс мүшесін ұстап, Алинаға азғындық жасағаны айтылады. Қойылым желісі бойынша, бойжеткен осы оқиғаға байланысты ер адамның бәріне өкпелі. Олардан көрген қорлығы үшін кек алғысы келеді. 

Анасы да, мектеп әкімшілігі де әуелде қыздың сөзіне күмәнмен қарайды. Бірақ Алина сөзіне сендіреді. Осыдан кейін мұғалімнің өмірі астаң-кестең болады. Жұмысынан қуылады, көршілері табалайды, отбасы мен дос-жараны теріс айналады. Алина өтірік айтқанын мойындамайды, ал мұғалімге ешкім араша түспейді. Сыйлы ұстаздан педофилге айналған Алексей Николаевич қатты күйзеледі. Ақырында әділетсіздікке төзе алмай, өзін-өзі өлтіреді.

Қойылым 2000 жылдан кейін туған толқынға, яғни Z ұрпағына айтылған сын болар деп те ойладым. Автор «Z ұрпағы — айтқан сөзінің салдарын ойламайтын тасжүрек толқын» дегісі келді ме? Әлде «Жастардың жаңа буыны — шөп шегіп, арақ ішіп, әркіммен бір төсектес болатын ессіздер» деген ойды айта ма? Түсініксіз.

Өлер алдында Алексей Николаевич монолог оқып, көп жыл бойы сақтаған сырын ашады. Жас кезінде он бір жасар қызға аңсары ауғанын, бірақ бұл пиғылынан дереу айнып, нәпсісін тыйғанын әңгімелейді. Кейін әріптесіне ғашық болып, әйелінің көзіне шөп салмақ болады, бірақ өзін тыйып тастайды. Біз бұл мұғалімді қылмысқа жақын залым деп сынауымыз керек пе, әлде нәпсісін тыя алған саналы адам деп түсініктік танытқанымыз жөн бе? Алексейдің образын түсіну қиын. 

Қойылым месседжі неге қауіпті?

Қойылым авторы Светлана Петрийчик бұл пьесаны 2017 жылы #metoo қозғалысы кеңінен тарап жатқан тұста жазған. MeToo қозғалысы Голливуд жұлдыздарынан жыныстық зорлық не бопса көрген адамдардың ашық мәлімдемелерінен кейін басталды. 

Алғаш болып әйгілі кинопродюсер Харви Вайнштейн ұзақ жыл бойы әйелдерге харассмент пен зорлық көрсетті деген сынға ұшырады. Кейін басқа да танымал ер жұлдыздар бірінен соң бірі осыған ұқсас айыптың астында қалды.

Ер адамдардан көрген зорлығы мен қорлығын ішіне бүккен көп әйелге #MeToo қозғалысы рух берді. Зорлық көрсеткен адам қаншалықты беделді әрі танымал болса да, күш біріктіріп әділдік орната аламыз деген ортақ мақсатқа сенген әйел көп болды. Қозғалыс қылмыс жасамаған ер адамды қаралауды не жазалауды көздемейді. MeToo кек алу құралы да емес.

Сондықтан қойылымда автор не айтқысы келгенін түсінген жоқпын. «Өзінің зәбір көргенін айтқан қыздарға сенбеңдер» дегісі келді ме? Әлде «Әйелге нақты қай еркектен өш алу маңызды емес» деп тұр ма? «Сексуал зорлық туралы істерді жан-жақты қарастыру керек. Әйелге сене салмайық» дегені ме? Түсініксіз. 

Менің ойымша, бұл қойылым — зорлық-зомбылық құрбандарын қорлау, олардың бастан өткерген азабын құнсыздандыру. Қазақстанда сексуал зорлық жасаған адамның жазалануына қол жеткізу оңай шаруа емес. Онсыз да көрген қорлығынан ес жия алмай жүрген әйел уақыты мен ақшасын құртып, бастан өткергенін полицияға дәлелдеуге мәжбүр. Әйелдерге полицейлер, тергеушілер мен сот көрсететін психологиялық қысымды айтпасам да білерсіз. 

Біздің қоғамда «әйел өзі ашық киінген шығар, еркекке қылмыңдаған болар» деп зорлық көрген құрбанның өзін кінәлау көп. Осыны жақсы біле тұра Светлана Петрийчик неге мұндай екіұдай пьеса жазды? Айғаным Рамазанның бұл спектальді қою себебі не? Түсініксіз. 

Күйеуінің қолынан асқан қатыгездікпен қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ісі елдегі көп әйелдің санасын сілкіп, қыз-келіншектерді тұрмыстағы зорлыққа, ешбір агрессияға төзбеуге үндеп жатқан тұста тәуелсіз театрдың зорлық көргені жайлы өтірік айтқан бойжеткен туралы пьесаны сахналауы өте сәтсіз көрінді. 

Фото: artishock.kz

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Жарқ еткен GloRilla жұртты несімен баурап алды?
Культура
#музыка
Жарқ еткен GloRilla жұртты несімен баурап алды?
Идём на бесплатные кинопоказы от Alternativa Film Project в Алматы
Город
#события
Идём на бесплатные кинопоказы от Alternativa Film Project в Алматы
«КЛИНОК, РАССЕКАЮЩИЙ ДЕМОНОВ»: спорный чертвёртый сезон с хорошим финалом
Культура
#кино
«КЛИНОК, РАССЕКАЮЩИЙ ДЕМОНОВ»: спорный чертвёртый сезон с хорошим финалом
«Головоломка 2» стала самым кассовым анимационным фильмом в истории
Культура
#кино
«Головоломка 2» стала самым кассовым анимационным фильмом в истории
STRAY KIDS ATE BUT STILL HUNGRY
Культура
#музыка
STRAY KIDS ATE BUT STILL HUNGRY