14 қаңтарда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов алкогольдік ішімдіктерді кешкі сағат сегізден кейін сатуға тыйым салуды ұсынды. Депутаттың сөзінше, мейрамханалар арақ-шарапты 22:00-ден кейін ұсынуы керек, ал онлайн дүкендерден алкогольді сусындарды мүлдем алып тастау керек.
Ішкі істер министрлігінің деректеріне сілтеп отырғанын айтқан депутат елде ауыр қылмыстардың біраз бөлігі масаң күйде жасалады деді.
Әрбір екінші кісі өлтіру фактісі, әрбір үшінші зорлау мен бұзақылық қылмысы, сондай-ақ әрбір төртінші тонау, жол-көлік оқиғасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері мас күйде жасалады» деді депутат.
Магеррамов сауда нысандарының кәмелетке толмағандарға алкоголь сатпайтынына толық кепілдік жоқ екенін де атап өтті. Оның сөзінше, сауда орындарының көптігіне байланысты оларды толық бақылау физикалық тұрғыдан қиын. Осыған байланысты депутат балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салуды қайта енгізуді ұсынды. Алкоголь сататын дүкендер санын шектеу қажет дегенді де айтты.
Депутаттың сөзінше, алкоголь өнімдерін міндетті түрде цифрлық сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу керек. Магеррамов бұл шара заңсыз сауданы бақылауға және қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді деп есептейді.
Фото: Магеррам Магеррамов, gov.kz
Қазақстанда алкоголь өнімдерін сату уақыты мен тәртібін шектеу мәселесі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген. Әр жылдары түнгі уақытта сатуға шектеу енгізу, мектеп пен балабақша маңында сатуға тыйым салу, акциздерді көтеру және лицензия талаптарын күшейту сияқты ұсыныстар талқыланған. Кейбір өңірлер әкімдіктер жергілікті деңгейде арақ-шарап саудасына қосымша шектеулер енгізіп көрген.
ʼ98mag журналы таяуда кейінгі жылдары әлемде жастар арасында арақ-шарап ішу азайып келе жатқанын жазған. Материалда дамыған елдерде, әсіресе жас буын арасында ішімдіктен бас тарту немесе аз тұтыну үрдісі күшейгені көрсетілген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, алкоголь әлі де тәуелділік пен денсаулыққа зиян келтіру көрсеткіші бойынша алдыңғы орында екені, бірақ жас топтар арасында көрсеткіш біртіндеп төмендеп жатқаны айтылады. Зерттеулер бұл өзгерісті денсаулыққа саналы қарау, психикалық саулыққа назардың артуы, әлеуметтік нормалардың өзгеруі және мемлекеттік реттеудің күшеюімен байланыстырады.
Осындай-ақ оқыңыз: