Қазақ әдебиетінде әйел теңдігі, ана махаббаты мен қыз сыры туралы шығармалар көп болса да, жазушы ретінде биік белестерді бағындырып, проза жанрында өлшеусіз еңбек еткен қаламгер қыздар саусақпен санарлық. Жазушылық туабітті талант пен дарынды ғана емес, тоқтаусыз ізденіс пен терең білімді қажет етеді. Осы орайда қаламгер қыздардың көтеретін жүгі екі есе ауыр. Тұрмысқа жұтылып кетпей, шығармашылықпен айналысу бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Ақын әрі журналист Ақгүлім Ерболқызы ‘98mag журналының өтінішімен заманауи қазақ әдебиетіндегі сегіз қаламгердің шығармашылығын шолып шықты.
Роза Мұқанова
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары әдеби ортаға аяқ басып, өз сүрлеуімен келген жазушы Роза Мұқанова еді. «Жарық дүние», «Дүние кезек», «Құдірет-Кие», «Сарра», «Бопай ханым» сынды әңгімелер жинағы мен бірқатар драмалық шығарманың авторы.
Қаламгердің әңгімелері мен драмалық шығармалары дәуір шындығын, замана болмысын мейілінше шынайы көрсеткенімен құнды. Жазушы шығармашылығымен таныстықты «Сен», «Үркек керім», «Ешкім де кінәлі емес», «Құбыжық», «Қаралы төбе», «Өзің», «Тұтқын», «Композитор», «Бағира-Шер» сынды еңбектерінен бастауға болады.
Роза Мұқанова әдеби ортаға ең алдымен драматург ретінде қадам басты, пьесалары арқылы танылды. «Мәңгілік бала бейне» пьесасын өткен ғасырдың аяғында ел театрлары жаппай сахналап, өнерсүйер қауымның назарын аударған. Әуелде проза ретінде жазылған туынды, кейін драматургияға астасып кетті. Полигон зардабы мен оның адам жанына салған жазылмас жарасын жүректің ең нәзік пернелерін қозғай отырып бейнелеген бұл шығарма Ләйлі мұңлықтың тағдыры туралы. Жазушы дәл осы «мәңгі бала бейнелі» Ләйланың қасіреті арқылы тұтас адамзаттың трагедиясын әшкерелеп береді. Мұхтар Әуезов драма театры шығарманы алғаш рет 1996 жылы режиссер Болат Атабаев сахналаған еді. Ал Сатыбалды Нарымбетов әңгіме желісімен «Қызжылаған» фильмін түсіреді.
Жазушы шығармашылығының қаузаған тақырыбы, негіз еткен арқауы — әйел әлемі. Әйелдің жаны мен жолы, сезімі һәм сенімі. Жазушы әйелдің «перзент», «ана», «жар» сынды әлеуметтік статусынан бөлек рухани жалғыздығын, сенім мен үміттің арасындағы арпалысын терең психологиялық талдау арқылы бейнелейді.
Дегенмен алғаш жарияланған әңгімелеріндегі әйел кейіпкерлердің басым бөлігі патриархал қоғамның таным-түсінігі шеңберінде сомдалғанын байқауға болады. Ал кейінгі шығармаларында мұндай таптаурындардан арылып, әйел жанының тұңғиығына мейілінше тереңірек бойлайды. Автордың өзі анасымен қоштасқан сәттен кейін туындыларындағы әйел бейнесіне жаңаша жан бітіргенін айтады.
«Жолда келе жатып, өзіме серт бердім, осы күнге дейін шығармаларымда әйел кейіпкерлерге өшім кеткендей шүйлігетін едім, әйел болмысына тым қатал, сыңаржақ қараған екенмін. Күнә да, күнәһар да тек әйел болыпты. Анаммен қоштасқан сәттен бастап менің шығармаларымда үлкен бетбұрыс басталды. Әйел бейнесі басқа көрініс тапты. Әйел — ұлы жаратылыс, әйел — қаһарман, әйел — мейірім, әйел — серіктес, әйел — ұрпақ сабақтастығының үлгісі. Әйел — ана. Менің 39 жастан кейінгі шығармаларымда бәрі әйелді тәу етеді. Әйелдің тереңдігіне әлі де үңіле түсу керек» деген екен жазушы-драматург бір сұхбатында.
