Notes from the Last Row. Ессіз әуестік туралы дорама

Қарапайым студенттің шығармасы профессор әрі бағы жанбаған жазушының миын улап, ойын толықтай жаулап алады. Оқытушының хикаяға басымен кіріп кеткені сонша — өз өмірінде не болып жатқанын байқамай, шынайы өмір мен қиялды ажырата алмайды. Бұл жай әуестік емес. Оның артында терең әрі ауыр психологиялық себептер жатыр. Netflix-те жарық көрген «Notes from the Last Row» дорамасы адам болмысының осындай ең әлсіз тұстарын ашып көрсетеді. ’98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен дораманы талдап шықты.

Мақалада спойлер бар екенін ескертеміз.

Сюжеті қандай?

Бас кейіпкер Хо Мун О (Чуе Мин Шик) — университетте шығармашылық жазу өнерінен сабақ беретін профессор. Сырт көзге өте қатал әрі талапшыл оқытушы студенттерінің жұмысын аяусыз қоқысқа теңейді. Оның бұл қылығына ызаланған шәкірттері профессорды «жолы болмаған жазушы» деп сөгеді. Өйткені Мун О жиырма жылдан астам уақыт бұрын бір роман жазып, содан бері ешбір еңбек шығара алмаған. 

Оған қоса, кезінде бірге оқыған, ендігі танымал жазушы атанған әріптесі Ким Су Хун оған «сен ең алдымен сөйлем құрап жазуды үйрен» деп, қатты намысына тиеді. Профессордың ішін жегідей жеген қызғаныш пен ыза оған маза бермейді.

Бір күні Хо Мун О үнемі аудиторияның ең соңғы қатарында отыратын Ли Кан (Чуе Хен Ук) есімді студенттің жұмысына назар аударады. Жас жігіт шығармасында университетте танысқан бай досының отбасы туралы жазған. Бұл хикая профессорды бірден баурап алады. Сол сәттен бастап студенттің жазбаларына ғана емес, оның өміріне де тәуелді болып кетеді. Хо мырза студентіне жеке сабақ беруді ұсынады. Ол шәкіртін танымал жазушы етіп шығарып, кейін жұрт алдында оған бағыт-бағдар берген ұстазы болып көрінгісі келеді. 

Ең қызығы, студенттің жазып жатқан хикаясы профессордың өткен өмірімен байланысты. Ары қарай серия сайын біреудің талантына не шығармасына шектен тыс байланып қалу адамның өз өмірін, мансабын, тіпті отбасын қалай күйрететінін көреміз.

«Жалғасы бар»

«Notes from the Last Row» — испан драматургі Хуан Майорганың «Соңғы қатардағы оқушы» («El chico de la última fila») атты пьесасы негізінде түсірілген. Корей дорамасына дейін пьесаның желісімен француз режиссері Франсуа Озонның «Үйде» («Dans la maison») деген фильмі шыққан. Netflix-тің алты бөлімнен тұратын триллерінде оқиға мектептен университетке ауысты.

Дораманың әр сериясы сайын шындық пен қиялдың арасы тарылып, көрерменді ессіз бір шытырманға батырады. Не шын, не өтірік екенін ажырата алмай, басыңыз қатады. Сюжет жұмбақ болып көрінгенімен, әр нәрсеге күмәндана қарап, мұқият бақыласаңыз, түсініп алуыңыз да мүмкін.

Студент Ли Кан шығармасында ойдан шығарылған кейіпкерлерді емес, айналасындағы адамдарды атайды. Бұл жерде басқа адамдардың жеке өмірін бақылап, одан ләззат алу мәселесі (уайеризм) көтерілген. Ол әр бөлімін «жалғасы бар» деген сөйлеммен аяқтап, оқытушысын хикаясына байлап қояды. Ал профессоры хикаяның жалғасын білу үшін этика принциптерінен аттап, Ли Канға материал жинауға көмектесіп кетеді. Профессор шәкіртінің айласына қалай алданып қалғанын да байқамайды. Тіпті өзін жай оқырман емес, сюжетті өзгерте алатын құтқарушы адам сезініп кетеді.

Профессор бұрынғы қарсыласына деген ішкі қызғанышы мен өкпесінен арыла алмай, студенті Ли Канның шығармаларын сол ішкі жарасының өтеуі ретінде пайдаланғысы келеді. Ал Ли Канның да бұл ойынды бастауына кезінде естіген ауыр сөздері мен іште жиналған кек себеп болады. Адам қызғаныш, менмендік пен күншілдік сияқты жағымсыз сезімдерді дер кезінде жеңе алмаса, өзгенің айласына оңай түсіп, ақырында өзінің түбіне жететінін көреміз.

