Әндері әлі күнге дейін ел аузында, бір-біріне жылы қарым-қатынасымен көзге түскен, жаман аттан аулақ топтың эстрадада ойып тұрып орын алғанына жиырма жыл толды! Осы жазда 04.07–05.07 аралығында өтетін OYU FEST-те тыңдарманның ностальгияға толы сүйікті әндерін шырқайды. Мәдениеттанушы Аружан Ербосын топтың тарихын қысқаша шолып шықты.
2000 жылдардың ортасында қазақ эстрадасына жаңалық боп «Rin’Go» тобы келді. Топтың дайындығы 2005 жылы басталғанымен, «Сен ғана» әніне түсірілген алғашқы бейнебаян 2006 жылы шықты. Топтың тағдыры осы сәттен бастау алады.
Алғашқы құрамда университет қабырғасында құрылған «Emotions» тобының мүшелері Батыр Байназаров, Алдан Тұсмағамбетов, Алмаз Жұмаханов және сол кезден сахнада бірге өнер көрсетіп жүрген Данияр Өтегенов болды.
Бұл құрамда жігіттер «Сен ғана» әнінен бөлек, «Ғашықпын», «По берегу», «Praying for the love» сияқты әндерді жарыққа шығарды. Кейбір әндері өшпес хитке айналды. Сол тұста олар қазақ сахнасына батыстық және азиялық boys band форматын, яғни күрделі хореография мен сапалы поп-музыканы біртұтас шоу ретінде алып келді.
2007 жылы сол кездің басты ән байқауы саналатын, жыл сайын Латвияның Юрмала қаласында өтетін «Новая волна» байқауына барғаннан кейін топтың танымалдығы артты. Тәжірибесі аз болғанымен, жанды дауыста қиын хореографияны орындай отырып, олар тек көрерменді емес, қазылар алқасын да тәнті етті. Байқауда жігіттер төртінші орын алды, «Көрермен көзайымы» атанып, Алла Пугачеваның арнайы ақшалай сыйлығына да ие болды.
Бұл халықаралық жетістік олардың Ресей және ТМД шоу-бизнесінің де назарына ілігуіне жол ашты. 2008 жылы Малайзияда жігіттер World Star Quest байқауына қатысып, үшінші орын жүлдегерлері атанды.
Бірінші топтан Алдан Тұсмағамбетов кеткеннен кейін, Аян Бірбаев пен Әділжан Омаров қосылды. Бес жігіт боп «Let’s go» әнін шығарып үлгерді. Артынша Алмаз Жұмаханов топтан кетті.
Қызық бір факт — топтағы Аян, Данияр мен Әділжан SuperStar жобасына қатысқан. Әділжан Омаров тіпті контрактіге қол қойып та үлгерген. Бірақ продюсер Алуа Қонарова өтемақысын төлеп, «Rin’Go-ға» әкелген.
2011 жылы топ Crimea Music Fest-тің лауреаты атанып, Алла Пугачеваның арнайы сыйлығын қанжығаларына екінші рет байлады. 2013 жылы Turkvizyon байқауына қатысып, «Толғау» әнін орындап, Түркиядан да біраз тыңдарман тапты. Оны біз бейнебаяндарына түрік тілінде жазылған пікірлерден білеміз. Осылайша топ қысқа уақыт ішінде Қазақстанның халықаралық аренадағы мәдени көзіріне айналып үлгерді.
Жастық шағы сол кезге дәл келген қыздардың бөлмесінде, күнделігінде топтағы жігіттердің суреттері болған. Олардың әр сахнаға шыққаны, концерттері үлкен қошеметпен өткенін түрлі архив бейнелерден байқауға болады. Тұтас бір буынның «крашына» айналды.

Топтың танымал болғанына бірнеше себеп бар. Әуелі — сол кезге таңсық образдары, яғни киімдері, шаш үлгілері мен сырғасы. Жігіттердің бәрі сымбатты. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, қазір жасы үлкен аға болса да, өңдерін жоғалтпаған.
Екінші себебі — әр жігіттің өзіне тән дауыс бояуы бар. Орындаушылық шеберліктері мен хореографиясы да үйлескен. Бірдей қимылдары мен сахнада өзін ұстауы өте жарасымды.
Үшіншісі, әрине, әндері мен оған түсірген бейнебаяндарының сапасы. Мұнда Алуаның әндерді тауып, потенциалын бірден анықтап, жігіттерге ұсынып, бейнебаян түсіріп, көрерменге жеткізген еңбегі зор. «Сағыныш», «Алдайды», «Smile» сияқты әндерін қазірдің өзінде атауын білмесе де, әуенін, сөзін білетін адамның қарасы көп.
Әсіресе, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің «Боз жорға» әнін жаңаша өңдеп шығуы — топ карьерасындағы ерекше бұрылыс еді. Ескі әнге заманауи ырғақ пен ұлттық нақыштағы өте күрделі хореографияны кіріктіру арқылы олар үлкен буын мен жас буынның талғамын біріктіре алды. Ретро туындыларды трендке шығару мәдениеті осы — «Боз жорғадан» басталды десек қателеспеспіз.
Кейінірек шығарған «Есте бәрі», «Неге» әндері де әуезді, сапалы дүниелер.

2019 жылы топтан Батыр Байназаровтың кеткені тыңдарманға күтпеген жайт болды. Оны әртістің өзі «Gakku дауысы» фестивалінде сахнада тұрып хабарлады. Кейін бұл туралы сұхбат бергенде топ мүшелері де, продюсері Алуа Қонарова да жылап қалды. Топтан кеткенімен, Батыр Байназаров ат құйрығын үзіскен жоқ, продюсерлік орталықта қалды.
Шоу-бизнес сырттай әдемі, қызық көрінгенімен, іші түрлі құпия мен қырқысқа толы екенін білеміз. Талай әнші мен топ, қанша жерден талантты болғанымен, продюсерімен түрлі себепке байланысты келіспей қалып, үлкен шумен кетіп жатады.
«Rin’Go-ның» сахнада жиырма жыл бойы ән айтып, брендті сақтап қалуының басты себебі — қарапайым сыйластық пен өнерге деген махаббат. Алуа Қонарова — жігіттерге жай ғана жоба жетекшісі емес, қиын сәттерде демеу болған, өмірде де, өнерде де бағыт беретін нағыз жанашыр адам. Осы себепті де оны бәрі «мама» деп атайды.

Бүгінде «Rin’Gо» мүшелері — отбасылы, есейген, өмірлік тәжірибесі мол азаматтар ғана емес, өнердің әр саласында өз қолтаңбасын қалдырып жүрген жеке тұлғалар. Топтан бөлек, Батыр Байназаров қазір кино саласына бет бұрып, актер ретінде танылды және талай фильмге саундтрек жазып, продюсерлікпен айналысты. Данияр Өтегенов кәсіби вокалдық менторлық пен дубляж саласында еңбек етіп жүрсе, Аян Бірбаев пен Әділжан Омаров жеке шығармашылықтарын дамыта отырып, «Rin’Go» брендінің отын сөндірмей, сахнадағы ғұмырын жалғастырып келеді.
«Rin’Go» атауын Алуаның анасы ұсынған екен. Ол жапон тілінде «алма» дегенді білдіреді. Осыған қарап «Rin’Go World» продюсерлік орталығын алма ағашы деп алсақ, оның бұтағында бүршік жарған «Ayumi», «Renzo», «Juniors», «Ayanat» пен «Umay» топтары — сол ағаштың әр жылдары пісіп-жетілген, өзіндік дәмі мен түсі бар бірегей жемістері іспетті.