Соттау, бұғаттау, ескерту. Сөз еркіндігі тарыла түскен Қазақстан

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Құрылтай сайлауы қарсаңында тәуелсіз журналистерге қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Кейінгі бір айда бірнеше журналистің үстінен қылмыстық іс қозғалып, медиа өкілдерінің әлеуметтік желідегі парақшалары бұғатталып жатыр. Тағы бірнеше журналист сотқа тартылып, оларға журналистикамен айналысуға тыйым салынып жатыр. Күн сайын осындай хабарлар шығып жатқан тұста ақпарат министрлігі елде сөз еркіндігіне кепілдік берілген, цензураға тыйым салынған деп мәлімдеме жасады. 

’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен елдегі сөз еркіндігі қалай тарылып жатқанын шолып шықты.

Сот істері

18 тамызда сот Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованы сегіз жылға бас бостандығынан айырып, бес жыл журналистикамен және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды. Жазаны өтеу екі жылға кейінге шегерілді. Бажкеноваға «көрінеу жалған ақпарат тарату», «бөтеннің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу» баптары бойынша айып тағылған. 

Журналист сегіз айдан астам уақыт үйқамақта отырды. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Сот процесі басталмай тұрып Бажкенова «мені қорғаудан бес бірдей адвокат бас тартты» деп айтқан. 

@bazhkenova | Instagram

3 тамызда Алматыда сот журналист Александра Алехованы үш жылға бас бостандығынан айырып, тағы үш жыл кәсіби қызметімен айналысуға тыйым салды. Сот оны жеке құпияға жататын дербес деректерді таратқаны үшін кінәлі деп таныды. Алехованың жазаны өтеу мерзімі 2031 жылға дейін кейінге шегерілді. Қылмыстық іс 2022-2024 жылдары Алматыдағы «Кенжехан» базарындағы жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы дау-дамай туралы жарияланған материалдарға байланысты қозғалған.

7 тамызда Алматы прокуратурасы Алехованың бұрын сотты болмағанын және кәмелет жасына толмаған баласы барын ескеріп, үкімді жеңілдетуді сұраған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл іске қатысты «министрліктің сот төрелігін іске асыру процесіне араласуға құқығы жоқ. Апелляциялық сатыдағы соттың шешімін күткен жөн» деді

@alexandra.alyokhova | Facebook

31 шілдеде Алматыда сот KazTAG ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың бостандығын үш жарым жылға шектеді. Сот Матаевты «міндеттеріне салғырт қарау» және «бұзақылық» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Рақымшылыққа байланысты, жаза мерзімі бір жыл үш айға дейін қысқарды. Сот оған үш жыл журналистикамен айналысуға тыйым салды.

Ал KazTAG-тың бас редакторы Әмір Қасеновтің еркіндігі бір жыл үш айға шектелді. Сот журналисті Freedom Finance брокер компаниясы туралы жазған материалдарында «көрінеу жалған ақпарат таратты» деп тапты. Қасеновті бес жылға кәсібінен шеттетті. Сот KazTAG өкілдерін Freedom Finance компаниясына 165,4 миллион теңге материалдық шығын өтеуге міндетті қылды. Журналистер сот шешіміне шағым түсіретінін айтқан. 

Әсет Матаев пен Әмір Қасенов. Фотолар журналистердің Facebook-парақшаларынан алынды.

Қылмыстық істер

Журналист, YouTube-тегі «Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 11 тамызда белгілі болды. Астана қаласының полиция департаменті Азаттық радиосына берген жауабында Ахмедияровқа қатысты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр деген. Полиция журналистің істегі статусы туралы жазбаған. 

3 тамызда Астанадағы әуежайда Қазақстаннның шекара қызметі Ахмедияровты елден шығармай қойған. 31 шілдеде журналисті полицияға шақырған, Ахмедияров онда түсініктеме берген. Журналистің сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген. Котов журналистің Украинадағы «Хочу жить» жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін таратқанына шүйліккен. Өскемен тұрғынының сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Котов Украинада соғыспадым, Ресейде вахтада жұмыс істедім дейді.

Lukpan Akhmedyarov | Facebook

«Хочу жить» жобасы жариялаған тізімді басқа да ақпарат құралдары таратқан. Ахмедияров бұл тізімді бөлісіп, оған биліктің назарын аударуды көздедім деді. «Хочу жить» жобасы бұл істі журналистің кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі принциптерін сақтауға шақырды.

Биыл жазда Ахмедияровтың Facebook пен WhatsApp-тағы аккаунты бұғатталды, Астанада белгісіз біреу журналистің көлігіне бояу шашып кеткені айтылды. Бұдан бөлек, оған Ресей құқық қорғау органдары халықаралық іздеу жариялағаны белгілі болды. Журналист бұл іске «Просто журналистика» арнасының көтеріп жатқан мәселелері себеп деді. Биыл арнада Орталық Азия елдерінің азаматтарын Ресей әскерінің қатарына тарту туралы фильм шыққан.

Алматыда полиция журналист Динара Егеубаеваның үстінен «Жол ережесін бұзу, абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Бұған 31 шілдедегі жол-көлік оқиғасы негіз болған.

Бейнежазбада қарсы бағытта қатты жылдамдықпен келе жатқан велосипедшінің Егеубаеваның көлігіне соғылғаны көрінеді. 1 тамызда велосипедші полицияға арыз жазып, денсаулығына зиян келгенін айтқан және 3 миллион теңге материалдық өтемақы талап еткен. Егеубаеваның адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, велосипедшінің қаншалықты зардап шеккенін анықтайтын сот-медициналық сараптама жүргізілмеген. Егеубаеваға елден шығуға тыйым салынған. Журналист «жол ережесін бұзбадым, бұл істің тапсырыс екенініне сенімдімін» деді.