Кейбір көрермен бұл туындыны сериал емес, фильм етіп шығарса да болатындай екен деп жатыр. Бірақ мұндай шытырман сюжет пен жұмбақтың бәрі фильмге сыймай қалар еді.

Актерлік құрам

Дорамадағы актерлердің бәрі рөлін мықты сомдап шыққан. Профессор рөліндегі Чуе Мин Шикті корей киносының тірі аңызы дейді. Ол 2003 жылғы атақты «Oldboy» фильмінде бас рөлді сомдаған. Бұл фильм көп халықаралық марапатқа ие болды, соның ішінде Канн кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған. 

Актер жаңа рөлінде өмірі тас-талқан болып жатқан жанның күйзелгенін, қызғаныш пен қорқыныштан есі шыққан сәттерін дәл жеткізді. Ол таяуда The Korea Times басылымына берген сұхбатында «Супермен» сияқты мықты кейіпкерлерден гөрі, адам баласының енжар болмысын бүкпесіз көрсететін туындылар ұнайды» деп айтқан

Ал одан 40 жас кіші, жас актер Чуе Хен Уктың харизмасы бөлек. Манипуляция жасаған сәттері, салқын болмысы жақсы шыққан, әсіресе жұмбақ студенттің мимикасы мен эмоциялары ұнады, рөлге берілгені байқалып тұр. Тек кейіпкерінің іс-әрекетін романтизациялаудан аулақпын.

Ли Кан мен профессордың әйелінің сүйіскен сахнасы көрерменді қатты таңғалдырды әрі дау тудырды. Олардың арасында шын мәнінде бір нәрсе болды ма, әлде бұл профессордың қызғаныштан туған қиялы ма, режиссер мұны ашып айтпай, жұмбақ қалдырған. Осы екіұдай сәт дораманың қызық тұсына айналды. 

Ал актерлердің жас айырмашылығы — 30 жыл. Кейбір көрерменге бұл сахна жағымсыз әрі оғаш көрінді. Енді бірі осы оқиғаның беймәлім болып қалғаны профессорға ең ауыр жаза болды деп жатыр.

Өткен шаққа байланбау

Ли Кан профессордың ең нәзік әрі әлсіз тұстарын дөп басады. Студент өзінің шығармасын қаруға айналдырады. Бұл туынды сөз бен манипуляция адамның санасын қалай улап, оны толық бағындыра алатынын көрсетеді. Адамдарға тым тез сеніп қалудың, басқаның соңынан еріп кетудің салдары өте аянышты екенін айтады. 

Профессор шәкіртінің туындысындағы адамдарды ойлап, тым қатты беріліп кетеді. Әйелінің сезімін байқамайды, бағаламайды, жанын жаралайды. Соңында әйелі оның бұл қылығынан шаршап, бүкіл шындықты білген соң оны тастап кетеді. Профессорға әріптесінің жетістігі қатты батады, ішін қызғаныш өртеп жібереді. Іштарлықтан бұрынғы досымен қатынасын біржола үзеді. Өтірікке тым қатты сеніп, ақылынан адасқандықтан, абыройынан да, мансабынан да айырылады.

Авторлар шығармашылық этика мен шекара мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Әрбір айтылған сөздің салмағы мен салдары бар екенін тағы бір рет еске салды.

Бұл дорамада жақсы не жағымсыз кейіпкер жоқ. Ол адам жанының қараңғы қырларын, өнерге деген таза сүйіспеншіліктің қалай билікке құмарлыққа, өзгеге үстемдік етуге және ақырында өзіңді жоғалтуға айналатынын көрсетеді. Санаңды таза ұста, эго мен соқыр құштарлыққа бой алдырма дейді. Ондаған жыл бойы алғашқы махаббатын ұмыта алмаған, өмірге өкпесі қара қазандай жазушы арқылы дорама бізге өз өміріңді бағалай біл деген ой тастайды. 

Фотолар @netflixkr парақшасынан алынды.

Оқи отырыңыз:

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Поиски великой любви на складе великой культуры
Город
#события
Поиски великой любви на складе великой культуры
Чем заняться в Шанхае
Город
Чем заняться в Шанхае
Южная Корея сошла с ума после вылета с ЧМ
Ликбез
#истории
Южная Корея сошла с ума после вылета с ЧМ
Посредник между мирами. Выставка Билла Виолы открылась в Almaty Museum of Arts
Город
#события
Посредник между мирами. Выставка Билла Виолы открылась в Almaty Museum of Arts
Метод «воротничков»: интервью с художницей Азизой Шаден
Ликбез
#истории
Метод «воротничков»: интервью с художницей Азизой Шаден