Таныс сарын
Бас кейіпкер Айжан — қалаға оқуға түскен ауыл қызы. Кездейсоқ танысқан жігітпен жұбы жарасып, қалай тез тұрмыс құрғанын өзі де аңғармай қалады. Армандаған оқуын оқып, жас отаудың қызық та жаңа тірлігіне енді қадам басқан бақытты шағы еді. Бірақ бұл дауыл алдындағы тынық күн секілді қиын да үлкен жолдың алдындағы бір мезеттік қуаныш екен. Ері жасырып келген құпияның кесірінен оның өмірі астаң-кестең болады.
Драманың жанрға тән актілері көп болмаса, аз емес. Бірақ экшн-сахнаның басым бөлігі бастапқы 10-15 минутқа сыйып кетіпті. Әсіресе, тар пәтер ішіндегі қимыл-қозғалыс, жанды диалог бір жағынан кейіпкерлердің қасында тұрғандай әсер берсе, клаустрофобия дертіңді шақырып, психологиялық шиеленісті күшейте түседі. Хронометраждың кейінгі бөлігі көбінесе баяу не байыппен жүреді. Көріністердің позитив және негатив сәттері алма-кезек ауысып отырады.
Техникалық жағына мін тағу қиын. Дыбыстың қойылуы, операторлық жұмыс, саундтрек өз орнымен, тіпті Голливуд мелодрамаларына тән тәсілдерды байқауға болады. Монтаж, кадрлардың алмасуы, мизансценаны беру тәсілінде жаңашылдық бар. Драматургияның да ұсақ-түйек кемшіліктерін осы үшін елемей-ақ қоюға болады.
Өзім стилі жағынан Николас Спарктың шығармалары желісімен түсірілген фильмдерге ұқсаттым. Бұл америкалық жазушының біраз романы экрандалды. Солардың ішінен «Соңғы ән» (The Last Song, 2010), «Тыныш айлақ» (Safe Haven, 2013) картиналарына сюжет құрылымы жағынан қатты ұқсас болмаса да, идея деңгейінде үндестік байқалады. Бұларда да, «Періште» фильмінде де өмірді өзгерту, жаңа өмірге мүмкіндік алу жайы сөз болады.
Спарктың шығармалары немесе солардың желісімен түсірілген фильмдер адамның күрделі тағдырын жеңіл тілмен жеткізіп, көрермен жүрегіне жол таба алатын ерекшелігімен әйгілі. Махаббат пен тағдыр, қарым-қатынас пен отбасы сюжеттің басты желісі ретінде алынады. Кейбірінің финалы ауыр болса да, кейіпкер желісін шорт үзіп тастамай, үміт пен жақсылық нышанын сеуіп кетеді. Сезімнен туатын сиқырды сөзбен емес, әсермен, атмосферамен бере білетін шеберлігі бар. Осы қасиетінің арқасында оқырманды да, экрандалған картиналары арқылы көрерменді де жаулап алған автор. Әсіресе, әйелдер қауымына ерекше ұнайтыны рас.
«Періште» де осы бағытпен өрбиді. Авторлары кейіпкердің тағдырын қанша ауыр етіп көрсетсе де, көрермен эмоциясынан ұтыс көруді мақсат етпейді. Кей жері қабылдауға тым ауыр, эмоцияға сын шығар. Бірақ қайрылмастай түңіліп, тағдыр тәлкегіне лағынет айтатындай деңгейге апармайды. Спарк сарыны осындайдан көрінеді.
«Халық киносы»
Дегенмен техникалық орындалуы мен драматургиясы орынды шыққан дүние болса да, мұның қайталама өнім екені ойдан кетпей қойды. Экрандағы кадрларға қарап отырып, мұның бәрін бір жерден көрген сияқтымын деген сезімнен арыла алмадым.
Бізде жетімдер, тағдыры ауыр әйел тақырыбын қозғаған теле- және кинотуындылар аз емес. Тіпті Еркін Рақышев мұны өз шығармашылығының өзегі етіп алды деуге болады. Бұл режиссердің фильмдерін көркемдік деңгейі жоғары, техникалық орындалуы мықты деп айта алмаймыз, тіпті кәсіби дегеннен гөрі әуесқой киноға жақын. Бірақ «Жетімдер», «Астанаға көктем кеш келеді», «Әйгерім» сияқты жұмыстарын әлеуметтік драма деп сеніммен айтуға болады және осының арқасында оның шығармашылығы «халық киносы» деген атаққа ие болды.
Бұл жерде Рақышевпен тағы бір сәйкестік бар. «Періштені» түсірген Әнуар Мәтжановты да «халық киносына» тер төгіп жүрген режиссер деуге болады. Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» фильмдер сериясын, «Таптым-ау сені», «I go to school», «Гудбай, мой бай!», «Брат или брак 3» сияқты халық арасында кеңінен танылған прокат хиттарын түсірді.
Рақышевтің, басқа да киногерлердің жасап кеткен фильмдерінен кейін бе, әйтеуір, қазір мұндай драма түсіру соншалықты өзекті ме деген сұрақ туады. «Періште» авторлары сюжет құру жолында экспериментке бармайды, үйреншікті тәсілден ауытқып, «қалай болар екен?» деген авантюраға бой ұрмайды. Сондықтан шығар, жоғарыда айтып өткен бастапқы 10-15 минуттық эмоцияға толы экшн аяқталған соң финалының қалай боларын біліп отырасың.
Оның үстіне, динамиканың бірде қарқын алып, бірде тым баяулап кеткені зейінді бөліп жібереді екен. Актерлердің (әсіресе, балалардың) керемет ойыны да, сапалы монтаж бен бейне де, мистикалық сахналары да сюжетке терең бойлауға ықпал ете алмады. Оқиғаның шын өмірден алынса да, мықты әлеуметтік астары болса да, бұл 2000 жылдар басындағы теледрамаға ұқсайды екен деген ойдан арыла алмайсың.

Менің үмітім
Авторларға сюжетті баяндау тәсілінің өзектілігіне ден қоймаған, кино тіліне жаңашылдық әкелуге тырыспаған деп кінә артсақ та, Құралай Анарбекова жаңа бағытқа бетбұрысы үшін мақтауға лайық.
Оның Corich Group продакшн студиясы осыған дейін комедия түсіріп келді. Өйткені комедия сюжетіне идея көп, аз шығынмен көп пайда табуға да жақсы. Ал драма сияқты салмақты жанр индустрияда жауапкершілік пен үлкен тәуекелді қажет етеді. Мұндай тәуекелге комедияға машықтанған продюсерлер жиі бара бермейді.
Құралай бұл тұрғыдан батыл қадам жасап отыр және осы бағыттағы жұмысына шындап кіріссе, алдағы уақытта поп-корн жеп көретін кино деңгейінен жоғары дүниелер жасай алады. Ал «Періште» соның бастамасы деп үміттенейік.