Айгүл Кемелбаева
Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнегін салып жүрген тағы бір жазушы — Айгүл Кемелбаева. Тұтас ғұмырын оқу мен жазуға арнаған қаламгердің бүгінде «Жетінші құрлыққа саяхат», «Тобылғысай», «Мұнара», «Мәжнүн жүрек», «Сөз хикмет» әңгімелер мен повестері, романы мен эсселері оқырманға жақсы таныс. Туындылары бірнеше мәрте байқау жүлдегері болды, шетелдік антологияларға енді. Әңгімелері орыс, түрік, әзербайжан, неміс тілдеріне, «Мұнара» романы ағылшын тіліне аударылды. Қаламгерлік ғұмырының бастауында тұрған «Қоңырқаз» әңгімесі — қазақ әдебиетіндегі тың сюжет, тосын болмысқа толы әңгімелердің бірі.
Айгүл Кемелбаева шығармаларында қалыптасқан шектеу не таптаурын жоқ, реализм мен мистика, тіпті кейде детектив сарын астасып жатады. Күйкі тірліктің ең қарапайым көріністерін аша отырып, сол тұрмыстың астарынан адамзаттың жалғыздығын, тәубе мен тәкаппарлықтың тайталасын, сенім мен күмәннің арпалысын алға шығарады.
Жазушының «Мұнара» романы әдеби ортада көп талқыланып, жиі сөз болған еді. Роман екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде оқиға Мәскеудегі Әдебиет институтында оқитын қазақ қызы Айжанның тағдыры арқылы өрбиді. Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан мен Ресей арасындағы қаржылық байланыс үзіліп қалған шақта, елдегі анасы жіберген қаражат қолына тимей, студент қыз таршылыққа тіреледі. Мардымсыз стипендия күнкөріске жетпей, алып мегаполисте ашқұрсақ күй кешеді. Аштық оның тәнін ғана емес, санасын да меңдей бастайды, ойлау қабілеті әлсіреп, рухани дағдарысқа ұшырайды.
Қиындықтан шығудың жолын іздеген Айжан курстасы Лиляның көмегімен бала күтуші болып жұмысқа орналасады. Тоғыз жастағы Ританы бағып, үйдің тазалығын жасап, ас дайындап, мектептен қарсы алып, сабағын қадағалау — бәрі оның мойнына жүктеледі. Бала күтушілік деп аталғанымен, бұл рухани тұрғыдан ауыр, еркіндігін шектейтін күйкі тіршілік еді.
Ританың анасы Жамал — мінезі суықтау, есепшіл, дүниеқоңыздау әйел. Оның болмысы арқылы автор капитал үстемдік еткен қоғамдағы қатыгездік пен екіжүзділікті әшкерелейді. Жамал орыс азаматы Максим Андреевичке тұрмысқа шыққан, тұрмыстық есеппен әрекет ететін жан ретінде бейнеленеді. Айжан мен Жамалдың арасы жараспайды.
Екінші бөлім «Соңғы жолбарыс» деп аталады. Мұнда әңгіме ішіндегі әңгіме тәсілі қолданылып, қарт аңшы Тарбақтың баяны арқылы Арқадағы аң-құстың тіршілігі суреттелген. Автор дала табиғатын, жануарлар әлемін зоологиялық дәлдікпен бейнелей отырып, қазақы болмысты осы образға сыйғызады.
Байқасақ, автор шығармаларында авторлық позиция айқын көрінеді. Мистикалық тосын сюжет, кейіпкерлердің өзара диалогтері, өмір, тылсым күш туралы әр алуан толғамдар, тұтастай алғанда, автордың идеясын, көзқарас-танымын оқырманға жеткізу құралына айналған. Әсіресе автор шығармаларында дін, наным-сенім тақырыбы ерекше көрініс табады. Тосын мистикалық оқиғалар, мол этнографиялық таным-түсінік, бұрыннан таныс деген сюжеттің басқаша өрбуі мен соны көркемдік шешім, ауыз әдебиетіндегі үлгілердің дамытылып пайдаланылуы мен баяндау формасының өзгешелігі «Тырнақ», «Шашты», «Қоңырқаз», «Көкқия» әңгімелеріне де тән.