Фото авторы: Олжас Жакенов | Власть

18 шілдеде Астанада полиция YouTube-тегі «Ахуал Сегодня» арнасының авторы Азамат Омаровты ұстады. Сот журналисті «Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша екі айға қамауға санкция берді. Омаровтың адвокаты Төлеген Шайықовтың айтуынша, іске журналистің Қазақстан билігі мен президент Қасым-Жомарт Тоқаев туралы түсірген сатиралық видеолары негіз болған. Омаров өзіне тағылған айыптарды мойындамайды, материалдарын «кәдімгі сатира мен юмор» деп есептейді.

Министр Балаева бұл іске қатысты «таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заң алдында жауап беруге тура келеді» деді.

КМБПЧ | Facebook

Былтыр тамызда Qaznews24 сатиралық паблигі жұмысын тоқтатқан еді. Оған дейін сәуірде сот пабликтің авторы Темірлан Еңсебектің бостандығын бес жылға шектеп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Оны «араздық қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп таныды. Еңсебек үкімді «тым қатаң» деп бағалаған. 

Бұғаттаулар 

17 тамызда журналистерге құқықтық көмек көрсететін Құқықтық медиа-орталықтың заңгері Гүлмира Біржанованың Facebook-тегі парақшасы бұғатталды. Осыдан бір апта бұрын медиа-орталықтың директоры Диана Окремованың да Facebook-аккаунты бұғатталып қалған. Окремованың сөзінше, шағымға мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы сот процесі туралы жазбасы себеп болған. Шілденің аяғында Құқықтық медиа-орталықтың уеб-сайтына хакерлер шабуыл жасағаны айтылды.

Гүлмира Біржанова, Диана Окремова және Назымгүл Күміспаева. 

Журналист Назымгүл Күміспаева ашқан ÖTKIR KÜREK медиасының Instagram-дағы аккаунты бұғатталып, екі аптадан кейін қайта ашылды. Редакция «боттар жазбаларымызға жаппай шағым түсірген» деді.

Шілденің басында бірқатар журналистің WhatsApp-тағы аккаунттары бұғатталғаны белгілі болды. Олардың қатарында Күміспаева, «Обожаю» арнасының авторы Асхат Ниязов, Respublika.kz.media-сының редакторы Ирина Петрушова бар. 

Құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы сөз еркіндігіне алаңдап отыр 

14 тамызда халықаралық және Қазақстандағы құқық қорғау ұйымдары мәлімдеме жасап, Құрылтай сайлауы қарсаңында журналистерді қудалауды тоқтатуды талап етті

«Әділ сөз», Araminta, Civil Rights Defenders, Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Crude Accountability, Freedom For Eurasia, Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік (IPHR), Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы, Норвегия Хельсинки комитеті Қазақстан билігін сайлауға дейін, сайлау кезінде және сайлаудан кейін тәуелсіз журналистердің қоғамдық маңызы бар мәселелер туралы еркін ақпарат таратуына мүмкіндік беруге, журналистер мен БАҚ-қа қысым жасауды, сес көрсетуді тоқтатуға, заңдарды тәуелсіз журналистикаға кедергі жасауға қолданбауға, халықаралық міндеттемелерін орындауға үндеді. 

Ұйымдар Қазақстанның халықаралық серіктестерін жағдайды жіті бақылап, тәуелсіз журналистиканың жағдайына қатысты ашық пікір білдіруге шақырды. 

«Министрлік журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды»

17 тамызда ақпарат министрі Аида Балаева ведомство әлеуметтік желі қолданушыларының, журналистер мен БАҚ-тардың аккаунттарын бұғаттамайды деп мәлімдеді. «Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес» деді министр. Балаеваның жазуынша, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. 

Фото: @madenietaqparat

Балаева Facebook-тегі жазбасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапты болуға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заң талаптарын сақтауға шақырды. Журналист Лұқпан Ахмедияров министрдің бұл сөзіне «түк те сенбеймін» деп пікір жазды.

«Шекарасыз тілшілер» ұйымының 2026 жылғы сөз еркіндігі рейтингісінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеп, 180 елдің арасында 149-орында тұр. Ұйым Қазақстанда онлайн жаңалықтардың сапасы артып келе жатқанымен, басылымдарға жасалатын қысым тәсілдері де өзгеріп жатыр, тәуелсіз БАҚ өкілдері пікірін ашық айта алатын жалғыз алаң — интернетті бақылау күн санап күшейіп келеді деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Что успеть в Астане до конца лета
Город
#события
Что успеть в Астане до конца лета
YouTube изменит подсчёт просмотров и правила монетизации
Бизнес
#технологии
YouTube изменит подсчёт просмотров и правила монетизации
iONE! тобы «KOpbOliKTeR» EP-альбомын шығарды
Культура
#музыка
iONE! тобы «KOpbOliKTeR» EP-альбомын шығарды
Криво, зато от души: как «Бычок Лай» покорил Китай
Культура
#интернет
Криво, зато от души: как «Бычок Лай» покорил Китай
«Ешь. Молись. Худей»: хоррор об ужасах РПП
Культура
#кино
«Ешь. Молись. Худей»: хоррор об ужасах РПП