Әбіл жолы. Заман зұлматын адам тағдырына сыйдырған фильм

Биыл 14 қаңтарда режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» картинасы Францияда прокатқа шықты. Алмағайып тоқсаныншы жылдардың шыжығына тап болған отбасы туралы реалистік драманың осы күнге жеткен жолы оңай болған жоқ. Киносыншы Ернар Бекенов ʼ98mag журналының өтінішімен «Әбіл» картинасын көріп шығып, ол шетелдік аудиторияны несімен баурап алып жатқанын түсінуге тырысты.

13 минуттық кіріспе

Фильм оқиғасы 1990 жылдардың басында, ұжымшарлар таратылып, малы мен дүние-мүлкі жұмысшыларға үлестірілген кезеңді суреттейді. Бас кейіпкер — Әбіл (Ерлан Төлеутай) — колхозға отыз жылын арнаған қойшы. Еңбегіне лайық пай алудан оның да үміті бар. Үлес тарату әділ бөліс дегеннен гөрі ханталапайға ұқсайтын процесс болып шығады. 

Зоотехник, мал дәрігері сияқты кішігірім функционерлер қолына билік тигеннен кейін асыра сілтеуге барып, ойына келгенін істеуге кіріседі. Әсіресе ұжымшар төрағасы Болат (Ұлан Нүсіпәлі) жемқорлық пен жеке бас пайдасы үшін қитұрқылыққа баруды ар санамайтын нағыз оңбағанның өзі болып шығады. 

Антагонистің жылпос, кісімсіген кейпімен алғашқы кадрлардан танысамыз. Қажеті болмаған адамға әкіреңдеп, күні түскен адамға жалбақтаған жиіркенішті қылығы бірінші сахнадан-ақ көрініс табады. Үздіксіз, қиылмай берілген алғашқы 13 минут негізгі кейіпкерлерді бір шолып, төңіректің пейзажын көрсетіп, көрерменді осы әлемге терең бойлауына итермелейді. Бұл жерде монтажсыз ұзақ кадр беру техникалық тұрғыдан қиын тәсілдердің бірі екенін ескеру қажет. 

Қазақты қинаған кезеңдерге емеурін

Бас кейіпкер — Әбіл — антагониске мінезі қарама-қайшы тұлға. Қақ-соқпен ісі жоқ, жұмысын тыныш атқарып жүрген шаруа. Ауылда өскен кез келген адам оны таныр еді — әркімге ашыла бермейтін тұйық мінез болса да, ешкімге зияны жоқ адал еңбектің адамы әр қазақ ауылынан табылады. Қой шаруашылығы, кең дала, мал бағу — ол білетін жалғыз дүние, бұдан басқа әлем ол үшін жоқ сияқты көрінеді. Енді заман өзгеріп, сол заманның шала белсенділері оны осы әлемнен айырмақшы.

Бас кейіпкердің Әбіл деп аталуы тегін емес, Адам атаның екі ұлы — Әбіл мен Қабылдың метафорасы. Фильмде Әбіл өмір бойы үкіметтің қойын бағып, бүкіл ғұмырын тәрк етті. Ғұмырын да, еңбегін де колхозға арнады. Діни кейіпкер секілді құрбанға барды. Өйткені ол жарқын болашаққа, коммунизм орнайды дегенге жан-тәнімен сенген адам еді. 

Бірақ ақыр аяғында алғанынан бергені көп, тапқанынан жоғалтқаны көп болып шықты. Колхоз (немесе үкімет) оны пайдасына жаратып, қажет болмаған кезде келешекке апаратын жолдың жиегіне ескі заттай тастай салды.

Жалпы, өз пайдасын ойлау немесе қанау тақырыбын фильмнің өзегі деп қарастыруға болады. Бас кейіпкер — Әбіл соның құрбаны. Колхоз келіп бір қанаса, қалада тұратын ұлы мал бер деп тағы қинайды. Қанаушы рөліндегі ұлы да, колхоз басшысы да оның жағдайына мүлде бас ауыртпайды.

Қанау тақырыбы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құбылыс па дерсің. Бас кейіпкер ішіндегісін ақтарып айтатын сахна бар. Сол кезде оның әкесі коллективизация құрбаны болғанын білеміз. 

