Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Республикалық жедел-құтқару жасағының дерегінше, Алматы тауларында былтыр 194 адамға көмек көрсетілген. Құтқарушыларға хабарласатындар жыл сайын артып келеді: 2020 жылы шұғыл көмекке 81 адам жүгінген.
Кейінгі бес жылда, ресми дерек бойынша, тауда 16 адам қаза тапқан. Құтқарушылардың айтуынша, мұндай оқиға көбіне адамдар жолға дайындықсыз шыққаннан, бағытты білмей, адасып кеткеннен болады.
ʼ98mag журналының авторы Ақдидар Әбдімәулен Алматыдағы ерікті құтқару қызметінің мүшесі, тәжірибелі тау гиді Ишмат Қамидолладан тауға шығуға қалай дайындалу керегін сұрады.
Бағытты анықтап алу керек
Тауға шығатын туристердің көбі қайда бара жатқанын толық түсінбей жатады. Ең алдымен жүріп өтетін жолды іздеу керек: бағыт қай жерден басталып, қайда аяқталатынын, жол бойында кезігетін асуларды, өзендерді, көпірлер мен басқа кедергілерді алдын ала білу қажет. Жоспар кезінде қашықтықты ғана емес, көтерілетін биіктікті де ескерген жөн.
Тауға шығар алдында физикалық дайындығыңызды бағалаңыз. Спортпен шұғылданбайтын адам бірден күрделі бағытты таңдаса, жолда жараланып немесе көздеген нүктесіне жетпей қалуы мүмкін. Алдымен жеңіл бағыттардан бастап, тәжірибе жинаңыз.
Басында жоспарлаған бағытты өзгертпеңіз. Тауға алып шығатын заттарыңызды үйде алдын ала тексеріп алу маңызды.
Не кию керек?
Тауға жай серуенге шыққандай киініп баруға болмайды. Жай кроссовка таста тайып кетеді, тобықты қайырып алмау үшін табаны мықты бәтеңке кию керек.
Тауда күн кенет өзгеруі мүмкін, сондықтан қабат-қабат киінген дұрыс: алдымен тез құрғайтын синтетикалық жейде, екіншісі — жеңіл флис, соңғысы — су өткізбейтін (мембраналы) күрте.
Тауға шыққанда ұзын, су өткізбейтін шалбар киген жөн. Жеңіл бас киім мен қолғап керек. Артық киім алып алыңыз, қажет болса, ауыстырып аласыз. Кейде адам жолда жараланып, тауда қонып қалуы мүмкін, түнде тоңып қалмас үшін жылы киім керек.
Тауға көлемі кемі 30 литр болатын сөмке алып шығыңыз. «Жеңіл болсын» деп кішкентай сөмке алсаңыз, қажет заттар сыймай қалады.
Қандай тағам алу қажет?
Тағы бір үлкен мәселе — жұрттың көбі тауға 0,5 литр су мен бір шоколад ұстап шығады.
Ағзаға күш түскенде қандағы қант деңгейі түседі, салдарынан адам шаршап, әлсірейді. Тауға шыққанда негізгі астан (сэндвич немесе басқа тағам) бөлек, жолда жейтін, ағзаға жылдам сіңетін көмірсулар алып шығыңыз: құрма, кепкен жемістер, тәтті сусын, энергия беретін батондар. Бұдан бөлек, сөмкеңізде төтенше жағдайда ғана жейтін артық тағам болсын.
Суды шөлдеген кезде емес, шөлдемей тұрып, үнемі, аз-аздан ішу керек. Ағзада су аз болса, тау ауруының қаупі артады.
Жай-күйіңізді бақылаңыз?
Биікке көтерілген сайын ауадағы оттегі азаяды. Салдарынан кей адамның ағзасына оттегі жетпей, тау дерті пайда болады. Мұны биіктік ауруы деп те атайды.
Оның негізгі белгілері — бас ауырады, айналады, жүрек айниды, әлсіздік болып, іш өтеді. Мұндай реакция біреуде екі мың метр биіктікте байқалса, басқаларда үш мың метрден соң басталуы мүмкін. Бұған адамның денсаулығы, ұйқысы, тамақтануы мен қалай жүріп бара жатқаны әсер етеді.
Тауда асықпай жүріп, тынысты бірқалыпты ұстаңыз.
Қолыңызда болуы керек заттар
- Шам
Маңдайға тағып қоятын шам қараңғыда жақсы жарық береді әрі ыңғайлы. Міндетті түрде оған артық батарея алыңыз.