Мәдина Омарова
Жазушы, драматург Мәдина Омарованың әңгімелері сиқырлы сазымен, нәзік иірімдерімен, ойлылығымен, мәтіннің ішкі әуезділігімен ерекшеленеді. Қазақ әдебиетіндегі мистикалық шығармаларымен өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген жазушының «Ана ғұмыр», «Қадір түні», «Көмбе нанның дәмі» сынды прозалық жинақтары бар. Бірқатар пьеса жазып та танылған. Ол прозасы мен пьесаларында қазақ әдебиетіндегі қалыптасқан дәстүрімен қатар, магиялық реализмге жақын стильге ден қойып, оқырман назарын рухани әрі тылсым әлемге бұрады.
Мәдина Омарованың прозалық шығармалары әдетте көлемі шағын, бірақ мазмұны терең оқиғалардан тұрады. Әңгіме, миниатюралар мен этюдтер. Прозасының басым бөлігін әңгіме жанры құрайды. Кешегі социалистік реализм дәуірінде орныққан көпсөзділік пен қызыл сөзге иек артатын баяндау машығы бүгінгі оқырманның сергек, талғампаз қабылдауына сәйкес келе бермейтінін уақыттың өзі аңғартты. Бұл, әрине, көлемді прозаның ғұмыры үзілді дегенді білдірмейді. Алайда ұзақ-сонар суреттеу мен әсірепафосқа құрылған баяндау тәсілінің бұрынғы беделі бәсеңдегені байқалады.
Тәуелсіздік кезеңімен бірге әдебиетке келген жаңа буын қаламгерлер осы өзгерісті байқады. Соның нәтижесінде әңгіме жанры жаңа тыныс алып, шағын формадағы терең мазмұнға ден қою үрдісі күшейді. Аз сөзге салмақ жүктеп, ойды ықшам формада түйіндеуге ұмтылған жазушылар әртүрлі көркемдік эксперименттерге батыл қадам жасады. Мәдина Омарованың прозасы Тәуелсіздік кезеңінен кейінгі қазақ әдебиетіне жаңаша серпін әкелгені рас. Жазушы шағын, кейде тіпті өте шағын формаға үлкен философиялық жүк артып, адамның ішкі қайшылығын, жан әлеміндегі көмескі иірімдерді көркемдік дәлдікпен бейнелейді. Оның мәтіндерінде оқиға сыртқы динамикадан гөрі ішкі қозғалысқа, психологиялық толғанысқа негізделеді.
Әдебиет сыншылары оның прозасын «қазақ әдебиетіндегі готикалық проза бастамасы» деп бағалаған. Мысалы, «Жол үстінде» атты әңгімесінде автор түнгі сапарда белгісіз кейіпкермен бірге жүріп, өзінің бұрыннан өтіп кеткен күндеріндегі адаммен кездескендей әсер алады.
Мәдина Омарова шығармаларындағы мистика мейілінше табиғи, мейілінше шынайы. Әдетте бұл тек қорқыныш немесе шок жасау үшін сырттан танылған жалаң әдіс деуге келмес, анығында кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен рухани толғанысын ашуға қызмет етеді. Прозалық шығармаларындағы мистикалық, тылсым мотивтердің философиялық астары оқырманға адам болмысының күрделілігі, уақыт пен кеңістік сияқты ұғымдарды қайта ойлауға мүмкіндік береді.
Жазушы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында былай деген: «Проза — цирк емес, талғамды аудиторияны арзан трюктармен алдаусырата алмайсың. Содан соң үш жүз бет роман емес, алақандай әңгіме автордан перфекционист болуды талап етеді. Бәрі алақанда, көз алдыда тұр. Жебе тартқандай мығымдық, мергендік, түйсік керек».
Жадыра Шамұратова
Әйел жазушылар туралы сөз қозғағанда дәстүрлі нақыштағы өмір өрнектерімен бүгінгі әдеби үдеріске үнін қосып келе жатқан Жадыра Шамұратованы атап өтпеске болмас.
Автордың ерекше оқиға өрімімен, ирония мен сарказмға, аракідік лиризмге құрылған «Секундтар арасындағы шексіздік», «Айтылмаған сыр», «Сандық» проза жинақтары бар.