Демек, Әбілдің әкесі — көшпелі заманды құртып, орнына отырықшылықты күштеп орнатқан кезеңнің құрбаны, өзі Совет одағы ыдырап, үкіметтің дүние-мүлкі талан-таражға түскен кезеңнің құрбаны, ұлы — тәуелсіздікке қол жеткіздік пе дегенде коммерция мен рэкет келіп, бассыздық орнаған заманның құрбаны. 

Шынайылық

Әбілді сомдаған Ерлан Төлеутай — кәсіби актер емес. Иә, оны өнерден алыс адам дей алмаймыз (композитор, әнші, режиссер, өнертанушы), бірақ бұл — оның алғашқы үлкен рөлі. Ол өз кейіпкерін жақсы түсініп, рөлін тамаша алып шықты және Елзат Ескендірмен шығармашылық тандемі сәтті болды деп сеніммен айтуға болады.

Режиссердің бір сұхбатта айтқаны бар: бізде тоқсаныншы жылдардың аласапыран тірлігіне арналған фильмдер көп, бірақ барлығының оқиғасы қалада өтеді. Рэкетті, қылмысты романтизациялап көрсететін фильмдер жетерлік. Алайда ауылдың адамдары бұл өзгерісті қалай қабылдады, оның қиындықтарын қалай бастан кешті — сол жағы шындап көрсетіле бермейді. Бұл фильм сол бос кеңістіктің орнын толтырған.

90-жылдар туралы фильмдердің біразы қала өмірін баяндағанымен, қазақтың көбі ауылда өсті, осы заманды өз көзімен көрді. Сондықтан фильмдегі көп нәрсе бізге таныс, жылы, жақын болып көрінеді. Сөйлеген сөзде, диалогта құлаққа түрпідей тиетін жат тіркес, жасанды орам байқалмайды. Фильм сюжетіне терең бойлауға осындай шынайылық та әсер етсе керек.

Фильмдегі қай актерді алып қарасақ та — тамаша орындалған жұмысты көреміз. Әбілді ойнаған Ерлан Төлеутай да, Болатты ойнаған Ұлан Нүсіпәлі де, Әбілдің жарын ойнаған Нұржан Бексұлтанова да, тіпті эпизодта жүрген балалар да өте шынайы көрінеді. Ойнап емес, өмір сүріп жүрген сәтін таспалап алғандай.

Техникалық орындалуы

«Әбілдің» поэтикалық сипатталуын, атмосферасын Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильміне ұқсатып жатсаңыз, бекер емес. Картинаны поляк операторы Йолант Дылевска таспалады. Халықаралық беделі бар бұл оператор Дворцевойдың «Тюльпан», «Айка» картиналарын түсіріп берді. 

Үздіксіз ұзақ кадрлар, кейіпкердің қасында тұрғандай әсер беретін ілесіп жүріп түсірілген сахналар, селкілдемей, баяу қозғалатын панорама көріністер және оларды көрушіге жайсыздық туғызбай, шеберлікпен алма-кезек үйлестіру — Йолант Дылевсканың еңбегі.

Фильмнің тағы бір артықшылығы — дыбыс. Фильмде музыка көп емес, бірақ әр заттың, әр тіршіліктің өзіне тән дыбысы бар. Машинаның гүрілдеп тоқтағаны, мал тұяғының дүркіреген дауысы, ыдыс-аяқтың салдырлағаны, адамдардың сөйлескені — көріністі көз алдыңа әкеліп көрсетпесе де, үнінен ойша картина құрап алуға қауқары бар. 

Адамның да, табиғат пен техниканың да дыбыс деңгейі біркелкі әрі жағымды шығуы — монтаж кезінде барлығы елеп-екшенгенінен хабар береді. Мұндай дұрыс қойылған дыбыс — сюжетті толықтырып, картинаның тұтастығына үлес қосып тұр.

Бұл екі дәуір тоғысында тұрған, тіпті екі оттың ортасында қалған адамдардың енді не болады деген уайым-қайғысын суреттейтін фильм. Бір жағынан, Совет одағы кезінде бәрі түсінікті, бәрі жоспармен, тыныш өмір еді деп еске алады. Бір жағынан, тәуелсіздік алдық, енді бәрі реттеліп кетер, үкіметтің бір ойлағаны бар шығар деп үміттенеді. Секем мен үрейдің, үміт пен мұраттың арпалысқа түскен сәті.