- Power Bank
Тауға шыққандардың көбі жол бойы бәрін суретке немесе видеоға түсіргісі келеді. Сөйтіп телефон қуаты тез таусылады. Байланыс және қауіпсіздік үшін Power Bank аса маңызды.
- Құтқарушы көрпе
Салмағы небәрі 100–120 грамм, көлемі телефоннан сәл үлкен көрпе сөмкеңізде көп орын алмайды. Мұндай көрпенің бір жағы күн сәулесін қайтарады, екінші жағы жылуды сақтайды. Тауда жараланған адамды осы көрпеге салып сүйреп жүруге де болады.
- Тауға көтерілгенде треккиң таяғын дұрыс қолдансаңыз, бел мен тізеге түсетін салмақты азайтады.
Қолыңыз немесе аяғыңыз сынса, оны қозғалмайтындай етіп уақытша бекіту үшін треккиң таяғын қолдануға болады.
- Әр туристе шағын дәрі қобдишасы болуы керек. Оның ішіне бас ауырғанда (ацетилсалицил қышқылы), іш өткенде ішетін, аллергияға қарсы дәрілер, бинт, лейкопластырь, хлоргексидин, шағын қайшы немесе пышақ, сіріңке салып алыңыз.
Күн райына қараңыз
Тауда ауа райы қандай болатынын смартфондағы қарапайым қосымшадан емес, Windy.com сияқты арнайы сайттан көріңіз. Бағытыңыздың ең биік нүктесін таңдап, дәл сол жердегі температура мен жауын-шашынды, уақытын қарап алыңыз.
Қалада күн ашық, ыстық болғанымен, тауда жаңбыр жауып, күн суытып кетуі мүмкін. Тауға шығар алдын ең жаман сценарийді ой елегінен өткізіп, соған сай дайындалыңыз.
Таудан түсетін уақыт
Тауда күн ерте батып, бірден салқын түседі. Жолға кеш шыққан адам адасып, жараланып немесе тоңып қалуы мүмкін.
Тауға түскі 11-12-де емес, таңғы 5-6-да шығыңыз. Төтенше жағдайлардың басым бөлігі қайтар жолда болады. Бәрін дұрыс жоспарлап, күндіз қайтып үлгеремін десеңіз де, қайтар жолда тосын жағдай болуы мүмкін.
Ең маңызды ереже — үйге қайтатын уақыт. Көздеген жеріңізге жете алмасаңыз да, жаз мезгілінде 14:00-де, қыста 12:00-де кері қайту керек. Басты мақсат — шыңға шығу емес, үйге аман-есен оралу.
Қайда баратыныңызды, қайтатын, байланысқа шығатын уақытты жақындарыңызға айтып кетіңіз. Сізден хабар болмаса, туыстарыңыз құтқарушыларға дереу хабарласуға тиіс.
Тауда байланыс ұстаса, жақындарыңызға хабар беріп отырыңыз. Бағытыңыз өзгерсе немесе кешігіп жатсаңыз міндетті түрде ескертіңіз. Хабарлама жазғанда уақытты көрсетіңіз, өйткені хат кеш жетуі де мүмкін.
Баратын жолды алдын ала зерттесеңіз, төтенше жағдайда нақты қайда тұрғаныңызды айта аласыз. Тауға жалғыз шықпаңыз. Топ болып шыққанда да араларыңызда тәжірибелі адам болуы керек.
Бірдеңе бола қалса
Ерекше қорғалатын табиғи аумақта рұқсат етілмеген жерде от жақсаңыз, 100 АЕК (шамамен 393 200 теңге) айыппұл салынады. Алайда телефоныңыз өшіп, байланыс болмаса, қауіпсіз жерде от жағып, көмек шақыра аласыз. Оны ұлттық парк қызметкерлері, орманшылар байқап, сөндіруге барады.
От жағатын зат болмаса, жартастың тасасына, ағаштың түбіне отырып, қолыңызда бар нәрсемен желден қорғаныңыз.
Құтқарушыларға нақты орныңызды жіберсеңіз, басқа жаққа кетіп қалмаңыз. Өйткені олар сіз айтқан жерге барады. Кей адам хабар берген соң басқа жаққа кетіп, адасып немесе жараланып жатады.
Өкінішке қарай, тәжірибелі адамдар да тауға шыққанда жараланып, қаза табады. Дайындығы неғұрлым жақсы адамның аман қалу мүмкіндігі жоғары. Төтенше жағдай болса, дереу 112 немесе 109 нөмірлеріне қоңырау шалыңыз.
Тауға шықсаңыз, үйде сізді күтіп отырған жандар бар екенін ұмытпаңыз. Қауіпсіздікті бірінші орынға қойыңыз.