Шамұратова прозасы негізінен қазақ қоғамындағы нақты әлеуметтік шынайылыққа, адамның ішкі сезім әлеміне және тарихи‑мәдени контекстке бағытталған. Оның шығармалары әдетте қоғам мен тұлға, дәстүр мен қазіргі заман, ауыл мен қала арасындағы шиеленістерді, сондай‑ақ жеке адамның тағдырындағы күрделі таңдау сынды тақырыптарды қамтиды. Жазушы шығармашылығына қызыққан оқырман таныстықты былтыр жарыққа шыққан «Қисық дүние» прозалық жинағы арқылы бастаса болады.
Жадыра Шамұратованың шығармашылығымен көпшілік алғаш рет «Қара қазан» әңгімесі арқылы танысқан-ды. Тіршіліктің ағынымен ауыл төріндегі жылы ұясын тастап, қаладағы балаларының қолына кеткен кейуананың қара шаңыраққа деген сағынышы баяндалатын бұл әңгімеде артық суреттеу, ұзақ баяндау жоқ. Бірақ әр деталь терең мағына жүктеп, оқырманды кейіпкердің ішкі әлеміне жетелейді. Осы әңгімеден кейін Жадыра Шамұратова жазушы ретінде таныла бастады. Кейінірек бірқатар новелла мен әңгімесі басылым беттеріне жарияланып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді.
Жазушы шығармашылығында реалистік бағыт басым. Ол өмірді әдейі көркемдеп, бояуын қалыңдатып көрсетуге ұмтылмайды, керісінше, сіз бен біз күн сайын кешіп жүрген тіршілікті қаз-қалпында суреттеуге бейіл. Әр кейіпкер — өмірден алынғандай нанымды, олардың қуанышы мен мұңы әсіреленбей, қалыпты тынысымен біте қайнасып жатады. Мұндай прозада әдетте бос ұран, артық айқайға орын болмайды.
Жадыра Шамұратова әлеуметтік және әдеби пікірталастарға да қатысады. Ол прозаның маңызын, әдебиеттің қоғамдағы ұстанымын, оқырманмен байланысын жиі талқылайды. Бұдан бөлек қаламгер бірқатар классикалық әдебиетті қазақшаға тәржімалап жүр.
Лира Қоныс
Өзіне тән философиялық ойлары бар, өзіндік жазу стиліне ие жазушы Лира Қонысты ауылда туып, қалада қалыптасқан жастардың жазушысы десек болады. Қаламгердің мистикалық таным желісімен жазылып шыққан «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты романы бар. Бұдан бөлек «Сізге ғашық қыз», «Мәңгілік сағыныш» сынды прозалық жинақтардың авторы. Оқиғаның өрбуі де, шарықтау шегі де өз деңгейінде жазылған қысқа әрі тартымды новеллалар жазған. Бірде күлкілі аяқталса, бірде оқырманын ойға батырып тастайды. Қаламгерлік қоржынында «Менің Аяным», «Мумуния кафесінде», «Қоштасу», «Сәтсіздіктегі сезімдер» сынды бірқатар новелла бар.
Қала мен ауылдың, қазақы таным мен жаһандық мәдениеттің, дәстүр мен даралықтың арасында екіұдай күй кешкен бүгінгі жастың ішкі әлемін дөп басу — Лира Қоныс прозасының негізгі қуаты. Бұл ерекшелік әсіресе «Шахарбанудың сыңсуы», «Алма ағашының құдайы», «Махаббат туралы роман», «Отыз үш тал раушан», «Ауылда», «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі» секілді әңгімелерінен айқын аңғарылады.
Лира Қоныс кейіпкерлері — бір кеңістіктен екінші кеңістікке көшкен, бірақ рухани тұрақ таба алмаған, жүрегі екі әлемге бірдей байланған жандар. Олар ауылдан кеткенімен, ауыл олардан кетпеген, қалада жүргенімен, қалаға сіңіп кете алмаған, тіпті шетелдік мәдениетке қызыққанымен, ұлттық түп-тамырдан ажырай алмаған образдар ретінде сипатталады. Осы екіұдай күй — жазушы прозасының негізгі драматургиялық өзегі.