Елдегі кедергі, шетелдегі марапат

Режиссердің айтуынша, жоба қолға алынып, түсірілімге кіріскен сәттен бастап түрлі қиындыққа ұрынған. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының питчингіне қатысып, конкурста жеңіске жетсе де қаржылық қолдау уақытынан кешігіп жеткенін, соның кесірінен фильмнің түсірілімі ұзаққа созылғанын, бастапқы кезде түсіру тобы ақысыз жұмыс істегенін режиссер берген сұхбаттарында айтып жүр. 

Оның үстіне «Қазақфильм» басшылығымен де келіспеушілік болған, осыған байланысты туған техникалық қиындықтар да жоба жұмысына кері әсерін тигізбей қоймаған.

Соған қарамастан, Елзат Ескендірдің алғашқы толықметраж жұмысы біраз фестивальді аралады. Оның әлемдік премьерасы 2024 жылы қазанда 29-Бусан халықаралық кинофестивалінде (Оңтүстік Корея) болды. Фильм жүлде алған жоқ, бірақ бұл фестиваль картинаның халықаралық дәрежеге шығуына жол ашып берді. Осыдан кейін «Әбіл» 48-Готеборг халықаралық кинофестиваліне (Швеция) шақырылды. Еуропадағы премьерасы осы кинофорумнан басталды.

Артынша Францияның Везуль қаласында өтетін 31-Везуль Азия киносының халықаралық кинофестиваліне арнайы шақыртумен қатысып, үш бірдей жүлдені жеңіп алды: Қазылар алқасының Гран-при жүлдесі, Сыншылар жүлдесі және NETPAC бірлестігінің жүлдесі. Былайша айтқанда, фильмнің франциялық премьерасы осы фестивальден басталады. Сондықтан француз көрермендерінің бірқатары картинамен былтырдан бері таныс. 

Картинаның фестивальдік ғұмыры мұнымен біткен жоқ. Былтыр жазда 3-Бішкек халықаралық кинофестиваліне қатысып, фильмде бас рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай «Үздік актер» марапатын алды. Ал Азиядағы премьерасы 21-Гонконг халықаралық кинофестивалі (Қытай) аясында былтыр қаңтарда өтті. 

Қой бағу, колхоз тарату сияқты өзімізге тән құбылыстар немесе тұрмыстың кейбір ерекшеліктері халықаралық аудиторияға түсініксіздеу көрінетін шығар, бірақ фильмде көтерілген әділетсіздік, жемқорлық тақырыбы әлемнің кез келген адамына түсінікті болатыны сөзсіз. Фильм аутентик бола тұра осындай әмбебап хикаясымен халықаралық фестивальдерді қызықтырса керек. 

Фильм тұсауын кесіп берген Бусан кинофестивалінің режиссер Елзат Ескендірге орны бөлек. Себебі оның дебют жұмысы — «Өліара» қысқаметражы 2016 жылы осы фестивальде үздік атанған. Сонымен қатар қазіргі «Әбіл» фильмінің сценарийі 2020 жылы Бусан ХКФ аясында өткен Asian Project Market кинонарығында таныстырылды. 

Байқасақ, картина идеясын жүзеге асыруға 3-4 жыл уақыт кетіп отыр. Бәрі жылдам өзгеретін, технология біраз процесті оңайлатып, жылдамдықты жақсартқан біздің заман үшін бұл аз уақыт емес.

Бір өкініштісі, фильм әлемнің біраз елін араласа да, әлі қазақ жұртына көрсетілген жоқ. Режиссер Қазақстандағы прокаты биыл көктемге жоспарланып отырғанын айтты. Әзірге күні нақтыланған жоқ.

Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Читайте также
Джонатан Андерсон представил первую мужскую коллекцию FW 26/27 для Dior
Стиль
#мода
Джонатан Андерсон представил первую мужскую коллекцию FW 26/27 для Dior
Открыт приём заявок для художни:ц на конкурс Äiel Tizginde 
Ликбез
#общество
Открыт приём заявок для художни:ц на конкурс Äiel Tizginde 
Токаев подписал указ о формировании конституционной комиссии
Ликбез
#общество
Токаев подписал указ о формировании конституционной комиссии
«Грозовой перевал» Эмеральд Феннелл — фанфик или экранизация?
Культура
#кино
«Грозовой перевал» Эмеральд Феннелл — фанфик или экранизация?
Синтетические люди: Как нас окружили ИИ-блогеры в соцсетях
Культура
#интернет
Синтетические люди: Как нас окружили ИИ-блогеры в соцсетях