Лира прозасында қазақ әдебиетінде бұрын сирек ұшырасатын кейіпкерлер бой көрсетеді. Олар — дәстүрлі моральдық шеңберге сыймайтын, өз таңдауы үшін жауап беруге даяр, кейде тәуекелшіл, кейде қияли, кейде мистикалық сенімге жақын, кейде рационал ойлауға ұмтылған жандар. Автор оларды ақтамайды да, айыптамайды да; тек болмысын бар қалпында ұсынады. Заманауи прозадағы авторлық позицияның жаңа көрінісі осы болса керек. Лира Қоныстың стилі туралы сөз қозғағанда, оның прозасы жапон әдебиетіндегі буддалық тыныштық пен ішкі үнсіздікке құрылған жазу машығын еске түсіретіні жиі айтылады. Әсіресе ХХ ғасырдағы жапон қаламгерлерінің болмыстық жалғыздық пен ішкі рухани бос кеңістікті бейнелеудегі поэтикасы Лира әңгімелеріндегі минимализммен үндес. Бұл тұрғыдан оның прозасы белгілі бір дәрежеде Харуки Мураками шығармаларындағы реалдылық пен тылсымның қабаттасуымен, немесе Ясунари Кавабата туындыларындағы ішкі лиризммен үндес көрінуі мүмкін.
Қаламгер шығармаларындағы мистикалық сарынды атап айтпасқа болмас. Жазушы Аягүл Мантай «Лираның шығармашылығында шынайылық жетіспейді» деп баға берген екен. Кей әңгімесін оқып отырсаң, қиялы жүйрік жазушының кейіпкерлері мен сюжеттік бұрылыстар адамды сендіре алмай қалып жатады. Лираның кейіпкерлерінің бірі қияли, бірі періште, енді бірі бүгіннің адамы еместей көрінетіні тағы бар.
Қазір жазушының зерттеп жүрген саласы — минимализм. Бірер жыл бұрын «Қазақша минимализм» кітабын жарыққа шығарды.
Бақытгүл Сәрмекова
Заманауи қазақ әдебиетінде өндіре жазып, шығармалары шетел асып жүрген қаламгер — Бақытгүл Сәрмекова. Заманауи қаламгерлер арасында өзіндік стилімен, айрықша жазу машығымен ерекшеленетін жазушының «Кейіпкер» прозалық жинағы бар. Қаламгердің әңгімелері АҚШ-тағы PEN AMERICA 2022 әдеби грантын жеңіп алған. Шығармаларды ағылшын тіліне әдеби аудармашы Миргүл Қали тәржімалаған. Бақытгүл Сәрмекованы оқырман алғаш рет «Ақындары құрысын», «Қарагер тай», «Қызыл кірпіш» әңгімелері арқылы таныды. Әңгімелерінің оқиға желісі мейілінше қарапайым, тілі жатық жазушы көпті шынайылығымен баурағанға ұқсайды.
Сәрмековада Чеховтың, Майлиннің, тіпті кейінгі Тынымбай Нұрмағанбетовтың сарыны бар ма дерсің. Автор ауылдың қарапайым тірлігін шынайы, боямасыз түрде суреттей отырып, заманауи қоғамның құндылықтар өзгерісін көрсетеді. Біз аңғармай, аңғарса да айта алмай жүрген құбылыстарды әшкерелеуде жазушы алдына жан салмайды.
«Ақындары құрысын» әңгімесіндегі Итбайды образ арқылы «ақын ағалардың қамқорлығын», жымысқы әрекетін сынға алса, «Қоңыр үй мен ақ жигулидегі» Хабес шалы, «Ырымдағы», «Қарагертайдағы» әкесінің бейнесі, «Итгершіліктегі» Елтайы, «Моникасы», «Бір күндік некедегі» Жақаш пен Розасы — жоғарыда айтқан қазақы қыңыр мінездердің заманауи жүйе алдындағы, құдай алдындағы сынған, рухы түскен қалпын ашады.
Жазушы қазақы аңғалдық пен сенгіштікті, мырзалық пен аярлықты қатар қояды. Кереғар қасиеттерді қарсы қоя отырып сынайды. Жазушы шығармашылығындағы кейіпкерлер мүлдем кіршіксіз емес. Кеңестік реализмге тән образдарды типтеу әдетін жазушы шығармашылығынан аңғармайсың.
Шетелдік сыншылар да Сәрмекованың прозалық тілінің күшті жақтарына баса назар аударады. Мәселен, Asian Review of Books басылымындағы қарапайым ауыл ландшафттарынан басталатын әңгімелердің адамға тән әмбебап мотивтерді қалай ашып көрсететінін атап көрсеткен. Сәрмекова шығармаларындағы әлеуметтік шиеленістер, дәстүр мен модернизация арасындағы қақтығыстар айқын көрінеді. Онда әйел мен ер рөлдері, патриархалдық жүйенің тегеуріні мен заманауи мәдени талаптардың соқтығысуы, сондай-ақ адам тағдырларының ұсақ, қатпарлы психологиялық қырлары қызу талданады.
Ең қызығы, Бақытгүл кейіпкерлерін ақтамайды да, даттамайды да. Дәл осынау біз бен сіз сүріп жүрген қоғамның ең елеусіз тұрғындарын сол күйі қағазға ақтара салады. Кейіпкерлеріне Құдайдай қарап, қуыршақ сияқты әбден ойнайтынын байқайсыз. Тіпті ең қызығы әбден ойнап, құмары қанған соң лақтырып тастағандай ауыр әжуаны, мысқылды аңғарасыз.
Жазушының өзі «Айқын» газетіне берген сұхбатында: «Топырақтың мінезі болады, қан тартады дегендерге сенбеймін. Әр адам өзінше тұлға, жолында кездескен ерекшеліктерге байланысты, тәрбиесіне байланысты мінезі қалыптасады. Жылдар бойы тұлғалық қалыптасу процесінен өткеннен кейін сол болмыс адамның істеген ісінен, жазуынан көрініс табуы мүмкін. Мысалы, мен қыжыл, мысқылдарды көп жазсам, ішімде жылдар бойы жиналып қалған бір ыза, ашу, қарсылықтар бар болғаны шығар» дейді.
Жәудір Нартай
Жас та болса бүгінгі оқырманға танылып, қаламы төселген қаламгерлердің бірі — Жәудір Нартай. Қаламгер қаламынан туған «Той көйлек», «Ұлжан», «Мен он төртке толғанда», «Костяның алғашқы махаббаты» сынды бірқатар әңгімесі бар.
Жәудір Нартай шығармашылығы жайлы жылы пікірлердің жиі айтылуы да тегін емес. Жазушының әңгімелері алдымен шынайылығымен, риясыз нәзіктігімен баурайды. Жасандылықтан ада, эмоцияны күштеп үстемелемейтін, кейіпкер тағдырын әсірелемей-ақ әсерге бөлейтін осы бір сабырлы стиль қазіргі әдеби кеңістікте сирек ұшырасатын қасиет. Сюжет құрудағы шеберлігі де айрықша. Ол оқиғаны әсіре күрделендірмейді, шиеленісті сыртқы әрекеттен емес, кейіпкердің ішкі сезімінен тудырады. Әңгімелерінде басы артық эпизод жоқ, жұп-жұмыр. Әңгімелерінің басым бөлігінде қаузаған тақырыбы — ауылдың тынысы мен тіршілігі, қарапайым жандардың қарабайыр тағдыры.
Бұл тұрғыда Жәудірдің жазу машығы ХХ ғасырдың классикалық дәстүрін еске салады. Шынында, әдебиеттің бір кезеңінде тағдыр бірінші орында тұрды. Кейіпкердің өмір жолы — шығарманың өзегі еді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында модернистік ізденістер күшейіп, авторлық концепция, идеялық құрылым алдыңғы қатарға шықты. Кейіпкер тағдыры идеяны жеткізудің бір құралына айналды. Әдебиет күрделене түсті, жұмбаққа толы формаға көшті. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ прозасының да бір тармағы осы концептуалдық бағытқа бет бұрды.
Ал Жәудір Нартай прозасы — осы үдерістің ішіндегі тосын бұрылыс. Ол тағдырды қайта алдыңғы қатарға шығарады. Бірақ бұл — ескіше сентиментализм емес. Оның шығармаларында көзге жас алдыруға құрылған жасанды драматизм жоқ. Ауыл бейнесі ностальгиялық сағынышқа айналмайды. Жазушы ауылды жазып отырып, оқырманды өзіңе де түсініксіз сағынышқа тұншықтырып тастамайды. Адам тағдырын жаза отырып, аяушылық тудырмайды. Қазіргі қазақ прозасында кейде интеллектуал салмақ артып, эмоциялық шынайылық әлсіреп кететін тұстар бар. Ал Жәудір сол әлсіреген жерге қан жүгірткендей әсер қалдырады. Ол әдебиетті тағдырға қайта жақындатады. Бірақ өткенге қайтармайды. Классикалық дәстүрдің тынысын қазіргі уақыттың сезімімен ұштастырады.
Сафина Ақтай
Қазіргі қазақ әдебиетінде прозалық шығармаларымен көзге түсіп, бүгінгі заманның ішкі толғанысын өндіре жазып жүрген қаламгерлердің бірі — Сафина Ақтай. Қазіргі қазақ әдебиеті бұрынғы жаттанды сюжеттер мен дәстүрлі иірімдерден алыстап, жаңа даңғылмен жаңалыққа бет алғанға ұқсайды. Сафина — «Burger King-тегі Элвис Пресли» прозалық жинағы мен «Ганин» романының авторы.
Дала мен ауылдың көрінісін сипаттайтын ұзын-сонар баяндаудан, тарихи роман мен эпикалық сюжеттерден жалыққан оқырманға замандас қаламгерлер тың сюжет, жаңаша образдар жүйесін ұсынып жатқан ұқсайды. Осы жаңашыл құбылыстың арасында Сафинаның есімі жиі аталады. Кейінгі жылдары аударма саласындағы табысты еңбектерінен бөлек, былтыр жарық көрген прозалық жинағы қазақ жастарының өмірге, махаббатқа, тілге деген сезімін, түсінігін жаңа қырынан, мүлде басқа сипатта ашып көрсетеді. Он шақты әңгімеден тұратын жинақ көлемі шағын болғанымен, ішкі эмоционалдық күш-қуаты ерекше. Бұл проза дәстүрлі сюжеттен тыс кейіпкердің психологиялық күйімен, кеңістікті сезінуімен, үнсіздікті де ести алатын қуатымен оқырманға әсер етері анық. Туындыларындағы байқампаздық, образды ойлау қасиеті мен сезім екпіні қазақ прозасында бұрын-соңды байқалмаған жаңа лепке ие.
Сафина прозасында кеңістік тек оқиғаның орны ғана емес, кейіпкердің өзі ретінде сомдалып, автормен біте-қайнасып жатады. Сол үшін де Сафинаның кейіпкерлерін сіз бен біз жатырқай алмаймыз. Кейіпкердің көңіл-күйі мен қаланың атмосферасы үнемі өзара қабаттасып, бір ағында өрбиді. Әрбір сапар, мұражай, Burger King, кофехана, такси, автобус, жаяу жүргінші жолы — біз бен сіз сүріп жатқан қоғам, әрқайсысымыз кешіп жатқан қайнаған тірішіліктің ортасы. Сафина шығармаларының дәл осы шынайылығы баурап алады. Етене жақын адамыңдай, тіпті әуелден бері араласатын ескі танысыңдай ерекше күйге бөлейді.
Шығармаларындағы басым көпшілігінде әйел кейіпкерлерге басымдық береді. Ерлер, жасөспірімдер немесе қоғамдағы басқа топтар көрініс тапса да, олардың дүниесі әйел кейіпкердің көзқарасы арқылы өріледі. Әйел кейіпкердің ішкі әлемін нәзік әрі шынайы бейнелеу арқылы Сафина жаңа әдеби кеңістік ашқан сияқты. Қалалық, жас, жалғыз, ішкі дауысын есту үшін әлемнің дауысын басып қойған әйелдің дауысын қазақ прозасына алып келу автордың қолынан келген. Бұған дейін заманауи әйел кейіпкерлерінің дауысы бәсеңсіп тұрған қазіргі қазақ әдебиетінде Сафина Ақтайдың шығармаларын жаңа лептің бастауына балаймыз.